1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялық құрылыс объектісі – адамдардың құрылыс объектісінде қауіпсіз болуын қамтамасыз етудің мүмкін болмауына байланысты құрылыс объектісінің одан әрі пайдаланылуы дереу тоқтатылуға тиіс жай-күйі;
2) авторлық сүйемелдеу – құрылыс жобасы авторының (авторларының) құрылыс сатысын сүйемелдеуді жүзеге асыруы, оның ішінде оған өзгерістер енгізу жөніндегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі инжинирингтік көрсетілетін қызмет;
3) адам өмір сүретін және тіршілік ететін орта – адам тұратын және тіршілік ететін орта. Адам өмір сүретін және тіршілік ететін орта мыналарды қамтиды:
қоршаған орта – табиғи орта мен антропогендік ортаны қамтитын, адамның айналасындағы жағдайлардың, материалдық әлем заттары мен объектілерінің жиынтығы;
сәулеттік-ландшафттық орта – адам шаруашылық қызметті және басқа да функцияларды жүзеге асыратын, табиғи жағдайлар мен сәулеттік нысандар ұштастырылған кеңістік. Әдетте, бұл адамның өмір сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйін айқындайтын, елді мекендер шегіндегі және олардың шегінен тысқары орта;
қолжетімді (кедергісіз) орта – орынға кедергісіз жетуге және көрсетілетін қызметті пайдалануға мүмкіндік беретін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ететін параметрлері бар құрылыс объектісінің, қызмет көрсету орнының қасиеті;
iшкi орта – тұрғын үй-жайлардағы өмiр сүру жағдайларының және жұмыс (өндiрiс) үй-жайларындағы еңбек жағдайларының кешенi, ол әлеуметтiк, эстетикалық, биологиялық, психологиялық және физикалық-химиялық факторларды, оның iшiнде табиғи радиацияны, сыртқы шуды, биотикалық төңiректi, ауаның ластануын, ылғалдылығын, құрамы мен ауысуын, иiстердi, жану өнiмдерiн, табиғи және жасанды жарықты, судың тазалығын және басқаларды қамтиды;
4) атқарушылық геодезиялық түсірілім – ғимараттардың, құрылысжайлардың, инженерлік коммуникациялардың жер учаскесінде нақты орналасуының дәл координаттар мен биіктіктер жүйелеріне байланыстырылған схемасы;
5) аумақтарды аймақтарға бөлу – қала құрылысына жоспарлау кезінде жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін және оларды пайдалану бойынша ықтимал шектеулерді белгілей отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу;
6) аумақтық-көліктік жоспарлау – қаладағы мобильділіктің орнықты түрлеріне және кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық бере отырып, сондай-ақ аумақты жедел жабдықтауды және қатынас жолдарын техникалық қамтуды ескере отырып, аумақтың көліктік жүйесін дамытуды жоспарлау, ол көліктің барлық түрінің инфрақұрылымын орналастыруды және көліктің маршруттық желісін салуды жоспарлауды да қамтиды;
7) бастапқы материалдар – жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін қажетті материалдар;
8) бірегей құрылыс объектісі – құрылыс объектісі үшін арнаулы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттілігін айқындайтын, жобалау және салу жөніндегі мемлекеттік нормативтік құжаттар немесе мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтік құжаттар) белгіленбеген, ерекше, бұрын жеке-жеке немесе жиынтық түрінде қолданылмаған сәулет, көлемдік-жоспарлау, конструкциялық, инженерлік немесе технологиялық шешімдермен сипатталатын құрылыс объектісі және оның кешендері;
9) ғимарат – функционалдық мақсатына қарай адамдардың тұруы немесе онда болуы, өндiрiстiк процестердi орындау, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыру және сақтау үшін пайдаланылатын, мiндеттi түрде жер бетiндегі тұйық көлемдi құрайтын тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылыс. Ғимараттың жерасты бөлiгi болуы мүмкiн;
10) ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау – нәтижесінде ғимараттар мен құрылысжайлардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйі, сенімділігі және орнықтылығы, одан әрі пайдалану мүмкіндігі, құрылыс объектісін күрделі жөндеу, жаңғырту немесе реконструкциялау жұмыстарының құрамы мен көлемін, сондай-ақ нысаналы мақсатының өзгеруін анықтау үшін, уақыт аралығында болатын өзгерістер ескеріле отырып, конструкциялар сапасының нақты көрсеткіштерінің сандық бағалауын алу айқындалатын сараптама жұмыстарының түрі;
11) дизайн-код – елді мекендердің үйлесімді және стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған, оның ішінде абаттандыру элементтерін, ақпараттық және жарнамалық конструкцияларды, шағын сәулет нысандарын, стационарлық емес объектілерді, сауда қызметі және (немесе) қоғамдық тамақтандыру үшін пайдаланылатын стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға, көгалдандыруға, жарықтандыруға, қасбеттерге, қоршауларға қатысты, құрылыс салынатын ауданның ерекшеліктері ескерілетін талаптар мен қағидалардың жиынтығы;
12) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы – елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтары, сондай-ақ елді мекендердің шегінен тысқары орналасқан аумақтар үшін әзірленетін қала құрылысы жобасы;
13) елдi мекен аумағы – қалалық немесе ауылдық елдi мекеннiң белгiленген шекарасы (шегі) шегiндегi кеңiстiк;
14) елдi мекеннiң бас жоспары – қала құрылысы регламенттері ескеріле отырып, елді мекенді аймақтарға бөлудi, оның жоспарлы құрылымын және аумағын функционалдық ұйымдастыруды, көлiктік және инженерлiк коммуникациялар, көгалдандыру мен абаттандыру жүйесін белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды дамытуды және оларда құрылыс салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
15) елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) сәулеттік келбеті – құрылыс объектілерінің, құрылыс салудың, абаттандырудың және қоршаған ортаның барлық элементтерінің орналасуы тұтас эстетикалық сәулетті, жайлы, қолжетімді және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған аумақтың кеңістіктік-композициялық шешімі;
16) ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектiлерi – аумақтарды, елдi мекеннiң, жекелеген құрылыс объектiсiнiң аумағын пайдаланудың жалпыға бiрдей қабылданған қағидаларына (тәртiбіне) ерекшелiктер белгiленбей не толықтырулар енгiзiлмей іске асырылуы қиын болатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң объектiлерi;
17) ескірген құрылыс объектісі – құрылыс объектісінің конструкциясы, негізі физикалық тозу салдарынан берілген пайдалану талаптарына сай келмейтін жай-күйі;
18) жалпы сейсмикалық аймақтарға бөлу карталары – болжалды бағалары топырақтың жоғары үдеулерінде және сейсмикалық қарқындылық шәкілі бойынша балдармен берілген, ықтимал сейсмикалық қауіптілігі әртүрлі аймақтар бөліп көрсетілген, елдің бүкіл аумағы үшін салыстырмалы түрде ұсақ масштабта жасалған карталар;
19) жеке тұрғын үй – жеке (отбасымен) тұруға арналған, мансарды мен ірге қабатын қоса алғанда биіктігі үш қабаттан аспайтын, шаруашылық және басқа да құрылыстармен және жасыл екпелермен бірге жеке тұлғаның меншігіндегі бөлек тұрған ғимарат;
20) жеке тұрғын үй құрылысы – адамдардың белгіленген тәртіппен өздеріне бекітіліп берілген жер учаскесінде өз күшімен немесе мердігерлік тәсілмен жеке тұрғын үйлер салуы;
21) жеке тұрғын үй құрылысын салу аумағы – әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-ағартушылық мақсаттағы объектілермен, сондай-ақ инженерлік және көліктік инфрақұрылымдармен бірге жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын елді мекен аумағының бір бөлігі;
22) жобалардың мемлекетаралық сараптамасы – құрылыс туралы халықаралық шартқа екі және одан көп қатысушы мемлекет үшін қызығушылық туғызатын жобалар сараптамасының міндетті нысаны;
23) жобалар сараптамасы – жобалау шешімдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жобалауға арналған бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарының шарттарына сәйкестігін (сәйкессіздігін), сондай-ақ жобалау шешімдері мен есеп-қисаптарда қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттер талаптарының, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерінің сақталуын анықтау арқылы құрылыс жобаларына, қала құрылысы жобаларына талдау және олардың сапасын бағалауды жүргізуді білдіретін сараптама қызметі;
24) жобалау алдындағы құжаттама – жобалау құжаттамасын әзірлеу алдындағы және бағдарламаларды, есептерді, негіздемелерді, техникалық-экономикалық есеп-қисаптарды, ғылыми зерттеулер мен инженерлік ізденістер нәтижелерін, технологиялық және конструктивтік есеп-қисаптарды, эскиздерді, сызбаларды, макеттерді, өлшеулерді және объектілерді зерттеп-қарау нәтижелерін, сондай-ақ өзге де бастапқы материалдарды және жобалау құжаттамасын әзірлеу туралы шешімдер қабылдау және құрылыс жобаларын кейіннен іске асыру үшін қажетті материалдарды қамтитын құжаттама;
25) жобалау құжаттамасы – жобалау барысында жасалатын мәтіндік және графикалық құжаттар жиынтығы, ол мыналарды қамтиды:
абаттандыру және көгалдандыру жобалары. Абаттандыру және көгалдандыру жобалары құрылыс жобасының құрамында болуы мүмкін;
қала құрылысы жобалары – аумақтар мен елді мекендерді немесе олардың бөліктерін ұйымдастыруды, дамытуды және оларда құрылыс салуды кешенді қала құрылысына жоспарлау шешімдерін қамтитын жобалар (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың өңіраралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары (елді мекендерді дамыту және оларда құрылыс салу схемалары), егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары);
құрылыс жобасы – осы Кодекстің тиісті талаптарын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру және жүргізу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру үшін сметалық есеп-қисаптарды қамтитын жобалау-сметалық құжаттама. Құрылыс жобаларына құрылыс объектілерін консервациялау және кейіннен кәдеге жарату жобалары да жатады;
сәулет жобасы – жобалауына сәулетшінің қатысуы қажет болатын құрылыс объектісін (монументті) тұрғызу жобасы;
26) жобалау қызметі (жобалау) – жобалау құжаттамасын жасау жөніндегі өзара байланысты жұмыстар кешенін жүзеге асыруды білдіретін қызмет;
27) жобалау саласындағы сараптама қызметінің субъектілері – мемлекеттік сараптама ұйымы, сараптама ұйымдары, сондай-ақ олардың жұмыскерлері болып табылатын не осы ұйымдар штаттан тыс сарапшылар ретінде уақытша жұмысқа тартқан сарапшылар;
28) жобалау саласындағы сарапшы – сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен сертификатталған және мемлекеттік сараптама ұйымының немесе сараптама ұйымдарының бірінің штатындағы жеке тұлға;
29) жобалау ұйымы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жобалау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
30) жобаны басқару – құрылыс объектілерін ұйымдастыру, жоспарлау, үйлестіру, жобалауды, салуды және пайдалануға беруді бақылау жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызмет, ол техникалық қадағалау мен авторлық сүйемелдеуді қамтуы мүмкін;
31) инженерлiк инфрақұрылым – адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер айналымының орнықты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай жасайтын кәсiпорындардың (ұйымдардың), құрылыс объектілерінің, коммуникациялар мен инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету желiлерiнiң жиынтығы;
32) инжинирингтік көрсетілетін қызметтер – оңтайлы жобалық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында құрылысты дайындауды және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін, техникалық қадағалауды, авторлық сүйемелдеуді және жобаны басқаруды жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтер;
33) кезекші топографиялық жоспар – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының құрамдас бөлігі болып табылатын және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері, инженерлік инфрақұрылым, жоспарланатын құрылыс объектілері, абаттандыру және көше-жол жүрісі объектілері, көлік желісі туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық картографиялық негіз;
34) кепілдік мерзім – құрылыс объектілерін пайдаланудың осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне немесе шартқа сәйкес белгіленген мерзімі, оның барысында тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) мемлекеттік нормативтік құжаттарға, құрылыс жобасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс объектісінің көрсеткіштері сапасының сақталуына кепілдік береді;
35) консервациялау – құрылысы аяқталмаған объектінің салынуы уақытша тоқтатыла тұрған кезеңде оның конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының сақталуы мен сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені;
36) көліктік инфрақұрылым – көпiр, тоннель және өзге де көлiк құрылысжайларының, жол айрықтары мен жолөткелдердiң, реттеушi сигнал беру құрылғыларының, байланыстың, көлiк жұмысын инженерлiк жағынан қамтамасыз ету, көлiк құралдарына, тасымалданатын жүктерге, жолаушыларға қызмет көрсету, жол жүрісінің және жол жүрісіне әрбір қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндiрiстiк және қызмет көрсетушi персоналдың функционалдық қызметiн қамтамасыз ету объектiлерінiң, қойма үй-жайлары мен аумақтарының, санитариялық-қорғаныш және күзет аймақтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген және көрсетiлген қатынас жолдарына және жылжымайтын мүлiк объектiлерi бар объектiлерге бекітіліп берілген жерлер кешенi бар жерүстi (автомобиль және (немесе) темiржол) жолдарының, су (теңiз және (немесе) өзен) қатынас жолдарының жиынтығы;
37) көппәтерлі тұрғын үй – ортақ үлестік меншік болып табылатын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен, екі және одан көп пәтерлерден, көппәтерлі тұрғын үйге іргелес жатқан жер учаскесіне не кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің өзге де бөліктеріне жеке шығу жолдары бар тұрғын емес үй-жайлардан тұратын, тиісті нысаналы мақсаты бар біртұтас бөлінбейтін жер учаскесінде бөлек тұрған, біртұтас іргетасы бар ғимарат;
38) көше-жол желісі – қызыл сызықтармен шектелген және жаяу жүргіншілердің, мопедтердің, электр самокаттардың, велосипедтердің, шағын электр көлік құралдарының, қоғамдық көліктің және басқа да механикалық көлік құралдарының жүруіне, инженерлік коммуникациялар тартуды және төсеуді ретке келтіруге, сондай-ақ елді мекендер аумақтарының құрамдас бөлігі ретінде олардың қатынас жолдарының жаяу жүргінші және көлік қатынастарын қамтамасыз етуге арналған, елді мекендер аумақтарының бір бөлігі болып табылатын көліктік инфрақұрылымның объектісі. Көшелер, даңғылдар, тұйық көшелер, өтпелер, жағалаулар, алаңдар, жаяу жүргінші аймақтары, тротуарлар, жаяу жүргінші және велосипед жолдары көше-жол желісінің негізгі элементтері болып табылады;
39) қала құрылысы кеңістігі – адам (ел, өңір, елді мекен, елді мекеннің бір бөлігінің халқы) өмір сүретін және тіршілік ететін материалдық орта қалыптастырылатын, шегінде қандай да бір сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жүзеге асырылатын қала құрылысын реттеу аумағы;
40) қала құрылысы құжаттамасы – аумақтар мен елдi мекендердi не олардың бөліктерін дамытуды және оларда құрылыс салуды қала құрылысына жоспарлау үшін қажетті өзара байланысты құжаттар (қала құрылысы жобаларын, мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қоса алғанда) жүйесi;
41) қала құрылысы қызметі (қала құрылысы) – қала құрылысы кеңістігін қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың шығармашылық процесін, қала құрылысы құжаттамасының барлық сабақтас бөлімдерін үйлестіруді қамтитын, аумақтар мен елді мекендерді қала құрылысына жоспарлауды ұйымдастыру мен дамыту, оларды аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін айқындау, қалалық және ауылдық елдi мекендердi кешендi жобалау қызметі;
42) қала құрылысы регламенттерi – аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда);
43) қонысаралық аумақтар – елді мекендердің шекарасынан (шегінен) тысқары аумақтар;
44) қонысқа ыңғайлы аумақ – орналасуы мен қызметi санитариялық-қорғаныш аймақтарын талап ететiндей әсерге ұшыратпайтын тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлiк және көлiктік инфрақұрылымдардың жекелеген бөлiктерiн, басқа да объектiлердi орналастыруға арналған, елдi мекен аумағының бiр бөлiгi;
45) құрылысжай – табиғи немесе жасанды кеңістік шекаралары бар және өндірістік процестерді орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдардың, жүктердің уақытша болуына (орын ауыстыруына), сондай-ақ жабдықты немесе коммуникацияларды орналастыруға (тартуға, жүргізуге) арналған, қолдан жасалған көлемді, жазықтық немесе желілік (жерүсті, су беті және (немесе) жерасты, суасты) құрылыс объектісі. Құрылысжай көркемдік-эстетикалық, декоративтік-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкін;
46) құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі – құрылыс жобаларының кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысын алған жаңа құрылыс объектілерін салуға арналған үлгілік жобаларды және жобалау-сметалық құжаттаманы қамтитын цифрлық ресурс;
47) құрылысқа салынатын мемлекеттік инвестициялар (мемлекеттік инвестициялар) – жаңа құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға, сондай-ақ құрылыс объектілерін реконструкциялауға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) немесе күрделі жөндеуге салынатын инвестициялар, олардың көзі мыналар болып табылады:
республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге бағытталған нысаналы қаражат;
мемлекет кепілдігі не мемлекет кепілгерлігі бар мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) болып табылатын ұйымдар мен заңды тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты;
дербес білім беру ұйымдарының қаражаты.
Мемлекеттік инвестицияларға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын қоса қаржыландыруға және (немесе) төлеуге бағытталған республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты да жатады;
48) құрылыс қызметі (құрылыс) – жаңа құрылыс объектiлерін (олардың кешендерiн, коммуникацияларын) тұрғызу және (немесе) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ құрылысы аяқталмаған объектiлерді консервациялау және өз ресурсын тауысқан құрылыс объектiлерiн кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру арқылы өндiрiстiк және өндiрiстiк емес мақсаттағы негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;
49) құрылыс-монтаждау жұмыстары – құрылыс қызметi, ол:
жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
уақытша инженерлік желілер, жолдар, қойма алаңдарын орната отырып, құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату (сүру) жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ аумақты сатылап жоспарлауды;
құрылыс объектілерінің (оның iшiнде көпiрлердің, көлiк эстакадаларының, тоннельдер мен метрополитендердің, жолөткелдердің, құбыржолдардың, өзге де жасанды құрылыстардың) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын тұрғызуды;
желiлiк құрылысжайларды тарту жөнiндегi арнаулы құрылыс және монтаждау жұмыстарын;
сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылысжайлар, сондай-ақ iшкi инженерлiк жүйелер орнатуды;
конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және әрлеу жөнiндегi жұмыстарды;
автомобиль жолдарын және темiржол салуды;
технологиялық жабдықты жинауды және тұрақты пайдаланылатын жерде жобалық жағдайға келтіріп орнатуды, жеке сынауды және жүктемемен сынауды, сондай-ақ бөлшектеуді қоса алғанда, оны монтаждауды қамтиды;
50) құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды – орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын растайтын құжат;
51) құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясы – құрылыс объектісі туралы ақпаратты оның пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде ұжымдық құру және басқару мүмкіндігін қамтамасыз ететін технологиялардың, өндірістік процестер мен регламенттердің жиынтығы;
52) құрылыс объектілерін паспорттау – құрылыс объектісінің конструкциялық шешімін, физикалық және пайдалану жай-күйін сипаттай отырып және түгендеу процесінде олардың сейсмикалық төзімділігі мен конструкциялық осалдығын бағалай отырып, сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан урбанизацияланған аумақта бұрыннан бар құрылысты түгендеудің техникалық рәсімі;
53) құрылыс объектісі – құрылыс қызметінің түпкі нәтижесі болып табылатын, ғимарат немесе құрылысжай түріндегі жасанды орта объектісі;
54) құрылыс объектісін кейіннен кәдеге жарату – құрылыс объектісінің пайдаланылуы (жұмыс істеуі, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейiн регенерацияланатын элементтерді (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiрiп және қайтадан пайдаланып, сондай-ақ регенерацияға жатпайтын элементтер мен қалдықтарды қайта өңдей отырып, құрылыс объектісін бөлшектеу және сүру жөнiндегi жұмыстар кешенi;
55) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі – бекітілген құрылыс жобасына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттарға сәйкес құрылыстың аяқталғанын және құрылыс объектісінің пайдалануға толық әзірлігін растайтын құжат;
56) құрылыс объектісінің бірегей нөмірі – құрылыс объектісінің пайдаланылу циклін мониторингтеу мақсатында құрылыс жобаларын әзірлеуге, реконструкциялауға (қайта жоспарлауға және қайта жабдықтауға) бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарын алудан бастап оны пайдалануға қабылдап алуға және беруге дейінгі құрылыс объектісі туралы ақпаратты (мәліметтерді) жинау үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қалыптастырылатын он сегіз таңбалы сәйкестендіру нөмірі;
57) құрылыс объектісінің инженерлік жабдығы (инженерлік жабдық) – материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндірістік процестерді инженерлік жағынан қамтамасыз ететін, адамдардың тұруына (тұрмысына), еңбек етуіне (болуына) нормативтік не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлік жүйелер мен техникалық құрылғылар кешені;
58) құрылыс объектісінің пайдаланылу циклі – құрылыс объектісінің пайдалануда болуының дәйекті және өзара байланысты кезеңдері, оған мыналар кіреді:
құрылыс объектісін құру кезеңі – құрылыс объектісінің мынадай сатыларын: жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеуді, жобалауды, салуды, пайдалануға қабылдап алуды және беруді, сондай-ақ күрделі жөндеу мен реконструкциялауды қамтитын құрылыс объектісінің пайдаланылу циклінің кезеңі;
құрылыс объектісін пайдалану кезеңі – құрылыс объектісін бұрын берілген рұқсаттар мен регламенттерде белгіленген есептік қызмет ету мерзімі ішінде және қауіпсіздік деңгейіне сәйкес мақсаты бойынша пайдалануға байланысты әрекеттерді қамтитын құрылыс объектісінің пайдаланылу циклінің кезеңі. Құрылыс объектісінің күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу кезеңдерін қамтиды;
құрылыс объектісінің пайдалануда болуының аяқталу кезеңі – құрылыс объектісі бұдан әрі өз функцияларын орындамайтын немесе қазіргі заманғы талаптарға, стандарттарға сай келмейтін, соның салдарынан құрылыс объектісін кейіннен кәдеге жарату кезеңі іске асырылатын пайдаланылу циклінің кезеңі;
59) құрылыс объектiсінiң сапасы – құрылыс объектісін пайдалану кезеңі ішінде меншiк иелерiнiң (пайдаланушылардың) және жалпы қоғамның мүдделерi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды көрсететін, тұтынушыға жеткiзiлген түпкілікті құрылыс объектісі сипаттамаларының (эстетикалық сипаттамаларды қоса алғанда) жиынтығы;
60) құрылыс объектiсінiң техникалық күрделiлiгi – құрылыс объектiсінiң функционалдық мақсатына, оның тiреу және қоршау конструкцияларының ерекшелiктерiне, қабаттар (конструкциялық қатарлар) санына, сейсмикалық қауiптiлiгiне немесе құрылыс орнының (ауданының) өзге де ерекше геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық жағдайларына қарай мемлекеттiк және (немесе) мемлекетаралық (халықаралық) нормативтік құжаттарда белгiленетiн, негіздері мен конструкцияларының сенiмдiлiгi мен берiктiгiне қойылатын техникалық талаптардың дәрежесi бойынша құрылыс объектiсiнiң жауапкершiлiк деңгейi, ол:
жауапкершiлiктiң бiрiншi деңгейi – күшейтiлген деңгей;
жауапкершiлiктiң екiншi деңгейi – қалыпты деңгей;
жауапкершiлiктiң үшiншi деңгейi – төмендетiлген деңгей болып бөлiнедi;
61) құрылыс объектісінің цифрлық моделі – үш өлшемді модельдерді, бастапқы материалдарды, рұқсат беру, жобалау, атқару және пайдалану құжаттамасын қоса алғанда, құрылыс объектісі бойынша электрондық нысанда берілген ақпарат жиынтығы;
62) құрылыс саласында рұқсат беру рәсімдерінен өту – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектісіне құрылыс объектілерін (жекелеген бөліктерін) салу және (немесе) өзгерту жөніндегі өзінің түпкі ойын іске асыруға құқық беру;
63) құрылыс салуды реттеу сызықтары (құрылыс салу сызықтары) – құрылыс объектілерін орналастыру кезінде қызыл және сары сызықтардан немесе белгіленген қызыл және сары сызықтар болмаған кезде жер учаскесі шекарасынан шегіндіріле отырып белгіленетін құрылыс салу шекаралары;
64) құрылыс салынбаған аумақтар – құрылыс объектілері, көліктік инфрақұрылым объектілері, инженерлік желілер мен құрылысжайлар жоқ, елді мекеннің шекараларындағы (шегіндегі) жерлер;
65) құрылыс салынған аумақтар – құрылыс объектілері орналасқан, оларда одан әрі құрылыс салу құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату (сүру) арқылы мүмкін болатын аумақтар;
66) құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты – мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлеу және жетілдіру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға осы Кодексте белгіленген тәртіппен айқындалған заңды тұлға;
67) құрылыстың сметалық құны – жобалау материалдары мен сметалық нормативтік құжаттар негізінде жобалау-сметалық құжаттамада (болған кезде) айқындалған, құрылысқа қажетті ақша сомасы;
68) құрылысы аяқталмаған объект – Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес пайдалануға қабылданбаған құрылыс объектісі;
69) қызыл сызықтар – елді мекендердің жоспарлау құрылымында кварталдардың, шағын аудандардың, өзге де элементтердің аумақтарын көшелерден (өтпелерден, алаңдардан) бөліп тұратын шекара. Қызыл сызықтар құрылыс салу шекараларын реттеу үшін қолданылады;
70) мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтік құжаттар) – Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің (басқа мемлекеттердің) аумақтарында қолданылатын мемлекетаралық құрылыс нормалары мен қағидалар жинағын, құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды қамтитын, нормативтік-техникалық құжаттар, қағидалар және басқа да міндетті талаптар, шарттар мен шектеулер жүйесі;
71) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпаратын және (немесе) мәліметтерін жинауды, есепке алуды, тіркеуді, енгізуді (толықтыруды), өңдеуді, сақтауды, қол жеткізуді, беруді, деректерін көрсетуді және таратуды қамтамасыз ететін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық жүйесі;
72) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және мемлекеттік монополияға жатқызылған, жобаларға сараптама жасау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
73) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы – Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және жоюға, сондай-ақ оның сақталуын бақылауға және қадағалауға бағытталған мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметі;
74) нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі (мемлекеттік нормативтік құжаттар) – ережелері адамның өмір сүруі мен тіршілік етуіне қолайлы, қауіпсіз және басқа да қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілер, қала құрылысы және техникалық регламенттер, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттар жүйесі;
75) объектіге барудың график-жоспары – құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаға қоса берілетін, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органның құрылыс кезеңінде құрылыс объектісіне келісілген график бойынша баруына тапсырыс берушінің ерікті келісімін растайтын құжат;
76) объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды – адамдар көп болатын салынған объектіні және биіктігі жиырма сегіз метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдап алар алдында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы беретін құжат;
77) оқшау сараптама қорытындысы – құрылыс жобасы сараптамасының аяқталу кезеңін қоспағанда, құрылыс жобасының тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптамалық сүйемелдеудің әрбір кезеңінде ресімделетін және тапсырыс берушіге берілетін, құрылыс жобаларының кешенді ведомстводан тыс сараптамасының қорытындысы;
78) ортақ пайдаланылатын орындар – халық үшін қолжетімді немесе ашық аумақтар мен объектілер;
79) өрт-техникалық зерттеп-қарау – нәтижесінде адамдар көп болатын салынған объектілердің және биіктігі жиырма сегіз метрден асатын ғимараттардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі немесе сәйкессіздігі айқындалатын зерттеп-қарау түрі;
80) реставрация – ғылыми негізделген деректер негізінде тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуы мен ашылуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені;
81) сараптама жұмыстары – жобалау құжаттамасын сараптау, ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығына техникалық қадағалау мен техникалық зерттеп-қарауды жүргізу жөніндегі жұмыстар;
82) сараптама қорытындысы – мемлекеттік сараптама ұйымының немесе сараптама ұйымының қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын және құрылыс жобасының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізу нәтижесі болып табылатын құжаты;
83) сараптама ұйымы – осы Кодексте белгіленген тәртіппен аккредиттелген, Қазақстан Республикасының заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлға;
84) сары сызықтар – жер сілкіністері, табиғи немесе техногендік сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар салдарынан құрылыс объектілерінің үйінділерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекаралары. Сары сызықтар құрылыс объектілері арасындағы арақашықтықты реттеу үшін қолданылады;
85) сәйкестік туралы декларация – мердігер (бас мердігер) аяқталған құрылыс объектісі бойынша орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
86) сәулет-жоспарлау тапсырмасы – құрылыс объектісінің мақсатына, негiзгi параметрлеріне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешені, сондай-ақ қала құрылысы регламенттеріне сәйкес осы елді мекен үшін белгіленетін, жобалау мен құрылысқа қойылатын міндетті талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл ретте тапсырыс беруші (инвестор) беретін эскиздерге (эскиздік жобаларға) сәйкес құрылыс объектілерінің сыртқы қабырғаларын (қасбеттерін) әрлеу материалдарының түр-түсі мен оларды пайдалану, көлемдік-кеңістіктік жағдайы бойынша талаптарды белгілеуге жол беріледі;
87) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы автоматтандырылған тізілім (автоматтандырылған тізілім) – мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың цифрлық объектілерімен интеграцияланған, осы Кодекске сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілері туралы мәліметтерді қамтитын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы цифрлық жүйе құрауышы;
88) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелігіне (қатысуына) негізделген қауымдастық (одақ) нысанындағы немесе өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы бірыңғай коммерциялық емес ұйым.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым өзін-өзі реттеудің бірыңғай коммерциялық емес ұйымы ретінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған бағыттар бойынша құрылады;
89) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандар (сарапшылар) тізілімі – сертификаттаудан өткен жеке тұлғалардың тұрақты жаңартылатын бірыңғай тізімі;
90) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік басқару саласында басшылықты, сондай-ақ өз құзыреті шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
91) сәулет, қала құрылысы туындысы – цифрлық модель, жобалау құжаттамасы, жекелеген сызба, макет, эскиз нысанында тіркеп-белгiленген және (немесе) заттай іске асырылған автордың түпкі ойын қоса алғанда, қандай да бiр сәулет объектiсiн жасауға немесе қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған, жеке тұлғалардың кәсiптік қызметiндегi шығармашылық қызметтің нәтижесi болып табылатын авторлық құқық және автордың (авторлардың) зияткерлiк меншiк объектiсi;
92) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауына бағытталған шара;
93) сәулет-құрылыс құжаттамасы – құрылысты ұйымдастыру (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделi жөндеу, консервациялау және кейiннен кәдеге жарату), сондай-ақ аумақты инженерлiк жағынан дайындауды, абаттандыруды, көгалдандыруды, сыртқы безендiруді ұйымдастыру үшiн қажеттi құжаттар кешені;
94) сәулет қызметі (сәулет) – құрылыс объектісінің сыртқы және ішкі келбетін жасаудың, құрылыс (реконструкциялау, реставрациялау) үшін жобалау құжаттамасының сәулет бөлігінде тіркеп-белгіленген кеңістіктік, композициялық, көлемдік-жоспарлау және функционалдық ұйымдастырудың шығармашылық процесін, құрылыс жобасын іске асыру кезінде авторлық сүйемелдеуді жүргізуді қамтитын сәулет объектілерін жасау жөніндегі қызмет;
95) сәулет объектiсі – әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған ғимарат, құрылысжай түріндегі құрылыс объектісі, олардың экстерьерлерi және (немесе) интерьерлерi, монумент, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтерi;
96) сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандар (аймақтар) –сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталарының негізінде айқындалған, сейсмикалық әсері болуы мүмкін (күтілетін) аудандар;
97) сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары –сейсмотектоникалық және жергілікті инженерлік-геологиялық жағдайлардың әсері ескеріле отырып, елді мекендердің құрылыс салынатын аумақтары үшін жасалған карталар;
98) сметалық нормативтік құжаттар (сметалық нормативтер) –сметалық нормалар, құнның сметалық көрсеткіштері, индекстер және құрылыстың сметалық құнын айқындау үшін қажет баға белгілеу жөніндегі басқа да нормативтік құжаттар, сондай-ақ құралдар мен әдістемелік ұсынымдар;
99) тапсырыс беруші – қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Қызметінің мақсаттарына қарай тапсырыс беруші – жобаның (бағдарламаның) инвесторы, тапсырыс беруші (меншік иесі) не олардың уәкілетті адамдары тапсырыс беруші бола алады;
100) техникалық қадағалау – орындалған жұмыстардың сапасын, құнын, қабылдап алынуын және құрылыс объектілерінің пайдалануға берілуін қоса алғанда, құрылыс жобасын іске асырудың барлық сатысында құрылысты қадағалау жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызмет;
101) техникалық тапсырыс беруші – құрылысты "толық бітіріп беруді" іске асыру үшін тапсырыс беруші тартатын, "толық бітіріп берілетін" құрылыстың барлық сатысында оны іске асыру процесін білікті басқаруды қамтамасыз ету мақсатында шарт негізінде әрекет ететін заңды тұлға;
102) техногендiк әсер – халыққа, елдi мекендерге не қонысаралық аумақтарға табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiн төндiрмей немесе қатерін төндiре отырып, шаруашылық қызмет нәтижесiнде туындаған жағымсыз немесе зиянды (қауiптi) әсер;
103) техногендiк зiлзалалар – шаруашылық қызметпен байланысты және:
өнеркәсiп, көлiк аварияларын және басқа да аварияларды (оқыс оқиғаларды);
өрт, жарылыстар немесе жарылыс қатерiн;
биологиялық, химиялық қауiптi немесе радиоактивтi заттардың шығарылуын немесе шығарылу қатерiн;
құрылыс объектілерінің, коммуникациялардың кенеттен қирауын;
гидротехникалық немесе тазарту құрылысжайларының жарылуын;
тіршілікті қамтамасыз етудің электр энергетикасы және коммуникация жүйелерінде авариялар туғызған экстремалдық факторлар;
104) "толық бітіріп берілетін" құрылыс – құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізуді және техникалық қадағалаудың көрсетілетін қызметтерін қоспағанда, жобалау, іздестіру, құрылыс-монтаждау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу) жұмыстарын және басқа да жұмыстарды орындауды, сондай-ақ көрсетілген жұмыстармен қатар жүретін тауарларды беруді, қызметтер көрсетуді қамтитын құрылыс объектісін салу және оны пайдалануға беру жөніндегі кешенді жұмыстар;
105) тығыздап (сыналап) құрылыс салу – бұрыннан құрылыс салынған аумақтарда жаңа ғимараттар немесе құрылысжайлар салу;
106) үлгілік жоба – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бюджеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленетін, жобалау кезінде одан әрі бірнеше рет қолдануға арналған жобалау-сметалық құжаттама;
107) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары – егде жастағы адамдар, мүгедектігі бар адамдар, өздігінен жүріп-тұру, көрсетілетін қызметтерді, ақпаратты алу немесе кеңістікте бағдарлану кезінде қиындық көріп жүрген, оның ішінде балаларға арналған арбаларды және (немесе) кресло-арбаларды пайдаланатын адамдар;
108) эскиз (эскиздік жоба) – схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн, жобалау (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, декоративтік немесе басқа) шешiмінiң оңайлатылған түрi.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы