1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Пошта туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонементтік жәшiк – пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, адресаттардың пайдалануы үшін пошта операторларының өндiрiстiк объектiлерінде орнатылатын арнаулы жәшiк;
2) абоненттiк пошта жәшiгi – адресаттардың пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн ғимараттарда, тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда), жеке тұрғын үйлерде орнатылатын, ұяшықтары бар арнайы шкаф;
3) адресат (алушы) – пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;
3-1) арнайы пошта байланысы – Ұлттық пошта операторының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыратын және заңмен қорғалатын кез келген құпия және құндылықтар, оның ішінде қымбат бағалы металдар, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдар қамтылған пошта жөнелтілімдерін, арнайы және өзге де жөнелтілімдерді қабылдауды, өңдеуді, қорғауды, тасымалдауды және жеткізуді (табыс етуді) қамтамасыз ететін курьерлік пошта байланысының түрі;
4) атаулы құрылғы – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауы, сондай-ақ пошта операторы айқындаған өзге де ақпарат көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
5) бандероль – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, ішіне баспа басылымдары, іскерлік қағаздар, құжаттар және басқа да заттар салынған тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі;
6) гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа хат (пошта карточкасы) түрінде жеткізілетін электрондық хат (хабар) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабар) нысанында жеткізілетін хат;
7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет – пошта операторының гибридтік жөнелтілімді қабылдау, өңдеу, жеткізу және (немесе) табыс ету бойынша қызметі;
8) Дүниежүзілік пошта одағы – аумақтары халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше елдерден тұратын, мақсаты пошта байланыстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым;
9) Дүниежүзілік пошта одағының актілері – Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде оның Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар;
10) жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;
11) жаздырып алынатын мерзiмдi баспа басылымдарын тарату – пошта операторының бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен жасалған шарт негізінде мерзімді баспасөз басылымына жазылуды, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып қабылдау және мерзімді баспасөз басылымын қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға жеткізуді жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметті ұсынуы;
12) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар – Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ресімделген, жөнелтуші алдын ала ақысын төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі;
13) жеделдетілген пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету режиміндегі пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
14) жөнелтушi – пошта жөнелтілімiн немесе ақшаны жiберу үшiн оларды пошта операторына беретін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;
15) жіберілім – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, нәрселер, заттар мен тауарлар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі;
16) курьер – тіркелетін пошта жөнелтілімін өндірістік объектілерден тыс жерлерде жөнелтушіден қабылдайтын және пошта жөнелтілімін пошта жөнелтілімінде көрсетілген мекенжай бойынша табыс ететін пошта операторының жұмыскері немесе пошта операторымен жасасқан шарты бар жеке тұлға;
17) курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – курьер көрсететін, тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау, тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетін қызметтер;
17-1) құндылығы жарияланған пошта жөнелтілімі – пошта жөнелтілімі (пошта карточкасынан басқа), оны беру кезінде жөнелтуші оның құнын пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен растаушы құжаттарды ұсыну арқылы жариялайды;
18) операциялық күн – пошта операторы пошталық көрсетілетін қызметтер ұсынатын жұмыс уақыты;
19) өндiрiстiк объект – пошта операторының пошта саласындағы қызметті жүзеге асыруына арналған және сол үшiн жабдықталған ғимарат, ғимараттағы үй-жай;
20) пошта – пошта операторларының Қазақстан Республикасының аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес көрсетілетін қызметтер кешенін ұсынуын және өзге де қызметті жүзеге асыруын қамтамасыз ететiн байланыс түрі;
21) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері – байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің құрамына кіретін, кез келген елді мекенде көрсетілген мерзімде белгіленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға көрсетілетін қызметтер;
22) пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері – пошта операторының тіркелетін және тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерiн, пошталық ақша аударымдарын, гибридтік жөнелтілімдерді жiберу, мерзімді баспа басылымдарын тарату, пошта төлемі белгілерін және филателиялық өнімдерді өткізу бойынша қызметі;
23) пошта байланысының құралдары – пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну үшiн қолданылатын техникалық құралдар, жабдық және технологиялар;
24) алып тасталды – ҚР 10.02.2025 № 164-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
25) пошта желiсi – пошта операторы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезінде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта маршруттарының жиынтығы;
26) пошта жөнелтілімдерi – пошта операторы жіберуге қабылдаған жазбаша хат-хабар, жіберілімдер;
27) пошта жөнелтілімiн жеткiзу – пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекенжай бойынша апару;
28) пошта жөнелтілімiн жiберу – пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы;
29) пошта жөнелтілімiн қабылдау – жөнелтушiден қабылданған пошта жөнелтілімiн одан әрi тасымалдау үшiн пошта операторының ресiмдеуi;
30) пошта жөнелтілімiн өңдеу – пошта жөнелтілімдерiн тасымалдауға дайындауды қамтамасыз ететін, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар;
31) пошта жөнелтілімiн табыс ету – пошта жөнелтілімiн адресаттың өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына не парольді (пин-кодты) енгізу немесе штрих-кодты сканерлеу жолымен құқықты растау процесі арқылы адресаттың келісімін алу жолымен үшінші тұлғаларға беру;
32) пошта жөнелтілімiн тасымалдау – пошта жөнелтілімiн жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта жөнелтілімiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi өндірістік объектілерге дейiн апару (тасымалдау);
33) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;
34) пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабар жазылған, тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;
35) пошта қызметі – пошта желiлерi арқылы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну;
36) пошта қызметі субъектiлерi – пошта операторлары және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар;
37) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
38) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы – пошта операторы ұсынатын, оның ішінде пошта операторымен өзі жасасқан шарттар негізінде ұсынылатын көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
39) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
40) пошта төлемінің белгілері – пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенін растайтын, пошта операторы жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне жапсыратын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгілер;
41) пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгiлер;
42) пошта штемпелi – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, пошта жөнелтілімiнiң жөнелтілу орны, қабылданған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, межелі жері, алынған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауы, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
43) пошталық ақша аударымы – осы Заңға және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жөнелтушінің адресатқа ақша жіберуге арналған тапсырмасын пошта операторының орындауы бойынша пошта байланысының көрсетілетін қызметі;
44) пошталық құпия – пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың пошталық мекенжайы, дербес деректері, пошта жөнелтілімдері, олардың ішіндегісі мен орналасқан жері туралы мәліметтер;
45) пошталық мекенжай (бұдан әрi – мекенжай) – пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымын жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы айқындайтын жер;
46) поштамат – пошталық ақша аударымын қоспағанда, пошта жөнелтілімдерін қабылдауға, жіберуге, сақтауға, жеткізуге (табыс етуге) және алуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
47) пошташы – пошта операторымен еңбек қатынастарында тұратын, жөнелтушіден пошта жөнелтілімдерін қабылдауды, сондай-ақ пошта жөнелтілімін жеткізуді және (немесе) табыс етуді жүзеге асыратын жұмыскер;
48) сәйкестендіру – қызметтер көрсету үшін қажетті, ұсынылған мәліметтерді жеке тұлға туралы мәліметтермен салыстыру рәсімі;
49) тағайындалған оператор – пошта байланысының қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелерді орындау үшін уәкілетті орган тағайындайтын пошта операторы;
50) тариф – пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу мөлшерi;
51) тіркелетін пошта жөнелтілімі – пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код) беріле отырып, жөнелтушіге қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда растау құжаты беріліп қабылданатын және қол қойғызып не осындай табыс етуді өзге де тәсілмен растайтын автоматтандырылған (электрондық) құрылғыларды, жабдықты, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып табыс етілетін жазбаша хат-хабар, сәлем-сауқат;
52) тіркелмейтін пошта жөнелтілімі – жөнелтушілерге қабылданғаны туралы түбіртек берместен (пошталық тіркеу нөмірін, сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код берместен) өндірістік объектілер арқылы қабылданатын және қолхат алмай жеткізілетін жазбаша хат-хабар;
53) ұлттық пошта желiсi – Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында әрекет ететін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға сол арқылы қызметтер ұсынылатын Ұлттық пошта операторының пошта желісі;
54) Ұлттық пошта операторы – осы Заңда көзделген міндеттемелер жүктелген, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы;
55) үстеме төлемді пошта жөнелтілімі – беру кезінде жөнелтуші пошта операторына адресаттан өзі белгілеген ақша сомасын (үстеме төлем сомасын) алуды және оны жөнелтушінің мекенжайына жіберуді тапсыратын пошта жөнелтілімі;
56) филателиялық өнім – коллекция объектілері болып табылатын, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларына сәйкес пошта айналымынан алынған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері;
57) франкирлеу машинасы – жазбаша хат-хабарға пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн, жазбаша хат-хабардың және басқа да ақпараттың қабылданған күнін растайтын бедерлер салуға арналған құрылғы;
58) халықаралық қайтарым купоны – Дүниежүзілiк пошта одағы айналымға енгiзетiн, Дүниежүзілік пошта одағына мүше кез келген елде пошта маркаларына айырбастауға жататын, әуе көлiгiмен жіберiлетiн, массасы жиырма грамға дейiнгi жай халықаралық хаттың ең төмен ақысын білдiретiн құжат;
59) халықаралық пошта алмасу орны – халықаралық кіріс және шығыс пошта жөнелтілімдерін өңдеу жүзеге асырылатын, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары көрсетілген жөнелтілімдерге кедендік бақылау жүргізетін өндірістік объект;
60) халықаралық пошта жөнелтілімi – Қазақстан Республикасы аумағының тыс жерлерге жiберу үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасының аумағына келiп түсетiн не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн пошта жөнелтiлімі;
61) хат – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, жазбаша хабарламамен және басқа да ұсақ заттармен бірге жiберiлетiн, тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтiлімі;
62) ішкі пошта жөнелтілімі – Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жіберу үшін қабылданатын пошта жөнелтілімі;
63) электрондық абоненттік пошта жәшігі – электрондық пошта мекенжайы болып табылатын және электрондық хаттарды (хабарламаларды), құжаттарды, ақпараттарды және (немесе) гибридтік жөнелтілімдерді беру және оларды сақтау үшін пошта операторының, Ұлттық пошта операторының ақпараттық жүйесінде құрылатын, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының домендік атауы;
64) электрондық хат (хабар) – телекоммуникациялар желісін, интернет немесе электрондық жеткізгіштерді пайдалана отырып, электрондық нысанда жіберілетін ақпарат.
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 9 сәуірдегі № 498-V ҚРЗ.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді және қоғамдық қатынастарды реттейді, пошта қызметi субъектілерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, пошта саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы