617-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасқаннан кейін қылмыстық іс бойынша прокурордың, тергеушінің, анықтаушының әрекеттері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісімге қол қойғаннан кейін прокурор күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды. Іс бойынша тергеу және процестік әрекеттер жүргізу қажет болған кезде прокурор істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жібереді.
2. Тергеуші, анықтаушы күдіктінің, айыпталушының кінәсін растауға жеткілікті көлемде дәлелдемелер жинауды жүзеге асырады.
3. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыс жасаудың процестік келісімде көзделмеген өзге мән-жайлары белгілі болған жағдайда, осы келісім осы Кодекстің 615 және 616-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайта қаралуға жатады не өзінің қолданысын тоқтатады.
4. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасалғаннан кейін тергеу және процестік әрекеттерді жүргізу қажеттігі болмаған жағдайда, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды деп есептеледі және прокурор оны айыптау актісінсіз, айыптау хаттамасынсыз дереу сотқа жібереді, бұл туралы жәбірленушіге хабарланады.
Ескерту. 617-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы