Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі әдістемесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2026 жылғы 30 қазандағы № 170-НҚ бұйрығы
ЗҚАИ-ның ескертпесі! Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз..
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі әдістеме бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау үшін жіберуді;
2) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Төраға | Д. Жазықбай |
| Қазақстан РеспубликасыМемлекеттік қызмет істеріагенттігі Төрағасының2026 жылғы 30 қазандағы№ 170-НҚ бұйрығыменбекітілген |
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі әдістеме
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және оны мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері (бұдан әрі – субъектілер) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеу және өзектендіру кезінде қолданады.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт (бұдан әрі – стандарт) – қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесі.
3. Субъектілер осы Әдістемеге сәйкес стандарттың әзірленуін және іске асырылуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте стандарттың қызметшілер мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуге тиіс.
4. Стандарттар Заңның 4-бабында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.
5. Субъектілер Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістерді ескере отырып, стандарттарды өзектендіруі қажет.
6. Арнаулы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет, азаматтық қорғау органдары, сондай-ақ құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген мемлекеттік органдар осы Әдістеменің ережелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып қолданады.
7. Стандартта Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген міндеттер, шектеулер, заңдық жауаптылықтың негіздері мен шаралары, сондай-ақ еңбек қатынастарын немесе мемлекеттік қызметті тоқтату негіздері белгіленбеуге тиіс.
2-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты әзірлеуге, қоғамдық талқылауға, бекітуге және жариялауға қойылатын жалпы ұсынымдар
8. Субъект стандартты әзірлеуге және оның іске асырылуын үйлестіруге жауапты құрылымдық бөлімшені немесе лауазымды адамды, әзірлеуге қатысушылардың құрамын, жобаны дайындау мерзімдерін және құрылымдық бөлімшелердің өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.
Мемлекеттік органдарда стандартты әзірлеу құқық бұзушылықтардың профилактикасы қызметі болған кезде оның қатысуымен жүзеге асырылуы мүмкін.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында және субъектінің ішкі актілерінде белгіленген құзырет шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің немесе оның функцияларын орындайтын жауапты адамның қатысуы қамтамасыз етіледі.
9. Стандартта:
1) оның қолданылу аясы;
2) стандарт қамтитын функциялар мен процестердің тізбесі;
3) тиісті ережелер қолданылатын жұмыскерлердің санаттары;
4) сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру жөніндегі шаралар;
5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі шаралар;
6) мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шаралар;
7) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты типтік жағдайларда жұмыскерлердің іс-әрекеттері жөніндегі ұсынымдар;
8) көзделген шараларды іске асыруды ұйымдастыру тәртібі;
9) стандарттың іске асырылуын мониторингтеу, нәтижелерін бағалау және оны өзектендіру тәртібі көрсетіледі.
10. Стандартқа енгізілетін шаралар субъектінің функциялары мен өкілеттіктерін, сондай-ақ оның қызметіне тән сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, тиісті іс-әрекеттер, жұмыскерлердің санаттары (қажет болған кезде) және күтілетін нәтижелер көрсетіліп нақтыланады.
Көзделген шаралардың мазмұны мен күтілетін нәтижелерін айқындауға мүмкіндік бермейтін жалпы сипаттағы тұжырымдарды енгізуге жол берілмейді.
Осы Әдістемеде көзделген стандарттың мазмұнына қойылатын ұсынымдар тиісті субъектінің құқықтық мәртебесі, функциялары мен өкілеттіктері ескеріле отырып қолданылады. Қосымша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер белгілеуге және олар қолданылатын адамдар тобын кеңейтуге жол берілмейді.
11. Стандарттың мазмұнын айқындау үшін субъект қолда бар ақпаратты жинауды және талдауды қамтамасыз етеді, оның ішінде:
1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі және сыртқы талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері;
2) аудиттің, тексерулердің және өзге де бақылау іс-шараларының нәтижелері;
3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы жолданымдар мен хабарламалардағы мәліметтер және оларды қарау нәтижелері;
4) мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу мәселелері жөніндегі материалдар;
5) субъектінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы мәліметтерді қамтитын, заңды күшіне енген сот актілері;
6) бұрын бекітілген стандартты іске асыру нәтижелері.
Талдау нәтижелері стандартқа енгізілетін шараларды айқындау кезінде ескеріледі.
12. Субъектілер стандарттың жобасын қоғамдық талқылау, келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді қарау, сондай-ақ қоғамдық кеңестермен олардың құзыреті шегінде өзара іс-қимыл жасау арқылы жұртшылықтың стандартты әзірлеуге қатысуын қамтамасыз етеді.
13. Стандарттың жобасы бекітілгенге дейін және бекітілген стандарт Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды, дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты қорғау туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, тиісті субъектінің ресми интернет-ресурсында, ал ол болмаған жағдайда – жалпыға қолжетімді өзге интернет-ресурста орналастырылады.
14. Стандартты мемлекеттік органдарда – тиісті мемлекеттік органның басшысы; мемлекеттік ұйымдарда – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті уәкілетті органмен келісу бойынша ұйымның басшысы; квазимемлекеттік сектор субъектілерінде – директорлар кеңесі немесе байқау кеңесі (олар болған кезде), ал көрсетілген алқалы органдар болмаған жағдайда – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті уәкілетті органмен келісу бойынша квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы бекітеді.
3-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру жөніндегі ұсынымдар
15. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын және қоғамда парасаттылық пен заңдылық қағидаттарына негізделген мемлекеттің ішкі саясатының құндылықтарын орнықтыруға және нығайтуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністеріне орнықты төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған қызметі.
16. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шаралардың мазмұнын айқындау кезінде субъектілер "Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы № 1081 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарының, құндылықтары мен бағыттарының стандарттарда көрсетілуін қамтамасыз етеді, оның ішінде:
1) "Адал азамат" – адалдық, парасаттылық және жеке жауапкершілік қағидаттарына негізделген заңға бағынатын, адал әрі жауапты мінез-құлықты қалыптастыру;
2) "Заң мен Тәртіп" – Қазақстан Республикасы заңнамасының, белгіленген талаптар мен рәсімдердің сақталуын, сондай-ақ олардың біркелкі және объективті қолданылуын қамтамасыз ету;
3) "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" – ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін, тиімді кері байланысты, сондай-ақ субъектінің құзыреті шегінде жолданымдардың уақтылы, толық және объективті қаралуын қамтамасыз ету.
17. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шараларды субъектілер өз өкілеттіктерін, функцияларын және қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып айқындайды.
18. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлыққа орнықты төзбеушілікті қалыптастыру жөніндегі шараларға:
1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу;
2) жұмыскерлердің атқаратын функцияларын және қызметтің тиісті бағыттары мен процестеріне тән сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, оларды оқытуды ұйымдастыру;
3) жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының талаптарымен, сондай-ақ субъектінің ішкі құжаттарының олар атқаратын функцияларға қатысты ережелерімен таныстыру;
4) парасатты мінез-құлық, әдептік дилеммаларды тану және шешу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты жағдайларда құқыққа сай шешімдер қабылдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, практикаға бағдарланған іс-шаралар өткізу;
5) жұмыскерлерді ықтимал сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаудың қолжетімді арналары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау шаралары туралы хабардар ету;
6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпараттық материалдардың, консультациялардың және кері байланыс арналарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жатады.
19. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шаралар субъектінің функциялары, өкілеттіктері, жұмыскерлерінің санаттары және қызметіне тән сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ескеріле отырып айқындалады және жүйелі, нысаналы әрі практикалық бағытта болуға тиіс.
4-тарау. Әдеп талаптары мен қызметтік мінез-құлық нормаларын сақтау жөніндегі ұсынымдар
20. Стандарттың қызметтік және іскерлік әдепке қатысты ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексіне олардың қолданылу аясы және қызметшілердің (жұмыскерлердің) тиісті санаттарының құқықтық мәртебесі ескеріле отырып, сондай-ақ субъектінің өз құзыреті шегінде қабылданған іскерлік әдеп кодекстеріне және өзге де ішкі актілеріне, олар болған кезде, сәйкес келуге тиіс.
21. Мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде стандарттың жұмыскерлердің әдепті мінез-құлқына қатысты ережелері жұмыскерлердің құқықтық мәртебесі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына және субъектінің өз құзыреті шегінде қабылданған ішкі актілеріне сәйкес қалыптастырылады.
22. Стандартқа қызметшілердің (жұмыскерлердің) тиісті санаттарына қолданылатын, олардың құқықтық мәртебесі мен Қазақстан Республикасының заңнамасы ескеріле отырып айқындалатын әдепті және қызметтік мінез-құлық талаптары енгізіледі, оның ішінде:
1) лауазымдық (қызметтік) міндеттерді адал, адал ниетпен және жауапкершілікпен орындау;
2) шешімдер қабылдау кезінде объективтілік, бейтараптық және кемсітушілікке жол бермеу;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде қызметтің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету;
4) азаматтарға, әріптестерге және өзге де адамдарға әдептілікпен және құрметпен қарау;
5) мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету кезінде клиентке бағдарлану қағидатын сақтау, оның ішінде көрсетілетін қызметтерді алушылардың қажеттіліктерін ескеру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жолданымдарды қарау кезінде төрешілдікке және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және шектерде қызметтен тыс уақытта мінез-құлық талаптарын сақтау;
7) қызметтік ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету және оны өзі немесе үшінші тұлғалар үшін негізсіз артықшылықтар алу мақсатында пайдалануға не беруге жол бермеу жөніндегі шараларды қолдану;
8) шешімдерді дайындауға, қарауға немесе қабылдауға қатысатын адамдардың қызметіне құқыққа қайшы араласуға жол бермеу.
23. Мемлекеттік органдарда, оның ішінде құқық қорғау органдарында қызметтік әдепті бұзудың алдын алу жөніндегі шаралар, оның ішінде құқық бұзушылықтардың профилактикасы қызметімен және (немесе) әдеп жөніндегі уәкілмен, сондай-ақ тиісті функцияларды жүзеге асыратын өзге де уәкілетті бөлімшелермен (лауазымды адамдармен) өзара іс-қимыл жасау көзделеді.
Ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жұмыскерлердің, оның ішінде басқарушылық функцияларды орындайтын адамдардың құқықтық мәртебесі, Қазақстан Республикасы заңнамасының және тиісті субъектілердің ішкі актілерінің талаптары ескеріле отырып, олардың әдеп талаптарын бұзуының алдын алу жөніндегі шаралар көзделеді.
24. Цифрлық ортадағы қызметтік өзара іс-қимыл кезінде іскерлік және әдепті мінез-құлық нормалары, оның ішінде әдептілікпен және құрметпен қарым-қатынас жасау, цифрлық арналарды құқыққа қайшы ықпал ету және негізсіз артықшылықтар беру үшін пайдалануға жол бермеу талаптары сақталады.
5-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен қаржылық бақылау шараларын сақтау жөніндегі ұсынымдар
25. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында стандартта:
1) штат кестесіне сәйкес заңнамада белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын жұмыскерлер лауазымдарының тізбесін айқындау;
2) жұмыскерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулермен таныстыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оларды қабылдауға келісімін жазбаша тіркеу;
3) шектеулердің сақталуын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімшелер мен лауазымды адамдарды айқындау;
4) ықтимал бұзушылықтар туралы ақпаратты алу, қарау және уәкілетті лауазымды адамдар мен органдарға жіберу тәртібі;
5) жұмыскерлердің лауазымдық міндеттерін және анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, түсіндіру және профилактикалық жұмыс жүргізу көзделеді.
26. Стандартта жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар қабылдайтын, Заңның 12-бабында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер Заңның 13, 14, 14-1, 15, 15-1, 15-2, 15-3, 15-4 және 15-5-баптарында белгіленген ерекшеліктер ескеріледі. Бұл шектеулер:
1) мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыруға;
2) жақын туыстардың, жұбайлардың, жекжаттардың және (немесе) олармен байланысы бар басқа да адамдардың бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеуге;
3) ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты жеке мүдделер үшін пайдалануға;
4) лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктерді орындауға байланысты материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңілдіктерді немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауға;
5) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге, қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға;
6) құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға;
7) лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүдделер үшін пайдалануға байланысты болады.
27. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер стандартта оларды қабылдайтын адамдардың санаттары, оларды қабылдаудың шарттары мен ерекшеліктері және Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті ережелерін қолданысқа енгізу мерзімдері ескеріле отырып көрсетіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық шаралар оларды қолданудың заңнамада белгіленген негіздерін, шарттары мен тәртібін өзгертпеуге тиіс.
28. Стандартта Заңның 11-бабының және Қазақстан Республикасының салық заңнамасының активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияларды ұсыну жөніндегі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған мынадай шаралар көзделеді:
1) штат кестесіне сәйкес заңнамаға орай аталған декларацияларды ұсынуға міндетті жұмыскерлер лауазымдарының тізбесін айқындау;
2) жұмыскерлерді декларацияларды ұсынудың негіздері мен мерзімдері туралы, оның ішінде заңнамада белгіленген жағдайларда олардың жұбайларының декларациялар ұсынуы туралы хабардар ету;
3) жауапты бөлімшелерді (лауазымды адамдарды), оның ішінде кадр қызметтерін олардың құзыреті шегінде айқындау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен декларациялардың ұсынылғаны туралы мәліметтерді есепке алу жөніндегі ұйымдастырушылық шаралар.
Тиісті құжаттар мен мәліметтерді алу және сақтау Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасы сақтала отырып жүзеге асырылады.
29. Белгіленген ерекшелік жағдайлар ескеріле отырып, Заңның 15-5-бабының талаптары қолданылатын адамдардың жеке мүдделерін декларациялауын қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық шаралар көзделеді.
Декларациялар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 тамыздағы № 746 қаулысымен бекітілген Жеке мүдде туралы декларацияны толтыру қағидаларында белгіленген тәртіппен және нысан бойынша толтырылады.
Декларацияларды ұсыну, жинау, мәліметтерді цифрлық кадр жүйесіне (ол болған кезде) енгізу және декларацияларды жеке істерге қоса тіркеу Заңның 15-5-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі ұсынымдар
30. Стандартта мүдделер қақтығысын болғызбау жөніндегі ұсынымдар көзделеді, оның ішінде:
1) Заңның 15-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдардың Заңның 14-бабында және 15-бабының 2-тармағында көзделген тыйымдар мен талаптарды сақтауы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке мүдделерді декларациялау;
3) мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу мәселелерін регламенттейтін құқықтық актілердің ережелерін түсіндіру;
4) мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) мәлімдеу.
31. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің талаптарын түсіндіру, мүдделер қақтығысының бар немесе жоқ екені туралы қорытындылар шығару, сондай-ақ Заңның 15-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдардың мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды сақтауын қамтамасыз ету әдеп жөніндегі уәкілге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметке, ал олар болмаған жағдайда – персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) немесе мемлекеттік органның, ұйымның не квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы айқындайтын адамға жүктеледі.
32. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар болып табылмайтын мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлеріне мүдделер қақтығысының алдын алу үшін Заңның 14-бабында көрсетілген жағдайларда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар немесе лауазымды адамдар болып табылатын жақын туыстарымен, жұбайларымен, жекжаттарымен және олармен байланысы бар басқа да адамдармен бірге қызмет (жұмыс) істеуге жол берілмейтінін түсіндіру қажет.
33. Мүдделер қақтығысын анықтау:
1) жеке мүдде туралы декларацияларды талдау;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу;
3) мүдделер қақтығысы туралы жолданымдарды, хабарларды, хабарламаларды немесе өзге де ақпаратты қарау;
4) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тексерулер, ревизиялар немесе аудит жүргізу;
5) цифрлық кадр жүйесінің мониторингі (ол болған кезде) арқылы жүзеге асырылады.
34. Стандартта ықтимал және нақты мүдделер қақтығысын реттеу жөніндегі ұсынымдар көзделеді, оның ішінде:
1) тиісті мәселе бойынша лауазымдық өкілеттіктерді орындауды басқа жұмыскерге (қызметшіге) беру;
2) мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін немесе туындаған жұмыскердің (қызметшінің) лауазымдық өкілеттіктерін өзгерту;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) субъектінің ішкі актілерінде көзделген өзге де шаралар.
Өзге де шаралар шеңберінде жеке мүдделілікті жоюға, оның лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктерді орындауға ықпалын болдырмауға және мүдделер қақтығысын туғызатын мән-жайларды жоюға бағытталған қосымша ұйымдастырушылық шаралар көзделуі мүмкін. Мұндай шараларды қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасы сақтала отырып, белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырылады.
7-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің қызметін ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдар
35. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет және оның функцияларын орындайтын жауапты адам заңдылық, парасаттылық, тәуелсіздік, объективтілік және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
36. Стандартта сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органынан және лауазымды адамдарынан тәуелсіздігін, сондай-ақ оның директорлар кеңесіне, байқау кеңесіне (ол болған кезде) немесе өзге де тәуелсіз басқару органына, ал олар болмаған жағдайда – тиісті субъектінің басшысына есеп беруін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделеді.
37. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің басшысы мен жұмыскерлерін квазимемлекеттік сектор субъектісінің басқару органдарының құрамына енгізуге, сондай-ақ қызметке мүдделер қақтығысын туғызатын немесе оның тәуелсіздігін бұзатын функцияларды жүктеуге жол берілмейді.
38. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет белгіленген құзырет шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
39. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар туралы есептіліктің толықтығы мен анықтығын және оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынылуын қамтамасыз етеді.
40. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің, сондай-ақ олардың функцияларын орындайтын жауапты адамдардың қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2026 жылғы 10 тамыздағы № 143 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 39553 болып тіркелген) енгізілген өзгеріс ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 31 наурыздағы № 112 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32211 болып тіркелген) бекітілген Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
8-тарау. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі шаралар
41. Стандартты қалыптастыру кезінде субъект сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы және (немесе) ішкі талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, аудит, тексерулер нәтижелерін, жолданымдарды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған өзге де дереккөздерді ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған функциялар мен процестерді айқындайды.
42. Әрбір анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелі бойынша стандартта:
1) сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған функция немесе процесс;
2) сыбайлас жемқорлық тәуекелінің мазмұны;
3) оның туындау себептері мен жағдайлары;
4) оның туындау себептері мен жағдайларын жоюға немесе барынша азайтуға бағытталған шаралар;
5) тиісті шараларды іске асырудан күтілетін нәтиже көрсетіледі.
43. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою немесе барынша азайту жөніндегі шаралар тиісті процестің сипаты ескеріле отырып айқындалады және мыналарды көздеуі мүмкін:
1) субъектінің құзыреті шегінде есеп беруді, бақылауда болуды және шешімдер қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіру;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сатып алуды жүзеге асыру кезінде адал бәсекелестік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету;
3) шешімдер қабылдау тәртібі мен рәсімдерін жетілдіру;
4) шешімдер қабылдаудың нақты және біркелкі өлшемшарттарын белгілеу;
5) өкілеттіктер мен функциялардың аражігін ажырату;
6) шешімдер қабылдау кезінде шамадан тыс әкімшілік қалауға жол бермеу;
7) бақылаудың цифрлық және автоматтандырылған тетіктерін қолдану;
8) сыбайлас жемқорлыққа осал процестерге ішкі бақылауды күшейту.
1-параграф. Мемлекеттік сатып алуды және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу
44. Субъектілер мемлекеттік сатып алуды және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуын (бұдан әрі – сатып алу) жүзеге асырған кезде заңнаманы бұзуға, сатып алу туралы ақпараттың ашық болмауына және оны жасыруға, жосықсыз бәсекелестікке, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді негізсіз иемденуге және сатып алуға, әлеуетті өнім берушілердің тең қолжетімділігін шектеуге немесе бұзуға, шарттық міндеттемелердің орындалуын бақылаусыз қалдыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берілмейді.
45. Стандартта сатып алуды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі ұсынымдар көзделеді, оның ішінде:
1) сатып алуды жоспарлаудың, тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті және олардың құнын айқындаудың негізділігін қамтамасыз ету;
2) сатып алу жоспарларын бекіту және орналастыру тәртібі мен мерзімдерін сақтау;
3) сатып алуды жүзеге асыру тәсілін негізді таңдау;
4) бәсекелестікті шектеуге және жекелеген әлеуетті өнім берушілерге негізсіз артықшылықтар жасауға жол бермеу;
5) сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу;
6) ашықтықты, айқындықты және әлеуетті өнім берушілердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету;
7) шарттық міндеттемелердің тиісінше орындалуын бақылау;
8) шағымдарды, анықталған бұзушылықтарды және сатып алуды бақылау нәтижелерін талдау, олардың туындау себептерін жою жөнінде шаралар қабылдау.
2-параграф. Құқықтық және өзге де актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу
46. Субъектілердің стандарттарында олардың қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілердің, өзге де құқықтық актілердің және ішкі құжаттардың жобаларын дайындау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі мынадай шаралар бекітіледі:
1) құқықтық немесе өзге де актіні қабылдау өкілеттіктерін, негіздері мен мерзімдерін нақтылау;
2) құқықтық немесе өзге де актіні белгіленген негіздерсіз және келісу рәсімдерінсіз қабылдауға мүмкіндік беретін дискрециялық өкілеттіктерге жол бермеу;
3) құқықтық олқылықтарға, коллизияларға және заңдық-лингвистикалық айқынсыздыққа жол бермеу;
4) таратылуы шектелген актілерді қоспағанда, қабылданатын шешімдердің ашықтығын және құжатпен ресімделуін қамтамасыз ету.
3-параграф. Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтерді көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу және клиентке бағдарлануды қамтамасыз ету
47. Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтерді көрсететін не оларды көрсетуге қатысатын субъектілердің стандарттарында тиісті субъектілердің функциялары мен өкілеттіктері ескеріле отырып, мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі мынадай шаралар көзделеді:
1) құжаттарды қабылдаудың, өтініштерді қараудың және мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету нәтижелерін берудің белгіленген мерзімдері мен тәртібін сақтау;
2) көрсетілетін қызметтерді алушылардан Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету үшін пайдаланылатын цифрлық жүйелерден немесе цифрлық құжаттар сервисінен алуға болатын құжаттар мен мәліметтерді талап етуге жол бермеу;
3) өтініштерді орындаушылар арасында бөлудің белгіленген тәртібін сақтау;
4) негізсіз бас тартуға, төрешілдікке, әуре-сарсаңға салуға, жасанды кедергілер жасауға және жекелеген көрсетілетін қызметтерді алушыларға негізсіз артықшылықтар беруге жол бермеу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен көрсетілетін қызметтерді алушыларға өздері ұсынған өтініштер мен құжаттарда анықталған кемшіліктерді жою мүмкіндігін беру;
6) мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсетуден бас тартудың заңнамада белгіленген негіздерінің сақталуын, бас тарту себептерінің көрсетілуін және көрсетілетін қызметтерді алушылардың шағым жасау тәртібі туралы хабардар етілуін қамтамасыз ету;
7) құзырет шегінде мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету тәртібіндегі құқықтық олқылықтарды, қайшылықтар мен айқын еместікті анықтау және оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізу;
8) цифрлық жүйелердегі деректер мен мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету нәтижелерінің рұқсатсыз өзгертілуінің алдын алу жөніндегі заңнамада көзделген шараларды қолдану;
9) құзырет шегінде мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету кезінде пайдаланылатын цифрлық жүйелердің тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
48. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, субъектілер қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында стандарттарда клиентке бағдарлануды қамтамасыз ету жөніндегі мынадай шаралар бекітіледі:
1) жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уақтылы, толық және объективті қарау;
2) арыз иелеріне жолданымдарда анықталған кемшіліктерді түсіндіру және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оларды жою мүмкіндігін беру;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, арыз иелеріне тең және бейтарап қарауды, жолданымдарды қарау тәртібі мен қабылданатын шешімдер туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету;
4) заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті субъектілердің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалармен кері байланысты қамтамасыз ету.
49. Осы параграфта көзделген шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті субъектілердің құқықтық мәртебесі, функциялары мен өкілеттіктері ескеріле отырып айқындалады және іске асырылады.
4-параграф. Бюджет және қаржы қаражатын жоспарлау, бөлу және пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу
50. Бюджет және қаржы қаражатын жоспарлауды, бөлуді және (немесе) пайдалануды жүзеге асыратын субъектілердің стандарттарында тиісті субъектілердің құзыреті ескеріле отырып, аталған функцияларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі мынадай шаралар көзделеді:
1) жоспарланатын шығыстардың негізділігін, олардың белгіленген функцияларға, мақсаттарға және нақты қажеттіліктерге сәйкестігін қамтамасыз ету;
2) шығыстарды негізсіз ұлғайтуға, қаражатты қайта бөлуге және қаржы жоспарлары мен бюджеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізуге жол бермеу;
3) бюджет және қаржы қаражатын, оның ішінде трансферттерді, субсидиялар мен гранттарды бөлудің ашық және объективті өлшемшарттарын белгілеу;
4) қаражатты бөлу және пайдалану туралы шешімдердің негізділігін және құжатпен ресімделуін қамтамасыз ету, мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу;
5) қаржылық шешімдер қабылдау және төлемдерді жүзеге асыру кезінде өкілеттіктердің аражігін ажырату және ішкі бақылауды қамтамасыз ету;
6) жүргізілген төлемдердің нақты жеткізілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге сәйкестігін қамтамасыз ету;
7) уақытша бос ақшаны орналастыру мен пайдаланудың белгіленген тәртібін сақтау;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мониторинг, аудит және өзге де бақылау іс-шараларын жүзеге асыру, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау;
9) қаражаттың пайдаланылуы, қол жеткізілген нәтижелер және қаржылық міндеттемелердің орындалуы туралы есептіліктің анықтығы мен ашықтығын қамтамасыз ету.
5-параграф. Бақылау, қадағалау функцияларын және аудиторлық қызметті жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу
51. Бақылау, қадағалау функцияларын және (немесе) аудиторлық қызметті жүзеге асыратын субъектілердің стандарттарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі мынадай шаралар бекітіледі:
1) бақылау, қадағалау және (немесе) аудиторлық іс-шараларды жүргізудің белгіленген тәртібін, мерзімдері мен негіздерін сақтау;
2) бақылау объектілерін іріктеудің, тексеруші адамдарды бөлудің және бақылау, қадағалау және (немесе) аудиторлық іс-шаралардың көлемін айқындаудың объективтілігі мен негізділігін қамтамасыз ету;
3) мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу, заңнамада көзделген жағдайларда үлестес тұлғалардың бақылау, қадағалау және (немесе) аудиторлық іс-шараларды жүргізуге қатысуына жол бермеу;
4) бақылау, қадағалау және (немесе) аудиторлық іс-шаралар нәтижелерінің объективтілігін, уәжділігін және құжатпен ресімделуін, оның ішінде анықталған бұзушылықтар мен оларды растайтын дәлелдемелердің тіркелуін қамтамасыз ету;
5) цифрлық жүйелерде бақылау, қадағалау және (немесе) аудиторлық іс-шаралардың деректері, рәсімдері мен нәтижелерінің рұқсатсыз өзгертілуінің алдын алу;
6) анықталған бұзушылықтардың іс жүзінде жойылуын және енгізілген нұсқамалар мен ұсынымдардың орындалуын бақылау;
7) қабылданған шешімдердің күшін жою себептерін, анықталған бұзушылықтар мен жүйелі проблемаларды талдау, оларды жою жөнінде шаралар қабылдау;
8) бақылау, қадағалау және (немесе) аудиторлық іс-шараларды жүзеге асыру кезінде белгіленген талаптар мен рәсімдердің біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету.
6-параграф. Персоналды басқару саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу
52. Субъектілер өз құзыреті шегінде жұмыскерлерді іріктеу, тағайындау, бағалау, қызмет бабында ілгерілету, көтермелеу, тәртіптік жауаптылыққа тарту және жұмыстан шығару кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі мынадай шараларды стандарттарда көздейді:
1) конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын, кандидаттарға тең жағдайларды және белгіленген біліктілік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету;
2) жұмыскерлерді іріктеудің, тағайындаудың, бағалаудың, аттестаттаудың, қызмет бабында ілгерілетудің және ротациялаудың объективті әрі біркелкі өлшемшарттарын қолдану;
3) мүдделер қақтығысын, оның ішінде кадрлық шешімдердің объективтілігіне ықпал етуі мүмкін туыстық, қызметтік және өзге де байланыстар болған кезде анықтау және реттеу;
4) заңнамада белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен қаржылық бақылау шараларын сақтау;
5) кадрлық шешімдердің, оның ішінде тағайындау, ауыстыру, көтермелеу, тәртіптік жауаптылыққа тарту және жұмыстан шығару жөніндегі шешімдердің негізділігін және құжатпен ресімделуін қамтамасыз ету;
6) төлемдерді белгілеу, оқуға жіберу және кәсіби дамыту кезінде жекелеген жұмыскерлерге негізсіз артықшылықтар беруге жол бермеу;
7) жалған жұмысқа орналастырудың, лауазымдарды негізсіз құрудың және олардың қайталануының алдын алу;
8) көтермелеу және тәртіптік жауаптылық шараларын, сондай-ақ тәртіптік жазаларға байланысты емес құқықтық ықпал ету шараларын қолдануға қойылатын заңнамада белгіленген талаптарды сақтау;
9) персоналды басқару саласында анықталған бұзушылықтарды талдау және олардың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде шаралар қабылдау.
9-тарау. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында цифрлық технологияларды және автоматтандыруды қолдану жөніндегі ұсынымдар
53. Субъектілердің стандарттарында цифрлық технологияларды қолдану және процестерді автоматтандыру арқылы шешімдер қабылдау кезіндегі шамадан тыс қалауды және лауазымды адамдар мен жұмыскерлердің арыз иелерімен, көрсетілетін қызметтерді алушылармен, әлеуетті өнім берушілермен, контрагенттермен және өзге де мүдделі адамдармен негізсіз тікелей байланыстарын қысқартуға бағытталған шаралар бекітіледі, оның ішінде:
1) цифрлық жүйелерде қол жеткізу құқықтарының аражігін ажырату және пайдаланушылардың әрекеттерін тіркеу;
2) қабылданатын шешімдердің ашықтығын және оларды тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
3) автоматтандырылған процестерге құқыққа қайшы араласудың алдын алу;
4) дербес деректерді және қолжетімділігі шектеулі өзге де ақпаратты қорғау;
5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін деректерді талдауды пайдалану.
54. Жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасында белгіленген қағидаттар, оның ішінде адамның саламаттылығының басымдығы, оның шешімдер қабылдау кезіндегі ерік-жігер бостандығы, ашықтық, бақылауда ұстау және деректерді қорғау қағидаттары сақтала отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі шаралар көзделеді.
55. Цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі шаралар тиісті субъектінің функциялары мен мүмкіндіктері, оның қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ескеріле отырып, бағдарламалық өнімдерді сатып алу немесе жаңа цифрлық жүйелерді енгізу жөніндегі міндеттемелер белгіленбей айқындалады.
56. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты шешімдерді дайындау үшін деректерді талдау мен жасанды интеллект пайдаланылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттың анықтығын, шешімдердің негізділігін тексеру және аталған тұлғалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар көзделеді.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау