Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 12-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы деп осы Кодекстің Ерекше бөлігінің бір бабында немесе бабының бір бөлігінде көзделген екі немесе одан да көп іс-әрекетті жасау танылады. Қылмыс пен қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасалуды құрамайды.
Егер бұрын жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін адам сотталған немесе заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық, яғни бірыңғай пиғылмен және мақсатпен қамтылған әрі тұтастай алғанда бір қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын бірдей құқыққа қайшы әрекеттер қатарынан тұратын қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретінде көзделген жағдайларда, адам жасаған қылмыстар осы Кодекстің Ерекше бөлігінің қылмыстардың бірнеше рет жасалғаны үшін жаза көздейтін тиісті бабының бөлігі бойынша сараланады.
Қылмыстық теріс қылықтардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретінде көзделген жағдайларда, адам жасаған қылмыстық теріс қылықтар осы Кодекстің Ерекше бөлігінің қылмыстық теріс қылықтардың бірнеше рет жасалғаны үшін жаза көздейтін тиісті бабының бөлігі бойынша сараланады.
Қылмыстық заңды дұрыс қолдану азаматтарды негізсіз айыптау мен соттаудан қорғауды, сондай-ақ сотталушыларға жасалған әрекетке сай келетін әділ, мөлшерлес жаза тағайындауды қамтамасыз етеді. Сондықтан бір адамның бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасауы кезінде қылмыстық заңды дұрыс қолдану үшін қажетті мән-жайларды анықтап, жасалған әрекетті ҚК-нің 12 және 13-баптарының ережелерін ескере отырып саралау қажет. Аталған баптарда жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық, қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты және идеалдық жиынтығы ұғымдары айқындалған.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы — тек бірдей (біртектес емес, дәлме-дәл бірдей) қылмыстық құқық бұзушылықтардан тұратын өзіндік құрылымы бар тұрақты байланыстар жүйесі. Қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен заңдық құрылымы бойынша ұқсас болып табылатын біртекті қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары бірнеше рет жасалуды құрамайды.
Объективтік және субъективтік белгілері толық сәйкес келетін әрекеттер бірдей (ұқсас) деп танылуға тиіс. Мәселен, бір адамның жасаған екі ұрлығы жасалған орны, уақыты және өзге де нақты мән-жайлары бойынша ерекшеленгенімен, ҚК-нің 188-бабында көзделген қылмыс құрамының белгілері бойынша бірдей болып табылады.
Қылмыстық құқық теориясында біртекті қылмыстық құқық бұзушылықтар деп бір объектіге немесе ұқсас объектілерге қол сұғатын, кінәнің бірдей нысанымен және ұқсас себептермен, тікелей пайдакүнемдік ниетпен жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтар танылады. Мысалы, бөтен мүлікті иемденуге бағытталған ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде заң шығарушы қылмыс пен қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасалуды құрамайтынын көрсетеді. Бірнеше рет жасалу тек екі немесе одан да көп бірдей қылмыс не екі немесе одан да көп бірдей қылмыстық теріс қылық жасалған кезде ғана мүмкін болады.
Алайда заң шығарушының өзі ҚК-нің Ерекше бөлігіндегі қылмыстық-құқықтық нормаларды құрастыру кезінде осы талаптарды бұзады. Мәселен, ҚК-нің 228, 229 және 234-баптарының алғашқы бөліктерінде қылмыстық теріс қылықтар туралы сөз болады. Оларды кінәлі адам бірнеше рет жасаған жағдайда жауаптылық осы баптардың екінші бөліктерінде көзделген, ал қылмыстық теріс қылықтар қылмыс мәртебесіне ие болады: ҚК-нің 228-бабының 2-бөлігі және 234-бабының 2-бөлігі бойынша — орташа ауырлықтағы қылмыс, ал ҚК-нің 229-бабының 2-бөлігі бойынша — онша ауыр емес қылмыс. Заң шығарушы ҚК-нің Жалпы және Ерекше бөліктері арасындағы осы қайшылықтарды жояды деп үміттенемін.
ҚК-нің бірнеше рет жасалу ұғымы берілген 12-бабынан басқа, бұл белгі ҚК-нің 54-бабы 1-бөлігінің 1) тармағында қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың бірі ретінде көзделген және заң шығарушы оны әрекетті саралайтын белгі ретінде кеңінен пайдаланады. Зерттеу нәтижесінде ҚК-нің Ерекше бөлігінің көптеген баптарында «бірнеше рет жасалу» саралаушы және аса саралаушы белгі ретінде көрсетілгені анықталды. Бұл белгі ҚК-нің Ерекше бөлігінің 5, 7, 17, 18-тарауларынан басқа барлық тарауларында кездеседі.
Егер бұрын жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін адам сотталған немесе заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса (ҚК-нің 12-бабының 2-бөлігі), сондай-ақ ҚК-нің 71 және 88-баптарында көзделген осындай құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтіп кеткен болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
Әрекетті бірнеше рет жасалу белгісі бойынша саралау немесе ҚК-нің 54-бабы 1-бөлігінің 1) тармағына сәйкес қылмыстардың бірнеше рет жасалуын кінәлінің қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай деп тану кезінде қылмыс бұрын аяқталған бірдей қылмыс жасалған жағдайда да, оған оқталу, бірлесіп орындаушылық не осы қылмысқа қатысушылық болған жағдайда да бірнеше рет жасалған деп танылатынын негізге алу қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағында: «ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретіндегі қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуының болуы ҚК-нің 12-бабы бірінші бөлігінде бекітілген бірнеше рет жасалу ұғымына сәйкес айқындалады.
Екі немесе одан да көп қылмыс жасағаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылған адам (қылмыстар бірнеше рет жасалған немесе нақты жиынтықты құраған жағдайда) қылмысты алғаш рет жасаған адам деп таныла алмайды», — деп көрсетілген.
Егер қылмыстық-құқықтық нормада бірнеше рет жасалу саралаушы белгі ретінде көрсетілсе, онда бір адамның бірнеше бірдей қылмыстық құқық бұзушылық жасауы тұтастай алғанда осы қылмыстық құқық бұзушылықты бірнеше рет жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің тиісті бабы (бап бөлігі) бойынша саралануға тиіс.
ҚК-нің бір бабының әртүрлі саралаушы белгілерді көздейтін бірнеше бөлігімен қамтылатын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде, бұл әрекеттер тұтастай алғанда тек неғұрлым қатаң жаза белгілейтін және саралаушы белгілерді қамтитын баптың бөлігі бойынша ғана саралануға тиіс. Мұндай жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықтың осы қылмыстық заңның өзге бөліктерінде көрсетілген әрекеттерге қатысты белгіленген саралаушы белгілері айыптауға тағылып, үкімде көрсетілуге тиіс.
ҚК бабының басқа бөліктерінде көрсетілген өзге де саралаушы белгілермен қатар бірнеше рет жасалу белгісі анықталған бір әрекет те осыған ұқсас тәртіппен саралануға тиіс. Мысалы, бірнеше рет жасалу саралаушы белгісі ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінде көрсетілген ұрлыққа қатысты, сондай-ақ ҚК-нің 188-бабының 4-бөлігінде көрсетілген өзге де саралаушы белгілер анықталған жағдайда, әрекет ҚК-нің 188-бабының 4-бөлігі бойынша саралануға тиіс. Бұл ретте қылмыстық заңның осы нормасының өзге бөліктерінде көрсетілген әрекеттерге қатысты анықталған ұрлықтың саралаушы белгілері айыптауға тағылып, үкімде көрсетілуге тиіс.
Жоғарыда атап өтілгендей, бірнеше рет жасалуды тек бірдей қылмыстық құқық бұзушылықтар құрайды. Сондықтан бірнеше біртекті қылмыстық құқық бұзушылық жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы деп танылмайды және қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде саралануға тиіс. Мысалы, адамның ұрлық және тонау жасауы оның әрекеттерін бірнеше рет жасалу саралаушы белгісінсіз ҚК-нің 188 және 191-баптарының жиынтығы бойынша саралауға әкеп соғады.
ҚК-нің 12-бабының 3-бөлігіне сәйкес, бірыңғай пиғылмен және мақсатпен қамтылған әрі тұтастай алғанда бір қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын бірдей қылмыстық жазаланатын әрекеттер қатарынан тұратын жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
Бұл бөлікте заң шығарушы бірнеше рет жасалған әрекеттен ажыратылуға тиіс жалғасатын біртұтас қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілерін айқындаған. Объективтік жағынан жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық бірдей немесе ұқсас әрекеттер (әрекетсіздік актілері) қатарынан тұрады, ал субъективтік жағынан бірыңғай пиғылмен және мақсатпен сипатталады. Жалғасатын және бірнеше рет жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың ұқсастығы олардың екеуі де бір емес, бірнеше біртекті немесе бірдей әрекеттер жасауды көздейтіндігінде, олардың әрқайсысы ҚК-нің белгілі бір бабының белгілеріне сәйкес келеді. Алайда бірнеше рет жасалудан айырмашылығы, жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық кінәлінің қылмыстық ниетімен біртұтас байланысқан эпизодтар арасындағы елеулі уақыт үзілістерінің болмауымен және терең ішкі байланыспен сипатталады (кінәнің бірдей нысанының, бірдей себептер мен бірыңғай мақсаттың болуымен). Мұндай жағдайларда жасалған әрекеттердің барлығы тұтастай алғанда бірыңғай жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылып, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің бір бабы немесе баптың бір бөлігі бойынша саралануға тиіс. Мысалы, сеніп тапсырылған ақшаны елеусіз сомалармен иемдену арқылы едәуір соманы алу мақсатында жасалған ысырап ету (ҚК-нің 189-бабы) осындай құқық бұзушылықтарға жатады. Бұл жағдайда жымқырудың жекелеген эпизодтары қылмыстық құқық бұзушылықтың дербес құрамын құрамайды, олар бірыңғай ниетпен бір жымқыру әрекетіне біріктірілген.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылықтардан ажырату қажеттігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты да атап көрсетеді. Мәселен, оның 2006 жылғы 25 желтоқсандағы «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» нормативтік қаулысының 4-тармағында былай делінген: «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылықтардан ажырату қажет. Бір адамның жасау тәсілі мен объектісі бойынша өзара ұқсас, бірыңғай пиғылмен сипатталатын және бір мақсатпен біріктірілген, материалдық құрамдарда бірдей туындаған салдарға әкеп соғатын екі немесе одан да көп қылмыстық әрекет жасауы бірнеше рет жасалуды құрамайды. Мұндай жағдайларда жасалған әрекеттердің барлығы тұтастай алғанда бірыңғай жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылып, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің бір бабы немесе баптың бір бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Егер жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезеңде қылмыстық заңға осы әрекет үшін неғұрлым қатаң жауаптылық белгілейтін өзгерістер енгізілсе, онда жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық эпизодтары жаңа редакциядағы заң қолданыста болған кезеңде эпизодтардың кем дегенде біреуі жасалған жағдайда, жаңа заң бойынша бірыңғай тұтас қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануға тиіс.
Егер бір адам жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезеңде ҚК бабының диспозициясымен қамтылмайтын белгілері бар басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса (мысалы, балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден қасақана жалтару кезеңінде алаяқтық жасалса), кінәлінің әрекеттері жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін тиісті бап және басқа қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Егер адам ҚК бабының бір бөлігінде көзделген жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезеңде сол ҚК бабының басқа бөлігінде көзделген, жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабы бөлігінің диспозициясымен қамтылмайтын белгілері бар басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса (мысалы, ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау кезеңінде оның бір бөлігін бірнеше рет өткізсе), оның әрекеттері неғұрлым қатаң жаза белгілейтін ҚК бабының бөлігі бойынша саралануға тиіс. Бұл ретте адам жасаған барлық әрекеттердің белгілері айыптауға тағылып, үкімде көрсетілуге тиіс».
Бірнеше рет жасалуды сондай-ақ белгілі бір қылмыстық жазаланатын әрекет құрамының үздіксіз жүзеге асырылуымен сипатталатын және кінәліге заңмен жүктелген міндеттерді қылмыстық қудалау қатерімен ұзақ уақыт бойы орындамаумен байланысты әрекеттерден (немесе әрекетсіздіктен) тұратын созылмалы қылмыстық құқық бұзушылықтардан ажырату қажет. Егер бірнеше рет жасалған құқық бұзушылықтар әрқайсысы үшін қылмыстық заңда жауаптылық көзделген жекелеген әрекеттерден тұрса, созылмалы құқық бұзушылық нақты құқық бұзушылық құрамының үздіксіз жүзеге асырылуымен сипатталады. Созылмалы қылмыстық құқық бұзушылықтарға кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару (ҚК-нің 236-бабы), дезертирлік (ҚК-нің 442-бабы) және басқалары жатады.
Қылмыстық жауаптылықты неғұрлым қатаңдатуға әкеп соғатын мән-жай ретіндегі бірнеше рет жасалу ҚК-нің Ерекше бөлігінің көптеген баптарында аталғандықтан, заң шығарушы мұндай әрекеттерді саралау қағидаларын бекітеді. Мәселен, ҚК-нің 12-бабының 4 және 5-бөліктеріне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтардың (тиісінше қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтардың) бірнеше рет жасалуы Қазақстан Республикасының ҚК-де неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретінде көзделген жағдайларда, адам жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасы ҚК-нің Ерекше бөлігінің қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалғаны үшін жаза көздейтін тиісті бабының бөлігі бойынша сараланады. Мысалы, сараланған құрамдарында бірнеше рет жасалу белгісі саралаушы белгі ретінде көзделген ҚК-нің 187-бабы «Ұсақ-түйек жымқыру», 188-бабы «Ұрлық», 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету», 190-бабы «Алаяқтық», 191-бабы «Тонау» және т.б. баптар бойынша. Егер заң шығарушы қандай да бір әрекет үшін бірнеше рет жасалуды саралаушы белгі ретінде көздемесе, ал адам бұл әрекетті бірінші рет емес жасаса, онда бұл фактіні сот жаза тағайындау кезінде ауырлататын мән-жай ретінде ескереді.
ҚК-нің 53 немесе 54-баптарында көзделген қандай да бір мән-жай ҚК-нің Ерекше бөлігінің бабының диспозициясында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бірі ретінде көрсетілген жағдайларда, ол осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жаза тағайындау кезінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жай ретінде ескерілмеуге тиіс.
Нақты қылмыстық құқық бұзушылықтың саралаушы белгісі ретіндегі бірнеше рет жасалу субъект бірінші және екінші жағдайларда аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық жасаған немесе орындаушы болған кезде ғана емес, сондай-ақ ол қылмыстық жазаланатын дайындықты немесе оқталуды жасаған кезде, сол сияқты қатысушының (ұйымдастырушының, айдап салушының, көмектесушінің) функцияларын орындаған кезде де орын алады.
Мұндай қорытынды заң тек аяқталған қылмыстық жазаланатын қызметті ғана емес, сонымен қатар аяқталмаған қызметті де (ҚК-нің 24-бабы), сондай-ақ орындаушының әрекеттерін ғана емес, басқа да сыбайлас қатысушылардың әрекеттерін де (ҚК-нің 28 және 29-баптары) қылмыстық құқық бұзушылық деп танитындығынан туындайды.
Кейбір қылмыстық-құқықтық нормаларда заң шығарушы «жүйелілік» сөзін қолданады (мысалы, ҚК-нің 110-бабы). Қылмыстық құқық теориясында жүйелілік деп бір әрекетті үш және одан да көп рет жасау түсініледі. Осылайша, жүйеліліктің бірнеше рет жасалумен ұқсастығы — екі жағдайда да бір әрекеттің бірнеше рет жасалуы орын алады. Олардың арасындағы айырмашылық сандық белгіден басқа, бірнеше рет жасалу кезінде кінәлі жасаған, бірнеше рет жасалуды құрайтын әрбір әрекетті дербес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастыруға болатындығында, ал жүйелілік кезінде олардың әрқайсысы дербес қылмыстық жазаланатын әрекетті құрамайтындығында. Сондықтан «жүйелілік» терминін заң шығарушы неғұрлым қатаң жаза көздейтін әрекеттің саралаушы белгісі ретінде емес, кейбір біртектес қылмыстық құқық бұзушылықтардың объективтік жағын сипаттау үшін пайдаланады.
Жүйелілік — бірыңғай бағыттылықпен байланысты және мінез-құлықтың біртұтас желісін білдіретін бірдей әрекеттерді көп рет жасау. Мәселен, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу (ҚК-нің 105-бабы) басқа әрекеттермен қатар жәбірленушінің адамдық қадір-қасиетін жүйелі түрде қорлауды да көздейді.
Көрсетілген жағдайларда жүйелілік қылмыстық құқық бұзушылықтың негізгі құрамының басқа белгілерімен қатар міндетті белгілерінің бірі болып табылады.
Кейбір нормаларда заң шығарушы «бірнеше рет жасалу» терминін қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағын сипаттау үшін қолданады. Мәселен, ҚК-нің 395-бабында Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды жұмыс берушінің бірнеше рет жұмысқа қабылдағаны үшін, сондай-ақ жұмыс берушінің Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Басқару функцияларын орындайтын адамның ақшалай қаражатты өзге мақсаттарға пайдалануына байланысты жалақыны толық көлемде және белгіленген мерзімдерде бірнеше рет кешіктіріп төлегені үшін қылмыстық жауаптылық ҚК-нің 152-бабының 3-бөлігінде белгіленген.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилидің авторлығымен.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар