Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 99-бабына түсініктеме. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтінішхаттарын қараудың міндеттілігі
1. Қылмыстық процеске қатысушылар қылмыстық процесті жүргізу барысында маңызы бар мән-жайларды анықтау, өтінішхатпен жүгінген адамның немесе өздері өкілдік ететін адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында процестік әрекеттерді жүргізу немесе процестік шешімдер қабылдау туралы өтінішхаттармен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, судьяға (сотқа) жүгінуге құқылы.
2. Өтінішхаттарды мәлімдеу процесстің кез келген сатысында мүмкін болады. Өтінішхат мәлімдеген адам қандай мән-жайларды анықтау үшін әрекет жүргізуді немесе шешім қабылдауды сұрайтынын көрсетуге тиіс. Жазбаша өтінішхаттар қылмыстық істің материалдарына қоса тіркеледі, ал ауызша өтінішхаттар тергеу әрекетінің немесе сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
3. Өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту оны қылмыстық сот ісін жүргізудің кейінгі кезеңдерінде немесе қылмыстық процесті жүргізетін басқа органның алдында қайтадан мәлімдеуге кедергі келтірмейді.
4. Өтінішхат мәлімделгеннен кейін тікелей қаралуға және шешілуге жатады. Өтінішхат бойынша шешімді дереу қабылдау мүмкін болмаған жағдайларда, ол мәлімделген күннен бастап үш тәуліктен кешіктірілмей шешілуге тиіс.
5. Егер өтінішхат істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге ықпал етсе, ол қанағаттандырылуға тиіс. Өзге жағдайларда өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкін. Қылмыстық процесті жүргізетін орган тараптар келуін қамтамасыз еткен адамдарды мамандар немесе куәлар ретінде жауап алу үшін шақыру туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес. Қылмыстық процесті жүргізетін орган тарапқа өзі көрсеткен адамдардың жауап алу үшін келуін қамтамасыз етуге, оның ішінде заңда көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы жәрдем көрсетуге міндетті.
6. Өтінішхатты толық немесе ішінара қанағаттандырудан бас тарту туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган өтінішхат мәлімдеген адамға жеткізілетін уәжді қаулы шығарады. Өтінішхат бойынша шешімге осы Кодексте белгіленген шағымдарды беру мен қараудың жалпы қағидалары бойынша шағым жасалуы мүмкін.
Дәстүрлі түрде қылмыстық процесті жүргізетін органдар заңнамалық дербестік пен тәуелсіздікке, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша олардың процестік қызметіне кімнің болса да араласуына тыйым салуға байланысты, қылмыстық процесті іс бойынша жиналған дәлелдемелерге сүйене отырып жүргізеді. Сонымен бірге бұл мән-жай іс бойынша іс жүргізу құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын процеске қатысушыларға қылмыстық іс мән-жайларын шынайы анықтау мүддесінде әртүрлі өтінішхаттар (ресми өтініштер) мәлімдеуге тыйым салмайды (ҚПК-нің 7-бабының 33) тармақшасына түсініктемені қараңыз).
Өтінішхаттар (ресми өтініштер) (ҚПК-нің 99-бабының 1-бөлігі) қылмыстық процеске қатысушылардың қолындағы маңызды құралдардың бірі болып табылады, өйткені олар іс үшін маңызы бар мәселелерді дұрыс шешуге ықпал етеді. Іс бойынша өтінішхаттар мәлімдеуді іс бойынша іс жүргізудің заңдылығы мен негізділігінің кепілі, оның айыптау бағытын болдырмау құралы, сондай-ақ іс бойынша тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидаттарын, сонымен бірге қылмыстық істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз етудің процестік құралдарының бірі ретінде қарастыру қажет. Процеске қатысушылар өз өтініштері арқылы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын дәлелдеу процесін толықтырады және сол арқылы кейде қылмыстық процесті жүргізетін органдарға іс бойынша баға жетпес көмек көрсетеді. Өтінішхаттардың адресаттары қылмыстық процесті жүргізетін органдар болып табылады. Заң өтінішхаттардың нысанасы ретінде қылмыстық процесті жүргізетін орган тараптың пікірінше, іс мүддесінде жүргізуге немесе қабылдауға тиіс процестік әрекеттерді не процестік шешімдерді қарастырады.
3\. Өтінішхаттарды жазбаша немесе ауызша нысанда мәлімдеуге, оларды тиісінше қылмыстық істің материалдарына іске қоса тіркеу немесе тергеу әрекетінің не сот отырысының хаттамаларында көрсету арқылы есепке алуға қылмыстық процестің барлық сатыларында, оның ішінде қайталап мәлімдеуге жол беріледі. Әдетте, олар процестік әрекетті жүргізу басталғанға дейін немесе ол аяқталғаннан кейін мәлімделеді. Жалпы алғанда, өтінішхаттарды мәлімдеу сот сатыларына тән және, шамасы, бұл қылмыстық қудалау органдарына белгілі бір сенімсіздіктің болуымен байланысты. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мұндай жағдайды еңсеруге сотқа дейінгі процестің тараптарының, оның ішінде анықтаушылар мен тергеушілер өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда, оларды қарау сот тергеушісінің өкілеттіктеріне жататын тергеу судьясы институты қызмет етеді (ҚПК-нің 53-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы, 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы, 99-бабының 2–3, 6-бөліктері).
Заң процеске қатысушының өтінішхатын жоғары деңгейде уәждеуді талап етпейді және қылмыстық процесті жүргізетін органдарды барлық жағдайларда оларды қабылдауға және шешуге міндеттейді. Қылмыстық процесті жүргізетін органның процеске қатысушы мәлімдеген өтінішхатты қанағаттандыру немесе қанағаттандырмау (толық немесе ішінара) туралы қаулысы уәжді болуға тиіс. Өтінішхаттың ерекшелігі оны қылмыстық процесті жүргізетін органның жедел қарауын және ол бойынша шешім қабылдауын (дереу, ол мәлімделгеннен кейін тікелей), бірақ мәлімделген күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей жүзеге асыруды көздейді (ҚПК-нің 99-бабының 4–5-бөліктері).
Өтінішхаттар әртүрлі мәселелерге қатысты болуы мүмкін, олар қанағаттандырылуы немесе қабылданбауы мүмкін, алайда бұған қарамастан, заң белгілі бір адамдарды мамандар немесе куәлар ретінде шақыру және олардан жауап алу қажеттілігімен байланысты өтінішхаттарды барлық жағдайларда қанағаттандыруды міндеттейді (ҚПК-нің 99-бабының 5-бөлігі). Мұндай өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар \
\