Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 160-бабы. Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібіне түсіндірме
1. Осы Кодекстің 159-бабында көрсетілген жағдайларда ақшалай өндіріп алуды сот қолданады.
2. Егер тиісті құқық бұзушылық сот отырысы барысында жасалса, онда ақшалай өндіріп алу осы құқық бұзушылық анықталған сот отырысында сот қаулысымен қолданылады.
3. Егер тиісті құқық бұзушылық сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жасалса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды, ол сотқа түскен кезден бастап бір тәулік ішінде қарайтын тергеу судьясына жіберіледі. Сот отырысына өзіне ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін адам шақырылады. Құқық бұзушының дәлелді себептерсіз келмеуі хаттаманы қарауға кедергі болмайды.
4. Хаттаманы қарау нәтижелері бойынша судья елу айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алу қолдану туралы немесе оны қолданудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Қаулының көшірмесі хаттаманы жасаған адамға және өзіне ақшалай өндіріп алу қолданылған адамға жіберіледі.
5. Ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде сот қаулының орындалуын үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге рұқсат беруге құқылы.
Түсіндіріліп отырған бап процестік мәжбүрлеудің өзге шарасын, атап айтқанда ақшалай өндіріп алуды бекіте отырып, қылмыстық процесте оның міндеттерін шешуді және мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін қылмыстық-процестік жауаптылықтың дербес түрін белгілейді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, заң ақшалай өндіріп алуды қолдану құқығын сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тек тергеу судьясына, ал істі мәні бойынша шешу барысында сотқа ғана береді (ҚПК-нің 160-бабының 1-бөлігі, 346-бап).
Ақшалай өндіріп алу ҚПК-нің 159-бабында көрсетілген қылмыстық процеске қатысушыларға қылмыстық процестің сотқа дейінгі немесе сот сатыларында іс жүргізу барысында туындаған процестік міндеттерін орындамағаны үшін қолданылуы мүмкін.
Міндеттердің сипаты және олардың туындау негіздері ҚПК-нің 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 144, 156 және 165-баптарының нормаларында көрсетілген.
Ақшалай өндіріп алу сот отырысына қатысушыларға сот отырысындағы тәртіпті бұзғаны немесе сотты анық құрметтемегені үшін қолданылуы мүмкін (ҚПК-нің 160-бабының 2-бөлігі).
Мәселен, ҚПК-нің 346-бабының 1, 3, 4-бөліктеріне сәйкес, сот отырысындағы тәртіпті бұзған, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған, сондай-ақ сотты құрметтемейтінін анық көрсететін өзге де әрекеттер жасаған (әрекетсіздік танытқан) жағдайда, төрағалық етуші адамды сот отырысы залынан шығарып жіберуге немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ жағдайларда сотты құрметтемеу фактісінің анықталғанын жариялауға және кінәлі адамға ҚПК-нің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолдануға құқылы. Процеске қатысушыны сот отырысы залынан шығару және ақшалай өндіріп алу қолдану туралы сот қаулы шығарады.
Ақшалай өндіріп алу сот отырысы залында отырған, бірақ процеске қатысушы болып табылмайтын адамдарға да сот арқылы қолданылуы мүмкін. Олар төрағалық етушінің өкімі бойынша тәртіпті бұзған жағдайда сот отырысы залынан шығарылады. Бұдан бөлек, сот оларға ақшалай өндіріп алу қолдануы мүмкін.
Сот отырысы барысында ақшалай өндіріп алу сотталушыға және қорғаушы ретінде қатысатын адвокатқа қолданылмайды. Сондай-ақ жәбірленушінің, жеке айыптаушының, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің өкілі ретінде қатысатын адвокатқа да ақшалай өндіріп алу қолданылмайды.
Сонымен қатар прокурорға ақшалай өндіріп алу қолданылмайды (ҚПК-нің 159-бабы).
ҚПК-нің 160-бабының 2–3-бөліктерінде сот пен тергеу судьясының ақшалай өндіріп алу қолдану тәртібінің айырмашылықтары белгіленген.
Сот отырысы залындағы тәртіптің бұзылуы және сотты анық құрметтемеу фактісінің анықталуы сот отырысының хаттамасында тіркеледі және жоғарыда атап өткеніміздей, сот сол жерде қаулы шығару арқылы ақшалай өндіріп алу қолданады.
Өз кезегінде, ҚПК-нің 71, 78, 80–82, 90, 142, 144, 156, 165-баптарында көзделген процестік міндеттерді орындамау фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы немесе прокурор жасайтын хаттамада тіркеледі. Хаттама тергеу судьясының істі қысқартылған тәртіппен қарайтын сот отырысын өткізуіне негіз болады. Сот отырысы хаттама сотқа келіп түскен кезден бастап бір тәулік ішінде өткізіледі. Сот отырысына тек процестік міндеттерін орындамаған адам шақырылады. Оның дәлелсіз себептермен келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды (ҚПК-нің 160-бабының 3-бөлігі).
Сот отырысының нәтижелері бойынша тергеу судьясы ақшалай өндіріп алу қолдану немесе оны қолданудан бас тарту туралы қаулы шығарады, оның көшірмесі хаттаманы жасаған адамға және өзіне ақшалай өндіріп алу қолданылған адамға жіберіледі (ҚПК-нің 160-бабының 4-бөлігі).
Айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшерімен есептелетін ақшалай өндіріп алудың мөлшерін (50 АЕК-ке дейін) ескере отырып, судья қаулының орындалуын үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге рұқсат беруге құқылы (ҚПК-нің 160-бабының 5-бөлігі).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсіндірме. Авторы – Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар