Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 144-бабына түсініктеме. Кәмелетке толмаған адамды қарап-тәрбиелеуге беру
1. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенімге лайық адамдардың, сондай-ақ заңға сәйкес бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын, ол тәрбиеленіп жатқан ұйым әкімшілігінің қарап-тәрбиелеуіне беру аталған адамдардың кез келгенінің кәмелетке толмаған адамның тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету және қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша оның келуін қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерлерге кетуіне жол бермеу жөнінде жазбаша міндеттеме қабылдауынан тұрады.
2. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының және басқа да адамдардың қарап-тәрбиелеуіне беру тек олардың жазбаша өтінішхаты бойынша ғана мүмкін болады.
3. Қарап-тәрбиелеуге қабылдау туралы қолхат алынған кезде ата-аналарына, қорғаншыларына, қамқоршыларына, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымдар әкімшілігінің өкілдеріне кәмелетке толмаған адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдікке алынғаны және өздеріне қабылдаған қарап-тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін бұзған жағдайда туындайтын жауаптылығы түсіндіріледі.
4. Кәмелетке толмаған адам қарап-тәрбиелеуге берілген адамдар өздеріне қабылдаған міндеттемені орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
ҚПК-нің 144-бабының нормалары тек кәмелетке толмаған адамға ғана қолданылатын бұлтартпау шарасын реттейді. Белгілі болғандай, азаматтың өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарды иелену және жүзеге асыру, өзі үшін азаматтық міндеттер жасау және оларды орындау қабілеті (азаматтық әрекет қабілеттілігі) кәмелетке толған кезде, яғни он сегіз жасқа толғанда толық көлемде туындайды (АК-нің 17-бабы). Демек, осы жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандар болып есептеледі.
Бұл бұлтартпау шарасы тәрбиелік-алдын алу сипатында болады және кәмелетке толмаған күдіктіні, айыпталушыны қоғамнан оқшаулауды болдырмайды. Осы мән-жайларды ескере отырып, ҚПК-нің 144-бабының 1-бөлігінің нормалары қылмыстық процесті жүргізетін органның сеніміне лайық, кәмелетке толмаған адамды қарап-тәрбиелеуге беруге рұқсат етілетін адамдар тобын белгілі бір ретпен белгілейді. Бұл тізбе түпкілікті болып табылмайды. Олардың қатарына атасы, әжесі, жақын туыстары, туыстары және т.б. да жатуы мүмкін (ҚПК-нің 144-бабының 1-бөлігі).
Ата-аналар мен басқа да адамдарға жүктелетін міндеттемелер (кәмелетке толмаған адамның тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша уақтылы келу), сондай-ақ кәмелетке толмаған адамның бұлтартпау шарасын қолдану шарттарын бұзғаны үшін олардың жауаптылығы (ҚПК-нің 160-бабының тәртібімен ақшалай өндіріп алу) жеке кепілгерлікті қолдану тәртібіне ұқсас. Айырмашылығы, заң жеке кепілгерлік жағдайындағыдай, кәмелетке толмаған күдіктіні, айыпталушыны қарап-тәрбиелеуге беруге болатын адамдардың нақты санын реттемейді. Сонымен қатар, бұлтартпау шарасын қолдану үшін кәмелетке толмаған адамның келісімі талап етілмейді, тек ата-аналарының және басқа да адамдардың жазбаша өтінішхатында (өтінішінде) білдірілген ерік білдіруі қажет (ҚПК-нің 144-бабының 1–4-бөліктері).
Ата-аналар мен басқа да адамдарға жүктелетін міндеттемелердің ішінде заң кәмелетке толмағандардың үйден тыс жерде болуын шектеуді және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз олардың басқа жерге кетуіне тыйым салуды көрсетеді. Бұл міндеттемелер заңда бекітілгендіктен, кәмелетке толмаған күдіктіні, айыпталушыны қарап-тәрбиелеуге беру шеңберінде міндеттеме қабылдайтын ата-аналармен және өзге де адамдармен барлық жағдайларда талқылануға тиіс.
Ата-аналар. 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 47-бабына сәйкес, баланың анадан туындағаны (аналығы) баланың медициналық ұйымда анасынан туғанын растайтын құжаттар негізінде тіркеуші органмен белгіленеді. Бала медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда, оның шығу тегі тіркеуші органмен туу фактісін растайтын медициналық құжаттар негізінде, ал олар болмаған жағдайда баланың шығу тегі сот тәртібімен белгіленеді. Бір-бірімен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған адамдардан баланың туғаны ата-анасының неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы куәлігімен расталады. Бала суррогат анадан туған жағдайда, баланың шығу тегі суррогат ана болу туралы жасалған шарт негізінде куәландырылады және т.б. Сондай-ақ жоғарыда аталған Кодекстің 87-бабының 1-тармағы бала асырап алған (қыз асырап алған) адамдарды да ата-аналар қатарына жатқызады. Бала асырап алу (қыз асырап алу) баланы асырап алғысы келетін адамдардың (адамның) өтініші бойынша сот арқылы жүзеге асырылады.
Қорғаншылар, қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымның әкімшілігі. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңына сәйкес (1-бап):
бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар — өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуді, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер мен материалдық көмек көрсетуді, балаларды әлеуметтік оңалтуды, сондай-ақ мұндай балалардың еңбекке қабілетті жасқа жеткен кезде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ұйымдар (3-тармақ); баланың заңды өкілдері — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, оның білім алуын, тәрбиеленуін, құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын ата-аналары, бала асырап алушылар (қыз асырап алушылар), қорғаншысы, қамқоршысы, патронат тәрбиешісі, оларды алмастыратын басқа да адамдар (6-тармақ); қамқоршылық — он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны (9-тармақ); қорғаншылық — он төрт жасқа толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны (10-тармақ); патронат — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкілетті мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға ниет білдірген адам (патронат тәрбиеші) арасында жасалатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге беру нысаны (13-тармақ).
Қорғаншылық пен қамқоршылықты белгілеу тәртібі, қорғаншылардың, қамқоршылардың және қамқорлыққа алынған адамдардың, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және білім беру, медициналық және басқа да ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан балалардың құқықтық жағдайы, патронаттың мазмұны «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекспен (16–18-тараулар), Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңымен (27–30-баптар) және басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру және өзара іс-қимылын ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады, ал кәмелетке толған адамдарға қатысты — халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі уәкілетті органдар арқылы жүзеге асырылады. Аудандардың, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі мемлекеттік функцияларды білім беру және денсаулық сақтау жөніндегі уәкілетті органдар арқылы, ал кәмелетке толған адамдарға қатысты халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі уәкілетті органдар арқылы жүзеге асырады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 382 қаулысымен бекітілген «Қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру қағидаларының» 5–6-тармақтары).
Жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, оның ішінде білім беру, медициналық немесе басқа да ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан балаларға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық патронат нысанында белгіленеді. Патронаттың туындауына баланы тәрбиелеуге алуға ниет білдірген адам мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган арасында жасалатын баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт негіз болады. Патронаттық тәрбие туралы ереже Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органымен бекітіледі (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 14 «Патронаттық тәрбие туралы ережені бекіту туралы» бұйрығы, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 133–137-баптары).
Бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 30-бабында белгіленген: сәбилер үйлері, мамандандырылған сәбилер үйлері, арнайы білім беру ұйымдары, интернаттық ұйымдар, жалпы үлгідегі жалпы білім беретін мектеп-интернаттар, ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйлері, отбасылық үлгідегі балалар ауылдары, жасөспірімдер үйлері, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес құрылған көмек көрсету ұйымдары (15-бап).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме, авторы — Қоғамов Марат Чекишевич, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Статья Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар