Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 135-бабына түсініктеме. Күдіктінің ұсталғаны туралы туыстарына хабарлау
Күдіктінің ұсталғаны және оның қай жерде екені туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біріне, ал олар болмаған жағдайда — басқа туыстарына немесе жақын адамдарына дереу хабарлауға не күдіктінің өзіне осындай хабарлауды жүзеге асыру мүмкіндігін беруге міндетті. Шетелдіктің ұсталғаны туралы шетелдік мемлекеттің елшілігіне, консулдығына немесе өзге де өкілдігіне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі мен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірлескен бұйрығымен белгіленген тәртіппен дереу, ал бұл мүмкін болмаған жағдайда жиырма төрт сағат ішінде де хабарлануға тиіс.
Күдіктіні ұстаудың және қамауда ұстаудың заңдылығы мен негізділігінің құрамдас бөлігі болып адамды ұстау фактісі туралы туыстары мен өзге де адамдарды міндетті түрде жазбаша (ауызша хабарлаумен қатар) хабардар ету табылады. ҚПК-нің 135-бабының нормалары адамды ұстау туралы, әдетте, белгілі бір кезектілікпен хабарлануға тиіс адамдар мен мекемелердің шеңберін белгілейді. Мұны дереу, яғни ұсталғаннан кейінгі алғашқы тәулікте, бірақ күдікті нақты ұсталған сәттен бастап жетпіс екі сағаттан кешіктірмей жасау қажет. Егер тергеудің бастапқы кезеңінің құпиясын сақтауға негіздер болмаса, анықтаушының немесе тергеушінің рұқсатымен мұндай хабарлауды күдіктінің өзі анықтаушы немесе тергеуші оған берген байланыс құралдарын пайдалана отырып жүзеге асыра алады. Кәмелетке толмаған күдіктінің ұсталғаны туралы барлық жағдайларда оның ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне, ал олар болмаған жағдайда — жақын туыстарына және (немесе) қорғаншылық және қамқоршылық органдарына дереу хабарланады (ҚПК-нің 541-бабының 5-бөлігі).
Шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерін немесе консулдық мекемелерін шетелдіктердің ұсталғаны және қамауда ұсталуы туралы хабардар ету қағидаларына сәйкес (Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 3 қыркүйектегі № 87 бірлескен бұйрығы және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 қыркүйектегі № 08-1-1-1/428 бұйрығы): «Қазақстан Республикасында аккредиттелген, оның ішінде қоса атқару тәртібімен аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері олардың азаматтарының немесе өздері өкілдік ететін мемлекеттер азаматтарының ұсталғаны және қамауда ұсталғаны туралы барлық жағдайлар жөнінде хабардар етіледі (1-тармақ). Хабарламаны прокуратура, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік кірістер органдарының, шекара қызметінің және адамдарды ұстау өкілеттіктері берілген басқа да органдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдары жасайды. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, хабарламалар Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жіберіледі. Хабарламалар сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ қадағалаушы прокурорға жіберіледі (2-тармақ). Шетелдікті ұстаған немесе оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды қолдану туралы өтінішхат білдірген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұл туралы ұстау және соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру сәтінен бастап 6 (алты) сағаттан аспайтын мерзімде хабарлайды.
Шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған не олардың анық еместігіне күмән келтіруге негіздер бар және тексерілуге жататын құжаттарды ұсынған жағдайларда, жоғарыда көрсетілген хабарламалар ұсталған сәттен бастап 18 (он сегіз) сағаттан аспайтын мерзімде жіберіледі (3-тармақ). Хабарлама Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады және мемлекеттік органдар арасындағы электрондық құжат айналымы жүйесі, факс немесе телефонограмма арқылы жіберіледі (4-тармақ). Ұсталған, қамауда отырған адамның шет мемлекет азаматтығына тиесілігі жеке басын куәландыратын құжат немесе оны алмастыратын құжат бойынша айқындалады. Жеке басын куәландыратын құжаттар болмаған не олардың анық еместігіне күмән келтіруге негіздер бар құжаттар ұсынылған жағдайда, осы адамның азаматтығы ұсталған, қамауда отырған жері бойынша ішкі істер және шекара қызметі органдарының ақпараттық жүйелері арқылы тексерілуге тиіс (5-тармақ). Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі нақты ұсталған және қамауда ұсталған сәттен бастап 24 (жиырма төрт) сағаттан кешіктірмей хабарламаны тиісті дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге жолдайды. Хабарламаны дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге жолдау ресми хат алмасу, электрондық пошта, факс немесе телефонограмма арқылы жүзеге асырылады (6-тармақ). Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жыл сайын 30 (отызыншы) қаңтардан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Қазақстан Республикасының ҰҚК-не, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне, Қазақстан Республикасының Қаржы және Ішкі істер министрліктеріне мынадай ақпаратты ұсынады: Қазақстан Республикасымен бір мезгілде консулдық мәселелер жөніндегі халықаралық шарттарға қатысушы болып табылатын мемлекеттер туралы; Қазақстан Республикасымен бір мезгілде қатысушысы болып табылатын мемлекеттердің азаматтарының ұсталғаны, қамауда ұсталғаны туралы хабарлау міндеттемелерін қамтитын халықаралық шарттарға қатысушы мемлекеттер туралы (7-тармақ). Қазақстан Республикасына немесе Қазақстан Республикасымен бір мезгілде халықаралық шартқа қатысушы болып табылатын басқа шет мемлекетке қатысты Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген халықаралық шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі тиісті халықаралық шарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдарды хабардар етеді (8-тармақ)».
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Автор: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар