Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабы. Соттылық туралы түсініктеме

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабы. Соттылық туралы түсініктеме

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабы. Соттылық туралы түсініктеме

1. Қылмыс жасағаны үшін сотталған адам соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап соттылығы жойылған немесе алып тасталған кезге дейін сотталған болып есептеледі. Соттылық осы Кодекске сәйкес қылмыстардың қайталануын, қылмыстардың қауіпті қайталануын анықтау және жаза тағайындау кезінде ескеріледі.

2. Жазадан босатылған адам, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам соттылығы жоқ деп танылады.

3. Соттылық мынадай жағдайларда жойылады:

1) шартты түрде сотталған адамдарға қатысты – пробациялық бақылау мерзімі өткеннен кейін;

2) бас бостандығынан айыруға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза түрлеріне сотталған адамдарға қатысты – жазаны нақты өтеп болғаннан кейін;

3) ауырлығы аз немесе орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтеп болғаннан кейін үш жыл өткен соң;

4) ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтеп болғаннан кейін алты жыл өткен соң;

5) аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтеп болғаннан кейін сегіз жыл өткен соң.

4. Егер сотталған адам Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстырылса, онда соттылықты жою мерзімі нақты өтелген жаза мерзіміне қарай негізгі және қосымша жазаларды өтеуден босатылған кезден бастап есептеледі.

5. Егер адамға сот үкімі бойынша негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, онда соттылықты жою мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеп болған кезден бастап есептеледі.

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалған жағдайларда соттылықты жою мерзімі негізгі жаза түрін өтеп болған кезден бастап есептеледі.

6. Адам қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар үшін сотталған кезде соттылық әрбір қылмыс бойынша дербес жойылады, бұл ретте соттылықты жою мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша тағайындалған жазаны өтеп болған кезден бастап есептеледі.

7. Егер сотталған адам жазасын өтеп болғаннан кейін мінсіз мінез-құлық танытса, сот оның өтінішхаты бойынша соттылықты жою мерзімі өткенге дейін одан соттылығын алып тастай алады.

Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды.

8. Егер сотталған адам соттылықты жою мерзімі өткенге дейін жаңадан қылмыс жасаса, соттылықты жоятын мерзімнің өтуі үзіледі. Бірінші қылмыс бойынша соттылықты жою мерзімі соңғы қылмыс үшін негізгі және қосымша жаза түрлерін нақты өтеп болғаннан кейін жаңадан есептеледі. Мұндай жағдайларда адам олардың ішіндегі неғұрлым ауыр қылмыс бойынша соттылықты жою мерзімі өткенге дейін екі қылмыс бойынша да сотталған болып есептеледі.

9. Соттылықтың жойылуы немесе алып тасталуы осы Кодексте көзделген барлық қылмыстық-құқықтық салдарды жояды, өмір бойына тағайындалған қосымша жаза түрімен белгіленген шектеулер бұған кірмейді.

Қылмыстық құқық институттарының ішінде соттылық институты ерекше орын алады. Соттылықтың заңнамалық анықтамасы жоқ. Заң әдебиеттерінде оның ғылыми анықтамалары ұсынылғанымен, соттылықты біркелкі түсіну қалыптаспаған.

Соттылық – бұл адамды қылмыс жасағаны үшін қандай да бір жаза түріне соттау фактісінен туындайтын, жазаның мазмұнына кірмейтін белгілі бір шектеулерде көрініс табатын құқықтық салдар: соттылық фактісі адамның және оның жасаған іс-әрекетінің қоғамдық қауіптілік дәрежесіне әсер етеді.

Соттылықтың болуы адам үшін қылмыстық-құқықтық және өзге де сипаттағы қолайсыз салдарға әкеп соғады. Өзге салдарға педагогикалық қызметпен айналысу мүмкіндігінің болмауы, белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу және т.б. жатады.

Еңбек заңнамасынан туындайтын салдарлар бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу мерзімінің зейнетақы тағайындау кезінде жалпы еңбек өтіліне есептелмеуінен көрінеді.

Қылмыстық-құқықтық сипаттағы салдарға заң соттылықтың қылмыстардың қайталануы мен қауіпті қайталануы кезінде, сондай-ақ жаза тағайындау кезінде ескерілетінін жатқызады.

Соттылықтың қылмыстық-құқықтық маңызы сондай-ақ соттылықтың болуы адамның шын жүректен өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуына (ҚК-нің 65-бабы) және қылмыстық жауаптылықтан әрі жазадан босатудың басқа да түрлеріне (67, 68, 69, 70 және т.б. баптар) кедергі келтіретіндігінде.

Жаза тағайындау кезінде соттылық кінәлінің жеке басын сипаттау барысында да, қылмыстардың қайталануына байланысты да тікелей ескеріледі. Қылмыстардың қайталануы жазаны ауырлататын мән-жай болып табылады (ҚК-нің 54-бабы 1-бөлігінің 1) тармағы), дәл қылмыстардың қайталануы кезінде жаза тағайындаудың арнайы қағидалары қолданылады (ҚК-нің 59-бабы). Қылмыстардың қайталану түрі бас бостандығынан айыруға сотталғандарға арналған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін айқындау кезінде ескеріледі (ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 2), 3), 4) тармақшалары, 6-бөлігі).

Соттылық жағдайының туындауы адамды соттау сәтімен емес, айыптау үкімінің заңды күшіне ену сәтімен байланысты. Соттылық жағдайы жазаны өтеудің бүкіл кезеңіне және оны өтеп болғаннан кейін заңда белгіленген белгілі бір мерзімге таралады.

Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігіне сәйкес, қылмыс жасағаны үшін сотталған адам соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап соттылығы жойылған немесе алып тасталған кезге дейін сотталған болып есептеледі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы «Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 7-тармағына сәйкес, ҚК-нің 79-бабының 1-бөлігіне орай адам айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап соттылығы бар деп танылады. Сондықтан адам бұрынғы үкім заңды күшіне енгенге дейін жаңа қылмыс жасаған жағдайда, бұрынғы үкім бойынша соттылық қылмыстардың қайталану түрін анықтау кезінде ескерілмейді.

Соттылық жағдайының туындауы жай ғана айыптау үкімінің емес, жаза тағайындалған үкімнің заңды күшіне енуімен байланысты.

Кейбір жағдайларда соттылық жазаны өтеген сәттен бастап жойылады. Мысалы, жасалған қылмыс үшін айыппұлға сотталған кезде адам сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап сот үкімімен тағайындалған айыппұлды толық көлемде төлеген күнге дейін сотталған болып есептеледі. Бас бостандығынан айыруға шартты түрде сотталған кезде сотталған адам сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап үкімде белгіленген пробациялық бақылау мерзімі аяқталғанға дейін сотталған болып есептеледі.

Көптеген жағдайларда соттылық жағдайы белгілі бір мерзіммен шектеледі, оның өтуі бойынша ол заңға сәйкес жойылады (ҚК-нің 79, 89-баптары) немесе алып тасталады. Бұл мерзім сот тағайындаған жаза түрі мен мөлшеріне, сондай-ақ жасалған қылмыстың санатына байланысты болады.

ҚК-нің 79-бабының 2-бөлігіне сәйкес жазадан босатылған адамдар соттылығы жоқ деп танылады. Сондай-ақ қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам сотталған болып есептелмейді.

Соттылықтың жаза тағайындау фактісімен немесе оны нақты өтеу фактісімен байланысты екендігі туралы мәселе теорияда шешімін таппаған және тиісінше практикада қиындықтар туғызады. Біздің ойымызша, жаза тағайындалмай айыптау үкімі шығарылған кезде, сондай-ақ сотталған адам рақымшылық актісі негізінде немесе ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылған жағдайда, кінәлі адам алдын ала қамауда ұстау мерзімінің ұзақтығына қарамастан, жазаны өтемеген адам ретінде соттылығы жоқ деп танылуға тиіс. Сондықтан соттылықтың болуын жазаны өтеу фактісімен байланыстыру қажет. Оның үстіне, қылмыстық заң соттылықты жою мерзімдерін белгілей отырып, жазаны өтеу туралы айтады (ҚК-нің 79-бабының 3-бөлігі).

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындаудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағында былай делінген: «Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бұрын өтеген адамдар деп заңда белгіленген тәртіппен соттылығы соттылықты жою немесе алып тастау сәтінде жойылмаған адамдар танылады. Олар бұрын заңды күшіне енген сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бұл жазаны нақты өтеген адамдар болып табылады».

Осы қағидаға сүйене отырып, қылмыстық жауаптылықтан толық босатылған адамдар, атап айтқанда, шын жүректен өкінуіне байланысты (ҚК-нің 65-бабы), қажетті қорғаныс шегінен асқан кезде (ҚК-нің 66-бабы), процестік келісім талаптарын орындаған кезде (ҚК-нің 67-бабы), тараптардың татуласуына байланысты (ҚК-нің 68-бабы), жағдайдың өзгеруіне байланысты (ҚК-нің 70-бабы), ескіру мерзімінің өтуіне байланысты (ҚК-нің 71-бабы), тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын (ҚК-нің 83-бабы) немесе медициналық сипаттағы шараларды (ҚК-нің 91-бабы) қолдану нәтижесінде босатылған адамдар соттылығы жоқ деп танылады.

Сондай-ақ кепілгерлік белгілеуге байланысты (ҚК-нің 69-бабы), науқастануына байланысты (ҚК-нің 75-бабы), ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан (ҚК-нің 76-бабы), айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты (ҚК-нің 77-бабы), рақымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде (ҚК-нің 78-бабы) жазадан босатылған адамдар да соттылығы жоқ деп танылады.

Жаңа қылмыстық заңмен қылмыстылығы мен жазаланушылығы жойылған әрекет үшін сотталған адам осы заң күшіне енген күннен бастап соттылығы жоқ деп есептеледі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағында сот үкімімен (қаулысымен) жазадан босатылған адам, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты қамауда болған мерзіміне қарамастан, жазадан босату туралы сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап ҚК-нің 79-бабының 2-бөлігіне сәйкес соттылығы жоқ деп есептелетіні айтылған.

Айыптау үкімін орындаудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты ҚК-нің 77-бабына сәйкес жазасын өтеуден босатылған адамдар; шартты түрде сотталғандар (ҚК-нің 63-бабы) – пробациялық бақылау мерзімі өткеннен кейін; үкімнің орындалуын кейінге қалдыру қолданылған сотталғандар (ҚК-нің 74-бабы) – егер адам жазасын өтеуден босатылған болса, кейінге қалдыру мерзімі өткеннен кейін; ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан (ҚК-нің 76-бабының 1-бөлігі) жазадан босатылған адамдар бұрын бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар болып есептелмейді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындаудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағының сегізінші абзацына сәйкес: «ҚК-нің 63-бабы негізінде шартты түрде сотталған адамдар, сондай-ақ ҚК-нің 74-бабы негізінде жазаны орындау кейінге қалдырылған адамдар, егер олар бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде нақты өтемеген болса, бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген адамдар қатарына жатпайды».

Егер сот үкімімен тағайындалған жаза (айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу және т.б.) ҚК-нің Жалпы бөлімінде осы жаза түрлері үшін көзделген негіздер бойынша бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылса, мұндай адамдарды бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар ретінде қарастыруға болмайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 11 сәуірдегі «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де қоғамға қарсы әрекеттер жасауға тарту туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағында заң кәмелетке толмаған адамға қатысты тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шарасын қылмыстық жазаға ауыстыру мүмкіндігін қандай да бір жағдайда, оның ішінде кәмелетке толмаған адамның оларды орындаудан жалтаруы немесе тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылып жатқан кезеңде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасауы кезінде де көздемейтіні атап көрсетілген.

Тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылған кәмелетке толмағандар ҚК-нің 79-бабының 2-бөлігіне сәйкес соттылығы жоқ деп танылады.

Алайда адамға бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалса (ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып) немесе үкімнің орындалуы кейінге қалдырылса (ҚК-нің 74 және 76-баптары), әрі ол адам пробациялық бақылау кезеңінде немесе үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған кезеңде жаңа қылмыс жасаса не шартты түрде соттау немесе үкімнің орындалуын кейінге қалдыру күші жойылып, ол сот үкімі бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін тиісті мекемеге жіберілсе, ол соттылығы бар адам болып есептеледі.

Бұл қағидадан нақты жазаны өтемеген адамдар соттылығы бар деп танылатын екі ерекшелік бар. Шартты түрде соттау кезінде (ҚК-нің 63-бабы) соттылық пробациялық бақылау кезеңінде сақталады. ҚК-нің 63-бабының 3-бөлігіне сәйкес, пробациялық бақылау бас бостандығынан айырудың тағайындалған бүкіл мерзіміне белгіленеді, ал кәмелетке толмағандарға ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігінің қағидалары бойынша алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге тағайындалады. Жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезінде сотталған адам кейінге қалдырудың бүкіл мерзімі ішінде соттылығы бар болып есептеледі. Осылайша, жазаны нақты өтемеген немесе шартты сипатта болмаған негіздер бойынша жазадан босатылған адам соттылығы жоқ деп танылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағында ҚК-нің 79-бабының 2-бөлігіне сәйкес жазадан босатылуына байланысты соттылығы жоқ деп танылатын адам деп ҚПК-нің 393-бабы 6-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша (рақымшылық актісінің шығарылуына байланысты, осы үкіммен сотталған адамға тағайындалған жазаны қолданудан босататын жағдайда немесе сот үкімімен тағайындалған жазаның адамды осы іс бойынша қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты қамауда болған уақытымен өтелуіне байланысты) жазадан босатылғаны туралы айыптау үкімі шығарылған адам танылатыны айтылған.

Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бұрын өтеген адамдар ретінде мыналар қарастырылмайды:

  • іс кассациялық тәртіппен қаралғанға дейін сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында болған, бірақ аталған сот сатысы үкімнің күшін істі тоқтата отырып жойған немесе оны өзгертіп, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындаған, не бас бостандығынан айыруға шартты түрде соттауды немесе үкімнің орындалуын кейінге қалдыруды қолданған адамдар;
  • бас бостандығынан айыруға сотталған, бірақ жазаны нақты өтемеген және жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге және жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға жазаны өтеуді кейінге қалдыруға байланысты (ҚК-нің 74-бабы), науқастануына байланысты жазадан босатылуы салдарынан (ҚК-нің 75-бабы), ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан (ҚК-нің 76-бабы), айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты үкімнің орындалмауы салдарынан (ҚК-нің 77-бабы), не оларға рақымшылық актісін қолдану немесе кешірім жасау тәртібімен жазасын өтеуден босату салдарынан (ҚК-нің 78-бабы) бас бостандығынан айыру орындарында болмаған адамдар;
  • бұлтартпау шарасы ретінде қамауда болған мерзім шегінде бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар, өйткені олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазаны өтемеген;
  • бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны алғаш рет өтеп жатқан үкім шығарылғанға дейін жасалған қылмыстар үшін сотталған жағдайда, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адамдар;
  • қылмыстылығы мен жазаланушылығы қолданыстағы заңмен жойылған әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға сотталып, жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеген адамдар, сондай-ақ қолданыстағы заң бойынша оларды жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделмеген жағдайларда сотталған адамдар.

ҚК-нің 79-бабының 3-бөлігіне сәйкес соттылық мынадай мерзімдерде жойылады:

  1. шартты түрде сотталған адамдарға қатысты – пробациялық бақылау мерзімі өткеннен кейін;
  2. бас бостандығынан айыруға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза түрлеріне сотталған адамдарға қатысты – жазаны нақты өтеп болғаннан кейін;
  3. ауырлығы аз немесе орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтеп болғаннан кейін үш жыл өткен соң;
  4. ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтеп болғаннан кейін алты жыл өткен соң;
  5. аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтеп болғаннан кейін сегіз жыл өткен соң.

ҚК-нің 89-бабында он сегіз жасқа толғанға дейін қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға қатысты соттылықты жоюдың қысқартылған мерзімдері белгіленген.

Заңда белгіленген тәртіппен жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босатылған сотталған адамдарға, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстырылған адамдарға қатысты соттылықты жою мерзімі нақты өтелген жаза мерзіміне қарай есептеледі. Мерзім негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеуден мерзімінен бұрын босатылған кезден бастап немесе жаза ауыстырылған жағдайда неғұрлым жеңіл жаза түрін өтеп болған кезден бастап есептеледі.

Түсіндіріліп отырған баптың 5-бөлігіне сәйкес, егер адамға сот үкімі бойынша негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, соттылықты жою мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеп болған кезден бастап есептеледі.

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалған жағдайларда соттылықты жою мерзімі негізгі жаза түрін өтеп болған кезден бастап есептеледі. Мысалы, бас бостандығынан айыруға сотталып, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылған адамның соттылығын жою мерзімі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған күннен бастап есептеледі. Егер негізгі жаза ретінде айыппұл тағайындалып, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру белгіленсе, соттылық айыппұл төленген күні жойылады.

Егер адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша сотталса, соттылық әрбір қылмыс бойынша дербес жойылады, бұл ретте соттылықты жою мерзімдері қылмыстар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша жазаны өтеп болған кезден бастап есептеледі. Осыған ұқсас ереже Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 9-1-тармағында да қамтылған. Оған сәйкес, адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар жиынтығы немесе үкімдер жиынтығы бойынша сотталған кезде соттылық ҚК-нің 79-бабының 3-бөлігіне сәйкес әрбір қылмыс бойынша дербес жойылады, бұл ретте барлық соттылықты жою мерзімдері ҚК-нің 58 және 60-баптарының негізінде сот тағайындаған түпкілікті жазаны адам нақты өтеп болған кезден бастап есептеледі.

Қылмыстар жиынтығы бойынша сотталған кезде, егер қылмыстардың бірі кәмелетке толмаған жаста, ал екінші қылмыс он сегіз жасқа толғаннан кейін жасалса, әрбір қылмыс бойынша соттылықты жою мерзімі қылмыстар жиынтығы бойынша жазаны өтеп болғаннан кейін дербес есептеледі: кәмелетке толмаған жаста жасалған қылмыс бойынша – ҚК-нің 89-бабы бойынша, ал кәмелетке толған жаста жасалған қылмыс бойынша – ҚК-нің 79-бабы бойынша. Мұндай жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына кіретін, кәмелетке толған жаста жасалған қылмыс бойынша соттылық ескеріледі.

Егер сотталған адам соттылықты жою мерзімі өткенге дейін жаңадан қылмыс жасаса, соттылықты жоятын мерзімнің өтуі үзіледі. Түсіндіріліп отырған баптың 8-бөлігіне сәйкес, бірінші қылмыс бойынша соттылықты жою мерзімі соңғы қылмыс үшін негізгі және қосымша жаза түрлерін нақты өтеп болғаннан кейін жаңадан есептеледі. Мұндай жағдайларда адам олардың ішіндегі неғұрлым ауыр қылмыс бойынша соттылықты жою мерзімі өткенге дейін екі қылмыс бойынша да сотталған болып есептеледі.

Соттылықтың жойылуы соттылық жағдайының жазаны өтеп болғаннан кейін заңда белгіленген мерзім өткен соң автоматты түрде тоқтатылуын білдіреді. Бұл ретте қандай да бір заңдық актілерді қабылдау талап етілмейді (ҚК-нің 79 және 89-баптары).

Соттылықты алып тастауды сотталған адамның өтініші бойынша сот жүзеге асырады және ол нақты адамға қатысты осы мәселе бойынша сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін ғана соттылық жағдайының тоқтатылуын білдіреді.

Түсіндіріліп отырған баптың 7-бөлігіне сәйкес соттылықты алып тастау сотталған адам жазасын өтеп болғаннан кейін мінсіз мінез-құлық танытқан жағдайда жүзеге асырылады. Егер сотталған адам құқық бұзушылықтарға жол бермесе, адал еңбек етсе, оң мінездемеге ие болса, отбасына қамқорлық жасаса және т.б., оның мінез-құлқы мінсіз деп есептеледі.

Соттылықты алып тастау соттылықтың құқықтық салдарын оны жою мерзімі аяқталғанға дейін жоюды білдіреді.

Соттылық рақымшылық актісі негізінде жауаптылықтан немесе жазаны одан әрі өтеуден босатылған адамдардан, сондай-ақ кешірім жасау кезінде де алып тасталуы мүмкін (ҚК-нің 78-бабының 2 және 4-бөліктері).

Осылайша, соттылықты жою мерзімі аяқталғанға дейін сот қаулысымен, рақымшылық немесе кешірім жасау актілерімен соттылықты алып тастауға болады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысының 15-тармағында былай делінген: «Сотталушының жеке басы туралы іс үшін маңызы бар өзге де мәліметтерге жаза тағайындау, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін айқындау, қайталану түрін белгілеу, іс-әрекеттерді саралау кезінде ескерілетін деректер жатуы мүмкін екені түсіндірілсін. Атап айтқанда, бұларға өтелмеген және алынбаған соттылықтар, рақымшылық қолдану, сотталушының мүгедектігінің болуы және басқа да мәліметтер жатады.

Соттылықтың жойылуы мен алып тасталуы үкімнің кіріспе бөлігінде көрсетілмейді, бұған сотталушыға бұрын рақымшылық актісі қолданылған және бұл мән-жай оған жаңадан шығарылған рақымшылық актісін қолдану мәселесін шешу үшін маңызы бар жағдайлар кірмейді».

Түсіндіріліп отырған баптың 7-бөлігіне сәйкес соттылықты мерзімінен бұрын алып тастау ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қатысты жол берілмейді.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар ұғымдары ҚК-нің 11-бабының 4 және 5-бөліктеріне берілген түсініктемеде келтірілген.

Қылмыстардың қайталануы және қауіпті қайталануы ұғымдары ҚК-нің 14-бабының 1 және 2-бөліктеріне берілген түсініктемеде келтірілген.

Түсіндіріліп отырған баптың 9-бөлігіне сәйкес соттылықтың жойылуы немесе алып тасталуы осы Кодексте көзделген барлық қылмыстық-құқықтық салдарды жояды, бұған өмір бойына тағайындалған қосымша жаза түрімен белгіленген шектеулер кірмейді.

Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылған сотталған адамның құқықтық салдары оның өмірінің соңына дейін сақталады. Бұл шектеулер мемлекеттік қызметке орналасу кезінде де сақталады. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес құқық қорғау органдарына қызметке қабылдауға қойылатын шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

Соттылықтың жойылуы мен алып тасталуын ақтаудан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауаптылыққа негізді түрде тартылып, жасаған қылмысы үшін сотталған адамға қатысты соттылықтың жойылуы мен алып тасталуынан айырмашылығы, ақтау қылмыс жасамаған және қылмыстық жауаптылыққа негізсіз тартылған немесе заңсыз сотталған адамға қатысты қолданылады. Ақтау кезінде адам құқықтары толық қалпына келтіріледі, оған (қажет болған жағдайда оның туыстарына) мемлекет атынан кешірім сұралады. Егер бұл адам немесе оның туыстары жариялауға қарсы болмаса, кешірім сұрау оның тұрғылықты жері бойынша баспасөзде жарияланады.

Азаматқа қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тарту немесе заңсыз соттау салдарынан келтірілген залал заңда белгіленген тәртіппен толық көлемде өтелуге тиіс.

Мәселен, ҚПК-нің 37-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотпен ақталған адам, сондай-ақ ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негіздер бойынша соттың немесе қылмыстық қудалау органының қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысы шығарылған күдікті, айыпталушы, сотталушы ақталуға, яғни құқықтарын қалпына келтіруге жатады және Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір шектеулер қойылуы мүмкін емес.

Сот, қылмыстық қудалау органы ҚПК-нің 37-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамды ақтау және қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері салдарынан оған келтірілген зиянды өтеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдауға міндетті (2-бөлік).

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 9 шілдедегі «Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы»; 2015 жылғы 27 қарашадағы «Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулыларын және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951, 952-баптарын қараңыз.

 

Қазақстан Республикасының 2021 жылғы Қылмыстық кодексіне түсініктеме авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар