Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабына түсініктеме. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы қоғамнан оқшаулаудан тұрады.
2. Үкім шығарылған кезде он сегіз жасқа толмаған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне орналастырылады.
3. Осы Кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыру алты айдан он бес жылға дейінгі мерзімге, ал аса ауыр қылмыстар үшін — жиырма жылға дейінгі мерзімге не өмір бойына белгіленеді. Абайсызда жасалған қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру мерзімі он жылдан аспауға тиіс. Айыппұлды, түзеу жұмыстарын, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстырған жағдайда, ол алты айдан аз мерзімге тағайындалуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде және осы Кодекстің 47-бабының бесінші бөлігінде, 71-бабының бесінші бөлігінде және 77-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайларда бас бостандығынан айыру мерзімдерін ішінара немесе толық қосу кезінде бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімі жиырма бес жылдан, ал үкімдердің жиынтығы бойынша — отыз жылдан аспауға тиіс.
4. Өмір бойына бас бостандығынан айыру аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін. Өмір бойына бас бостандығынан айыру қылмысты он сегіз жасқа толғанға дейін жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш және одан жоғары жастағы ер адамдарға тағайындалмайды. Өмір бойына бас бостандығынан айыру кешірім жасау тәртібімен белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкін.
5. Бас бостандығынан айыруды өтеу:
1) ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде: абайсызда жасалған қылмыстар үшін сотталған адамдарға; осы Кодекстің 7, 8, 9, 12 және 13-тараларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдарға;
осы Кодекстің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда сотталған адамдарға; алғаш рет қасақана қылмыс жасағаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған адамдарға;
Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 366-бабының 1-1, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 367-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 368-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қолданылмайды;
2) орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде: бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтемеген, қасақана жасалған онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар жасағаны үшін екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға; аса ауыр қылмыс жасаған әйелдерге, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы кезінде; айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдарға; осы Кодекстің 366-бабының 1-1, екінші және үшінші бөліктерінде, 367-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 368-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға;
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, кәмелетке толмаған жасында қылмыс жасаған адамдарды қоспағанда, орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеу тағайындалмайды;
3) барынша жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде: аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталған ер адамдарға; кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, кәмелетке толмаған жасында қылмыс жасаған адамдарды қоспағанда, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған ер адамдарға; қасақана қылмыс жасағаны үшін бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, осы Кодекстің 7, 8, 9, 12 және 13-тараларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдарды, сондай-ақ осы Кодекстің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған және қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген адамдарды қоспағанда; қылмыстардың қайталануы кезінде сотталған ер адамдарға; қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде сотталған әйелдерге;
4) қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға — төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде.
Үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыруды өтеу үшін жиынтыққа кіретін үкімдердің бірімен белгіленген мекеменің неғұрлым қатаң түрі айқындалады.
6. Аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза мерзімінің бір бөлігін, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімін толық қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеу тағайындалуы мүмкін.
7. Үкіммен тағайындалған мекеме түрін өзгерту Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 96-бабына сәйкес сот арқылы жүргізіледі.
Бас бостандығынан айыру — тек қылмыс жасағаны үшін тағайындалатын жазаның ең қатаң түрлерінің бірі және сотталған адамды қоғамнан оқшаулаудан тұрады.
Бас бостандығынан айыру адамға, әсіресе жазаның осы түріне алғаш рет сотталған адамдарға барынша күшті ықпал етеді, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге және жаңа қылмыстардың жасалуының алдын алуға ықпал етеді. Репрессиялық сипатының жоғарылығына байланысты ол кінәлі адамға белгілі бір құқықтық шектеулер жүктеумен ұштасады.
Бұл, ең алдымен, конституциялық құқықтарға қатысты: жеке бас бостандығына (ҚР Конституциясының 16-бабы); жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке салымдары мен жинақтарының, хат-хабарларының, телефон арқылы сөйлесулерінің, пошта, телеграф және өзге де хабарламаларының құпиясына (ҚР Конституциясының 18-бабы); ҚР аумағында еркін жүріп-тұруына және тұрғылықты жерін таңдауына, ҚР шегінен тыс жерлерге шығуына (ҚР Конституциясының 21-бабы); тұрғын үйіне қол сұғылмауына (ҚР Конституциясының 25-бабы); сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға (ҚР Конституциясының 33-бабы).
«Бас бостандығынан айыру» ұғымының мазмұны ҚК-нің 46-бабының 1-бөлігінде ашылады, онда бас бостандығынан айыру сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберу арқылы қоғамнан оқшаулаудан тұратыны айтылған.
Осылайша, бас бостандығынан айыру сотталған адамды қоғамнан оқшаулаудан тұрады, ал мұндай оқшаулауды бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын арнайы мекемелер қамтамасыз етеді. ҚАК-нің 24-бабының 9-бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мекемелерде, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қалдырылған немесе жіберілген сотталғандарға қатысты тергеу изоляторларында орындалады.
Әртүрлі мекеме түрлерінің арасындағы айырмашылық, ең алдымен, оларда қамтамасыз етілетін сотталған адамды қоғамнан оқшаулау дәрежесіне байланысты. Осыған орай жазаны өтеу режимі туралы айтуға болады.
«Бас бостандығынан айыру» термині Қазақстан заңнамасының басқа салаларында да кездеседі. Мысалы, әкімшілік қамаққа алу, күзетпен ұстау шарасын қолдану немесе әскери қызметшіні гауптвахтада ұстау кезінде. Мұндағы айырмашылық бас бостандығынан айыру қылмыстық жаза түрі ретінде қылмыс жасағаны үшін кінәлі адамдарға сот арқылы тағайындалатындығында. Айырмашылық сондай-ақ осы ықпал ету шараларының мақсаттарында, мерзімдерінде, тәртібі мен орындау жағдайларында да көрінеді.
Егер қылмыстық заңның санкциясында бас бостандығынан айырумен қатар жазаның басқа түрлері де көзделсе, соттың бас бостандығынан айыруды тағайындау туралы шешімі үкімде уәжделуге тиіс. Мәселен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында: «Егер адам кінәлі деп танылған ҚК бабының санкциясында жазаның балама түрлері көзделсе, соттар олардың неғұрлым жеңіл түрін тағайындау мүмкіндігі туралы мәселені талқылауға тиіс, өйткені ҚК-нің 52-бабының екінші бөлігіне сәйкес жазаның неғұрлым қатаң түрі жазаның неғұрлым жеңіл түрі жазаның мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ете алмайтын жағдайда ғана тағайындалады. Сот шешімі үкімде уәжделуге тиіс» (6-тармақ).
Егер ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелеріне сәйкес адамға ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабының санкциясында көзделген жазалардың ешқайсысы тағайындалмайтын болса, сот ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігіне сілтеме жасамай, оған ҚК-нің 40-бабында не 81-бабында көзделген жазаның неғұрлым жеңіл түрін тағайындайды. Сот қабылдаған шешімнің негіздемесі үкімнің уәждеу бөлігінде жазаның сол немесе өзге түрін қолдануға тыйым салатын ҚК-нің Жалпы бөлімінің тиісті нормасы көрсетіле отырып баяндалуға тиіс.
Түсіндіріліп отырған бапта белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру («мерзімді») және өмір бойына бас бостандығынан айыру («мерзімсіз») көзделген. Қазақстанның қылмыстық заңнамасы бас бостандығынан айыруды белгісіз мерзімге тағайындауға жол бермейді. Сот үкімінде тағайындалған жазаның мерзімі нақты көрсетілуге тиіс.
ҚК-нің 46-бабының 3-бөлігінде бас бостандығынан айыру алты айдан он бес жылға дейінгі мерзімге, ал аса ауыр қылмыстар үшін — жиырма жылға дейінгі мерзімге не өмір бойына белгіленетіні көзделген. Абайсызда жасалған қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру мерзімі он жылдан аспауға тиіс. Айыппұлды, түзеу жұмыстарын, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстырған жағдайда, ол алты айдан аз мерзімге тағайындалуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімдерін ішінара немесе толық қосу кезінде және ҚК-нің 47-бабының 5-бөлігінде (кешірім жасау тәртібімен өлім жазасын ауыстыру), 71-бабының 5-бөлігінде (егер сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуды мүмкін деп таппаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады) және 77-бабының 5-бөлігінде (егер сот өлім жазасына сотталған адамға қатысты ескіру мерзімін қолдануды мүмкін деп таппаса) көзделген жағдайларда бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімі жиырма бес жылдан, ал үкімдердің жиынтығы бойынша — отыз жылдан аспауға тиіс.
Кәмелетке толмаған сотталғандарға бас бостандығынан айыру он жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалған адам өлтіру немесе терроризм актісі үшін не қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, олардың біреуі ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалған адам өлтіру немесе терроризм актісі болып табылған жағдайда, — он екі жылға дейін тағайындалуы мүмкін. Онша ауыр емес қылмыс немесе өлімге әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды (ҚК-нің 81-бабының 7-бөлігі).
ҚК-нің 80-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде он төрт жасқа толған, бірақ он сегіз жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандар деп танылады.
Үкім шығарылған кезде он сегіз жасқа толмаған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне орналастырылады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 9-тармағында да көрсетілген. Оған сәйкес: «Кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау мәселесін талқылаған кезде соттар оларға тек ҚК-нің 81-бабында көрсетілген қылмыстық жаза түрлері ғана қолданылуы мүмкін екенін, олардың мерзімдері мен мөлшері осы бапта белгіленген шектерден аспауға тиіс екенін ескеруі қажет. Бұл ретте ҚК-нің 82 және 83-баптарында көрсетілген мән-жайлар қосымша ескеріліп, істің мән-жайлары мен кәмелетке толмаған адамның жеке басын ескере отырып, әрбір нақты жағдайда оған тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолдану мүмкіндігі талқылануға тиіс.
Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған кезде бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін де, олардың жиынтығы бойынша да, сондай-ақ үкімдердің жиынтығы бойынша да бас бостандығынан айыру мерзімі он жылдан аспауға тиіс. Кәмелетке толмағандарға көрсетілген мерзімнен асатын бас бостандығынан айыру жазасы тек ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалған адам өлтіру немесе терроризм актісі үшін не қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, олардың біреуі ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалған адам өлтіру немесе терроризм актісі болған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдайда қылмыстардың жиынтығы және үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімі он екі жылдан аспауға тиіс.
Егер кәмелетке толмаған адамға ҚК-нің 56-бабының екінші, үшінші бөліктерінде көзделген қағидалар ескеріле отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалса, жазаның неғұрлым қатаң түрінің жартысы немесе төрттен үш бөлігі аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін кәмелетке толмағанға тағайындалуы мүмкін он немесе он екі жыл бас бостандығынан айыру мерзімінен тиісінше есептелуге тиіс. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезінде ҚК-нің 55-бабының екінші немесе үшінші бөліктерінің талаптары бойынша жаза мерзімдерін есептеудің ұқсас қағидалары да ескерілуге тиіс».
Бұған дейін бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмаған адамға сот жазаны кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеуді тағайындайтыны атап өтілген болатын. Кәмелетке толған кезде сотталғандар өздерінің келісімімен жиырма бір жасқа толғанға дейін мекемеде қалдырылуы мүмкін. Он сегіз жасқа толған сотталғандарды жоғарыда аталған мекемеде қалдыру туралы шешім мекеме бастығының ұсынуы негізінде сот арқылы қабылданады.
Қылмыстық құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған жасында жасап, үкім шығарылған кезде кәмелетке толған адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған жағдайда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрі оған ҚК-нің 46-бабына сәйкес кәмелетке толған адам ретінде тағайындалады (ҚР Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындаудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 13-тармағы).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 9-1-тармағына сәйкес: «ҚК-нің 62-бабының үшінші бөлігінің қағидалары бойынша қылмыстық жаза мерзіміне қылмыстық іс бойынша үкім заңды күшіне енгенге дейін адамның күзетпен ұстауда болған уақыты ғана есептеледі, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ҚПК-нің 131-бабында белгіленген тәртіппен ұсталған уақыты да есепке алынады. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін (іздеуде жүрген сотталған адамды ұстауға және оны кезең-кезеңімен жеткізуге, жазаны ауыстыруға және т.б. байланысты) адамның күзетпен ұстауда болған уақыты ҚК-нің 62-бабының үшінші бөлігінің қағидаларын қолданбай, қылмыстық жаза мерзіміне есептелуге жатады.
Егер адамға ҚК-нің 63-бабы қолданылып, бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалса, үкім заңды күшіне енгенге дейін оның күзетпен ұстауда болған уақыты ҚК-нің 62-бабының үшінші бөлігінің қағидалары бойынша, оны нақты бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда жазасын өтеуге тиіс қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрі ескеріле отырып, жазаны өтеу мерзіміне есептеледі».
Сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындаған кезде жазаның мерзімін ғана белгілеп қоймай, оның қай кезден бастап есептелетінін де айқындайды. Бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстауда болған уақыт бір күнге бір күн есебімен, ал сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін үйқамақта болған уақыт бір күнге екі күн есебімен есептеледі (ҚК-нің 62-бабының 3, 4-бөліктері).
Егер қылмыс жасағаннан кейін психикалық ауруға шалдыққан адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылса, емделуге жұмсалған уақыт жазаны өтеу мерзіміне есептеледі (ҚК-нің 62-бабының 7-бөлігі).
Басқа тағайындалған жаза түрін ауыстыру ретінде бас бостандығынан айыру алты айдан аз мерзімге мынадай жағдайларда тағайындалуы мүмкін:
онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған адам айыппұлды белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда — төленбеген әрбір төрт АЕК үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен (ҚК-нің 41-бабы 6-бөлігінің 2) тармағы);
ауыр қылмыс үшін сотталған адамға — төленбеген әрбір төрт АЕК үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен (ҚК-нің 41-бабы 6-бөлігінің 3) тармағы);
еселенген айыппұлға сотталған адамға — айыппұлдың төленген және өндіріп алынған бөлігі ескеріле отырып, ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабының санкциясы шегінде (ҚК-нің 41-бабы 6-бөлігінің 4) тармағы).
Еңбекке қабілеттілігінен айырылуға байланысты емес, түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, олар:
онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталған адамдарға — өндіріп алынбаған әрбір төрт АЕК үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен (ҚК-нің 42-бабы 5-бөлігінің 2) тармағы);
ауыр қылмыс үшін сотталған адамдарға — өндіріп алынбаған әрбір төрт АЕК үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен (ҚК-нің 42-бабы 5-бөлігінің 3) тармағы) ауыстырылады.
Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда, олар қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға қоғамдық жұмыстардың өтелмеген әрбір төрт сағаты үшін бас бостандығынан айырумен ауыстырылады (ҚК-нің 43-бабы 2-1-бөлігінің 2) тармағы).
Бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудің бір күніне бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылады (ҚК-нің 44-бабының 3-бөлігі).
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына ауыр немесе аса ауыр қылмыс кірсе, түпкілікті жаза неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым қатаң жазамен сіңіру немесе жазаларды ішінара не толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза жиырма жылдан аспауға тиіс.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына ҚК бойынша жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген кемінде бір аса ауыр қылмыс кірсе, түпкілікті жаза жазаларды ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза жиырма бес жылдан аспауға тиіс.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына ҚК бойынша жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген кемінде бір аса ауыр қылмыс, сондай-ақ жасағаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылық кірсе, түпкілікті жаза неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым қатаң жазамен сіңіру арқылы тағайындалады.
Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалса, түпкілікті жаза тиісінше өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түрінде тағайындалады (ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігі).
ҚК-нің 46-бабының 4-бөлігіне сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыру аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру өзінің мазмұны бойынша, бас бостандығынан айыру сияқты, сотталған адамды қоғамнан оқшаулаудан тұрады. Өмір бойына бас бостандығынан айырудың неғұрлым қатаң болуы, біріншіден, жаза мерзімінің болмауымен және, екіншіден, жазаны өтеудің ерекше жағдайларымен қамтамасыз етіледі.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмыстардың шектеулі шеңберінен басқа, заңда қарастырылып отырған жазаны қолдану мүмкіндігін одан әрі тарылтатын өзге де қағидалар белгіленген.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру қылмысты он сегіз жасқа толмаған кезде жасаған адамдарға; әйелдерге; алпыс үш және одан жоғары жастағы ер адамдарға тағайындалмайды.
Аталған санаттағы адамдарға өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындауға тыйым салу әділеттілік пен ізгілік қағидаттарынан туындайтын, құқықтық мемлекетте қылмыстық жазаның алдында тұрған міндеттерді неғұрлым толық әрі тиімді шешуді қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі адамдар санаттарының әлеуметтік, жас және физиологиялық ерекшеліктерін қылмыстық заңда ескеру қажеттілігіне негізделген.
Сот тағайындаған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
ҚАК-нің 161-бабы 1-бөлігінің 3) тармағына сәйкес жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату жазаны өтеуден босатудың негіздерінің бірі болып табылады.
ҚК-нің 72-бабының 6-бөлігіне сәйкес сот тағайындаған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеу кезінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату мынадай жағдайларда қолданылуы мүмкін:
егер сот сотталған адамның бұл жазаны одан әрі өтеуді қажет етпейтінін таныса және ол іс жүзінде бас бостандығынан айырудың кемінде жиырма бес жылын өтесе;
егер сот тағайындаған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаса, ол іс жүзінде бас бостандығынан айырудың кемінде он бес жылын өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
ҚАК-нің 162-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотталған адам заңда белгіленген жаза мерзімінің тиісті бөлігін өтеген кезде жазаны орындайтын мекеме немесе орган бес күндік мерзімде жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығының туындағаны туралы сотталған адамға жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
ҚПК-нің 7-бабының 37) тармағына сәйкес процестік келісім — прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы арасында қылмыстық процестің кез келген сатысында не сотталған адаммен ҚПК-де көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жасалатын келісім.
Процестік келісім кінәні мойындау туралы мәміле және ынтымақтастық туралы келісім нысанында жасалады (ҚПК-нің 612-бабының 1-бөлігі).
Кінәні мойындау туралы мәміле аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша жасалмайды (ҚПК-нің 612-бабы 1-бөлігінің 1) тармағы).
Ынтымақтастық туралы келісім қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, басқа адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдескен жағдайда қылмыстардың барлық санаттары бойынша жасалады (ҚПК-нің 612-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы).
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамға; адамдардың өліміне әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс үшін сотталған адамға; кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамға қолданылмайды (ҚК-нің 72-бабының 8-бөлігі).
Аталған шектеу кәмелетке толмаған адамның он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қарсы жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған жағдайларына қолданылмайды.
ҚК сотталған адамдардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қандай түрінде бас бостандығынан айыру жазасын өтейтінін нақты әрі сараланған түрде белгілейді.
Бас бостандығынан айыруды тағайындау кезінде сот үкімнің қарар бөлігінде бас бостандығынан айыру мерзімінен басқа, жазаны өтеу орнын — қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін, режимін және жазаны өтеу мерзімін есептеудің басталуын көрсетеді. Мекемелер мынадай түрлерге бөлінеді: 1) ең төменгі қауіпсіздік мекемелері; 2) орташа қауіпсіздік мекемелері; 3) кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемелері; 4) барынша жоғары қауіпсіздік мекемелері; 5) төтенше қауіпсіздік мекемелері; 6) толық қауіпсіздік мекемелері; 7) аралас қауіпсіздік мекемелері.
ҚАК-нің 89-бабының 2-бөлігіне сәйкес аралас қауіпсіздік мекемелеріне мыналар жатады: 1) әртүрлі режимдегі сотталғандарды ұстауға арналған мекемелер; 2) қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды не шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қалдырылған немесе жіберілген бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды, сондай-ақ ҚАК-нің 88-бабы 4-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес мекемелерден келген адамдарды ұстау үшін пайдаланылатын тергеу изоляторлары.
Қылмыстық-атқару жүйесінің әртүрлі мекемелерінің болуы сотталғандарды олардың жеке басына, жасаған қылмыстарының ауырлығына, соттылықтарының санына қарай бөлек ұстау қажеттілігімен, бұрын сотталған адамдардың бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдарға теріс ықпал етуіне, ересек сотталғандардың кәмелетке толмағандарға теріс ықпал етуіне жол бермеу мақсатымен байланысты.
Сотталғандардың қоғамға қауіптілігінің әртүрлі дәрежесі оларға ықпал етудің әртүрлі құралдарын қолдану қажеттілігін де туындатады, ал мұндай құралдарды қолдану жазаны орындайтын мекемелердің әртүрлі режимі жағдайында ғана мүмкін болады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін дұрыс айқындау жазаның мақсаттарына қол жеткізу үшін маңызды мәнге ие және жасалған қылмыстың ауырлығын, қылмыскердің жеке басын, оның жасын және жынысын ескере отырып, жазаны орындауды дараландыруды қамтамасыз етеді. Заң соттың қалауы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің сол немесе өзге түрін тағайындау мүмкіндігін жоққа шығаратынын ескеру қажет.
ҚР-ның 2017 жылғы 18 сәуірдегі, 2018 жылғы 12 шілдедегі және 2020 жылғы 30 желтоқсандағы заңдарымен жазаны орындайтын мекеме түрін тағайындау негіздеріне және бас бостандығынан айыру мерзімдеріне елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуге арналған мекемелердің түрлері ҚК-нің 46-бабының 5-бөлігіне сәйкес тағайындалады.
Ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде: абайсызда жасалған қылмыстар үшін сотталған адамдар; ҚР ҚК-нің 7 «Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар», 8 «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар», 9 «Коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар», 12 «Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар» және 13 «Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар» тарауларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдар; 15 «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар» тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған және қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген адамдар; алғаш рет қасақана қылмыс жасағаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған адамдар жазасын өтейді. Бұл ретте абайсызда жасалған қылмыстар үшін ерлер мен әйелдер қылмыс жасағаны үшін бұрынғы соттылықтарына және бас бостандығынан айыру жазасын өтеген-өтемегеніне қарамастан, жазаның мерзіміне қарамастан ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілетінін ескеру қажет.
ҚР-ның 2020 жылғы 19 желтоқсандағы «Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес: «Осы тармақтың ережелері (ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 1) тармағы — автордың курсиві, И.Б.) ҚК-нің 366-бабының 1-1, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 367-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 368-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қолданылмайды».
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындаудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағында ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне мынадай адамдардың (ерлер мен әйелдердің) жіберілетіні айтылған:
жазаның мерзіміне қарамастан, абайсызда жасалған қылмыстар үшін сотталғандар;
ҚК-нің 7, 8, 9, 12 және 13-тараларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталғандар;
ҚК-нің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда сотталғандар.
Бұл жерде ҚР-ның 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Заңымен ҚК-нің 366-бабының 1-1, 2, 3 және 4-бөліктерінде, 367-бабының 2, 3 және 4-бөліктерінде, 368-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін тағайындауға тыйым салынғанын атап өткен жөн. Жоғарғы Сот осы тыйымдарды өзінің нормативтік қаулысында көрсетуге тиіс;
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған қасақана қылмыс жасағаны үшін алғаш рет сотталғандар.
ҚПК-нің 19-бабының 3-бөлігінің талаптарына сәйкес бұрын сотталған, бірақ бас бостандығынан айыру жазасын өтемеген және екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған жаңа қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға жазаны өтеу ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тағайындалады.
Бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдарға бұрын бас бостандығынан айыруға сотталған, бірақ олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен алып тасталған немесе жойылған адамдар, сондай-ақ кері күші бар жаңа қылмыстық заң бойынша қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмайтын әрекеттері үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылығы бар адамдар да жатады.
Орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде: қасақана жасалған онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар үшін екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған, бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтемеген адамдар; аса ауыр қылмыс жасаған әйелдер, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы кезінде; айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдар; ҚК-нің 366-бабының 1-1, 2, 3-бөліктерінде, 367-бабының 2 және 3-бөліктерінде, 368-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазасын өтейді.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, кәмелетке толмаған жасында қылмыс жасаған адамдарды қоспағанда, орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеу тағайындалмайды.
Жоғарыда аталған Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 3-тармағына сәйкес: «Бұрын нақты бас бостандығынан айыру жазасын өтемегеніне қарамастан, қасақана жасалған қылмыстар үшін екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдерге, қылмыстардың санатына қарамастан, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы кезінде жазаны өтеу орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тағайындалады».
Заң шығарушы түсіндіріліп отырған баптың 5-бөлігінің 2) тармағы мен ҚК-нің 11-бабының 2-бөлігі арасында қайшылықтарға жол бергенін атап өткен жөн. Қайшылықтың мәні заң шығарушының түсіндіріліп отырған баптың 5-бөлігінің 2) тармағында екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесін тағайындаудың негіздерінің бірі ретінде қасақана жасалған онша ауыр емес қылмыс жасауды көздеуінде. Ал ҚК-нің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес қасақана жасалған онша ауыр емес қылмыс үшін ең жоғары жаза екі жылдан аспайтын мерзімге белгіленген. Демек, заң шығарушы бұл қайшылықты жоюға тиіс.
Осы жерде ҚК-нің 55 және 81-баптарында қамтылған ережелерді келтіру орынды. Мәселен, ҚК-нің 55-бабы 1-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, егер адам кінәлі деп танылған ҚК-нің Ерекше бөлімінің бабы немесе баптың бөлігі бас бостандығынан айыруға қарағанда неғұрлым жеңіл негізгі жаза түрін көздесе, адам мүліктік залалды өз еркімен өтеген, қылмыспен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтырған жағдайда, оны онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
ҚК-нің 81-бабының 7-бөлігіне сәйкес онша ауыр емес қылмыс немесе өлімге әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
Көріп отырғанымыздай, кәмелетке толмағандар анағұрлым қолайсыз жағдайда қалып отыр. Заң шығарушының ойланатын мәселелері бар.
Барынша жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде: аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталған ер адамдар; кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар, кәмелетке толмаған жасында қылмыс жасаған адамдарды қоспағанда, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған ер адамдар; қасақана қылмыс жасағаны үшін бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар, ҚК-нің 7, 8, 9, 12 және 13-тараларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдарды, сондай-ақ ҚК-нің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған және қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген адамдарды қоспағанда; қылмыстардың қайталануы кезінде сотталған ер адамдар; қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде сотталған әйелдер жазасын өтейді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындаудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағында: «Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бұрын өтеген адамдар деп бұрын соттың заңды күшіне енген үкімі бойынша бас бостандығынан айыруға сотталған және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде осы жазаны нақты өтеген, егер жаңа қылмыс жасалған кезде бұл соттылығы заңда белгіленген тәртіппен алып тасталмаған және жойылмаған адамдар түсініледі.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бұрын өтеген адамдарға сондай-ақ мыналар жатады:
шартты түрде бас бостандығынан айыруға сотталған (Қазақ КСР ҚК-нің 40-бабы (бұдан әрі — Қазақ КСР ҚК), ҚК-нің 63-бабы) және Қазақ КСР ҚК-нің 40-бабының жетінші, сегізінші, тоғызыншы бөліктерінде, ҚК-нің 60-бабының үшінші, төртінші, бесінші бөліктерінде көзделген негіздер бойынша жазаны өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілген адамдар;
үкімнің орындалуы кейінге қалдырылып, бас бостандығынан айыруға сотталған (Қазақ КСР ҚК-нің 41-1-бабы, ҚК-нің 74-бабы) және Қазақ КСР ҚК-нің 41-1-бабының бесінші, жетінші бөліктерінде, ҚК-нің 74-бабының екінші, үшінші, төртінші бөліктерінде көзделген негіздер бойынша жазаны өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілген адамдар;
еңбекке міндетті түрде тарту арқылы шартты түрде бас бостандығынан айыруға сотталған (Қазақ КСР ҚК-нің 23-2-бабы) және Қазақ КСР ҚК-нің 23-2-бабының бесінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жазаны өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілген адамдар;
бұрынғы КСРО соттары мен оның құрамына кірген одақтас республикалардың соттары шығарған үкімдер бойынша бас бостандығынан айыруға сотталған және осы жазаны өтеген адамдар (1991 жылғы 8 желтоқсанға дейін болған соттылықтар бойынша);
басқа мемлекеттің сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыруға сотталған, кейіннен жазаны өтеу үшін беруге байланысты шет мемлекеттің үкімін орындауға қабылдау туралы сот шешіміне сәйкес ҚР қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталған адамдар, ҚР халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда.
ҚК-нің 63-бабы негізінде шартты түрде сотталған адамдар, сондай-ақ ҚК-нің 74-бабы негізінде жазаны орындауды кейінге қалдыру қолданылған адамдар, егер олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бас бостандығынан айыру жазасын нақты өтемеген болса, бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген адамдарға жатпайды».
ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 3) тармағына қатысты бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген адамдар деп бұрын соттың заңды күшіне енген үкімі бойынша қасақана қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеген, егер жаңа қылмыс жасалған кезде бұл соттылығы заңда белгіленген тәртіппен алып тасталмаған және жойылмаған адамдар түсініледі. Бұл қағида кәмелетке толмаған жасында қасақана қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға да қолданылады.
Аталған нормативтік қаулының 7-тармағына сәйкес: «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағында бекітілген халықаралық шарттардың басымдығын негізге ала отырып, басқа мемлекеттің үкімдері бойынша сотталған адамдар бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген адамдар деп танылуы мүмкін, бұл ретте қабылданған шешімнің уәждері үкімде көрсетілуге тиіс». Басқа мемлекеттердің үкімдерін тану мүмкіндігі 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияда және оған 1997 жылғы 28 наурыздағы хаттамада (1999 жылғы 17 қыркүйектен кейін болған соттылықтар бойынша), 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияда (2004 жылғы 27 сәуірден кейін болған соттылықтар бойынша) көзделген.
Сот үкімі бойынша тағайындалған жаза (айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу) ҚК-нің 41-бабы 6-бөлігінің 2) және 3) тармақтарында, 42-бабы 5-бөлігінің 2) және 3) тармақтарында, 43-бабы 2-1-бөлігінің 2) тармағында, 44-бабының 3-бөлігінде көзделген негіздер бойынша бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдар бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген адамдар ретінде қарастырылмайды. Сондай-ақ бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген адамдар ретінде мыналар қарастырылмайды:
іс кассациялық тәртіппен қаралғанға дейін сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында болған, егер аталған сот сатысы үкімнің күшін жойып, істі тоқтатқан немесе үкімді өзгертіп, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындаған, не бас бостандығынан айыруға шартты түрде соттауды немесе үкімнің орындалуын кейінге қалдыруды қолданған адамдар;
жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге және жас балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдарға жазаны өтеуді кейінге қалдыру (ҚК-нің 74-бабы), ауруына байланысты жазадан босату (ҚК-нің 75-бабы), ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босату (ҚК-нің 76-бабы), айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты үкімді орындауға келтірмеу (ҚК-нің 77-бабы) немесе оларға рақымшылық актісін қолдану не кешірім жасау тәртібімен жазаны өтеуден босату (ҚК-нің 78-бабы) салдарынан сотталғанына қарамастан жазаны нақты өтемеген және бас бостандығынан айыру орындарында болмаған адамдар;
сот үкімі бойынша бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауда болған мерзім шегінде бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар, өйткені олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазаны өтемеген;
бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны алғаш рет өтеп жатқан үкім шығарылғанға дейін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған жағдайда, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан адамдар;
қолданыстағы заң бойынша қылмыстылығы мен жазаланушылығы жойылған әрекеттері үшін бас бостандығынан айыруға сотталған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген, сондай-ақ қолданыстағы заң бойынша оларды жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделмеген адамдар.
Сот үкімімен тағайындалған айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдарға жазаны өтеу орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тағайындалады.
Бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылған жағдайда, егер бұрын адамның бас бостандығынан айыру жазасы ҚК-нің 73-бабының тәртібімен бас бостандығын шектеумен ауыстырылған болса, бас бостандығынан айыруды өтеу ол босатылған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде белгіленеді.
Ер адамдарға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны барынша жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеу мынадай жағдайларда тағайындалады: аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталған, бұрын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтемеген адамдарға;
қылмыстардың қайталануы кезінде, бұрын қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген-өтемегеніне қарамастан;
қасақана қылмыс жасағаны үшін бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, ҚК-нің 7, 8, 9, 12 және 13-тараларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған ер адамдарды, сондай-ақ ҚК-нің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған және қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген адамдарды қоспағанда.
Әйелдерге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны барынша жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеу мынадай жағдайларда тағайындалады:
қасақана қылмыс жасағаны үшін бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген, бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдерге, ҚК-нің 7, 8, 9, 12 және 13-тараларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған әйелдерді, сондай-ақ ҚК-нің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған және қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген әйелдерді қоспағанда;
қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде, бұрын қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген-өтемегеніне қарамастан.
ҚК-нің 79-бабында көзделген тәртіппен алып тасталған немесе өтелген, ҚК-нің 78-бабының 2 және 4-бөліктеріне сәйкес рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен алып тасталған соттылықтар қылмыстардың қайталануын тану кезінде ескерілмейді және барынша жоғары әрі төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін тағайындауға негіз бола алмайды.
Он сегіз жасқа толғанға дейін жасалған қылмыстар үшін соттылықтар қылмыстардың қайталануын тану кезінде ескерілмейді. Сонымен бірге қасақана қылмыстарды кәмелетке толмаған жасында жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған және бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген адамдарға жазаны өтеу ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 3) тармағының қағидалары ескеріле отырып, барынша жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тағайындалады.
Төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде: қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде сотталған адамдар, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазасын өтейді.
Егер ҚК-нің 46-бабына сәйкес жиынтыққа кіретін қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің әртүрлі түрлерінде көзделсе, түпкілікті жаза айқындалған кезде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің неғұрлым қатаң түрі тағайындалады.
Үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыруды өтеу үшін жиынтыққа кіретін үкімдердің бірімен белгіленген мекеменің неғұрлым қатаң түрі айқындалады.
Егер жиынтыққа кіретін қылмыстар үшін түпкілікті жаза бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаны бас бостандығынан айырумен сіңіру арқылы тағайындалса, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрі ҚК-нің 46-бабында көзделген тәртіппен, тек бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған қылмыс ескеріле отырып белгіленеді», — делінген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы жоғарыда келтірілген нормативтік қаулысының 14-тармағында (3, 4 және 5-абзацтар).
Түсіндіріліп отырған баптың 6-бөлігіне сәйкес аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза мерзімінің бір бөлігін, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімін толық қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеу тағайындалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындаудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес: «Ер адам аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде және ҚК-нің 46-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес жаза мерзімінің бір бөлігін, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімін толық қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеу тағайындалған жағдайда, қабылданған шешімді үкімде уәждеу және сотталған адамның толық қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қандай мерзім жазасын өтеуге тиіс екенін көрсету қажет. Бұл ретте үкімнің қарар бөлігінде сотталған адамның жаза мерзімінің қалған бөлігін қылмыстық-атқару жүйесінің қандай мекемелерінде өтеуге тиіс екені көрсетілуі қажет».
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 15-1-тармағына сәйкес: «ҚК-нің 74-бабы негізінде бас бостандығынан айыруға сотталған адамға жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылған кезде сот үкімінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрі көрсетілуге тиіс.
Егер шартты түрде соттаудың күшін жою ҚК-нің 64-бабының үшінші бөлігі негізінде шартты түрде сотталған адамның пробациялық бақылау мерзімі ішінде өзіне жүктелген міндеттерді қаскөйлікпен орындамауына байланысты жүргізілсе, оған бас бостандығынан айыруды өтеу ҚК-нің 46-бабына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тағайындалады».
ҚК-нің 72-бабы 7-бөлігінің 1) тармағы негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылған жағдайда, сотталған адамға бас бостандығынан айыру жазасын өтеу ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде белгіленеді.
Белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру мен өмір бойына бас бостандығынан айырудың арасындағы айырмашылықтар: 1) осы жаза түрлерінің ұзақтығында және 2) оларды өтеу жағдайларында.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындаудың жалпы ережелері ҚР ҚАК-нің 16-тарауында ашылған.
Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар оларды түзеу, әлеуметтік пайдалы байланыстарын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңа қылмыстар жасауының алдын алу үшін қажетті жағдайларды ескере отырып, мекемелерге жіберіледі.
Қазақстан Республикасының мекемелерінде жазасын өтеп жатқан бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдіктер ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен не ҚР Бас Прокурорының шет мемлекеттің құзыретті органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара түсіністік негізінде жасасқан жазбаша келісімдері бойынша, ҚР ҚПК-де көзделген тәртіппен жазасын одан әрі өтеу үшін өздері азаматы болып табылатын мемлекеттерге берілуі мүмкін.
Ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны: 1) ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 1) тармағында көрсетілген сотталғандар; 2) ҚАК-нің 96-бабының 1-бөлігіне сәйкес орташа және барынша жоғары қауіпсіздік мекемелерінен ауыстырылған сотталғандар өтейді.
Орташа қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны: 1) ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 2) тармағында көрсетілген сотталғандар; 2) ҚАК-нің 96-бабы 1-бөлігінің 1) тармағына, 3-бөлігінің 1) және 2) тармақтарына сәйкес мекемелерден ауыстырылған сотталғандар; 3) ҚАК-нің 156-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемелерінен ауыстырылған сотталғандар өтейді. ҚАК-нің 156-бабына сәйкес он сегіз жасқа толған сотталғандар өздерінің келісімімен, сондай-ақ жиырма бір жасқа толған сотталғандар ҚР ҚПК-де белгіленген тәртіппен соттың шешімі бойынша жазаны одан әрі өтеу үшін орташа қауіпсіздік мекемелеріне ауыстырылады.
Барынша жоғары қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны: 1) ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 3) тармағында көрсетілген сотталғандар; 2) ҚАК-нің 96-бабы 1-бөлігінің 1) тармағына, 3-бөлігінің 1) тармағына сәйкес ауыстырылған сотталғандар өтейді.
Төтенше қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны: 1) ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 4) тармағында көрсетілген сотталғандар; 2) кешірім жасау тәртібімен өлім жазасы бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар; 3) ҚАК-нің 96-бабы 1-бөлігінің 1) тармағына, 3-бөлігінің 1) тармағына сәйкес ауыстырылған сотталғандар өтейді.
Толық қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны: 1) ҚК-нің 46-бабының 6-бөлігінде көрсетілген сотталғандар; 2) өлім жазасы туралы сот үкімі өлім жазасын орындауға мораторий енгізілгенге дейін немесе мораторий қолданылған кезеңде заңды күшіне енген сотталғандар; 3) ҚАК-нің 88-бабы 4-бөлігінің 4) тармағына сәйкес ауыстырылған сотталғандар; 4) ҚАК-нің 92-бабының 1-бөлігіне және 96-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес жіберілген сотталғандар өтейді.
Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ өздерінің келісімімен жиырма бір жасқа толғанға дейін кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемелерінде қалдырылған, мекемеде кемінде бір жыл болған жағдайда сотталған адамдар жазасын өтейді.
Мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар басқа қылмыс жасады деген күдік туындаған немесе айып тағылған жағдайда, оның әкімшілігімен келісу бойынша осы мекемелерде, бірақ жазасын өтеп жатқан басқа сотталғандардан оқшауланып ұсталады (ҚАК-нің 89-бабы).
Мекемелерде сотталған ерлер мен әйелдерді, кәмелетке толмағандар мен ересектерді бөлек ұстау белгіленеді.
Бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген сотталғандардан бөлек ұсталады, ҚАК-нің 94-бабының 5-бөлігінде көрсетілген адамдар бұған жатпайды. ҚАК-нің 94-бабының 5-бөлігіне сәйкес: «Әртүрлі жұқпалы аурулармен ауыратын сотталғандар бөлек және дені сау сотталғандардан оқшауланып ұсталады. Емдеу-профилактикалық мекемелерде (ауруханаларда, мамандандырылған психиатриялық және туберкулезге қарсы ауруханаларда) сотталған ер адамдар сот белгілеген режим түріне қарамастан бірге ұсталады. Туберкулезге қарсы ауруханаларда сотталғандарды бөлек ұстау медициналық көрсетілімдерге сәйкес айқындалады».
Бір мекемеде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған әйелдер мен осы жазаны бұрын өтеген әйелдер бөлек ұсталуы мүмкін.
Басқа сотталғандардан оқшауланып, сондай-ақ бөлек ұсталады: қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде сотталғандар; өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кешірім жасау тәртібімен белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар; өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар.
Соттылықтарының санына қарамастан, соттардың, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген адамдар бөлек мекемелерде ұсталады (ҚАК-нің 94-бабы).
ҚАК-нің 95-бабына сәйкес жазаны орындау кезеңінде оны дараландыру мақсатында сотталған адамның мінез-құлқы оның мінез-құлқының дәрежесін айқындау арқылы бағаланады. Бұл дәреже: 1) ҚАК-нің 96-бабына сәйкес жазасын өтеп жатқан мекемені өзгертуге; 2) ҚАК-нің 135 «Орташа қауіпсіздік мекемелері», 137 «Барынша жоғары қауіпсіздік мекемелері», 139 «Төтенше қауіпсіздік мекемелері», 142 «Ең төменгі қауіпсіздік мекемелері», 144 «Толық қауіпсіздік мекемелері», 150 «Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемелерінде жазаны өтеу тәртібі» баптарына сәйкес мекемелерде жазаны өтеу жағдайларын өзгертуге; 3) ҚАК-нің 128 «Көтермелеу шаралары», 130 «Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушылықтар», 152 «Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемелерінде қолданылатын көтермелеу шаралары», 154 «Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемелерінде жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жазалау шараларын қолдану тәртібі» баптарына сәйкес оның құқықтарын кеңейтуге немесе құқықтық шектеулер белгілеуге негіз болады.
Сотталған адамның мінез-құлқының дәрежесі мекеме комиссиясы ұсынған, оның мінез-құлқын сипаттайтын материалдар негізінде мекеме бастығының қаулысымен айқындалады (мекеменің ішкі тәртіп қағидаларын сақтауы, еңбекке және оқуға көзқарасы; тәрбиелік іс-шараларға қатысуы; сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуы; сотталғандардың ерікті ұйымына мүшелігі; қылмыспен келтірілген зиянды өтеу жөнінде шаралар қабылдауы).
Сотталғандардың мінез-құлқының дәрежелері мынадай өлшемшарттар негізінде айқындалады:
мінез-құлқының бірінші оң дәрежесі — кемінде бір көтермелеудің болуы және соңғы көтермелеуді алған күннен бастап үш ай немесе одан да көп уақыт ішінде тәртіптік жазалардың болмауы;
мінез-құлқының екінші оң дәрежесі — мінез-құлқының бірінші оң дәрежесінің болуы, сотталғандардың ерікті ұйымына мүшелік және мінез-құлқының бірінші оң дәрежесін алған күннен бастап алты ай немесе одан да көп уақыт ішінде тәртіптік жазалардың болмауы;
мінез-құлқының үшінші оң дәрежесі — мінез-құлқының екінші оң дәрежесінің болуы, сотталғандардың ерікті ұйымына мүшелік және мінез-құлқының екінші оң дәрежесін алған күннен бастап бір жыл немесе одан да көп уақыт ішінде тәртіптік жазалардың болмауы.
Теріс сипатталатын сотталғандар үшін:
мінез-құлқының бірінші теріс дәрежесі — жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы деп танылған кезде;
мінез-құлқының екінші теріс дәрежесі — жазаны өтеудің белгіленген тәртібін жүйелі түрде бұзушы деп танылған кезде;
мінез-құлқының үшінші теріс дәрежесі — жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған кезде белгіленеді.
Сотталған адамды жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы, жүйелі түрде бұзушы немесе қаскөйлікпен бұзушы деп тану ҚАК-нің 130-бабының 3-бөлігіне және 154-бабының 4-бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
Алты ай ішінде екі немесе одан да көп рет тәртіптік жазалау шаралары қолданылған, тәртіптік изоляторға қамауды немесе жалғыз адамдық камераға ауыстыруды қоспағанда, сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін жүйелі түрде бұзушы деп танылады (ҚАК-нің 130-бабы 3-бөлігінің 1-абзацы).
ҚАК-нің 130-бабының 2-бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған және оған тәртіптік изоляторға қамау немесе жалғыз адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалау шарасы қолданылған сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылады (ҚАК-нің 130-бабы 3-бөлігінің 2-абзацы). Кәмелетке толмағандарға қатысты ҚАК-нің 154-бабының 4-бөлігіне сәйкес осы баптың 2-бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған сотталған адамға екі немесе одан да көп рет қатаң сөгіс түріндегі жазалау шарасы қолданылған жағдайда, мекеме бастығының қаулысымен жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылады.
Мекеме түрін өзгерту тәртібі ҚАК-нің 96-бабымен реттеледі. Оған сәйкес мінез-құлқының екінші немесе үшінші оң дәрежесі бар сотталғандар сотқа мынадай мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхат беруге құқылы:
толық қауіпсіздік мекемесін төтенше немесе орташа қауіпсіздік мекемесіне — сотталған адам толық қауіпсіздік мекемесінде сот үкімімен тағайындалған мерзімнің кемінде жартысын өтегеннен кейін;
орташа және барынша жоғары қауіпсіздік мекемесін ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне — жазаны өтеудің жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларында жүрген сотталған адам онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін, ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімінің кемінде үштен бірін, ал бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын өтеуден босатылып, жазаның өтелмеген бөлігі кезеңінде жаңа қылмыстар жасаған адамдар жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтегеннен кейін.
Ең төменгі қауіпсіздік мекемелеріне ауыстырылуға жатпайтын сотталғандар:
қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде;
1-1) ҚР ҚК-нің 15-тарауында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін, қылмыспен келтірілген залалды өтемеген адамдар;
аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ террористік немесе экстремистік қылмыстарды жасағаны үшін сотталғандар;
өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кешірім жасау тәртібімен белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар;
өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдар;
міндетті емдеуден өтпеген, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мекемелерінде мамандандырылған емдеуді қажет ететін адамдар;
мінез-құлқының теріс дәрежесі бар адамдар.
Мінез-құлқының үшінші теріс дәрежесі бар және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзған сотталғандарға қатысты оларды мынадай мекемелерден ауыстыру туралы сотқа ұсыныстар енгізіледі:
ең төменгі қауіпсіздік мекемесінен — сот үкімімен бұрын белгіленген мекеме түріне;
сот үкімі бойынша жіберілген ең төменгі қауіпсіздік мекемесінен — орташа қауіпсіздік мекемесіне.
Сотталған адам ҚАК-нің 96-бабының 1-бөлігінде белгіленген жаза мерзімінің бір бөлігін өтеген кезде мекеме әкімшілігі мінез-құлқының екінші немесе үшінші оң дәрежесі бар сотталған адамға мекеме түрін өзгерту мәселесін қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығының туындағаны туралы бес күндік мерзімде жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
Сотталған адам мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхатпен жүгінген жағдайда, әкімшілік он күн ішінде оны сотқа сотталған адамның жеке басын, мінез-құлқын, жазаны өтеу кезеңіндегі еңбекке және оқуға көзқарасын сипаттайтын материалдармен және жеке ісімен қоса жіберуге, сондай-ақ аталған өтінішхаттың жіберілгені туралы прокурорға жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
Сот мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда, өтінішхатты қайта енгізу сот қаулысы шығарылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін ғана мүмкін болады.
Егер сот ең төменгі қауіпсіздік мекемесінен сот үкімімен бұрын белгіленген мекемеге немесе орташа қауіпсіздік мекемесіне қайтару туралы қаулы шығарса, сотталған адам сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін аралас қауіпсіздік мекемесінде ұсталады.
Қылмыстық-атқару заңнамасында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық актілерге сәйкес келеді. Оларға сотталғандарға қараудың халықаралық стандарттары, атап айтқанда, Тұтқындарға қараудың ең төменгі стандарттық қағидалары (1955 ж.), БҰҰ-ның бас бостандығынан айырумен байланысты емес шараларға қатысты ең төменгі стандарттық қағидалары (Токио қағидалары, 1990 ж.), БҰҰ-ның кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға арналған ең төменгі стандарттық қағидалары (Бейжің қағидалары, 1985 ж.), Құқық тәртібін қорғау жөніндегі лауазымды адамдардың мінез-құлық кодексі (1979 ж.) жатады.
Аталған актілерде олардың әрбір елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайларын, сондай-ақ қылмыстық сот төрелігі жүйесінің мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып қолданылатыны туралы тікелей нұсқау бар. Ұсынымдық сипаттағы нормаларды іске асыру ұлттық заңнаманы аталған құжаттарда қамтылған талаптарға қажетті жағдайлар жасалуына қарай сәйкестендіру арқылы жүзеге асырылады.
Мәселен, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 10-бабында бас бостандығынан айырылған барлық адамдардың адамгершілік тұрғыдан қарауға және адамға тән қадір-қасиетін құрметтеуге құқығы бар екені атап көрсетілген. Бұл күдікті, айыпталушы немесе сотталған адамның құқық қорғау органдары қызметкерлері түріндегі мемлекет тарапынан жасалатын озбырлықтан басқа азаматтарға қарағанда аз қорғалатындығына және азаптаудың, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе олардың қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынастың объектісіне айналу ықтималдығының жоғары болуына байланысты.
Азаптауға, зорлық-зомбылыққа, адамгершілікке жатпайтын немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын өзге де қарым-қатынасқа немесе жазаға тыйым салу адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық актілердің көпшілігінде қамтылған жалпы халықаралық норма болып табылады. Оларға БҰҰ-ның 1975 жылғы 9 желтоқсандағы Барлық адамдарды азаптаудан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлерінен қорғау туралы декларациясы (1-бап), Қазақстан Республикасы ратификациялаған БҰҰ-ның 1984 жылғы 10 желтоқсандағы Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясы жатады.
Бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталғандарды еңбекке тартудың тәртібін, негіздері мен нысандарын айқындайтын қағидаттар сотталғандарға қарау жөніндегі халықаралық құқықтық актілерде тұжырымдалған. 1948 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 183-пленарлық отырысында жарияланған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы (217 А/III қарары) бастапқы мәнге ие. 1966 жылғы 16 желтоқсанда Декларация ережелерін дамыту мақсатында Бас Ассамблея Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні қабылдады (2200 A/XXI қарары). Пактінің 8-бабында Декларацияның 3 және 4-баптарына сәйкес құлдыққа және құл саудасына, адамдарды кіріптарлық жағдайға түсіруге тыйым салынады. Пакт мәжбүрлі немесе міндетті еңбекке тыйым салу туралы қорытынды жасайды. Алайда бұл ретте: «Мәжбүрлі немесе міндетті еңбек деп, әдетте, соттың заңды шешімі негізінде қамауда отырған адамның немесе осындай қамаудан шартты түрде босатылған адамның орындауға тиіс жұмысы немесе қызметі есептелмейді» деген ескерту жасалған. Оның үстіне, Пактіде қылмыс жасағаны үшін жаза ретінде каторгалық жұмыстармен ұштасқан бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін елдерде де мәжбүрлі еңбекке тыйым салу мұндай жазаны тағайындаған құзыретті сот үкімі бойынша каторгалық жұмыстарды орындауға кедергі болып есептелмейтіні көрсетілген.
Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар