Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 44-бабына түсініктеме. Бас бостандығын шектеу
- 1. Бас бостандығын шектеу сотталған адамға алты айдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден және жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартудан тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Мәжбүрлі еңбек жергілікті атқарушы органдар тарапынан қоғамдық орындарда ұйымдастырылады және күніне төрт сағаттан аспайтын уақыт ішінде өтеледі. Тұрақты жұмыс орны бар немесе оқумен айналысатын сотталғандар, кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейінгі жас балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдар, елу сегіз жастағы және одан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және одан асқан ер адамдар, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жазасы алты айдан кем мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылмайды.
- 2. Пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады және соттың шешімі бойынша сотталған адамға мынадай міндеттерді орындауды жүктеуді қамтиды: сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмыс орнын, оқу орнын өзгертпеу; белгілі бір жерлерге бармау; психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылыстардан (аурулардан), жыныстық жолмен берілетін аурулардан емделу курсынан өту; отбасына материалдық қолдау көрсету; сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын болғызбауға ықпал ететін басқа да міндеттер.
- 3. Бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
- 4. Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындалған, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындалған, сондай-ақ жаза ауыстырылған кезде бас бостандығын шектеу мерзімі осы бапта белгіленген төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
Бас бостандығын шектеу жаза түрі ретінде қылмыстар жасағаны үшін ғана тағайындалады, бұл ретте сот іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын және сотталушының жеке басы туралы деректерді ескере отырып, жазаның мақсатына қоғамнан оқшаулаусыз қол жеткізуге болады деген қорытындыға келуі тиіс.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігіне сәйкес, бас бостандығын шектеу сотталған адамға алты айдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден және жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартудан тұрады.
Осы анықтамадан сотталған адамның бас бостандығын шектеудің жазалау қасиеттері оны мәжбүрлі еңбекке тартудан, сондай-ақ мұндай сотталған адамға белгілі бір міндеттер жүктеуден көрінетіні туындайды.
Бас бостандығын шектеу негізгі жаза болып табылады және кінәлі адам сотталып отырған ҚК Ерекше бөлігінің бабының санкциясында осы жаза түрі көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте бас бостандығын шектеу ҚК-нің 73-бабына сәйкес жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру кезінде неғұрлым жеңіл жаза ретінде қолданылуы мүмкін.
Түсіндіріліп отырған бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 3 шілдедегі және 2018 жылғы 12 шілдедегі заңдарымен бас бостандығын шектеу институтының мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, бас бостандығын шектеу сотталған адамға алты айдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден және жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартудан тұрады, бұл еңбек күніне төрт сағаттан аспайтын уақыт ішінде өтеледі. Бұрынғы редакцияда пробациялық бақылауды бір жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге жүзеге асыру көзделген, ал мәжбүрлі еңбекке тарту мерзімі жылына екі жүз қырық сағаттан аспайтын болып белгіленген. Сонымен қатар мәжбүрлі еңбекке күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан аспайтын уақытқа тарту көзделген.
ҚАК-нің 64-бабына сәйкес, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу мерзімі сот үкімін заңды күшіне енгеннен кейін оны пробация қызметінің орындауға қабылдаған күнінен бастап есептеледі.
Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстауда болған уақыт бас бостандығын шектеу түріндегі жаза мерзіміне бір күн екі күн есебімен есептеледі (ҚК-нің 62-бабының 3-1-бөлігі).
Үкім заңды күшіне енгенге дейін үйқамақта болған уақыт бас бостандығын шектеу түріндегі жаза мерзіміне екі күн бір күн есебімен есептеледі (ҚК-нің 62-бабының 4-бөлігі).
Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны орындау кезіндегі еңбек сотталғандарды тәрбиелеудің негізгі құралы болып табылады. Осылайша, тұрақты жұмыс орны жоқ және оқумен айналыспайтын бас бостандығын шектеуге сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылуға жатады. ҚАК-нің 63-бабының 2-бөлігінде бас бостандығын шектеуге сотталғандарды мәжбүрлі еңбекке тартуды жергілікті атқарушы органдардың ҚАК-нің 57–59-баптарына сәйкес ұйымдастыратыны белгіленген.
Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидалары негізінде, пробация қызметі әзірлеген жеке бағдарламаға сәйкес, бас бостандығын шектеуге сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді (ҚАК-нің 63-бабының 3-бөлігі).
Тұрақты жұмыс орны бар немесе оқумен айналысатын сотталғандар, кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейінгі жас балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдар, елу сегіз жастағы және одан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және одан асқан ер адамдар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жазасы алты айдан кем мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылмайды.
Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асыратын пробациялық бақылау белгіленеді. Бақылау сотталғандардың мінез-құлқын, олардың сот белгілеген шектеулерді сақтауын қадағалаудан тұрады. Бақылауды жүзеге асыру кезінде пробация қызметі қажет болған жағдайда заңда белгіленген ықпал ету шараларын қолдану құқығына ие.
ҚАК-нің 3-бабының 9) тармақшасына сәйкес, пробациялық бақылау деп уәкілетті органдардың олардың есебінде тұрған адамдардың заңмен және сотпен жүктелген міндеттерді орындауын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызметін түсіну керек.
ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігінен туындайтындай, сот сотталған адамға мынадай міндеттерді жүктей алады: сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмыс орнын, оқу орнын өзгертпеу; белгілі бір жерлерге бармау; маскүнемдіктен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныстық жолмен берілетін аурулардан емделу курсынан өту; отбасына материалдық қолдау көрсету; сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын болғызбауға ықпал ететін басқа да міндеттер.
Аталған санаттағы адамдарды мәжбүрлі еңбекке тартуға тыйым салу қылмыстық заңда әртүрлі санаттағы адамдардың әлеуметтік, жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажеттілігінен туындайтын әділеттілік пен ізгілік қағидаттарына негізделеді. Бұл қылмыстық жазаның алдында тұрған міндеттерді неғұрлым толық әрі тиімді шешуді қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
Өтелмеген бас бостандығынан айыру бөлігін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырған сотталған адам күзетпен ұстаудан босатылады және жазаны өтеу орнына бюджет қаражаты есебінен өз бетінше барады. Мекеме әкімшілігі сотталған адамға жазаны өтеу орнына бару туралы нұсқама тапсырады, онда пробация қызметіне есепке қою үшін келу бағыты мен уақыты көрсетіледі, сондай-ақ оны сипаттайтын материалдарды пробация қызметіне жібереді (ҚАК-нің 65-бабы).
Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жүрген сотталғандарға қылмыстық-атқару заңнамасында айқындалған мынадай міндеттер жүктеледі:
- сот жүктеген міндеттерді орындау;
- пробация қызметінің талаптарын орындау;
- пробация қызметінің ұсынуы бойынша сот айқындаған орындарға бармау;
- пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерін, жұмыс орнын, оқу орнын өзгертпеу;
- пробация қызметіне хабарламай әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерлерге шықпау;
- дәлелді себептермен келмеу жағдайларын қоспағанда, тіркелу және олармен тәрбиелік жұмыс жүргізу үшін белгіленген күндері пробация қызметіне келу;
- өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты алып жүру.
Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жүрген сотталғандар жазаны өтеу орны бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде орналасқан оқу орындарында оқуға құқылы. Пробация қызметінің келісімімен сотталған адам әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс орналасқан оқу орындарында оқуға құқылы, бұл ретте оқу орны орналасқан жердегі пробация қызметінде міндетті түрде есепке қойылады (ҚАК-нің 66-бабының 2-бөлігі). ҚАК-нің 69-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жүрген сотталғандарға пробациялық бақылауды олардың тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жүзеге асырады. Тиісті бақылауды қамтамасыз ету және сотталғандардың орналасқан жері туралы ақпарат алу үшін пробация қызметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 7 қарашадағы № 1180 қаулысымен бекітілген тізбеге сәйкес электрондық бақылау құралдарын пайдалануға құқылы.
Аталған қаулыға сәйкес, «қылмыстық-атқару жүйесінің пробация қызметі бас бостандығын шектеуге сотталғандардың орналасқан жері туралы ақпарат алу және тиісті бақылауды қамтамасыз ету үшін пайдаланатын электрондық бақылау құралдары ... жеке бақылау құралдарын, техникалық құралдарды және оларды мониторингтеу құрылғыларын қамтиды».
Жеке бақылау құралдары:
- радиоэлектрондық білезік (адамның денесіне тағуға арналған, оның орналасқан жерін қашықтан сәйкестендіру және бақылау мақсатында пайдаланылатын, корпустың рұқсатсыз алынуын және ашылуын бақылаудың кіріктірілген жүйесі бар электрондық құрылғы);
- жеке трекер (адамның денесіне тағуға арналған, ГЛОНАСС/GPS жаһандық навигациялық спутниктік жүйесінің сигналдары бойынша оның орналасқан жерін қашықтан сәйкестендіруге және бақылауға арналған, корпустың рұқсатсыз алынуын және ашылуын бақылаудың кіріктірілген жүйесі бар білезік түріндегі электрондық құрылғы);
- стационарлық бақылау құрылғысы (адамның үй-жайда немесе белгіленген аумақта болу режимін бақылау үшін радиоэлектрондық білезіктің сигналдарын үздіксіз тәулік бойы қабылдауды және сәйкестендіруді, сондай-ақ радиоэлектрондық білезікті шешуге және бүлдіруге әрекет жасау туралы және өзге де бұзушылықтар туралы хабарлауды қамтамасыз ететін электрондық құрылғы);
- мобильді бақылау құрылғысы (адам стационарлық бақылау құрылғысымен жабдықталған орыннан тыс жерде болған кезде радиоэлектрондық білезікпен бірге тағуға арналған, ГЛОНАСС/GPS жаһандық навигациялық спутниктік жүйесінің сигналдары бойынша оның орналасқан жерін бақылауға, сондай-ақ радиоэлектрондық білезікті шешуге және бүлдіруге әрекет жасау туралы және өзге де бұзушылықтар туралы хабарлауға арналған электрондық құрылғы);
- стационарлық трансляциялау құрылғысы (ГЛОНАСС/GPS жаһандық навигациялық спутниктік жүйесінің сигналдары жоқ үй-жайда жеке трекердің жұмысын қамтамасыз ету және радиосигнал генерациялау үшін арналған электрондық құрылғы);
- стационарлық аудиовизуалды бақылау құрылғысы (есепте тұрған адамды автоматты түрде визуалды және дауыстық сәйкестендіруге арналған электрондық құрылғы);
- стационарлық фотоэлектрохимиялық бақылау құрылғысы (есепте тұрған адамның дем шығарған ауасы бойынша қандағы алкоголь мөлшерін автоматты түрде визуалды бақылауға және анықтауға арналған электрондық құрылғы).
Техникалық құралдар және мониторинг құрылғылары:
- мониторинг сервері (қашықтан сәйкестендіру жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге, ақпаратты алуға, өңдеуге, сақтауға және беруге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен);
- аудиовизуалды бақылау сервері (визуалды және дауыстық сәйкестендіру, ақпаратты жазу, өңдеу, сақтау және беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен);
- оператордың автоматтандырылған жұмыс орны (адамның өзіне белгіленген шектеулерді орындауы туралы ақпаратты өңдеуге және көрсетуге арналған аппараттық-бағдарламалық ақпараттық кешен);
- мобильді мониторинг пульті (радиоэлектрондық білезіктер мен жеке трекерлердің сигналдарын қабылдауды және сәйкестендіруді, сондай-ақ есепте тұрған адамның өзіне белгіленген шектеулерді орындауы туралы ақпаратты өңдеуді және көрсетуді қамтамасыз ететін портативті тасымалданатын құрылғылар кешені).
ҚАК-нің 69-бабының 2-бөлігіне сәйкес, пробациялық бақылауда тұрған бас бостандығын шектеуге сотталған адамды есепке қойған кезде пробация қызметі:
- сотталған адамның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылуын, сондай-ақ оған көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды;
- сотталған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібін, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртібін түсіндіреді, сондай-ақ оны тіркеу үшін пробация қызметіне келетін күндерді белгілейді;
- сот жүктеген міндеттерді және мәжбүрлі еңбекті орындау тәртібін, оларды орындамағаны үшін жауаптылыққа тарту тәртібін, сондай-ақ пробациялық бақылаудың шарттары мен тәртібін бұзғаны үшін жауаптылықты түсіндіреді.
Бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
ҚАК-нің 67-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзушылықтарға мыналар жатады:
- ҚАК-нің 66-бабының 1-бөлігінде көрсетілген міндеттерді орындамау;
- электрондық бақылау құралдарын қасақана бүлдіру (бұзу);
- сотталған адамға жеке адамның құқықтарына, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, отбасылық-тұрмыстық қатынастарға, қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған жағдайда, осындай әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау.
ҚАК-нің 67-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзушылықтарға мыналар жатады:
- ҚАК-нің 67-бабының 1-бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды бір жыл ішінде қайталап жасау;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу;
- сотталған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы, оның ішінде егер сотқа дейінгі іс жүргізу ҚК-нің 35-бабының 1-бөлігінің, 68-бабының 1 және 3-бөліктерінің, 78-бабының 2 және 4-бөліктерінің негізінде тоқтатылған жағдайда, қайталап қылмыс жасауы;
- пробация қызметі қызметкерінің заңды талаптарын орындаудан бас тарту, сол сияқты оны қорлау немесе оған қатысты күш қолданамын деп қорқыту;
- пробациялық бақылаудан жасырыну;
- ҚАК-нің 60-бабы 3-бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген дәлелді себептерсіз мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтару.
Пробациялық бақылаудан жасырынған адам деп пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам уақыт ішінде орналасқан жері анықталмаған сотталған адам танылады (ҚАК-нің 67-бабының 3-бөлігі).
Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін сотталған адамға бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы жазбаша ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылады (ҚАК-нің 68-бабының 1-бөлігі).
Жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзатын сотталған адамға қатысты пробация қызметі бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру мәселесін шешу үшін сотқа материалдар ұсынады (ҚАК-нің 68-бабының 2-бөлігі).
Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындалған (ҚК-нің 55-бабы), аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындалған (ҚК-нің 56-бабы), сондай-ақ жаза ауыстырылған (ҚК-нің 73-бабы) кезде бас бостандығын шектеу мерзімі түсіндіріліп отырған бапта белгіленген төменгі шектен төмен тағайындалуы мүмкін.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилидің авторлығымен.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік қаулы Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар