Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 421-бабына түсініктеме. Куәгердің немесе жәбірленушінің айғақтар беруден бас тартуы
1. Куәгердің немесе жәбірленушінің сотта немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айғақтар беруден бас тартуы –
екі мыңнан бес мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертпе. Адам өзіне, жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа жатпайды, сондай-ақ діни қызметшілер – өздеріне исповедь кезінде сырын сеніп тапсырған адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартқаны үшін, медиаторлар – медиацияға байланысты өздеріне белгілі болған адамдар мен мән-жайларға қатысты айғақтар беруден бас тартқаны үшін, ұлттық превентивтік механизмнің қатысушылары – қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдармен әңгімелесу барысында өздеріне белгілі болған адамдар мен мән-жайларға қатысты айғақтар беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі әрбір азаматтың сот төрелігін жүзеге асыруға жәрдемдесу міндетін орындамауынан көрінеді. Куәгердің немесе жәбірленушінің айғақтар беруден бас тартуы немесе жалтаруы істі табысты тергеп-тексеруге және сотта қарауға, сот төрелігінің мүдделеріне және сот төрелігін жүзеге асыруға қатысатын органдардың қалыпты қызметіне елеулі кедергі келтіруі мүмкін.
Қылмыстың объектісі соттың, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының қалыпты (заңды) қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объект – адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары, жеке немесе заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделері.
Объективтік жағы куәгердің немесе жәбірленушінің сотта немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айғақтар беруден бас тартуымен сипатталады.
ҚПК-нің 7-бабының 41) тармағына сәйкес сотқа дейінгі іс жүргізу – сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап прокурордың қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберуіне дейінгі не іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуына дейінгі іс бойынша іс жүргізу, сондай-ақ жеке айыптаушы мен қорғаушы тараптың қылмыстық іс бойынша материалдарды дайындауы.
ҚПК-нің 115-бабының 1-бөлігіне сәйкес күдіктінің, жәбірленушінің, куәгердің айғақтары – сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚПК-нің 26-тарауында белгіленген тәртіппен жүргізілген жауап алу кезінде олардың жазбаша немесе ауызша нысанда хабарлаған мәліметтері.
ҚПК-нің 78-бабының 1-бөлігіне сәйкес іс үшін маңызы бар қандай да бір мән-жайлар белгілі болуы мүмкін кез келген адам айғақтар беру үшін куәгер ретінде шақыртылып, одан жауап алынуы мүмкін. ҚПК-нің 78-бабының 2-бөлігінде куәгер ретінде жауап алуға жатпайтын адамдардың тізбесі көрсетілген, ал ҚПК-нің 78-бабының 3-бөлігінде куәгердің құқықтары белгіленген.
ҚПК-нің 78-бабының 4-бөлігіне сәйкес куәгер:
анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуге;
іс бойынша өзіне белгілі болғанның бәрін шындыққа сәйкес хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге;
егер анықтаушы, тергеуші немесе прокурор бұл туралы ескерткен болса, іс бойынша өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеуге;
тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде және сот отырысы барысында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
Қылмыстық процесте жәбірленуші деп қылмыстық құқық бұзушылықпен тікелей моральдық, дене немесе мүліктік зиян келтірілген деп пайымдауға негіз бар адам танылады (ҚПК-нің 71-бабының 1-бөлігі). ҚПК-нің 71-бабының 6-бөлігінде жәбірленушінің құқықтарының тізбесі (олардың саны – 24) келтірілген, ол күдік пен айыптаудың мәні туралы білу құқығынан бастап, жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтемақы алу құқығына дейін қамтиды.
Жәбірленуші:
қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге, іс бойынша өзіне белгілі барлық мән-жайлар туралы шындыққа сәйкес хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге;
іс бойынша өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеуге;
тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде және сот отырысы барысында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті (ҚПК-нің 71-бабының 8-бөлігі).
Айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін жәбірленуші (ҚПК-нің 71-бабының 10-бөлігі) және куәгер (ҚПК-нің 78-бабының 8-бөлігі) қылмыстық заңға сәйкес жауаптылықта болады.
Айғақтар беруден бас тарту дегеніміз – сотқа дейінгі іс жүргізу барысында айғақтар беруге ашық әрі анық білдірілген ниетсіздік. Бас тарту жазбаша немесе ауызша нысанда білдірілуі мүмкін. Ол толық немесе ішінара болуы мүмкін, яғни іс бойынша жалпы айғақтар бергісі келмеуінен немесе оның жекелеген эпизодтары бойынша айғақтар беруден, кейбір сұрақтарға жауап беруден бас тартуынан көрінуі мүмкін. Қоғамдық қауіпті әрекеттің мәні әрекетсіздіктен тұрады, өйткені субъект өзіне жүктелген айғақтар беру міндетін орындамайды.
Егер куәгер немесе жәбірленуші жауап алу кезінде іс бойынша өзіне белгілі нақты деректерді жасырса, онда мұндай әрекет осы бап бойынша айғақтар беруден бас тарту ретінде саралануға тиіс. ҚПК-нің 214-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауап алу алдында мұндай адамдарға айғақтар беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертіледі. Куәгерге немесе жәбірленушіге айғақтар беруден бас тартқан жағдайда қылмыстық жауаптылық туралы ескертудің болмауы қылмыс құрамының міндетті белгілерінің қатарына жатады және қылмыстық жауаптылықты жоққа шығарады.
Қылмыстық заңнамада куәгердің немесе жәбірленушінің құқық қорғау органдарына келуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделмеген. Құқық қорғау органдарының шақыруы бойынша оларға келуден жалтаратын адам ҚПК-нің 157-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп әкелуге ұшыратылуы мүмкін және оған ҚПК-нің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
Айғақтар беруден жалтару – айғақтар беруден бас тартудың бір түрі. Жалтару – бас тартудың бүркемеленген нысаны. Ол жауап бермеу мақсатында анықтау, алдын ала тергеу органдарына немесе сотқа шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеу, сот пен тергеуді қызықтыратын іс мән-жайларын білмейтіндігі туралы жалған мәлімдеу, сондай-ақ тұрғылықты жерін ауыстыру, тегін өзгерту және т.б. түрінде көрінуі мүмкін.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) куәгер ретінде жауап алу үшін шақырған адамының айғақтар беруден бас тартуы немесе дәлелді себептерсіз келмеуі, ӘҚБтК-нің 658-бабына сәйкес, әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады, осыған байланысты көрсетілген әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық туындамауға тиіс.
Құқық қолдану практикасында мынадай мәселе туындауы мүмкін: мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктік құпияны немесе көлденең мониторинг барысында алынған салық құпиясын, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын, мүлікті заңдастыруға байланысты ақпаратты, сондай-ақ бала асырап алу (қыз асырап алу) құпиясын құрайтын мәліметтерді жария етпеу мақсатында айғақтар беруден бас тартуды заңды деп тануға бола ма, егер жауап алынатын адам өзіне сеніп тапсырылған мәліметтерді жария етпейтіні туралы қолхат берген болса? Біздің ойымызша, жауап алу кезінде көрсетілген мәліметтерді жария ету ҚК-нің 138, 223-баптары бойынша қылмыстық жауаптылықты жоққа шығарады. Ерекшелік мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария ету болып табылады, ол Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңына сәйкес, ешқандай жағдайда, оның ішінде құқық қорғау органдарында немесе сотта жауап алу кезінде де ақталуы мүмкін емес. Сондықтан егер бас тарту осы мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жасалған болса, адам ҚК-нің 34-бабындағы «Аса қажеттілік» негізінде ҚК-нің 421-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес ешкім өзіне, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге міндетті емес, олардың шеңбері заңмен айқындалады. Діни қызметшілер өздеріне исповедь кезінде сырын сеніп тапсырған адамдарға қарсы куәлік беруге міндетті емес.
Түсіндіріліп отырған баптың ескертпесінде аталған конституциялық қағидат іске асырылған және адам айғақтар беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын жағдайлар көрсетілген. Олар: адамның өзіне, жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден бас тартуы, сондай-ақ діни қызметшілердің өздеріне исповедь кезінде сырын сеніп тапсырған адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуы, медиаторлардың медиацияға байланысты өздеріне белгілі болған адамдар мен мән-жайларға қатысты айғақтар беруден бас тартуы, ұлттық превентивтік механизм қатысушыларының қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдармен әңгімелесу барысында өздеріне белгілі болған адамдар мен мән-жайларға қатысты айғақтар беруден бас тартуы.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмысты куәгердің немесе жәбірленушінің айғақтар беруден бас тартқан кезінен бастап, зиянды салдарлардың туындағанына қарамастан, аяқталған деп есептеу керек. Бұл ретте куәгердің немесе жәбірленушінің бұған дейін айғақтар берген-бермегені маңызды емес. Кейіннен айғақтар беру де адамды жауаптылықтан босатпайды, алайда бұл мән-жай жазаны тағайындау кезінде сотпен ескерілуі мүмкін.
Егер куәгер немесе жәбірленуші дәлелдеу нысанасына немесе талап қою нысанасына жататын нақты мән-жайларды қасақана бұрмаласа, онда оның әрекеттері ҚК-нің 420-бабының белгілеріне жатады.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Куәгер немесе жәбірленуші өз мінез-құлқының қоғамдық қауіптілігін түсінеді, айғақтар беруден бас тартып отырғанын ұғынады, теріс салдардың туындауын болжайды және соны қалайды. Бас тартудың себептері мен мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін (айыпталушының жағдайын жеңілдетуге ұмтылу, құқық қорғау органдарына теріс көзқарас және т.б.) және олар іс-әрекетті саралауға әсер етпейді.
Арнайы субъект – куәгер немесе жәбірленуші, яғни сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына немесе сотқа жауап алу үшін шақырылған, он алты жасқа толған адам.
ҚК-нің 421-бабында көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
2021 жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсініктемеден алынған мәтін.
Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Указ Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар