Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабына түсініктеме. Пара алу
1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның, не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның, не лауазымды адамның, сондай-ақ шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамының өзі немесе делдал арқылы пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына жасалған әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін, егер мұндай әрекеттер (әрекетсіздік) осы адамның қызметтік өкілеттіктеріне кіретін болса не ол өзінің лауазымдық жағдайына байланысты мұндай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал ете алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол беруі үшін өзіне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлікке құқық немесе мүліктік сипаттағы пайдалар түрінде пара алуы —
пара сомасының жиырма еселенген мөлшерінен елу еселенген мөлшеріне дейінгі айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
1-1. Дәл сол іс-әрекетті құқық қорғау органының қызметкері немесе құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам не судья жасаған болса, —
пара сомасының отыз еселенген мөлшерінен елу еселенген мөлшеріне дейінгі айыппұл салуға не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
2. Осы баптың бірінші және 1-1-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер елеулі мөлшерде жасалған болса, сол сияқты заңсыз әрекеттер (әрекетсіздік) үшін пара алу —
пара сомасының елу еселенген мөлшерінен алпыс еселенген мөлшеріне дейінгі айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
3. Осы баптың бірінші, 1-1 немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
1) қорқытып алу арқылы;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
3) ірі мөлшерде;
4) бірнеше рет жасалса, —
пара сомасының алпыс еселенген мөлшерінен жетпіс еселенген мөлшеріне дейінгі айыппұл салуға не жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
4. Осы баптың бірінші, 1-1, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаған болса, сол сияқты аса ірі мөлшерде жасалса, —
пара сомасының жетпіс еселенген мөлшерінен сексен еселенген мөлшеріне дейінгі айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады.
Ескерту. Бірінші рет осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамның бұрын жасалған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін алдын ала уағдаластық болмаған кезде сыйлық ретінде мүлікті, мүлікке құқықты немесе өзге де мүліктік пайданы алуы, егер сыйлықтың құны екі айлық есептік көрсеткіштен аспаса, маңызының болмашылығына байланысты қылмыс болып табылмайды және тәртіптік немесе әкімшілік тәртіппен қудаланады.
Осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігі пара алу нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесінің заңнамалық деңгейде белгіленген тәртібінің, қағидаттарының, ұйымдастырылуы мен реттелуінің бұзылуымен, мемлекеттік билік органдарының жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылының Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған негіздерінің аяққа тапталуымен, мемлекеттік билік беделінің төмендеуімен сипатталады.
Бұл қылмыстың қауіптілігі өздерінің қызметтік жағдайына байланысты берілген өкілеттіктерін «сататын» кінәлі лауазымды адамдардың арсыздығынан да көрінеді. Ол азаматтардың құқықтық санасын бұрмалап, олардың жеке және ұжымдық мүдделерін лауазымды адамдарға пара беру арқылы қанағаттандыруға болады деген түсінік қалыптастырады, бәсекелестікке кедергі келтіреді, экономикалық дамуды қиындатады.
Пара алу сыбайлас жемқорлықтың көрініс табуының ең қауіпті нысаны болып табылады, өйткені мемлекеттік басқарудың қағидаттары мен негіздеріне нұқсан келтіруге ықпал етеді. Осыған байланысты заң шығарушы пара алу құрамын ҚК-нің 3-бабының 29) тармағында айқындалған сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізбесіне енгізген.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңында сыбайлас жемқорлық деп жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктері мен соларға байланысты мүмкіндіктерін жеке өзі немесе делдалдар арқылы өзі не үшінші тұлғалар үшін мүліктік (мүліктік емес) игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты осы адамдарға игіліктер мен артықшылықтар беру арқылы оларды сатып алу түсініледі (Заңның 1-бабының 6) тармағы).
Аталған Заң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар деп сыбайлас жемқорлық белгілері бар, ол үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген құқыққа қайшы кінәлі әрекетті (іс-әрекетті немесе әрекетсіздікті) таниды (Заңның 1-бабының 11) тармағы).
Осы қылмыстың объектісі мемлекеттік қызмет мүдделері болып табылады. Қосымша объект ретінде азаматтардың немесе ұйымдардың заңды мүдделерін, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін тану қажет.
Параның нысанасы ақша, бағалы қағаздар, материалдық құндылықтар, өтеусіз көрсетілетін, бірақ ақы төленуге жататын қызметтер, сондай-ақ мүлікке құқық беретін жеңілдіктер болуы мүмкін (құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізу; санаторий немесе туристік жолдамалар, жол жүру билеттерін беру; жеңілдік шарттарымен қарыздар немесе кредиттер ұсыну және т.б.).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысына сәйкес, параның нысанасы ақша, бағалы қағаздар, материалдық құндылықтар, мүлікке құқық, сондай-ақ мүліктік сипаттағы заңсыз қызметтер көрсету, оның ішінде мүліктік міндеттемелерден босату болуы мүмкін.
Пара нысанасы ретіндегі ақша деп Республиканың да, басқа мемлекеттердің де ақша белгілері (валютасы) түсініледі. Ақша белгілерін пара нысанасына жатқызудың негізгі шарты — олардың белгілі бір елдің қаржылық айналымында болуы. Айналымнан шыққан ақшалар, монеталар да, банкноттар да, егер олар нумизматикалық құндылыққа ие болса немесе осы монеталар жасалған материалдың (мысалы, алтынның, күмістің және т.б.) өзіндік құндылығы болса ғана пара нысанасы бола алады. Бұл жағдайда айналымнан шыққан ақша белгілері «өзге» мүлік ретінде пара нысанасы болып табылады.
Азаматтық кодекстің 129-бабының 1-тармағына сәйкес, бағалы қағаздар деп мүліктік құқықтарды куәландыратын белгілі бір жазбалар мен өзге де белгілердің жиынтығын (облигациялар, акциялар, банктік депозиттік сертификаттар және т.б.) түсіну қажет.
Өзге мүлік деп материалдық құндылығы бар кез келген заттар (зергерлік бұйымдар, жиһаз, автомобильдер, тұрмыстық және басқа да техника, киім-кешек, азық-түлік өнімдері және т.б.) түсініледі.
Пара нысанасы ретіндегі мүлікке құқық деп тұлғаға мүлікті иелену, пайдалану немесе оған билік ету құқығын беруді түсіну керек, мысалы, автокөлікті басқару құқығына сенімхат беру және т.б.
Пара нысанасы ретіндегі мүліктік сипаттағы пайдаларға пара алушыға материалдық сипаттағы әртүрлі қызметтерді өтеусіз негізде немесе айқын төмендетілген бағамен көрсету жатқызылуы мүмкін (пәтерді, автокөлікті жөндеу, туристік сапар ұйымдастыру және т.б.).
Объективтік жағынан алғанда, бұл қылмыс пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына жасалған әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін, егер мұндай әрекеттер (әрекетсіздік) кінәлінің қызметтік өкілеттіктеріне кіретін болса не ол өзінің лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал ете алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол беруі үшін параны жеке өзі немесе делдал арқылы алу арқылы көрініс табады. Пара алу тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін: пара нысанасын қабылдау, мүлікке құқықты ресімдеуге келісім беру және т.б. Практикада пара алу көбінесе қарыз, мердігерлік шарттарымен, карта ойынындағы ұтыспен және т.б. бүркемеленеді. Алайда пара алу кінәлі адам пара нысанасын пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына жасалған әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін алған жағдайда ғана орын алатынын атап өткен жөн. Бұл ретте мұндай әрекеттер (әрекетсіздік) кінәлі адамның қызметтік өкілеттіктерінің шеңберіне кіруге тиіс не ол өзінің лауазымдық жағдайына немесе беделіне байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал ете алуы қажет.
Адамның параны пара берушінің мүддесі үшін қандай әрекеттерді орындағаны немесе орындамағаны үшін алғанын әрдайым анықтау қажет. Бұл ретте жауаптылық адамның параны әрекет немесе әрекетсіздік жасалғанға дейін немесе одан кейін алғанына, сондай-ақ параның алдын ала келісілген-келісілмегеніне, пара берушінің мүддесі үшін қандай да бір әрекеттердің орындалған-орындалмағанына қарамастан туындайтынын ескеру қажет.
Егер пара алу шарттары арнайы айтылмаса да, қылмысқа қатысушылар параның пара берушінің мүдделерін қанағаттандыру мақсатында беріліп отырғанын түсінсе, кінәлінің әрекеттері пара алу деп танылуға тиіс.
Параны жеке өзі алу деп кінәлі адамның ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлікке құқық немесе мүліктік сипаттағы пайдаларды тікелей қабылдауын түсіну қажет. Бұл ретте параны жеке өзі алу деп параны кінәлі адамның қолына алуы ғана емес, сондай-ақ оны ым-ишара, бет қимылы, көзқарас, шет тілін немесе ым тілін пайдалану және басқа да тәсілдер арқылы алуы да танылады, егер қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер пара алудың жасалған немесе жасалып жатқан әрекеттермен (әрекетсіздікпен) не болашақта пара берушінің пайдасына жасалуы жоспарланған әрекеттермен (әрекетсіздікпен) өзара байланысты екенін тікелей көрсетсе. Бұған кінәлінің параны қолына алмай, бірден қалтасына, үстелдің үстіне, үстелдің астына, шкафқа, автомобильге және т.б. жерлерге салдыру арқылы алу жағдайлары да жатады.
Параны делдал арқылы алу пара беруші мен пара алушының арасында пара алу және беру туралы келісімге қол жеткізуге және оны іске асыруға жәрдемдесетін адамның, басқаша айтқанда, кінәлі адам оған осы әрекеттерді (әрекетсіздікті) орындауды тапсырған тұлғаның пара нысанасын алуы арқылы сипатталады. Бұл ретте делдалдың пара алуда делдалдық функцияларды жүзеге асырып отырғанын білуі немесе сезінуі міндетті емес. Кінәлі адам делдалды жаңылыстыруы мүмкін.
Пара нысанасы лауазымды адамның келісімімен немесе ол бұған қарсы болмаған және өзінің қызметтік өкілеттіктерін пара берушінің мүддесі үшін пайдаланған жағдайда оның туыстары мен жақындарына берілуі мүмкін. Пара алу немесе беру кезіндегі делдалдың әрекеттері ҚК-нің 368-бабы бойынша парақорлыққа делдалдық ретінде саралануға тиіс.
Лауазымды адамның қызметтік өкілеттіктеріне кіретін әрекеттер деп оның қызметтік құзыреті шегінде жасауға құқығы бар және (немесе) міндетті әрекеттерді түсіну қажет (мысалы, пара берушінің өтінішін қараудың заңмен белгіленген мерзімдерін қысқарту, лауазымды адамның тиісті шешім қабылдауын жеделдету). Басқаша айтқанда, бұл адамның лауазымдық құзыретінің шегінен шықпайтын заңды әрекеттері, олар пара үшін жасалғандықтан ғана қылмыстық сипатқа ие болады.
Түсіндіріліп отырған баптың диспозициясына сәйкес, лауазымды адам параны өзінің қызметтік міндеттерінің шеңберіне кіретін белгілі бір әрекеттерді өзі жасағаны үшін ғана емес, сонымен қатар өзінің лауазымдық жағдайына байланысты ықпал ете алатын басқа лауазымды адамдардың пара алушы үшін тиімді мінез-құлқы үшін де алуы мүмкін.
Ықпал ету пара алушының басқа лауазымды адамдарға қызметтік тәртіппен тиісті әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасату мақсатында өтініш жасау, үгіттеу, уәде беру, мәжбүрлеу және т.б. арқылы ықпал ету үшін өзінің лауазымдық жағдайының беделі мен өзге де мүмкіндіктерін пайдалануынан көрінуі мүмкін.
Сонымен бірге лауазымды адамның тек жеке, өзінің лауазымдық жағдайына байланысты емес қатынастарын пайдалану үшін сыйақы алуы ҚК-нің 366-бабы бойынша сараланбайды. Мұндай жағдайларда лауазымды адамды қызмет бойынша заңсыз әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға көндіру, тиісті негіздер болған кезде, басқа қылмыстар үшін (мысалы, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға немесе билікті не лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға айдап салу) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.
Лауазымды адамның өзінің кәсіби міндеттерін орындаумен байланысты болғанымен, билік өкілінің өкілеттіктеріне, ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларына жатпайтын әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін ақша, мүліктік сипаттағы қызметтер және т.б. қабылдауы пара алу құрамын құрамайды.
Пара берушінің пайдасына жалпы қамқорлық немесе жол беру деп кінәлі адамның пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекеттерін (әрекетсіздігін) түсіну қажет. Мұндай қажеттіліктер материалдық та, материалдық емес те игіліктер мен артықшылықтар болуы мүмкін. Мысалы, кәсіби қасиеттері бойынша бұған лайық емес адамды қызмет бабында негізсіз жоғарылату не мемлекеттік сатып алу шарттары шеңберінде жұмыстардың орындалғаны (қызметтердің көрсетілгені, тауарлардың жеткізілгені) туралы жалған актілерге қол қою, ал іс жүзінде жұмыстар толық көлемде орындалмаған немесе тиісті сапада орындалмаған жағдайлар және т.б.
ҚР Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 7-тармағына сәйкес, бағынысты немесе өзге де қызметтік өкілеттіктері қолданылатын адамдардан қызмет бойынша қамқорлық немесе жол беру, өзінің құзыретіне кіретін мәселелерді, оның ішінде болашақта туындауы мүмкін мәселелерді қолайлы шешу үшін ақша қаражатын немесе өзге де құндылықтарды алу пара алу ретінде бағалануға тиіс.
Қызмет бойынша жалпы қамқорлық, атап айтқанда, бағынысты адамды белгіленген тәртіпті бұза отырып, не негізсіз түрде жоғары лауазымға тағайындаудан, оны көтермелеу төлемдеріне, наградтауға ұсынылатын адамдар тізіміне енгізуден және т.б. көрінуі мүмкін.
Қызмет бойынша жол беруге бақылаушы органның лауазымды адамының пара беруші жасаған құқық бұзушылық анықталған жағдайда өзінің өкілеттіктеріне кіретін жауаптылық шараларын қолданбауға келісім беруі және т.б. жатады.
Қызмет бойынша жалпы қамқорлыққа немесе жол беруге жататын әрекеттерді (әрекетсіздікті) лауазымды адам бағынысты адамдардың да, сондай-ақ оларға қатысты қадағалау, бақылау немесе билік өкілінің өзге де функциялары, сондай-ақ ұйымдастырушылық-өкімдік функциялары қолданылатын басқа адамдардың да пайдасына жасауы мүмкін.
Пара мөлшерін анықтау кезінде пара нысанасы қолданыстағы бағалар мен тарифтер ескеріле отырып, ақшалай бағалануға тиіс, ал қажет болған жағдайларда сарапшының қорытындысы негізге алынады. Параның елеулі, ірі және аса ірі мөлшерлерін анықтау кезінде ҚК-нің 3-бабының 2), 3) және 38) тармақтарында берілген түсіндірмелерді басшылыққа алу қажет. Егер елеулі, ірі немесе аса ірі мөлшердегі пара бөліктермен алынған болса, бірақ бұл әрекеттер бір жалғасқан қылмыстың эпизодтарын құраса, жасалған іс-әрекет елеулі, ірі немесе аса ірі мөлшерде пара алу ретінде саралануға тиіс.
Парақорлықтың екі түрін бөліп қарастыру қажет: пара-сатып алу және пара-алғыс. Пара-сатып алу кезінде пара нысанасын беру кінәлі адамның пара берушіге қажетті мінез-құлқын шарттайды, оның белгілі бір әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауының қажетті шарты болып табылады. Бұл жағдайда пара беруші мен пара алушы арасында пара нысанасын беру туралы алдын ала уағдаластық болады (әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағанға дейін немесе одан кейін).
Пара-алғыс лауазымды адам бұрын жасаған әрекеті немесе әрекетсіздігі (заңды немесе заңсыз) үшін пара нысанасы алдын ала уағдаластық болмаған жағдайда берілген кезде орын алады. Бұл ретте пара-алғысты кәдімгі сыйлық деп аталатын сыйлықтан ажырата білу қажет.
Атап айтқанда, ҚР АК-нің 509-бабына сәйкес, заңнамалық актілерде белгіленген он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспайтын құны бар кәдімгі сыйлықтарды қоспағанда, мынадай жағдайларда сыйға тартуға жол берілмейді:
кәмелетке толмағандардың және әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың атынан олардың заңды өкілдеріне;
емдеу, тәрбиелеу мекемелерінің, әлеуметтік қорғау мекемелерінің және басқа да осыған ұқсас мекемелердің қызметкерлеріне сол мекемелерде емделіп, күтіп-бағылып немесе тәрбиеленіп жатқан азаматтардың, сондай-ақ осы азаматтардың жұбайлары мен туыстарының;
мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жағдайына байланысты немесе олардың қызметтік міндеттерін орындауына байланысты.
Демек, АК-нің 509-бабының ережесі қылмыстық заңнамаға қолданылмайды деген қорытынды жасауға болады. Азаматтық кодекстің аталған бабы сыйлық алатын адамның тарапынан затты немесе құқықты қарсы беру не қарсы міндеттеме қабылдау болмайтын сыйға тартуға тыйым салу туралы айтады. Сондықтан адамның әрекетінде пара алу құрамы болған кезде (пара-сатып алу немесе сыйақы-пара болсын), қылмыстық жауаптылық ҚК-нің 366-бабының ескертпесінде қамтылған талапты ескере отырып, алынған сыйақының мөлшеріне қарамастан туындайды.
Лауазымды адам ұсынылған құндылықтардың кем дегенде бір бөлігін қабылдаған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп есептелуге тиіс. Егер пара ретінде ақша лауазымды адамның шотына аударылса, пара алу тиісті шотқа ақша түскен сәттен бастап аяқталған деп есептелуге тиіс.
ҚР Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес, пара алу адам пара нысанасын қабылдаған сәттен бастап, параның толық немесе ішінара алынғанына, пара беріліп отырған әрекеттің (әрекетсіздіктің) орындалған-орындалмағанына қарамастан аяқталған қылмыс болып есептеледі.
Параны қабылдау деп оны жеке өзі физикалық тұрғыдан иеленуді ғана емес, сондай-ақ келісілген шарттар бойынша басқа тәсілмен беруді де (шотқа аудару, туысына беру, белгілі бір жерге жасырып қою және т.б.) түсіну қажет. Бұл ретте пара алушының өз қалауы бойынша берілген құндылықтарды пайдалану немесе оларға билік ету мүмкіндігіне нақты ие болған-болмағаны маңызды емес.
Қылмыстық қудалау органдарының бақылауымен жедел-іздестіру іс-шарасы немесе жасырын тергеу әрекеті шеңберінде пара алу да аяқталған қылмыс ретінде сараланады.
Егер адам пара ретінде алған ақшаның жалған немесе толықтай не ішінара имитацияланған ақша белгілері екені анықталса, оның әрекеттері параның келісілген толық сомасын алуға оқталу ретінде саралануға тиіс.
Егер пара беру немесе алу әрекеттері тікелей бағытталған объективтік жақ басталған кезде, пара беру немесе алу адамның еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша жүзеге аспаса, жасалған әрекет пара беруге немесе алуға оқталу ретінде саралануға тиіс. Пара берушінің немесе пара алушының пара беруге не алуға тікелей бағытталған объективтік жақты бастауын құрамайтын өзге де дайындық әрекеттері пара беруге немесе алуға оқталу деп танылмайды. Мұндай әрекеттер ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігіне сәйкес, пара берушіге немесе пара алушыға байланысты емес мән-жайлар бойынша ауыр немесе аса ауыр қылмыс аяқталмаған жағдайларда, пара беруге немесе алуға дайындалу ретінде саралануға жатады.
Егер алдын ала уағдаластыққа сәйкес пара беруші құндылықтарды пара алушы қол жеткізе алатын немесе оларды орналастырғаннан кейін пара беруші не басқа адам қолжетімділікті қамтамасыз ететін шартты жерге қойса, пара алу аяқталған қылмыс ретінде саралануға тиіс.
Егер пара пара алушының еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша алынбаса, оның әрекеті келісілген параны алуға оқталу ретінде саралануға тиіс. Пара алушы ұсынылған параны алудан өз еркімен бас тартқан жағдайда жауаптылыққа тартылмайды, ал пара берушінің әрекеттері пара беруге оқталу ретінде, делдалдың әрекеттері делдалдық жасауға оқталу ретінде саралануға тиіс.
Егер пара нысанасы мүліктік сипаттағы заңсыз қызмет көрсету болса, қылмыс мүліктік пайда алуға тікелей бағытталған әрекеттерді орындау басталған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі (берешек қолхатын жою немесе қайтару, пара алушының міндеттемелерін орындау есебіне мүлікті немесе оған құқықты басқа адамға беру, оны пайдаланғаны үшін пайыздық мөлшерлемесі көрінеу төмендетілген кредит шартын жасасу, көрінеу төмендетілген құн бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастау және т.б.).
Мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшылары өздеріне қызмет бойынша бағынысты адамдарға ҚК-нің 3-бабының 16), 19), 26), 27) және 28) тармақтарында көрсетілген адамға, шет мемлекеттің лауазымды адамына және (немесе) халықаралық ұйымның лауазымды адамына пара беру арқылы қалаған әрекеттерге немесе әрекетсіздікке қол жеткізуді ұсынса, пара беруге айдап салушылар ретінде жауаптылыққа тартылады, ал егер пара беру туралы ұсыныс жеке өздері үшін артықшылықтар мен пайда алу мақсатын көздесе, онда пара берушілер ретінде жауаптылыққа тартылады.
Басқа адамның мүддесі үшін параға келісілген әрекеттерді орындау туралы уағдаласқан және параны берген қызметкер пара беруге қатысушы ретінде жауаптылыққа тартылуға тиіс. Егер аталған адам тапсырманың сипатын біле отырып, тек параны ғана берсе, оның әрекеттері парақорлыққа делдалдық ретінде саралануға жатады.
Егер адам пара берушіден ақша немесе өзге де құндылықтарды оларды пара ретінде басқа адамға беру үшін алған болып, алайда мұны ниеттенбестен оларды иемденіп алса, оның әрекеті алаяқтық ретінде саралануға тиіс. Егер бұл адам құндылықтарды иемдену мақсатында пара берушіні пара беруге көндірсе, оның әрекеттері қосымша пара беруге айдап салу ретінде саралануға тиіс, ал мұндай жағдайларда пара берушінің әрекеттері пара беруге оқталу ретінде саралануға жатады. Бұл ретте параны беру көзделген нақты адамның көрсетілген-көрсетілмегені маңызды емес.
Егер пара беруші параны ірі немесе аса ірі мөлшерде беруді, ал лауазымды адам оны алуды көздеген болса, алайда лауазымды адам іс жүзінде қабылдаған заңсыз сыйақы көрсетілген мөлшерді құрамаған жағдайда, жасалған әрекет тиісінше ірі немесе аса ірі мөлшерде пара берудің не пара алудың аяқталған құрамы ретінде саралануға жатады. Мысалы, ірі мөлшердегі параны бірнеше рет беруге уағдаласқан кезде пара алушы оған осы мөлшерді құрамайтын бірінші бөлік берілгеннен кейін ұсталған болса, жасалған әрекет ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 3) тармағы бойынша саралануға тиіс.
Сонымен бірге қылмыстық қудалау органдарының пара беруге байланысты арандатушылық-азғырушылық әрекеттері, яғни қылмыстық қудалау органдарының араласуынсыз адамда пара алу ниеті туындамас еді және қылмыс жасалмас еді деген мән-жайлар анықталса, мұндай әрекеттер қылмыстық қудалау органдарының қызметі бағытталған адам әрекетінің қылмыстылығын жоққа шығаратынын ескеру қажет.
ҚР Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 25-тармағына сәйкес, ҚК-нің 417-бабының 2-бөлігі бойынша параға арандатқаны үшін жауаптылық тек пара нысанасын беру әрекеті қылмыс жасаудың дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру немесе бопсалау мақсатында жүзеге асырылған және кінәліге белгілі бола тұра ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адам пара алуға келісімін білдіретін әрекеттер жасамаған жағдайларда ғана туындайды.
Параға арандату ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамның хабарынсыз немесе оның пара нысанасын қабылдаудан бас тартуына қарамастан, мүлікті беруге немесе мүліктік сипаттағы қызметтер көрсетуге әрекет жасалған сәттен бастап аяқталған қылмыс болып есептеледі.
Пара алғаны үшін жауаптылыққа тарту парақорлықпен байланысты болғанымен, дербес қылмыс құрамын құрайтын әрекеттері үшін (қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану, бөтеннің мүлкін жымқыруға қатысу және т.б.) бір мезгілде қылмыстық жауаптылыққа тартуды жоққа шығармайды. Мұндай жағдайларда жасалған әрекет қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануы қажет.
Егер ҚК-нің 361-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адам қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, өзі, басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында әрекет етсе және оның әрекеттері (әрекетсіздігі) азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, мұндай әрекеттер пара алу ретінде сараланбайды (тұрғын үйді кезектен тыс алу, жеңілдетілген кредит алу және т.б.). Мұндай әрекеттер лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану ретінде саралануға тиіс.
Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың пайдакүнемдік себебі материалдық, мүліктік сипаттағы пайдалар мен артықшылықтарды алудан ғана емес, сонымен қатар қызмет бабында жоғарылауға, басшылыққа ұнауға ұмтылу және т.б. түріндегі өзге де жеке мүдделіліктен көрінуі мүмкін.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына белгілі бір әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны, басқа адамдардың осындай әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауына ықпал еткені не қызмет бойынша жалпы қамқорлық немесе жол бергені үшін заңсыз сыйақы алып отырғанын сезінеді және осы сыйақыны алуды қалайды.
Пара алу субъектілері мыналар болуы мүмкін: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адам; жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам; лауазымды адам; құқық қорғау органының қызметкері; құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам; судья (аталған субъектілер ҚК-нің 361-бабына түсініктемеде қарастырылған); шет мемлекеттің лауазымды адамы; халықаралық ұйымның лауазымды адамы.
ҚК-нің 366, 367-баптарында көрсетілген шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық шарттарында осындай деп танылатын адамдар жатады.
Шет мемлекеттің лауазымды адамы деп шет мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік немесе сот органында қандай да бір лауазымды атқаратын тағайындалған немесе сайланған кез келген адам, сондай-ақ шет мемлекет үшін, оның ішінде жария ведомство, кәсіпорын үшін қандай да бір жария функцияны орындайтын кез келген адам танылады.
Халықаралық ұйымның лауазымды адамы деп азаматтық қызметшіні немесе осындай ұйымның атынан әрекет етуге уәкілеттік берілген кез келген адамды түсіну қажет (Жоғарғы Соттың аталған нормативтік қаулысының 3-тармағы).
ҚК-нің 3-бабының 16), 19), 26), 27) және 28) тармақтарында көрсетілген адамдармен және шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамдарымен қатар, пара берушінің мүддесі үшін тиісті әрекеттерді жасауға өкілеттіктері болмағанымен, өзінің лауазымдық жағдайына байланысты басқа адамдардың мұндай әрекеттерді жасауына шаралар қолдана алатын адамдар да сыбайлас жемқорлық қылмыстарының субъектілері деп танылуға тиіс.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға қатысқан не жоғарыда көрсетілген адамдарды сатып алу мақсатында оларға мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қайшы түрде берген немесе бұған жәрдемдескен өзге де жеке тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауаптылықта болады.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-1-бөлігіне сәйкес, ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көзделген дәл сол әрекетті құқық қорғау органының қызметкері немесе құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам не судья жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 361-бабының 2-1-бөлігіне және 4-бөлігінің 4) тармағына түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі осы баптың 1 және 1-1-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді елеулі мөлшерде жасағаны үшін және заңсыз әрекеттер (әрекетсіздік) үшін пара алғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілейді.
ҚК-нің 3-бабының 2) тармағына сәйкес, пара алу кезінде елеулі мөлшер деп елу айлық есептік көрсеткіштен үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны танылады.
Заңсыз әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін пара алу деп кінәлі адамның Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына тікелей немесе жанама түрде қайшы келетін, яғни құқық бұзушылықты (азаматтық-құқықтық, әкімшілік, қылмыстық) құрайтын әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін пара нысанасын қабылдауын түсіну қажет, мысалы, көрінеу заңсыз ұстау немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін пара алу және т.б.
«Пара алған адамның заңсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) деп (366-баптың 2-бөлігі), — деп көрсетілген ҚР Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 9-тармағында, — оның қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, алайда оларды орындау үшін заңда көзделген негіздер немесе шарттар болмаған кезде жасаған әрекеттерін (әрекетсіздігін) түсіну қажет (қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау, құжаттарға шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізу және т.б.)».
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінің мағынасында заңсыз әрекеттер деп мәселені шешу басқа адамның құзыретіне жататын; лауазымды адам жеке-дара жасағанымен, тек алқалы түрде немесе басқа лауазымды адаммен не органмен келісу арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін болған; қызметтік міндеттерді орындамаудан тұратын; ешкімнің ешқандай жағдайда жасауға құқығы жоқ әрекеттерді де түсіну қажет.
Лауазымды адамның басқа лауазымды адамның қызмет бойынша заңсыз әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауына ықпал ету мақсатында өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланғаны үшін пара алуы ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Егер адам пара алуға ниетін ғана білдіріп, оны жүзеге асыру үшін ешқандай нақты әрекеттер жасамаған болса, мұның өзі пара алуға оқталу ретінде сараланбайды.
Алайда қызмет бойынша әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау үшін заңсыз сыйақы беру немесе алу туралы уәде немесе болжам жасау, егер адамның пара беруге немесе алуға ниеті туралы айтқан сөзі басқа адамдарға олардың пара беруі немесе олардан құндылықтар алуы мақсатында жеткізуге бағытталған болса, сондай-ақ көрсетілген адамдар арасында уағдаластыққа қол жеткізілген жағдайда, тиісті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау үшін жағдайды қасақана жасау ретінде қарастырылуға тиіс.
Егер бұл ретте уәдені немесе ұсынысты іске асыруға бағытталған өзге де әрекеттерді адамдар өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша жасай алмаса, жасалған әрекет пара беруге дайындалу (ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігі және ҚК-нің 368-бабының тиісті бөлігі бойынша) немесе пара алуға дайындалу (ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігі және ҚК-нің 366-бабының тиісті бөлігі бойынша) ретінде саралануға тиіс.
ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігі пара алудың мынадай саралаушы белгілері үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді:
қорқытып алу арқылы;
адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша (ҚК-нің 31-бабының 2-бөлігі);
ірі мөлшерде (ҚК-нің 3-бабының 38) тармағы);
бірнеше рет (ҚК-нің 12-бабының 1-бөлігі).
Параны қорқытып алу дегеніміз — адамның пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың заңды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін әрекеттерді жасау қатерімен пара талап етуі не пара берушіні өзінің құқықпен қорғалатын мүдделері үшін зиянды салдардың алдын алу мақсатында пара беруге мәжбүр болатын жағдайға қасақана қоюы.
Параны қорқытып алу арқылы алу ретінде кінәлінің көрсетілген қатерді жүзеге асыру мүмкіндігі болған-болмағанына қарамастан, егер пара берген адамда осы қатердің жүзеге асырылуынан шынайы қауіптенуге негіз болған болса, оның әрекеттері саралануға тиіс (мысалы, тергеуші қылмыстық істің қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылуға жататынын біле тұра, айыпталушыға істі айыптау актісімен прокурорға жолдайтынын айтып қорқытады, ал пара алғаннан кейін істі заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатады). Пара алуды қорқытып алу пара алушының келісімімен немесе нұсқауы бойынша пара алушы болып табылмайтын басқа адам жүзеге асырған жағдайда да осылай саралау қажет. Соңғы адамның әрекеттері, тиісті негіздер болған кезде, ҚК-нің 368-бабының тиісті бөліктері бойынша парақорлыққа делдалдық ретінде бағалануға тиіс.
Егер параны қорқытып алу барысында лауазымды адам азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасаса, жасалған әрекет тиісті негіздер болған кезде ҚК-нің 361 немесе 362-баптары бойынша қосымша саралануға тиіс.
Егер пара алуға екі немесе одан да көп пара алу субъектісі қатысып, олар осы қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан болса, пара адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша алынған деп есептеледі. Бұл ретте қылмыс пара алу субъектілерінің кем дегенде біреуі параны қабылдаған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі және пара берушінің пара алуға бірнеше субъектінің қатысып отырғанын сезінген-сезінбегеніне қарамастан сараланады.
Аталған адамдардың әрекеттерін адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған деп саралау үшін қылмысқа қатысушылардың әрқайсысы алған соманың қандай болғаны маңызды емес.
Параны адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша алу кезінде оның мөлшері барлық сыбайластар алған құндылықтар мен қызметтердің жалпы құны бойынша айқындалады, ал заңсыз алынғанды мемлекет кірісіне өндіріп алу кезінде әрбір пара алушы алған ақша сомасын немесе мүліктік пайданың мөлшерін негізге алу қажет.
Егер айдап салушылар екі немесе одан да көп адамды пара алуға немесе пара беруге айдап салса, олардың әрекеттері ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 2) тармағы және 367-бабының 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қылмыс жасау ретінде саралануға тиіс, өйткені аталған қылмыстардың объективтік жағы параны адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша бергені немесе алғаны үшін жауаптылықты көздейді.
Басқа адаммен алдын ала уағдаласпай пара алған, содан кейін пара берушінің мүддесі үшін алынған параның бір бөлігін басқа адамға берген тұлға пара алу және пара беру қылмыстарының жиынтығы бойынша жауаптылықта болады.
Пара алудың субъектісі болып табылмайтын адаммен сөз байласып пара алуға байланысты әрекеттер ҚК-нің 366-бабында көзделген арнайы субъектінің белгілері бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша пара алу ретінде қарастырылмайды. Арнайы субъектінің белгілеріне ие емес мұндай адамдардың әрекеттері тиісті негіздер болған кезде ҚК-нің 368-бабы бойынша парақорлыққа делдалдық ретінде сараланады.
Параны ірі мөлшерде алу белгісі бойынша әрекетті саралау үшін ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны үш мыңнан жоғары және он мың айлық есептік көрсеткішке дейін болуы қажет (ҚК-нің 3-бабының 38) тармағы).
Параны бірнеше рет алу дегеніміз — егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген болса, бір қылмысты кемінде екі рет жасау. Бұл ретте бірнеше адамнан бір мезгілде пара алу, егер әрбір пара берушінің мүддесі үшін жеке әрекет жасалса, бірнеше рет пара алу ретінде саралануға тиіс.
Параны пара беруші үшін қажетті нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ететін әрекеттерді орындағаны немесе орындамағаны үшін бірнеше рет бөліп алу бірнеше рет жасалған қылмыс ретінде қарастырылмайтынын атап өткен жөн.
Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын жалғасқан пара алу немесе пара беруден ажырату қажет. Егер көрсетілген әрекеттер біртұтас ниетпен біріктірілсе, бір пара берушіден қызмет бойынша жалпы қамқорлық немесе жол беру үшін жүйелі түрде пара алу бір жалғасқан қылмыс ретінде саралануға тиіс.
Егер пара бірнеше адамнан алынғанымен, олардың ортақ мүддесі үшін бір ғана әрекет (әрекетсіздік) жасалған болса, қылмыстың бірнеше рет жасалуы болмайды.
Егер бір мезгілде, оның ішінде делдал арқылы, бірнеше адамнан пара алынса және лауазымды адам олардың әрқайсысының мүддесі үшін белгілі бір әрекетті (әрекетсіздікті) жасаса, мұндай жағдайларды бір жалғасқан қылмыс ретінде саралауға болмайды. Бұрын атап өтілгендей, мұндай жағдайда жасалған әрекет қылмыстың бірнеше рет жасалуын құрайды.
Лауазымды адамның пара үшін дербес қылмыс құрамын құрайтын әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауы ҚК-нің 366-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағымен қамтылмайды. Мұндай жағдайларда пара алушының әрекеттері қызмет бойынша заңсыз әрекеттер үшін пара алу және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны, қызметтік жалғандық жасағаны, дәлелдемелерді бұрмалағаны және т.б. үшін жауаптылық көздейтін тиісті бап бойынша саралануға тиіс.
Егер лауазымды адамның әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін мүлік берілсе, мүліктік құқықтар ұсынылса, мүліктік сипаттағы қызметтер көрсетілсе, бірақ олар жеке өзіне немесе оның туыстары мен жақындарына емес, көрінеу басқа адамдарға, оның ішінде заңды тұлғаларға берілсе және лауазымды адам, оның туыстары мен жақындары осыдан мүліктік пайда алмаса, жасалған әрекетті пара алу ретінде саралауға болмайды (мұндай көмек көрсеткен адамдардың пайдасына қызметтік әрекеттер жасағаны үшін мекеменің қызметін қамтамасыз ету мақсатында демеушілік көмек қабылдау).
ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі параны қылмыстық топ жасағаны үшін, сондай-ақ аса ірі мөлшерде алғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілейді.
Қылмыстық топтың ұғымы мен белгілері ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде айқындалған.
Қылмыстық топтың құрамына бір немесе бірнеше лауазымды адаммен қатар, пара алу субъектісінің белгілеріне ие емес адамдар да кіруі мүмкін. Пара алуды қылмыстық топ жасаған деп танылған жағдайда, бір қылмысты дайындауға және жасауға қатысқан оның барлық мүшелерінің әрекеттері орындаушы, ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші функцияларын орындағанына қарамастан, ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі бойынша, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасалмай, аталған белгі бойынша саралануға тиіс.
Қылмыс қылмыстық топтың кез келген мүшесі заңсыз сыйақыны қабылдаған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Аса ірі мөлшерде алынған пара деп он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны танылады (ҚК-нің 3-бабының 3) тармағы).
ҚК-нің 366-бабының ескертпесіне сәйкес, бірінші рет ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамның бұрын жасалған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін алдын ала уағдаластық болмаған кезде сыйлық ретінде мүлікті, мүлікке құқықты немесе өзге де мүліктік пайданы алуы, егер сыйлықтың құны екі айлық есептік көрсеткіштен аспаса, маңызының болмашылығына байланысты қылмыс болып табылмайды және тәртіптік немесе әкімшілік тәртіппен қудаланады. Бұдан ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекеттерді жасау үшін заңсыз әрекеттер (әрекетсіздік) үшін алынған параның сомасы тіпті екі айлық есептік көрсеткіштен аз болса да, пара алу құрамын құрайтыны туралы қорытынды жасауға болады.
ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 366-бабының 1-1, 2 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет аса ауыр қылмыстарға жатады.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар