Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабына түсініктеме. Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау
1. Осы қызмет түрімен айналысуға сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуы, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқса, —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
2. Адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан әрекет —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет —
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
5. Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
ҚК-нің 322-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2, 3, 4, 5-бөліктері — қылмыстар) оның адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екендігінде, сондай-ақ адамның денсаулығын қорғауды медициналық қамтамасыз ету саласында белгіленген тәртіпке қол сұғатындығында.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі лицензиялау, медициналық және фармацевтикалық қызметті сертификаттау саласында белгіленген қағидалардың сақталуына бағытталған қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объектісі азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
ҚК-нің 322-бабының 1, 2, 3 және 4-бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы осы қызмет түрімен айналысуға сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуынан, оның абайсызда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян (1-бөлік), ауыр зиян (2-бөлік), адамның өлімі (3-бөлік) не екі немесе одан да көп адамның өлімі (4-бөлік) түріндегі зардаптарға әкеп соғуынан көрінеді.
Қазақстан Республикасында медициналық мақсаттарда есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар бар дәрілік заттарды тағайындауға, пайдалануға, рецепт жазып беруге және босатуға байланысты қағидалар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы «Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын медициналық мақсаттарда пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы «Рецептілерді жазып беру, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында көзделген.
Медициналық және фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңында белгіленген тәртіппен лицензиялануға жатады.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабы 1-тармағының 184) тармақшасына сәйкес, медициналық қызмет — бұл техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғауға бағытталған заңды тұлғалардың кәсіби қызметі.
Қазақстан Республикасында медициналық қызметтің мынадай түрлері жүзеге асырылады: медициналық көмек; зертханалық диагностика; патологиялық-анатомиялық диагностика; қан мен оның компоненттерін дайындау саласындағы қызмет; халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет; қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы қызмет; денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет; денсаулық сақтау саласындағы сараптама; «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлері (жоғарыда көрсетілген Кодекстің 64-бабы).
Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес, медициналық қызметтің мынадай кіші түрлері лицензиялауға жатады:
Жедел медициналық көмек және (немесе) санитариялық авиация;
Ересектерге және (немесе) балаларға амбулаториялық-емханалық көмек көрсету мынадай мамандықтар бойынша жүзеге асырылады: алғашқы медициналық-санитариялық көмек: дәрігерге дейінгі, білікті; консультациялық-диагностикалық көмек: диагностика: радиоизотоптық, рентгенологиялық, ультрадыбыстық, функционалдық, эндоскопиялық; зертханалық диагностика: бактериологиялық, биохимиялық, иммунологиялық зерттеулер, адамның иммун тапшылығы вирусын зертханалық диагностикалау (АИТВ-диагностикасы), жалпы клиникалық, серологиялық, цитологиялық зерттеулер; акушерлік және гинекология; педиатрия; неонатология; инфекциялық аурулар; терапия; неврология; кардиология; ревматология; гастроэнтерология; нефрология; пульмонология; эндокринология; аллергология және иммунология; гематология; кәсіптік патология; жалпы дәрігерлік практика; жалпы хирургия: торакалдық, абдоминалдық, колопроктология; трансплантология; кардиохирургия; ангиохирургия; пластикалық хирургия; жақ-бет хирургиясы; нейрохирургия; оториноларингология; офтальмология; трансфузиология; урология; травматология-ортопедия; анестезиология және реаниматология; дерматовенерология (дерматокосметология); психиатрия: наркология, психотерапия, сексопатология, медициналық психология; фтизиатрия; онкология; стоматология; дәстүрлі медицина: гомеопатия, гирудотерапия, мануалдық терапия, рефлексотерапия, фитотерапия және табиғи тектес құралдармен емдеу; медициналық оңалту, қалпына келтіру емі: физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру, курортология; медициналық генетика; сәулелік терапия; спорттық медицина;
Ересектерге және (немесе) балаларға стационарлық көмек және (немесе) стационарды алмастыратын көмек мынадай мамандықтар бойынша көрсетіледі: диагностика: радиоизотоптық, рентгенологиялық, ультрадыбыстық, функционалдық, эндоскопиялық, патологиялық анатомия; зертханалық диагностика: бактериологиялық, биохимиялық, иммунологиялық зерттеулер, адамның иммун тапшылығы вирусын зертханалық диагностикалау (АИТВ-диагностикасы), жалпы клиникалық, серологиялық, цитологиялық зерттеулер; акушерлік және гинекология; педиатрия; неонатология; инфекциялық аурулар; терапия; невропатология; кардиология; ревматология; гастроэнтерология; нефрология; пульмонология; эндокринология; аллергология және иммунология; гематология; кәсіптік патология; жалпы дәрігерлік практика; жалпы хирургия: торакалдық, абдоминалдық, колопроктология; трансплантология; кардиохирургия; пластикалық хирургия; жақ-бет хирургиясы; нейрохирургия; оториноларингология; офтальмология; трансфузиология; урология; травматология-ортопедия; анестезиология және реаниматология; дерматовенерология (дерматокосметология); психиатрия: наркология, психотерапия, сексопатология, медициналық психология; фтизиатрия; онкология; стоматология; дәстүрлі медицина: гомеопатия, гирудотерапия, мануалдық терапия, рефлексотерапия, фитотерапия және табиғи тектес құралдармен емдеу; медициналық оңалту, қалпына келтіру емі: физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру, курортология; спорттық медицина; токсикология; перфузиология; сәулелік терапия;
Қан мен оның компоненттерін дайындау, консервілеу, өңдеу, сақтау және өткізу.
Уақытша еңбекке жарамсыздық пен кәсіптік жарамдылыққа сараптама жүргізу.
Фармацевтикалық қызмет — бұл денсаулық сақтау саласында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру және (немесе) дайындау және (немесе) көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға (иеленуге), сақтауға, әкелуге, әкетуге, тасымалдауға, сапасын бақылауға, ресімдеуге, бөлуге, пайдалануға және жоюға, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етуге байланысты қызмет ( «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 1-бабы 1-тармағының 275) тармақшасы).
Қазақстан Республикасында фармацевтикалық қызметтің мынадай түрлері жүзеге асырылады: дәрілік заттарды өндіру; медициналық бұйымдарды өндіру; дәрілік препараттарды дайындау; медициналық бұйымдарды дайындау; дәрілік заттарды көтерме саудада өткізу; медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізу; дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу; медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізу.
Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес, фармацевтикалық қызметтің мынадай кіші түрлері лицензиялауға жатады:
Дәрілік заттарды өндіру;
Медициналық бұйымдарды өндіру;
Дәрілік препараттарды дайындау;
Медициналық бұйымдарды дайындау;
Дәрілік заттарды көтерме саудада өткізу;
Дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу.
Егер осы қызмет түрлері тиісті қызмет түріне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамдармен жүзеге асырылса, олар заңсыз деп танылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы «Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысының 1-тармағына сәйкес, денсаулық сақтау жүйесінде есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыру бойынша лицензиар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 қазандағы «Медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамаларды қоспағанда, медициналық қызметті жүзеге асыру бойынша лицензиар медициналық қызметтерді (көмекті) көрсету саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері болып табылады (1-тармақтың 1) тармақшасы).
Дәрілік заттарды өндіру; медициналық бұйымдарды өндіру; дәрілік препараттарды дайындау; медициналық бұйымдарды дайындау; дәрілік заттарды көтерме саудада өткізу; дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу сияқты фармацевтикалық қызмет түрлерін, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызмет түрлерін жүзеге асыру бойынша лицензиар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері болып табылады (1-тармақтың 2) тармақшасы).
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 1-бабы 1-тармағының 89) тармақшасына сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган — Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтердің (көмектің) сапасы салаларында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес, лицензия — бұл лицензиардың жеке немесе заңды тұлғаға лицензияланатын қызмет түрін немесе жоғары қауіптілік деңгейімен байланысты лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрін жүзеге асыруға беретін бірінші санаттағы рұқсат.
Лицензиялау — лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаларды, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшалардың телнұсқасын беру және қайта ресімдеуге, рұқсат беру бақылауын жүзеге асыруға, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшалардың қолданысын тоқтата тұруға, қайта бастауға және тоқтатуға байланысты іс-шаралар кешені.
Денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабы 1-тармағының 83) тармақшасына сәйкес, жеке тұлғаның біліктілігін және оның денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік қызметке, оның ішінде клиникалық немесе фармацевтикалық практикаға не халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметке дайындығын растайтын белгіленген үлгідегі құжат болып табылады.
Денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттау — салалық біліктілік шеңберінде және денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарда белгіленген біліктілік талаптарына жеке тұлғаның біліктілігінің сәйкестігін айқындау, сондай-ақ оның денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік қызметке, оның ішінде клиникалық немесе фармацевтикалық практикаға не халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметке дайындығын айқындау рәсімі (жоғарыда көрсетілген Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 82) тармақшасы).
Сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адам деп тиісті сертификатты және (немесе) лицензияны алмаған (кез келген себептер бойынша) не лицензияның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысқан, не сертификат және (немесе) лицензия басқа тұлғаның атына алынған және т.б. адам танылады.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады, осыған байланысты объективтік жағы үш міндетті белгіні қамтиды. Біріншіден, бұл осы қызмет түрімен айналысуға сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуынан көрінетін қоғамға қауіпті әрекет; екіншіден, адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру түрінде көрінетін қоғамға қауіпті зардаптар; үшіншіден, заңда көрсетілген бұзушылықтар мен зардаптар арасындағы себепті байланыс. Тиісінше, әрекет қоғамға қауіпті зардаптар туындаған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
ҚК-нің 322-бабында медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның мұндай қызметпен айналысуының қоғамға қауіпті салдары ретінде мынадай жауаптылық көзделген: 1-бөлік бойынша — абайсызда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру; 2-бөлік бойынша — абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру; 3-бөлік бойынша — абайсызда адам өліміне әкеп соғу; 4-бөлік бойынша — абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу.
ҚК-нің 322-бабында көзделген әрекетті саралау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалу уақыты, орны, тәсілі, жағдайы, құралдары мен пайдаланылған заттары маңызды болмайды.
ҚК-нің 322-бабының 1, 2, 3, 4-бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағының ерекшелігі медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға тиісті сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның осы қызметпен айналысу фактісіне психикалық қатынасының жанама қасақаналықпен сипатталуында. Бұл ретте адам өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінеді, қолайсыз зардаптардың туындау мүмкіндігін болжайды, олардың болуын қаламайды, бірақ оларға саналы түрде жол береді не оларға немқұрайды қарайды. Сонымен бірге қарастырылып отырған әрекетті саралау кезінде аталған адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысу фактісінің өзі қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылмайтынын ескеру қажет.
Қарастырылып отырған құқық бұзушылық зардаптарына қатысты кінә абайсыздық нысанымен сипатталады, өйткені заң шығарушы баптың диспозициясында бұл туралы тікелей нұсқаған (ҚК-нің 19-бабының 4-бөлігі).
Жалпы алғанда, қарастырылып отырған әрекеттің субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық абайсызда жасалатын болғандықтан, оның себептері мен мақсаттары жалпы әрекетке емес, тек тиісті сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысу фактісіне қатысты қолданылады. Осыған қарамастан, олар құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтау және жаза тағайындау кезінде маңызды практикалық мәнге ие. Тиісті сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуынан көрінетін әрекеттің себебі мен мақсатын анықтау құқық қолданушыларға адамның қоғамдық мүдделерге және өмірлік құндылықтарға деген көзқарасын айқындауға мүмкіндік береді.
ҚК-нің 322-бабының 1, 2, 3, 4-бөліктері бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі — тиісті медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ, он алты жасқа толған жеке тұлға. Ол медициналық білімі бар да, мұндай білімі жоқ та адам болуы мүмкін.
ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігінде заң шығарушы есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау түріндегі дербес қылмыс құрамын көздеген.
Қылмыстың объектісі есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды берудің белгіленген қағидаларын сақтауға бағытталған қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объектісі азаматтардың денсаулығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігі бойынша қылмыстың заты есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілер мен өзге де құжаттар болып табылады.
Рецепт — дәріхананың құрамында есірткі немесе психотроптық зат бар дәрілік затты немесе препаратты беруі туралы, оның құрамы, мөлшерлемесі және науқастың қолдану тәсілі көрсетілген, белгіленген үлгідегі бланкіде жазылған және барлық қажетті деректемелері бар дәрігердің жазбаша нұсқауы.
Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін өзге де құжаттарға анықтамаларды, медициналық мекемелердің жолдамаларын, есірткі құралдарының немесе психотроптық заттардың айналымына байланысты қызметтің белгілі бір түрімен айналысуға арналған лицензияларды, науқастың ауру тарихынан үзінді көшірмелерді, тауар-көлік жүкқұжаттарын, медициналық мекеменің осындай құралдар мен заттарды алуға арналған өтінімдерін және т.б. жатқызу қажет.
ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігінде көзделген қылмыстың объективтік жағы есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау арқылы көрініс табады.
Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді заңсыз беру деп оларды медициналық көрсетілімдерсіз ресімдеу және беру, яғни рецепті жазып берілетін адамның аталған препараттармен емдеуді қажет ететін аурумен ауырмауы түсініледі.
Өзге де құжаттарды беру олардың берілуіне материалдық негіздер болмаған немесе оларды беру қағидалары бұзылған жағдайларда заңсыз болып табылады.
Қолдан жасау екі тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін: құжатты бұрмалау және тұтастай жалған құжат дайындау. Бұрмалау тәсілі түпнұсқа құжаттың (рецептінің) мазмұнына оны бұрмалайтын түзетулер енгізу арқылы жүзеге асырылады (тазарту, қосып жазу, мәтінді түзету, күнін, санын, препарат мөлшерлемесін, рецепт жазып берілген адамның тегін және т.б. өзгерту). Ал интеллектуалдық қолдан жасау толығымен жалған рецепт немесе құжат жасау арқылы жүзеге асырылады (бланкінің өзін дайындау, мөрді, қолтаңбаны қолдан жасау).
Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды медициналық мақсаттарда пайдалану қағидаларын бекіткен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 19-тармағына сәйкес, Тізімнің II, III, IV кестелеріндегі есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың прекурсорлары бар дәрілік заттарға арналған науқастардың рецептілері пациенттің жай-күйін стандартты бағалау негізінде фельдшерлер, акушерлер, денсаулық сақтау ұйымдарының дәрігерлері немесе дербес қабылдау жүргізетін дәрігерлер тарапынан латын тілінде, тиісті медициналық көрсетілімдер болған кезде жазып беріледі және олардың қолтаңбасымен, жеке мөрімен (болған жағдайда), денсаулық сақтау ұйымының мөртабанымен және мөрімен (болған жағдайда) куәландырылады.
Кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың прекурсорлары бар дәрілік затты алуға рецепт жазып берген кезде рецептуралық бланкіге қосымша тегін босатуға арналған рецепт жазып берілетінін атап өткен жөн. Жазып берілген рецептілер дәрілік заттарды тегін алуға арналған жазып берілген рецептілерді тіркеу журналына тіркеледі. Бұл ретте есірткілік дәрілік затқа арналған рецептіні оны жазып берген дәрігерден басқа бас дәрігер немесе оның орынбасары да қол қоюға тиіс.
Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігінің диспозициясымен толық қамтылады және ҚК-нің 385-бабы «Құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша қосымша саралауды қажет етпейді. Алайда жоғарыда көрсетілген әрекеттер есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды ұрлаумен байланысты болған жағдайларда, әрекет ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігі және ҚК-нің 384-бабының 3-бөлігі «Құжаттарды заңсыз алып қою, ұрлау, жою, бүлдіру немесе жасыру» бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Медицина қызметкері рецептіні заңсыз жазып берген немесе оны қолдан жасап, есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды иемденген жағдайда, медицина қызметкерінің әрекеттері ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігі және ҚК-нің 297-бабы «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамы формальды болып табылады. Қылмыстық жауаптылық есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептіні немесе өзге де құжатты заңсыз беру не қолдан жасау сәтінен бастап, адамның осы құжатты мақсаты бойынша пайдалана алғанына немесе пайдалана алмағанына қарамастан туындайды.
ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады.
Кінәлі адам есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептіні немесе өзге де құжаттарды заңсыз беріп не қолдан жасап отырғанын сезінеді және мұны қалайды.
Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау субъектісі арнайы болып табылады, яғни оларды беруге құқығы бар адам. Рецептілерге қатысты мұндай адамдар — дәрігерлер, фельдшерлер, акушерлер, емдеу мекемелерінің басшылары. Өзге де құжаттарға қатысты — оларды беруге уәкілеттік берілген лауазымды адамдар. Бұл ретте қолдан жасау субъектісі он алты жасқа толған кез келген есі дұрыс жеке тұлға болуы мүмкін екенін ескеру қажет.
Талдау жасалып отырған әрекетті лауазымды адам жасаған жағдайда, қарастырылып отырған қылмыс құрамы ҚК-нің 369-бабында көзделген «Қызметтік жалғандық жасау» қылмысымен бәсекелеседі. Аталған құқық бұзушылық құрамдарын ажырату қарастырылып отырған әрекеттің тектік объектісі бойынша жүргізілуге тиіс. ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігінде тектік объект азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қоғамдық қатынастар болып табылады, ал ҚК-нің 369-бабында — мемлекеттік қызметтің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Бұдан басқа, қылмыс құрамдарын негізгі ажырату құқық бұзушылықтың заты бойынша жүргізіледі. ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың заты есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілер және тек сол құжаттар болып табылады. ҚК-нің 369-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың заты әртүрлі ресми құжаттар болып табылады. Осылайша, ҚК-нің 322-бабының 5-бөлігі ҚК-нің 369-бабына қатысты арнайы норма болып табылады.
ҚК-нің 322-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 322-бабының 2, 3, 5-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 322-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар