Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабына түсініктеме. Улы заттардың, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құралдардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы
1. Есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары болып табылмайтын улы заттарды, не оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында жөнелту, сол сияқты заңсыз өткізу —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттарды, олардың аналогтарын, құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында жөнелту, сол сияқты заңсыз өткізу —
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер:
1) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
3) бірнеше рет;
4) электрондық ақпараттық ресурстар арқылы жасаған кезде, —
жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған кезде —
он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі улы заттардың заңнамада көзделген айналымының, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын немесе улы заттарды тарату үшін пайдаланылатын заттарды, құралдарды немесе жабдықтарды пайдалану тәртібінің бұзылуында көрініс табады.
Қылмыстың объектісі халықтың денсаулығы болып табылады.
Қылмыстың заты есірткі құралдары, психотроптық заттар болып табылмайтын улы заттар, сондай-ақ улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын құралдар немесе жабдықтар болып табылады. Осы баптың түсіндіріліп отырған бөлігінің 2-бөлігінде көзделген қылмыстың заты есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттар, құралдар немесе жабдықтар болып табылады. Айналымда анықталған заттардың, құралдардың немесе жабдықтардың бап диспозициясында көрсетілгендерге жататын-жатпайтыны туралы мәселе сот сараптамасын жүргізу арқылы шешіледі.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабы 1-тармағының 283) тармақшасына сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы — адамға тіршілік ету ортасы факторларының зиянды әсері болмайтын және оның тіршілік етуіне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін халық денсаулығының, тіршілік ету ортасының жай-күйі.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет — Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғауға бағытталған, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметі, оның ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті, санитариялық-эпидемиологиялық нормалауды, өнімді мемлекеттік тіркеуді, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы, гигиеналық оқытуды, санитариялық-эпидемиологиялық аудитті, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуді, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тәуекел дәрежесін бағалауды қамтитын қызмет (Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 284) тармақшасы).
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 8 қыркүйектегі бұйрығымен «Әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілген. Аталған қағидалар жер учаскесін объект құрылысын салу үшін таңдауға, жобалауға, пайдалануға, реконструкциялауға, жөндеуге, сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауаны баптауға және микробиологиялық, санитариялық-гигиеналық, радиологиялық зертханалардағы жұмыс жағдайларына, материалдарды (микроорганизмдерді) сақтауға және тасымалдауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
Осы Қағидалардың 133-тармағына сәйкес, улы заттармен (органикалық және минералдық қышқылдармен, оттегімен, азотпен, галоген құрамдас қосылыстармен, мышьяк, фосфор және басқа да улы металдар мен бейметалдардың қосылыстарымен) жұмыс істеу оқытылған персонал тарапынан сақтық шараларын сақтай отырып жүргізіледі.
Зертханада пайдаланылатын улы заттар арнайы бөлінген орында, құлыппен жабылатын және пломбаланатын шкафта немесе темір жәшікте сақталады. Улы заттар құйылған ыдыстарда заттың атауы жазылған анық әрі ашық түсті заттаңбалар болуы тиіс (134-тармақ).
Жұмыс үй-жайларында құрамында өрт қауіпті және жарылыс қауіпті заттар, сондай-ақ улы заттар бар ыдыстар жұмыс күні ішінде жұмыс істеуге қажетті мөлшерде сақталады (135-тармақ).
Улы заттар адам ағзасына уытты әсер етеді. Медициналық белгілері бойынша улы деп оларды аз мөлшерде тұтынған (ішке қабылдаған, сыртқа қолданған, тері астына, көктамырға немесе бұлшықетке енгізген) кезде де адамның ауыр улануын немесе өлімін тудыруы мүмкін заттар танылады.
Улы заттар 1988 жылғы БҰҰ-ның Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 1–2-кестелеріне енгізілген. Улы заттарға дәрілік, сондай-ақ синтетикалық және табиғи, дәрілік заттар ретінде пайдалануға рұқсат етілмеген заттар жатады. Атап айтқанда, оларға мышьякты ангидрид, сірке ангидриді, тазартылған ара уы, сынап, стрихнин, цианисті калий, күкірт қышқылы және т.б. жатады.
Қылмыстың объективтік жағын есірткі құралдары, психотроптық заттар болып табылмайтын улы заттарды, не оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында жөнелту, сол сияқты заңсыз өткізу құрайды.
Заңсыз дайындау деп улы заттарды, сондай-ақ оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды алу нәтижесінде жүзеге асырылған кез келген қасақана әрекеттерді не осындай әрекеттер нәтижесінде бір улы затты басқа улы затқа айналдыруды түсіну қажет. Улы заттың бір түрінің нысанын өзгерту (ұсақтау, престеу және т.б.) дайындау болып табылмайды.
Құрылымы бойынша бұл қылмыс формальды құрамға жатады, яғни ол дайын улы заттың кем дегенде бір бөлігін, оны тұтыну ағзаға уытты әсер етуі мүмкін концентрацияда алған сәттен бастап не оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды алған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
Заңсыз қайта өңдеу деп улы заттың концентрациясын арттыру мақсатында тиісті рұқсатсыз сол бір улы затты қайта жасау немесе рафинадтау (бөгде қоспалардан тазарту) түсініледі. Бұл ретте кептіру, ұсақтау, кейбір бөліктерін бөліп алу және сол бір улы затты өзге де түрге келтіру (одан басқа улы зат алынған жағдайларды қоспағанда) заңсыз қайта өңдеу болып табылмайды.
Заңсыз қайта өңдеу улы затты қайта өңдеуге бағытталған әрекеттер басталған сәттен бастап не одан басқа улы зат алынған сәттен бастап аяқталған құқық бұзушылық болып есептеледі.
Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз сатып алу деп оларды кез келген тәсілмен — сатып алу, басқа тауарлар мен заттарға айырбастап алу, қарызды өтеу есебіне алу, қарызға немесе сыйға алу, табылған затты иемдену және т.б. жолдармен тұрақты немесе уақытша иелікке алуды түсіну қажет.
Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды кез келген тәсілмен ұрлау не оларды қорқытып алу сатып алудың объективтік жағын құрамайды. Мұндай әрекеттер меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық көздейтін ҚР ҚК баптары бойынша сараланады.
Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз сатып алу оларды бір адамнан екінші адамға беру сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
Заңсыз сақтау деп тиісті рұқсатсыз улы заттардың, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдардың немесе жабдықтардың кінәлі адамның нақты иелігінде болуына байланысты кез келген қасақана әрекеттерді, олардың орналасқан жеріне (өзінде, жасырын жерде, үй-жайда, көлік құралында және басқа да орындарда) және сақтау уақытына қарамастан, түсіну қажет. Аталған заттар, құралдар немесе жабдықтар жасырын немесе ашық түрде, тегін немесе белгілі бір ақыға сақталуы мүмкін. Бұл мән-жайлар қылмысты саралауға әсер етпейді. Сақтау улы заттардың, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдардың немесе жабдықтардың нақты меншік иесі кім екеніне қарамастан қылмыстық болып есептелуі мүмкін.
Заңсыз сақтау улы заттар, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдар немесе жабдықтар кінәлі адамның нақты иелігінде бола бастаған сәттен бастап аяқталған құқық бұзушылық болып есептеледі.
Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз тасымалдау деп белгіленген тәртіпті бұза отырып, оларды тасымалдау тәсілі мен сақтау орнына қарамастан, физикалық тұрғыдан орын ауыстыру жөніндегі кез келген қасақана әрекеттер түсініледі.
Тасымалдауды улы заттар, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдар немесе жабдықтар заңсыз иелігінде болған адамның өзі де, оның тапсырмасы бойынша басқа адамдар да жүзеге асыра алады. Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз тасымалдауды басқа адамға тапсырған тұлға тасымалдауды ұйымдастырғаны үшін жауаптылықта болады, ал тасымалдау қылмыстық заңға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатпайтын адамдар арқылы жүзеге асырылған жағдайда (мысалы, есі дұрыс емес адамдар, қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адамдар не жүктің сипаты туралы хабарсыз адамдар) қылмыстың орындаушысы ретінде жауап береді. Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды тасымалдау оларды тасымалдау басталған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Улы заттарды Кеден одағының кедендік шекарасы немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз тасымалдау айналымнан алынған немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы ретінде ҚК-нің 286-бабы бойынша сараланады. Улы заттарды дайындауға немесе қайта өңдеуге пайдаланылатын құралдарға немесе жабдықтарға қатысты бұл саралау ерекшелігі қолданылмайды.
Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз жөнелту деп оларды жөнелтушінің қатысуынсыз кез келген байланыс түрімен, көлікпен, шабарман арқылы, сондай-ақ жануарларды, құстарды пайдалану немесе өзге де тәсілдермен жіберу түсініледі.
Жөнелту жөнелтуді ресімдеу сәтінде, яғни багажды байланыс кәсіпорындарының немесе көлік ұйымдарының ресми өкіліне не жөнелту жүзеге асырылатын адамға тапсырған сәттен бастап аяқталған құқық бұзушылық болып есептеледі.
Адресаттың оған жіберілген улы заттарды, құралдарды немесе жабдықтарды алған-алмағанының саралау үшін маңызы жоқ. Егер қылмыс кінәлі адамға байланысты емес себептер бойынша соңына дейін жеткізілмесе, оның әрекеттері оларды жөнелтуге оқталу ретінде саралануы тиіс. Улы заттарды заңсыз жөнелткені үшін қылмыстық жауаптылық жөнелту Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жүзеге асырылған жағдайда ғана туындайтынын атап өткен жөн.
Улы заттарды Кеден одағының кедендік шекарасы немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз жөнелту айналымнан алынған немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы ретінде ҚК-нің 286-бабы бойынша сараланады.
Заңсыз тасымалдау кезіндегідей, улы заттарды дайындауға немесе қайта өңдеуге пайдаланылатын құралдарға немесе жабдықтарға қатысты бұл саралау ерекшелігі қолданылмайды.
Улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды немесе жабдықтарды өткізу деп оларды кез келген заңсыз тәсілмен сату немесе бір адамның иелігінен басқа адамның иелігіне беру (сату, сыйға тарту, қарызды өтеу есебіне беру, айырбастау, қарызға беру және т.б.) түсініледі.
Егер адам қандай да бір затты улы заттар, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдар немесе жабдықтар ретінде көрсетіп, алдау жолымен азаматтардың ақшалай қаражатын немесе мүлкін иемдену мақсатында өткізсе, оның әрекеттері ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде, ал осы затты алған адамның әрекеттері оған байланысты емес себептер бойынша қылмыс соңына дейін жеткізілмегендіктен, улы заттарды, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдарды заңсыз сатып алуға оқталу ретінде саралануы қажет. Осы жолмен алынған қаражат мемлекет кірісіне айналдыруға жатады.
Өткізуді улы заттарды, құралдарды немесе жабдықтарды дайындаған адам да, бұған ешқандай қатысы болмаған адамдар да жүзеге асыра алады.
Өткізу улы заттар, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдар немесе жабдықтар бір адамның нақты иелігінен екінші адамның иелігіне өткен немесе берілген сәтте аяқталған құқық бұзушылық болып есептеледі. Улы заттардың, құралдардың немесе жабдықтардың өту сәті ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін атап өткен жөн, мысалы, олар делдал арқылы өткізілген немесе жасырын орындар пайдаланылған жағдайда. Бұл ретте өткізу аяқталған сәтте улы заттар, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдар немесе жабдықтар өткізілген адам оларды әлі алмаған болуы мүмкін.
Қылмыс құрамы бойынша формальды болып табылады. Ол улы заттардың, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы жүзеге асырылған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағы тек тікелей қасақаналықпен сипатталады: адам улы заттармен, оларды дайындауға немесе қайта өңдеуге арналған құралдармен немесе жабдықтармен заңсыз әрекеттер жасап жатқанын сезінеді. Бұл ретте субъективтік жақтың міндетті белгісі болып улы заттармен, құралдармен немесе жабдықтармен заңсыз әрекеттер жасау мақсаты — оларды өткізу табылады.
Қылмыстың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттарды, құралдарды немесе жабдықтарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында жөнелту, сол сияқты заңсыз өткізу үшін жауаптылық белгіленген.
ҚК-нің 301-бабының 2-бөлігінің осы баптың 1-бөлігінен негізгі айырмашылығы қылмыстың затына байланысты. 1-бөлікте бұрын көрсетілгендей, есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары болып табылмайтын улы заттар, сондай-ақ улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын құралдар немесе жабдықтар қылмыстың заты болып табылады.
ҚК-нің 301-бабының 2-бөлігінде қылмыстың заты есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттар, құралдар немесе жабдықтар болып табылады. Бұл ретте осы баптың 2-бөлігіндегі заттар деп Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтарына жатпайтын, сондай-ақ улы заттарға жатпайтын заттар түсінілетінін ескеру қажет.
ҚК-нің 301-бабының 2-бөлігінде көрсетілген заттардың, құралдардың немесе жабдықтардың негізгі айрықша белгісі — оларды есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдалану мүмкіндігі. Бұдан басқа, ҚК-нің 301-бабының 2-бөлігінде 1-бөліктен айырмашылығы, қайта өңдеу сияқты құқыққа қайшы әрекет көрсетілмеген, өйткені ол осы бөліктегі қылмыс затына қолданылмайды.
ҚК-нің 301-бабының 2-бөлігінде көзделген қалған әрекеттер ҚК-нің 301-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекеттерге ұқсас.
ҚК-нің 301-бабының 3-бөлігінде осы қылмысты жасаудың саралаушы белгілері көзделген: 1) адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасауы; 2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасауы; 3) бірнеше рет жасауы; 4) электрондық ақпараттық ресурстар арқылы жасауы. Осы белгілердің талдауы ҚК-нің 298-бабының 2-бөлігіне және 297-бабының 3-бөлігіне берілген түсініктемелерде қарастырылған.
ҚК-нің 301-бабының 4-бөлігінде улы заттардың, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құралдардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымының ерекше саралаушы белгісі — әрекетті қылмыстық топтың жасауы көзделген. Қылмыстық топтың белгілері ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігіне берілген түсініктемеде көрсетілген.
ҚК-нің 301-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 301-бабының 2, 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 301-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет аса ауыр қылмыстарға жатады.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилиден.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар