Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 29-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың жауаптылығы
1. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысуының сипаты мен дәрежесіне қарай айқындалады.
2. Қоса орындаушылар өздері бірлесіп жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшін осы Кодекстің 28-бабына сілтеме жасамай, осы Кодекстің бір бабы бойынша жауап береді.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушінің жауаптылығы, олар бір мезгілде қоса орындаушылар болған жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 28-бабына сілтеме жасала отырып, жасалған іс-әрекет үшін жаза көздейтін бап бойынша туындайды.
4. Орындаушы қылмысты өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізбеген жағдайда, қалған қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға қатысқаны үшін жауаптылықта болады. Өзге адамдарды осы әрекетті жасауға өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша көндіре алмаған адам да қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында арнайы көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып табылмайтын, бірақ осы бапта көзделген әрекетті жасауға қатысқан адам осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін оның ұйымдастырушысы, айдап салушысы не көмектесушісі ретінде қылмыстық жауаптылықта болады.
ҚК-нің 4-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі қылмыстық құқық бұзушылық жасау, яғни Қылмыстық кодексте көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекетті жасау болып табылады. Қатысу институты қылмыстық жауаптылықтың жаңа негізін құрмайды және оның мазмұнын өзгертпейді. Алайда қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу кезінде қатысушылардың қылмыстық жауаптылығының негіздерін анықтау күрделене түседі, өйткені ұйымдастырушының да, айдап салушының да, көмектесушінің де ешқайсысы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының барлық белгілерін қамтитын қоғамға қауіпті іс-әрекетті тікелей өзі жасамайды. Қатысудың ерекшелігі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері мен оның шекаралары ҚК Ерекше бөлігінің бабында бекітілген нақты құрамның белгілерімен ғана емес, сондай-ақ қылмысқа қатысу мәселелерін реттейтін баптарда тұжырымдалған белгілермен де айқындалатынында. Сондықтан қатысушылардың жауаптылығын ҚК Ерекше бөлігінің тиісті баптарында қамтылған белгілермен негіздеу үшін ҚК-нің 29-бабында тұжырымдалған жауаптылық шарттарын анықтау қажет.
Заң қатысушының түріне қарай жазаны міндетті түрде қатаңдатуды немесе жеңілдетуді көздемейді. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысып жасалғаны үшін жаза тағайындау кезінде, жауаптылықтан немесе жазадан босату мәселесін шешкенде, адамның оны жасауға нақты қатысуының сипаты мен дәрежесі, қылмыстық құқық бұзушылық мақсатына қол жеткізу үшін осы қатысудың маңызы, оның келтірілген зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалы ескеріледі. Қатысушылардың біреуінің жеке басына қатысты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар жаза тағайындау кезінде тек сол қатысушыға қатысты ескеріледі.
Қылмыстық құқық ғылымында қылмысқа қатысудың заңдық табиғаты туралы пікірталас бар. Бұл мәселеде екі негізгі көзқарас қалыптасқан: олардың біріншісі қылмысқа қатысудың акцессорлық сипатын мойындауға негізделеді.
Акцессорлық тұжырымдаманың негізгі қағидалары төмендегідей: 1) қатысушы орындаушының жазаланатын әрекеті болған жағдайда ғана өзінің әрекеттері үшін жауаптылықта болуы мүмкін; 2) қатысушы қылмыстық жауаптылыққа ҚК Ерекше бөлігінің орындаушыға тағылған бабы бойынша тартылады. Қатысудың акцессорлық табиғатының мәні мынада: егер орындаушы аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, онда қатысушылар да аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықта болуы тиіс. Ал егер орындаушы қылмыстық құқық бұзушылыққа тек оқталу жасаған болса, онда қатысушылар да қылмыстық құқық бұзушылыққа оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылады.
Екінші көзқарас қатысушылардың жауаптылығының орындаушының әрекеттеріне тәуелсіздігі туралы тұжырымға негізделеді. Осы көзқарасты жақтаушылардың пікірінше, қатысушылар орындаушының әрекеті үшін емес, өздерінің жеке әрекеттері үшін жауаптылықта болады.
Заң мен оны қолдану практикасын зерделей отырып, қылмысқа қатысудың акцессорлық теориясын қолдайтын да, оған қарсы да дәлелдерді табуға болады. Бір нәрсе анық: қатысушылардың әрқайсысының жауаптылығының негізі орындаушының әрекеттерінде емес, олардың ортақ қылмыстық нәтижеге қол жеткізу үшін жеке өздері жасаған әрекеттерінің сипатында жатыр.
Сонымен бірге шындық мынадай: орындаушы болмаса, қылмысқа қатысу да болмайды. Қатысушылар жауаптылығының ерекше шарттары мен нысандары орындаушы қылмыстың ойластырылған құрамын жүзеге асырған немесе оны жүзеге асыруға кіріскен жағдайда ғана мүмкін болады. Қылмысқа қатысудың акцессорлық теориясының пайдасына келтірілетін ең күшті дәлел — барлық қатысушылардың әрекеттері бірдей сараланады, алайда бұл қағидадан бірнеше ерекшелік бар:
қатысушылар өздерінің қасақаналығымен қамтылмайтын әрекет үшін жауаптылықта болмайды;
ұйымдастырушылардың, айдап салушылардың және көмектесушілердің әрекеттерін саралау кезінде ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасалады;
қатысушының әрекетін саралау кезінде басқа қатысушының жеке басына қатысты мән-жайлар ескерілмейді.
ҚК-нің 29-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмысқа қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысуының сипаты мен дәрежесіне қарай айқындалады. Орындаушы қылмыстық жауаптылыққа тек ҚК Ерекше бөлігінің бабы бойынша ғана тартылады. Қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын орындаушы жүзеге асыратындықтан, қатысушылардың жауаптылығы Қазақстан Республикасының ҚК-мен орындаушының жасаған әрекетіне тікелей тәуелді етіп белгіленгені анық, алайда бұл тек олардың ортақ қасақаналығының шегінде ғана жүзеге асырылады.
ҚК-нің 29-бабының 2-бөлігінде қоса орындаушылар өздері бірлесіп жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшін ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасамай, Қылмыстық кодекстің бір бабы бойынша жауап беретіні белгіленген.
ҚК-нің 29-бабының 3-бөлігінің ережелері де қылмысқа қатысудың акцессорлық табиғатына негізделеді, өйткені онда ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушінің жауаптылығы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаны айқындайтын бап бойынша, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасала отырып туындайтыны, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоса орындаушылары болған жағдайларды қоспағанда, көзделген.
Қатысушылардың қылмыстық жауаптылығының негіздері мен шектері орындаушының аяқталған құқыққа қарсы қызметі жағдайында ғана емес (яғни қатысушылар ойластырған қылмыстық құқық бұзушылықты орындаушы жүзеге асырған кезде), сонымен қатар орындаушының өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты соңына дейін жеткізбеуі жағдайында да қарастырылады. ҚК-нің 29-бабының 4-бөлігіне сәйкес орындаушы қылмысты өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізбеген жағдайда, қалған қылмысқа қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға қатысқаны үшін жауаптылықта болады, яғни осындай мән-жайлар болған кезде қатысушылардың жауаптылығы орындаушының қылмыстық әрекеті тоқтатылған сатыға байланысты болады. Өзге адамдарды тиісті қылмысты жасауға өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша көндіре алмаған адам да қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылықта болады. Бұл ретте ҚК-нің 24-бабының 2-бөлігіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмысқа, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайтынын ескеру қажет. Ал ҚК-нің 24-бабының 4-бөлігіне сәйкес ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың жауаптылық шектері олардың әрқайсысының жасаған әрекеттерінің қаншалықты дұрыс сараланғанына байланысты айқындалады. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың жасаған әрекеттерін дұрыс саралаудың жалпы шарты қатысу нысанын (адамдар тобының алдын ала сөз байласуынсыз не алдын ала сөз байласу арқылы немесе қылмыстық топ құрамында) дәл анықтау болып табылады. Егер қылмыстық құқық бұзушылық алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалса және бұл мән-жай ҚК Ерекше бөлігінің бабында саралаушы белгі ретінде көзделсе, онда барлық қатысушыларға осы сараланған құрам тағылып есептеледі. Бұл ретте ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушінің әрекеттеріне ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасау қажет. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдасқан топ жасаса, онда ұйымдастырушының әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша сараланады (Қазақстан Республикасы ҚК Ерекше бөлігінің ұйымдасқан топ немесе қылмыстық ұйым жасаған әрекет үшін жауаптылықты көздейтін бабы және ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды немесе олардың құрылымдық бөлімшелерін құру және оларға басшылық ету үшін ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігі бойынша). Бұл жағдайда ұйымдастырушының әрекеттерін саралау үшін ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасау талап етілмейді, өйткені оның ұйымдастырушылық қызметі құқықтық бағасын алып қойған. Бұл ретте орындаушының, айдап салушының және көмектесушінің әрекеттері де қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануы тиіс (ұйымдасқан топ немесе қылмыстық ұйым жасаған әрекет үшін жауаптылықты көздейтін ҚК Ерекше бөлігінің бабы және ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысқаны үшін ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігі бойынша).
Орындаушы мен басқа қатысушылардың себептері мен мақсаттары сәйкес келмеген жағдайда, басқа қатысушылардың орындаушының қылмысты заңда көрсетілген себептермен немесе арнайы мақсатпен жасап жатқанынан хабардар болуы міндетті. Мысалы, кісі өлтіруге көмектескен адамның әрекеттері, егер орындаушыда пайдакүнемдік ниеттің бар екендігі көмектесушінің санасында қамтылса, көмектесушінің өзі қызғаныштан әрекет еткеніне қарамастан, пайдакүнемдік ниетпен жасалған кісі өлтіруге көмектесу ретінде саралануы тиіс.
Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушінің әрекеттерін сипаттайтын саралаушы мән-жайлар тек өздеріне қатысты тұлғалардың әрекеттерін саралау үшін ғана маңызға ие болады және басқа қатысушыларға кінә ретінде тағылмайды. Мәселен, егер айдап салушы орындаушыны аса қатыгездікпен кісі өлтіруге көндірсе, ал орындаушы мұндай белгілері жоқ тәсілді қасақана таңдаса, айдап салушының әрекеттері ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша, ал орындаушының әрекеттері ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі бойынша саралануы тиіс.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде арнайы субъектілердің жауаптылығын көздейтін жекелеген нормалар бар. Мысалы, ҚК-нің 344-бабына сәйкес теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігі қызметкерлері ғана қозғалыс қауіпсіздігі мен көлікті пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықта болуы мүмкін; көрінеу әділетсіз үкім, шешім, ұйғарым немесе қаулы шығарғаны үшін жауаптылық (ҚК-нің 418-бабы) тек судьяларға ғана жүктеледі және т.б. Арнайы субъектісі бар қылмыстық құқық бұзушылықты заңда осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін белгіленген жасқа толған кез келген есі дұрыс адам емес, арнайы қасиеттерге ие адам ғана жасай алады.
Арнайы субъектісі бар қылмысқа қатысудың ерекшелігі мынада: осындай қылмыстық құқық бұзушылықтардың табиғатына сәйкес жалпы субъектілер ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесуші бола алады, бірақ қылмыстық құқық бұзушылықтың орындаушысы бола алмайды (ҚК-нің 29-бабының 5-бөлігі). Бұл ретте орындаушыға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың саралаушы белгілері, егер басқа қатысушылар (ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесуші) олар туралы хабардар болса және өз әрекеттерімен қылмыстық құқық бұзушылықтың дәл осы орындаушы арқылы жасалуына ықпал етсе, оларға да тағылуы мүмкін екенін ескеру қажет.
Арнайы субъектісі бар қылмыстық құқық бұзушылық, егер оны жасауға арнайы субъектінің белгілеріне ие екі немесе одан да көп адам қатысса, қылмысқа қатысу арқылы жасалған деп танылады. Мысалы, параны алдын ала сөз байласып, осы қылмысты бірлесіп жасауға келіскен екі немесе одан да көп лауазымды адам алған жағдайда, ол адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алынған пара деп есептелуі тиіс (ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы). Лауазымды адамның лауазымды адам болып табылмайтын тұлғамен сөз байласып пара алуына байланысты әрекеттері адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу ретінде бағаланбайды.
Қатысушылардың қылмыстық жауаптылығының негізі ретінде орындаушы жасаған, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының барлық белгілерін қамтитын және қатысушылардың әрекеттерімен тікелей қажетті себептік байланыста болатын іс-әрекет танылуы тиіс. Орындаушының іс-әрекеті мен қатысушылардың әрекеттері өзара байланысты, өзара шарттасқан және өзара тәуелді болумен қатар, бірыңғай қасақаналықпен де қамтылуы тиіс.
Қатысушылар ортақ қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықта болғанымен, қылмыстық жауаптылыққа өздері жеке жасаған әрекеттерінің шегінде, яғни қылмысқа қатысу кезінде атқарған рөліне сәйкес тартылады.
Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар