Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 269-1-бабы. Күзетілетін объектіге заңсыз кіру туралы түсініктеме
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің органдары мен бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары күзететін объектіге, сондай-ақ жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге елеулі залал не азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіре отырып заңсыз кіру, —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекет:
1) ірі залал келтіре отырып;
2) күш қолданумен немесе оны қолдану қатерін төндірумен;
3) қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолданумен;
4) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған болса, —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер:
1) абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан;
2) қылмыстық топ жасаған болса, —
жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 269-1-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2, 3-бөліктері — қылмыстар) бұл әрекеттің қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғуымен, қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға елеулі зиян келтіру тәуекелдерін туындатуымен, оның ішінде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруімен, сондай-ақ террористік әрекеттер мен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қарсы өзге де қылмыстардың жасалу қаупін арттыруымен көрініс табады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке немесе мемлекеттік күзетпен қорғалатын объектілердің жұмыс істеуінің заңмен белгіленген саласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объект ретінде өмір мен денсаулықты қорғауды, мүліктің сақталуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар танылады.
ҚК-нің 269-1-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің органдары мен бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары күзететін объектіге, сондай-ақ жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіруден, соның салдарынан елеулі залал не азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруден көрінеді.
Ену (кіру) — бұл қандай да бір жердің ішіне кіру, жасырын өту, белгілі бір нәрсеге қол жеткізу дегенді білдіреді. Заңсыз кіру кезінде кінәлі адамда уәкілетті тұлғалардың хабарынсыз, рұқсатынсыз немесе келісімінсіз қандай да бір жерге кіру құқығы болмауға тиіс.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 3 қазандағы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Заңының 1-3-бабына сәйкес күзетілетін объектілер — күзетілетін адамдардың болуы үшін арналған ғимараттар, құрылыстар мен имараттар, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен акватория.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзететін объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бекітеді.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы «Күзет қызметі туралы» Заңының 1-1-бабына сәйкес мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерге аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілер; жарғылық капиталында мемлекет тікелей немесе жанама түрде акциялардың (қатысу үлестерінің) бақылау пакетін иеленетін заңды тұлғаларға тиесілі, стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілері жатады.
Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерді күзетуді мемлекеттік органдар, ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерді айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің тізбелерін Қазақстан Республикасының Президенті немесе Үкіметі өз өкілеттіктеріне сәйкес бекітеді.
Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің бірінші басшылары олардың инженерлік-техникалық нығайтылуын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын талаптарға сәйкес қамтамасыз етуге міндетті.
Күзет қызметтерін көрсету саласында бәсекелестік ортаны қалыптастыру мақсатында мемлекеттік күзетілуге жататын объектілер тізбесіне енгізілмеген объектілерді күзету жеке және заңды тұлғалармен жасалған шарттар негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке күзет ұйымдары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілерге мыналар жатады:
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері;
жеке күзет ұйымдары (көрсетілген Заңның 7-бабы).
Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері мемлекеттік мекемелер болып табылады және тек «Күзет қызметі туралы» Заңның 1-1-бабында көрсетілген объектілерді (аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді, жарғылық капиталында мемлекет тікелей немесе жанама түрде акциялардың (қатысу үлестерінің) бақылау пакетін иеленетін заңды тұлғаларға тиесілі, стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілерін) ғана күзетуді жүзеге асырады.
Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын Тізбеге енгізілген жеке тұлғаларға күзет қызметтерін шарттық негізде көрсетеді (көрсетілген Заңның 9-бабы).
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 70-бабына сәйкес қауіпті өндірістік объектілердің белгілеріне мыналар жатады:
мынадай қауіпті заттардың кем дегенде біреуін өндіру, пайдалану, өңдеу, түзу, сақтау, тасымалдау (құбыржол арқылы), жою:
иондаушы сәулелену көзі;
тұтанғыш зат — қалыпты қысым кезінде және ауамен қоспада тұтанғыш болатын және қалыпты қысым кезінде қайнау температурасы 20 градус Цельсий немесе одан төмен болатын газ;
жарылғыш зат — сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөлініп, газдар түзілетін жылдам өздігінен таралатын химиялық айналуға қабілетті зат;
жанғыш зат — өздігінен тұтануға қабілетті, сондай-ақ тұтану көзінен тұтанып, ол жойылғаннан кейін өздігінен жануын жалғастыратын сұйықтық, газ;
тотықтырғыш зат — тотығу-тотықсыздану экзотермиялық реакциясының нәтижесінде жануды қолдайтын, тұтануды тудыратын және (немесе) басқа заттардың тұтануына ықпал ететін зат;
улы зат — тірі организмдерге әсер еткен кезде олардың өлуіне әкеп соғуы мүмкін және мынадай сипаттамалары бар зат:
асқазанға енгізу кезіндегі орташа өлімге әкелетін дозасы салмақтың бір килограмына шаққанда 15-тен 200 миллиграмға дейін қоса алғанда;
теріге жағу кезіндегі орташа өлімге әкелетін дозасы салмақтың бір килограмына шаққанда 50-ден 400 миллиграмға дейін қоса алғанда;
ауадағы орташа өлімге әкелетін концентрациясы литріне 0,5-тен 2 миллиграмға дейін қоса алғанда;
жоғары уытты зат — тірі организмдерге әсер еткен кезде олардың өлуіне әкеп соғуы мүмкін және мынадай сипаттамалары бар зат:
асқазанға енгізу кезіндегі орташа өлімге әкелетін дозасы салмақтың бір килограмына шаққанда 15 миллиграмнан аспайтын;
теріге жағу кезіндегі орташа өлімге әкелетін дозасы салмақтың бір килограмына шаққанда 50 миллиграмнан аспайтын;
ауадағы орташа өлімге әкелетін концентрациясы литріне 0,5 миллиграмнан аспайтын;
қоршаған ортаға қауіпті зат, оның ішінде су ортасында мынадай жедел уыттылық көрсеткіштерімен сипатталатын зат:
балыққа тоқсан алты сағат бойы ингаляциялық әсер ету кезіндегі орташа өлімге әкелетін дозасы литріне 10 миллиграмнан аспайтын;
дафнияға қырық сегіз сағат бойы әсер ету кезінде белгілі бір әсер тудыратын удың орташа концентрациясы литріне 10 миллиграмнан аспайтын;
балдырларға жетпіс екі сағат бойы әсер ету кезіндегі орташа тежегіш концентрациясы литріне 10 миллиграмнан аспайтын;
қара, түсті, бағалы металдар мен осы металдар негізіндегі қорытпалардың балқымаларын өндіру;
кең таралған пайдалы қазбаларды геологиялық барлау мен оларды алу жөніндегі тау-кен жұмыстарын және жарылыс жұмыстарын жүргізбей жүзеге асырылатын тау-кен жұмыстарын қоспағанда, тау-кен, геологиялық барлау, бұрғылау, жарылыс жұмыстарын жүргізу, пайдалы қазбаларды өндіру және минералдық шикізатты қайта өңдеу, жерасты жағдайларындағы жұмыстарды орындау.
Осылайша, қауіпті өндірістік объектілерге жоғарыда аталған белгілері бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган бекіткен қауіпті өндірістік объектілерді сәйкестендіру қағидаларына сәйкес осындай объектілер ретінде сәйкестендірілген кәсіпорындар, өндірістік бөлімшелер және осы кәсіпорындардың басқа да объектілері жатады.
Қауіпті өндірістік объектілерге сондай-ақ қауіпті техникалық құрылғылар да жатады:
0,07 мегапаскальдан астам қысыммен немесе суды 115 градус Цельсийден жоғары температураға дейін қыздыру кезінде жұмыс істейтін техникалық құрылғылар, жылу желілерін қоспағанда;
жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектігі бар адамдарға) арналған көтергіштер;
0,07 мегапаскальдан астам қысыммен және (немесе) суды 115 градус Цельсийден жоғары температураға дейін қыздыру кезінде жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары (жылумен жабдықтау ұйымдары), 0,07 мегапаскальдан астам қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектігі бар адамдарға) арналған көтергіштер;
қауіпті өндірістік объектілерде пайдаланылатын, бұрғылау тереңдігі екі жүз метрден асатын ұңғымаларды бұрғылауға және жөндеуге арналған қондырғылар;
шахталық көтергіш қондырғылар мен көтергіш машиналар;
жарылғыш заттар мен олардың негізіндегі бұйымдардың жылжымалы қоймалары, араластыру-зарядтау және жеткізу-зарядтау машиналары, жарылғыш заттар мен олардың негізіндегі бұйымдарды дайындауға арналған мобильді және стационарлық қондырғылар (көрсетілген Заңның 71-бабы).
Қазақстан Республикасының «Күзет қызметі туралы» Заңының 10-бабының 1-тармағына сәйкес жеке күзет ұйымы — күзет қызметтерін өзінің кәсіпкерлік қызметі ретінде көрсететін коммерциялық ұйым.
ҚК-нің 269-1-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы құрылымы бойынша материалдық құрамға жатады. Бұл әрекеттің объективтік жағы үш міндетті белгіні қамтиды: біріншіден, бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдар күзететін объектіге, сондай-ақ жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіруден көрінетін қоғамға қауіпті әрекет; екіншіден, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке елеулі залал не өзге де елеулі зиян келтіру түрінде көрінетін қоғамға қауіпті зардаптар; үшіншіден, заңсыз әрекет пен заңда көрсетілген зардаптардың арасындағы себепті байланыс. Тиісінше, әрекет диспозицияда көрсетілген қоғамға қауіпті зардаптар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
ҚК-нің 3-бабының 2) тармағына сәйкес елеулі залал деп айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын залал мөлшері танылады.
ҚК-нің 3-бабының 14) тармағына сәйкес елеулі зиян деп адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуы; елеулі залал келтіру; жәбірленушіде қиын өмірлік жағдайдың туындауы; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуы; маңызды әскери іс-шаралардың өткізілуінің бұзылуы не әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігінің қысқа мерзімге төмендеуі; қарулы топтардың немесе жекелеген қаруланған адамдардың, құрлықтағы, әуедегі немесе теңіздегі жауынгерлік техниканың шабуылын уақтылы анықтамау немесе тойтармау, адамдар мен көлік құралдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан кедергісіз заңсыз өтуіне, контрабандалық жүктердің орын ауыстыруына жол беру, шекаралық құрылыстарға залал келтіретін әрекеттерге жол беру; келтірілген зиянның елеулілігін куәландыратын өзге де зардаптар танылады.
Елеулі зиян келтіру — тергеу органдары жасалған әрекеттің нақты мән-жайларын ескере отырып белгілейтін бағалау санаты. Мұндай зиян жеке және заңды тұлғаларға келтірілуі мүмкін. Бұл ретте кінәлі адамның әрекеттерінің заңдылығына үшінші тұлғалардың мүддесі үшін де дау айтуға болады.
Құқыққа қайшы зардаптардың сипаты бойынша елеулі зиян тікелей нақты залал немесе айырылып қалған пайда түріндегі мүліктік зиян, азаматтардың немесе ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуы, елеулі материалдық залал келтіру, азаматтардың жүріп-тұру бостандығына конституциялық құқықтарының бұзылуы және т.б. түрінде көрінуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдар күзететін объектіге, сондай-ақ жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіру салдарынан азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке елеулі залал не өзге де елеулі зиян келтіру түріндегі зардаптар болмаған жағдайда, адам Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің «Күзетілетін объектілерге заңсыз кіру» деп аталатын 506-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Мәселен, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот С.-ға қатысты әкімшілік істі қараған, онда С. күзетілетін объект — ЖЭО-2 аумағына заңсыз кірген. Алайда күзетілетін объектіге заңсыз кіру елеулі залал келтіруге әкеп соқпаған және ешкімге елеулі зиян келтірмегендіктен, С. әкімшілік жауаптылыққа негізді түрде тартылған.
Осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының диспозициясында объективтік жақтың уақыт, орын, тәсіл, жағдай, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау құралдары мен қарулары сияқты белгілері қамтылмаған. Демек, ҚК-нің 269-1-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты саралау кезінде жоғарыда аталған белгілердің маңызы болмайды, алайда олар жаза тағайындау кезінде ескерілуге тиіс.
ҚК-нің 269-1-бабы бойынша адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдар күзететін объектіге, сондай-ақ жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіру мен туындаған қоғамға қауіпті зардаптар арасындағы себепті байланысты анықтау қажет.
ҚК-нің 269-1-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады. Бұл ретте қасақаналық тікелей де, жанама да болуы мүмкін. Кінәлі адам күзетілетін объектіге заңсыз кірудің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі залал не елеулі зиян келтіру мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі, оның туындауын қалайды не оған саналы түрде жол береді немесе оған немқұрайды қарайды.
Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі есі дұрыс, он алты жасқа толған кез келген жеке тұлға болуы мүмкін.
Қылмыстық заң күзетілетін объектіге заңсыз кірудің сараланған және аса сараланған түрлерін де бөліп көрсетеді.
Мәселен, ҚК-нің 269-1-бабы 2-бөлігінің 1) тармағында саралаушы белгі ретінде ірі залал келтіру көзделген. ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес ірі залал деп айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын залал мөлшері танылады.
ҚК-нің 269-1-бабы 2-бөлігінің 2) тармағында саралаушы белгі ретінде күш қолдану не оны қолдану қатерін төндіру арқылы жасалған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық көзделген.
Күш қолдану деп адамның өміріне қауіпті емес және денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соқпаған кез келген дене күшін қолдануды түсіну қажет. Денсаулыққа қасақана орташа немесе жеңіл ауырлықтағы зиян келтіру, ұрып-соғу, азаптау ҚК-нің 269-1-бабы 2-бөлігінің 2) тармағының диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды қажет етпейді.
Күш қолдану қатері деп кінәлі адамның күш қолдануға (өлім келтіруге немесе денсаулыққа зиян келтіруге) нақты ниетін білдіретін сөздерін, қорқытуын немесе өзге де әрекеттерін түсіну қажет. Бұл ретте жәбірленуші аталған қатерді шынайы деп қабылдауға тиіс.
Әрекетті саралау үшін кінәлі адамның қатерді жүзеге асыруға ниеттенген- ниеттенбегенінің маңызы жоқ. Күш қолдану қатерінің кез келген түрі ҚК-нің 269-1-бабы 2-бөлігінің 2) тармағымен қамтылады және қатер төндіргені үшін қылмыстық жауаптылық көздейтін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 115-бабы бойынша қосымша саралауды қажет етпейді.
ҚК-нің 269-1-бабы 2-бөлігінің 3) тармағында саралаушы белгі ретінде күзетілетін объектіге қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдана отырып заңсыз кіру көзделген.
Қаруды қолдану деп қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру мақсатында олардың арнайы арналуы бойынша нақты пайдалануды түсіну қажет. Қаруды қолдану тек оның зақым келтіру қасиеттерін пайдалануды көздейді (мысалы, күзетілетін объектіге заңсыз кіру кезінде қарудың сабымен соққы жасалған жағдайда, ол қару ретінде емес, денсаулыққа зиян келтіру үшін пайдаланылған зат ретінде бағалануға тиіс).
Күзетілетін объектіге заңсыз кіру барысында көрінеу жарамсыз немесе оқталмаған қаруды не қаруға ғана ұқсайтын өзге де затты (тапанша макеті, ойыншық пышақ немесе кастет және басқалар) пайдаланған жағдайда, жәбірленушінің оны қалай қабылдағанына қарамастан, кінәлінің әрекеттері ҚК-нің 269-1-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша сараланбайды.
Күзетілетін объектіге заңсыз кіру кезінде ауызша қатер төндіру, сол сияқты қаруды немесе басқа да заттарды көрсету ҚК-нің 269-1-бабының 1-бөлігінің диспозициясымен қамтылады және қаруды немесе басқа да заттарды қолдану арқылы жасалған күзетілетін объектіге заңсыз кіру ретінде сараланбайды, өйткені мұндай әрекеттер қаруды немесе басқа да заттарды қолдануды (пайдалануды) әлі білдірмейді, демек, олар азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірмейді.
ҚК-нің 269-1-бабы 2-бөлігінің 4) тармағында саралаушы белгі ретінде әрекетті адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы көзделген.
Қылмысты бірнеше адам жасаған кезде әрбір сыбайлас қатысушының қатысу дәрежесін анықтау, олардың арасында алдын ала сөз байласудың болған-болмағанын, рөлдердің бөлінген-бөлінбегенін, сондай-ақ әрекетті адамдар тобының немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасағаны туралы қорытынды жасауға, жауаптылыққа тартылған әрбір адамның қатысу дәрежесін айқындауға, олардың әрекеттерін жеке саралауға және әділ жаза тағайындауға негіз болатын барлық өзге де мән-жайларды анықтау қажет.
Егер қылмысты алдын ала сөз байласусыз әрекет еткен екі немесе одан да көп орындаушы бірлескен әрекеттерімен жасаса, ол адамдар тобы жасаған қылмыс деп танылады.
Егер қылмыстық құқық бұзушылыққа оны бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан адамдар қатысса, ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыс деп танылады. Күзетілетін объектіге заңсыз кіруді алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған деп саралау үшін, біріншіден, күзетілетін объектіге кіруді жасау туралы алдын ала сөз байласудың болғанын, екіншіден, мұндай топтың кемінде екі қатысушысы қылмыстың тең орындаушылары болғанын анықтау қажет.
ҚК-нің 269-1-бабы 3-бөлігінің 1) тармағында аса саралаушы белгі ретінде абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекетті жасау көзделген.
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 153-бабына сәйкес биологиялық өлім — организмнің тіршілік әрекетінің тоқтауы, бұл кезде өмірлік маңызды функциялар қайтымсыз түрде жойылады.
ҚК-нің 3-бабының 4) тармағына сәйкес ауыр зардаптарға мыналар жатады: адамның өлімі; екі немесе одан да көп адамның өлімі; жәбірленушінің (жәбірленушілердің) немесе оның (олардың) жақындарының өзіне-өзі қол жұмсауы; денсаулыққа ауыр зиян келтіру; екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру; адамдардың жаппай ауруға шалдығуы, жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы; халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның жай-күйінің нашарлауы; қалаусыз жүктіліктің басталуы; техногендік немесе экологиялық апаттың, төтенше экологиялық жағдайдың туындауы; ірі немесе аса ірі залал келтіру; жоғары қолбасшылық қойған міндеттердің орындалмауы; мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіру, апат немесе авария; әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігінің ұзақ уақытқа төмендеуі; жауынгерлік тапсырманың орындалмауы; жауынгерлік техниканың істен шығарылуы; келтірілген зиянның ауырлығын куәландыратын өзге де зардаптар.
ҚК-нің 269-1-бабы 3-бөлігінің 1) тармағында көзделген әрекет те кінәнің қасақана нысанымен сипатталады. Алайда қарастырылып отырған әрекетте қасақаналық тек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдар күзететін объектіге, сондай-ақ жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіру фактісіне ғана қатысты болуы мүмкін. Ал адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан салдарға қатысты психикалық қатынас кінәнің абайсыздық нысанымен көрініс табуға тиіс. Кінәлі адамның әрекеттерінде қасақаналық нысаны болған жағдайда, оның әрекеттері күзетілетін объектіге заңсыз кіру және тиісті қылмыстық құқық бұзушылық, мысалы, ҚК-нің 106-бабында көзделген «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде саралануға тиіс.
Қылмыстық топ ұғымының анықтамасы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 269-1-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 269-1-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 269-1-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар