Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 259-бабына түсініктеме. Террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру
1. Террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру –
мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекетті адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты жасауы –
мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Аталған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оның қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретіндігімен, терроризм актілерін жасау қаупінің туындауымен, адамдардың қаза табу, елеулі мүліктік залал келтіру не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау қаупін қалыптастыруымен сипатталады.
Осы қылмыстың объектісі қоғамдық қауіпсіздік болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру арқылы көрініс табады.
Адамды азғырып көндіру деп террористік не экстремистік қызметке қатысу үшін еріктілерді материалдық сыйақы алу мақсатында келісім бойынша іздестіру, жалдау немесе тарту, көндіру және қатыстыру жөніндегі қасақана әрекеттерді түсіну қажет. Азғырып көндіру үміткерлерді іздестіруден басталады, содан кейін террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында оларға кез келген тәсілмен (көндіру, бопсалау, уәде беру арқылы) психикалық ықпал ету жүзеге асырылады және келісім жасасумен аяқталады. Азғырып көндіруге сондай-ақ бір немесе бірнеше қылмысты жасауға қатысуға деген ықыласты оятуға бағытталған, физикалық немесе психикалық ықпал етуді қолданумен ұштасқан әрекеттерді, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарды жасауға қатысуға айдап салуды жатқызу қажет. Жалдану талаптары жазбаша түрде (шарт нысанында) да, ауызша түрде де айқындалуы мүмкін.
Азғырып көндіру — бұл мәміле, оның жасалған деп танылуы үшін тараптар арасында соңғысының нысанына қарамастан барлық елеулі талаптар бойынша кез келген келісімнің болғанын анықтау қажет. Осылайша, ол жалдаушы адамның террористік не экстремистік қызметке қатысуға келісімін алған сәттен бастап аяқталған болып есептелуге тиіс. Азғырып көндірілген адамның сыйақы алған-алмағаны, террористік не экстремистік қызметке нақты қатысқан-қатыспағаны заңдық маңызға ие емес.
Даярлау — бұл адамға әскери сипаттағы білімдерді, іскерліктер мен дағдыларды беру, сондай-ақ оны террористік не экстремистік қызметке тікелей қатысуға дайындау мақсатында оған белгілі бір түрде психологиялық, оның ішінде идеологиялық ықпал ету. Оқыту онымен қаруды, қару-жарақты, әскери техниканы барынша тиімді әрі орынды қолдану және пайдалану, ұрыс жүргізу тактикасы мәселелері бойынша арнайы сабақтар өткізуді, сондай-ақ жауынгерлік тәсілдерге және т.б. үйретуді қамтиды.
Даярлауды оны жасаудың басталуымен, яғни оқытылатын кем дегенде бір адамға тиісті білімдерді, іскерліктер мен практикалық дағдыларды беру басталған сәттен бастап, оқытудың ұзақтығы мен мақсатты түрде аяқталған-аяқталмағанына қарамастан, аяқталған қылмыс деп есептеу қажет.
Қаруландыру — бұл тірі күш пен инфрақұрылым объектілерін жоюға арналған техникалық құралдар кешенімен, қарумен, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен, жарылғыш құрылғылармен жабдықтау, ол пайдакүнемдік ниетпен де, ақысыз негізде де жүзеге асырылуы мүмкін. Қылмыс қару-жарақпен қамтамасыз етілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 24-тармағында да «азғырып көндіру», «даярлау», «қаруландыру» ұғымдары ашып көрсетілген:
«Азғырып көндіру деп (ҚК-нің 259-бабының бірінші бөлігі) белгілі бір адамның (адамдар тобының) террористік не экстремистік қылмысты жасауға қатысуға деген қалауын (ниетін, ұмтылысын) және дайындығын қалыптастыру арқылы террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыруға бағытталған қасақана әрекеттерді түсіну керек. Атап айтқанда, адамдарды террористік не экстремистік қызметке іздестіру және тарту, үгіт-насихат жұмысын жүргізу, оқуға даярлау үшін тізімге енгізу және басқа да әрекеттер. Бұл ретте азғырып көндірушінің әрекеттері белсенді сипатта болуға тиіс және психикалық немесе физикалық ықпал етумен қатар жүруі мүмкін.
Азғырып көндіру әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін, мысалы, көндіру, сендіру, өтініш жасау, ұсыныс білдіру, қорқыту, үрейлендіру, ұрып-соғу, параға сатып алу, алдау, кек алу, қызғаныш және басқа да төмен ниеттер сезімін ояту, терроризм актілерін жасағаны үшін жазасыз қалатынына сендіру, ақы төлеуге уәде беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Азғырып көндіру көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап, аталған адамның террористік және (немесе) экстремистік бағыттағы қылмыс жасаған-жасамағанына қарамастан, аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық деп есептеледі.
Даярлау азғырып көндірілген адамдарды қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш құрылғыларды, жарылғыш заттарды, радиоактивті заттарды, ядролық материалдарды, әскери техниканы, байланыс құралдарын пайдалану қағидаларына, ұрыс қимылдарын жүргізу қағидаларына оқытудан, сондай-ақ террористік не экстремистік қызметті кез келген нысанда ұйымдастыру мақсатында тиісті нұсқамалар, жаттығулар, атыстар, оқу-жаттығулар және басқа да іс-әрекеттер өткізуден тұрады.
ҚК-нің 259-бабының бірінші бөлігіндегі қаруландыру деп террористік не экстремистік қызметке қатысу үшін адамдарды кез келген түрдегі қарумен қамтамасыз етуді түсіну керек».
Террористік қызмет ұғымының анықтамасы «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 18) тармақшасында берілген (ҚР ҚК-нің 258-бабына түсініктемені қараңыз).
Террористік қылмыстардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 30) тармақшасында белгіленген.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 1) тармақшасында «экстремизм» ұғымының анықтамасы берілген (ҚР ҚК-нің 258-бабына түсініктемені қараңыз).
Экстремистік топ ұғымы және экстремистік қылмыстардың тізбесі ҚР ҚК-нің 3-бабының 40) және 39) тармақшаларында бекітілген (ҚР ҚК-нің 258-бабына түсініктемені қараңыз).
Экстремистік қылмыстардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 39) тармақшасында белгіленген.
Заң шығарушы ҚК-нің 184, 258, 259, 260-баптарында көзделген әрекеттерді экстремистік те, террористік те қылмыстарға жатқызғанын атап өткен жөн.
Субъективтік жағы кінәнің тікелей қасақаналық түріндегі қасақана нысанымен сипатталады. Адам террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіретінін немесе даярлайтынын не қаруландыратынын сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала болжайды және осындай әрекеттерді жасауды қалайды.
Субъективтік жақтың міндетті белгісі — террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру түріндегі арнайы мақсат болып табылады.
Субъектісі — есі дұрыс, он алты жасқа толған жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігінде дәл сол әрекетті адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген.
Адамның қызмет бабын пайдалануы кінәлінің өзінің қызметтік өкілеттіктерін жүзеге асыруы салдарынан, яғни атқаратын қызметтік мәртебесіне байланысты өзіне берілген құқықтары мен міндеттерін орындауын ғана қамтымайды. Қызмет бабын пайдалану қызметтік өкілеттіктерді орындау ұғымына жатпайтын қызметтік байланыстарды, атқаратын лауазымының беделін және өзге де факторларды пайдалануға да жол береді. Сондықтан қызметтік міндеттерді пайдаланумен байланысты қызмет бабын пайдалану, ең алдымен, өзінің қызмет бабын теріс пайдалану, заңда немесе өзге де нормативтік құқықтық актіде айқындалған қызметтік өкілеттіктерінен артықшылықтар мен пайда алу не қызметінің түріне (мемлекеттік немесе мемлекеттік емес) қарамастан қызметтік байланыстары мен беделін пайдалану дегенді білдіреді. Қызмет бабын пайдалану тәсілін таңдау кінәлінің нақты мүмкіндіктеріне байланысты болады.
Өзінің қызмет бабын пайдаланатын адам деп лауазымды адамдарды ғана емес, коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамдарды қоса алғанда, өзінің қызмет бабын пайдаланатын кез келген адамды түсіну қажет.
Жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі қағидасына сәйкес, мұндай жағдайларда кінәлінің әрекеттерін мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін немесе коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Тағы бір саралаушы белгі — адамның кәмелетке толмаған адамға қатысты азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру әрекеттерін жасауы, яғни он сегіз жасқа толмаған адамға қатысты жасауы болып табылады.
Кінәлі адам өзінің кәмелетке толмаған адамды азғырып көндіруді немесе даярлауды не қаруландыруды жүзеге асырып жатқанын білуге тиіс.
ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет аса ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар