Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабына түсініктеме. Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу
Қылмысқа дайындалу деп тікелей қасақаналықпен жасалған қылмыс құралдарын немесе қаруларын іздестіру, дайындау немесе бейімдеу, қылмысқа қатысушыларды іздестіру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшін өзге де қасақана жағдайлар жасау танылады, егер бұл ретте қылмыс адамның еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізілмесе.
Ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшін, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
Қылмысқа оқталу деп тікелей қасақаналықпен жасалған, қылмыс жасауға тікелей бағытталған әрекеттер (әрекетсіздік), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізілмесе, танылады.
Орташа ауырлықтағы, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа оқталғаны үшін, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
Қылмысқа дайындалғаны және қылмысқа оқталғаны үшін жауаптылық осы Кодекстің аяқталған қылмыс үшін көзделген сол бабы бойынша, осы баптың тиісті бөлігіне сілтеме жасала отырып туындайды.
Қылмыстық жауаптылықтың негізі қылмыстық құқық бұзушылықты, яғни ҚК-де көзделген қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекетті жасау болып табылады (ҚК-нің 4-бабы). Бұл ретте жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа қылмыстық-құқықтық баға беру оның уақыт пен кеңістіктегі ұзақтығына байланысты болмайды.
Сонымен бірге шынайы өмірде қылмыс жасау кезінде қылмыстық ниеттің пайда болуы мен оны іс жүзінде іске асыру арасында белгілі бір уақыт аралығы өтетін жағдайлар жиі кездеседі. Осы уақыт ішінде кінәлінің санасында қалыптасқан қылмыстық мақсат кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда қылмыстың объективтік жағын орындаудың алдында, әдетте, болашақтағы қылмыстық мінез-құлықты саналы-еріктік тұрғыдан модельдеу процесі жүреді. Бұл процесс қасақаналықты қалыптастыру деп аталады және мақсат қоюды, оған қол жеткізу құралдарын айқындауды, қылмыс жасау мен оны жасыру тәсілдерін таңдауды, қылмысқа сыбайлас қатысушыларды тарту мүмкіндіктерін ойластыруды және т.б. қамтиды.
Қалыптасқан қылмыстық ниет пен қалаған нәтижеге қол жеткізуге деген шешім ойластырылған әрекетті орындауды жеңілдететін жағдайлар жасаудан көрініс табады. Мәселен, көлік құралын айдап әкету үшін мұндай жағдайлар дабыл жүйесін бұзуға арналған құралдарды алдын ала таңдау, қажетті ақпаратты жинау және т.б. арқылы жасалуы мүмкін. Осы және басқа да осындай әрекеттерден кейін нақты қылмысты жасау кезеңі (оның объективтік жағын орындау) басталады, соның нәтижесінде қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға (мүдделерге) зиян келтіріледі.
Қылмыстық құқықта қылмыстық қызметтің кезеңдері қылмыс жасау сатылары деп аталады. Қылмыстық кодекс оларға қылмысқа дайындалуды, қылмысқа оқталуды және аяқталған қылмысты жатқызады.
Қылмыстық заңда қылмыстық құқық бұзушылық жасау сатыларының ұғымы ашып көрсетілмеген. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексінің нормаларында қылмысқа дайындалу мен қылмысқа оқталудың, аяқталған қылмыстық құқық бұзушылықтың және қылмыстық құқық бұзушылық жасаудан өз еркімен бас тартудың құқықтық сипаттамасы арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың жекелеген кезеңдері ашылған.
Заң шығарушының түпкі ойы бойынша, қылмыстық құқық бұзушылық жасау сатылары жүйесінде қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу институттары қылмыс санатына жататын қасақана қоғамға қауіпті әрекеттер үшін ғана жауаптылық мәселелерін шешуге арналған. Ал аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық пен қылмыстық құқық бұзушылық жасаудан өз еркімен бас тарту ұғымдары қылмыстарға да, қылмыстық теріс қылықтарға да қолданылады. Демек, қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерді жасау сатыларын талдау кезінде сатыларды қасақана қылмыстарға және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарға саралау арқылы реттелетін қатынастардың ерекшелігін ескеру қажет. Қылмыс жасау сатылары деп қылмыстық заңда көзделген, қасақана қылмыстың даму кезеңдерін білдіретін және қасақаналықтың іске асу дәрежесі мен қоғамдық қауіптілік деңгейі бойынша ерекшеленетін кезеңдерді түсіну керек.
Қылмыстық заңда көзделген іс-әрекеттің даму сатысы қандай болғанына қарамастан, ол қылмыс ұғымымен қамтылады. Алайда қоғамдық қауіптілік тұрғысынан алғанда, қылмыстық қызметтің неғұрлым кейінгі сатыларының анағұрлым қауіпті екені анық.
Алдын ала қылмыстық жазаланатын қызмет институты бұрынғысынша тек қылмыстарға ғана қолданылады. Қылмыстық теріс қылықтар өздерінің қоғамдық қауіптілігінің төмендігіне және қоғамдық зиянды салдарының елеусіздігіне байланысты оларды жасаудың бастапқы (алдын ала) сатыларында қылмыстық-құқықтық айыптауға негіз болмайды және тиісінше қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Аяқталған қылмыс кезінде кінәлінің қасақаналығы жасалған әрекеттер мен олардың салдарларында толық іске асса, дайындалу мен оқталу кезінде қасақаналық толық іске аспайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі дайындалу мен оқталуды қылмыстық қызметтің екі дербес сатысы ретінде нақты ажыратып, олардың әрқайсысына толық анықтама берген (ҚК-нің 24-бабының 1, 3-бөліктері). ҚК-нің 25-бабында аяқталған қылмыстың анықтамасы берілген.
Дайындалу мен оқталу сатылары (аяқталған қылмыстан айырмашылығы) әдетте алдын ала қылмыстық қызмет деп біріктіріледі.
Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы құқыққа қайшы іс-әрекет жүзеге асырылу процесінде болған жағдайларда да оның елеулі дәрежеде қауіпті әрі қылмыстық сипатта болатынын негізге алады.
Қасақана қылмыстық қызмет басталғанға дейін адам қылмыстың сипаты мен нәтижесін елестетеді. Бұл оның қылмыстық ниетін жүзеге асыруға бағытталған қызметінің тәсілі мен сипатын айқындайды. Алайда алдағы қылмысты ойластыру процесі адамның психикасында өтетін ішкі процесс болып табылады. Ол белгілі бір әрекеттер арқылы сыртқы көрініс тапқанға дейін айналасындағыларға белгісіз болады.
Қылмыстық ниетті қалыптастыруды қылмыстық қызметтің даму сатысы ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай тұжырым қолданыстағы қылмыстық заңнамаға негізделмейді. Қолданыстағы қылмыстық заңнама бойынша қылмыстық ойлар, көңіл күйлер, тіпті қылмыс жасау ниеті белгілі бір нысанда айтылып, бөгде адамдарға белгілі болғанның өзінде (ниеттің анықталуы деп аталатын құбылыс) өздігінен қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Қасақана қылмыс жасау сатыларын дұрыс айқындау құқық қорғау органдарының қызметінде аяқталған қылмысты аяқталмаған қылмыстан ажырату және тиісінше жасалған әрекетті дұрыс саралау, сондай-ақ жасалған әрекеттер мен кінәлінің жеке басының қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтау үшін маңызды, өйткені аяқталған қылмыс, әдетте, оқталудан қауіпті, ал оқталу дайындалудан қауіпті. Сонымен қатар нақты сатыны анықтау сотқа заңға сәйкес кінәліге тағайындалатын жазаны жеке даралауға мүмкіндік береді.
ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмысқа дайындалу деп тікелей қасақаналықпен жасалған қылмыс құралдарын немесе қаруларын іздестіру, дайындау немесе бейімдеу, қылмысқа қатысушыларды іздестіру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшін өзге де қасақана жағдайлар жасау танылады, егер бұл ретте қылмыс адамның еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізілмесе.
Дайындалу деп қылмыс жасау үшін жағдайлар жасауға бағытталған кез келген қасақана қызметті түсіну керек. Мысалы, адам өлтіру үшін қару сатып алу, ұрлық жасау мақсатында ғимаратқа кіруге болатын орынды зерттеу, қылмысқа сыбайлас қатысушыларды іздестіру, жалған ақша басып шығаруға арналған клише дайындау және т.б.
Дайындық әрекеттері заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға тікелей қауіп төндірмейді, олар тек болашақта қылмыстық нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігін туғызатын жағдайлар жасайды. Дайындалу — адамның қылмыстық ниетін іске асырудың алғашқы кезеңі.
Адам нақты бір қылмысты емес, жалпы «қылмысты», «бір кездері», «қандай да бір» қылмысты жасауды болжап, дайындық әрекеттерін жүзеге асырған жағдайларды қылмысқа дайындалу ретінде қарастыруға болмайды. Заң жалпы абстрактілі дайындық қызметін емес, нақты қолсұғушылық объектісімен айқындалатын нақты ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасауға дайындалуды қудалайтынын ескеру қажет. Сондықтан қолсұғушылық объектісі болмаса, қылмыстың өзі де болмайды. Белгілі бір объектіге зиян келтіруге ұмтылу қылмыстық әрекетті туындатады. Бұл объект заңмен арнайы қорғалатындықтан, аяқталған қылмыс жасауға дайындалудың өзі қоғамға қауіпті әрекет болып табылады.
Құқық қолдану практикасын талдау дайындалу кезінде кінәлінің қолсұғушылығы барысында, егер осы қызметтің сипаты бір мезгілде басқа аяқталған қылмысты да құраса, оның бірден екі объектіге қауіп төндіретінін көрсетеді. Мысалы, қарақшылық шабуыл жасау мақсатында адам заңсыз түрде қару сатып алады. Бұл жағдайда жасалған әрекет қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру (ҚК-нің 287-бабы) не қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды жымқыру немесе қорқытып алу (ҚК-нің 291-бабы) және қарақшылық шабуыл жасауға дайындалу (ҚК-нің 192-бабы) ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Дайындалу кезінде объектіге қолсұғушылық болмайды, тек осындай қолсұғушылық жасау үшін жағдайлар құрылады. Адам қылмысқа дайындалу әрекеттерін жасай отырып, бұл әрекеттердің өзі жасағысы келетін қылмысты жасауға жағдай туғызатынын түсінеді. Дайындық әрекеттерін жасау кезінде кінәлінің қасақаналығы осы дайындық құралдары немесе қарулары арқылы өзі қалаған қылмысты жасау ниетін қамтитынын ескеру қажет. Дәл осы қылмыс жасауға бағытталған қасақаналықтың бағытын анықтау қылмыстық қызметті қылмыстық емес қызметтен ажыратуда шешуші маңызға ие болуы мүмкін.
Дайындалу қасақана кінә нысанымен сипатталады, бұл ретте қасақаналық тек тікелей болуы мүмкін. Бұл ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігінің мазмұнынан тікелей туындайды. Дайындық қызметі әрдайым кейіннен тікелей қолсұғушылық жасау үшін жағдайлар туғызуға бағытталатындықтан, ол жанама қасақаналық кезінде мүмкін емес.
ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігінің мазмұнынан көрініп тұрғандай, объективтік жағынан дайындалу мынадай әрекеттердің бірін жасаудан көрінеді:
қылмыс құралдарын немесе қаруларын іздестіру, дайындау немесе бейімдеу;
қылмысқа сыбайлас қатысушыларды іздестіру;
қылмыс жасауға сөз байласу;
қылмыс жасау үшін өзге де жағдайлар жасау.
Іздестіру деп қылмыс жасау құралдарын немесе қаруларын сатып алудың кез келген тәсілін түсіну керек. Бұл ретте іздестіру тәсілі заңды да, заңсыз да болуы мүмкін (мысалы, қаруды және қылмыс жасауға арналған басқа да құралдар мен заттарды сатып алу, уақытша пайдалануға алу немесе ұрлық жасау арқылы иемдену және т.б.). Іздестіруге сондай-ақ осындай мақсаттарда қандай да бір затты тауып алып, иемдену де жатады. Іздестіру деп кінәлі адамның меншігіндегі тұрмыстық заттарды осындай мақсаттарда пайдалануға дайындауды да түсінуге болады.
Қылмыс жасау қаруларына атыс немесе суық қару, сондай-ақ жоспарланған қылмыс үшін пайдаланылуы мүмкін заттар жатады.
Қылмыс жасау құралдары ретінде қылмыс жасау процесін жеңілдету үшін пайдаланылатын әртүрлі заттар мен құрылғылар (жалған құжаттар, мөрлер, улы заттар, ұйықтататын дәрілер және т.б.) болуы мүмкін.
Құралдар мен қарулардың негізгі айырмашылығы мынада: қару қылмысты тікелей жүзеге асыру процесінде пайдаланылады, ал құрал қылмыс жасау жағдайларын қалыптастыру сатысында оны іске асыруды жеңілдету мақсатында қолданылады.
Әртүрлі жағдайларда бір зат қылмыс жасау қаруы да, құралы да болуы мүмкін. Мысалы, арқан адам өлтіру қаруы ретінде пайдаланылуы мүмкін, бірақ ол адамды ұрлау кезінде жәбірленушінің қарсылығын басу құралы ретінде де қолданылуы мүмкін. Бұл қылмыс жасау қаруы мен құралының негізгі айырмашылығы олардың мақсатты тағайындалуында екенін тұжырымдауға негіз береді. Қылмыс жасау қаруы — қылмыстың объективтік жағы тікелей орындалатын зат. Қылмыс жасау құралы қылмысты жеңілдетуге, қылмыстық әрекетті жасауға жәрдемдесуге арналған.
Дайындау — нәтижесінде қылмыс жасауға арналған дайын қарулар мен құралдар алынатын кез келген әрекет. Бейімдеуден айырмашылығы, бұл жағдайда аталған құралдар мен қарулар жаңадан жасалады.
Қылмыс жасау қарулары мен құралдарын бейімдеу деп оларды қылмыс жасау үшін пайдалануға болатын түрге және күйге келтіруді түсіну керек (мысалы, адам өлтіру мақсатында металл заттарды қайрау, кілттерді дайындау және т.б.).
Қылмысқа сыбайлас қатысушыларды іздестіру қылмыс жасау үшін басқа адамдарды іріктеуге, іздеуге байланысты кез келген әрекеттерден тұрады. Кәмелетке толмағандарды қылмысқа сыбайлас қатысушылар ретінде іздестіру ойластырылған қылмысқа дайындалуды да, аяқталған қылмысты — кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартуды да (ҚК-нің 132-бабы) құрайды.
Қылмыс жасауға сөз байласу қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаластықпен, келісіммен сипатталады.
Сыбайлас қатысушыларды іздестіруден сөз байласудың айырмашылығы — онда адамдардың нақты бір қылмысты бірлесіп жасау туралы өзара келісімі болады. Жекелеген жағдайларда сөз байласу қылмыс жасауға дайындалуды емес, дербес аяқталған қылмыстың құрамын құрауы мүмкін. Мысалы, қарулы бүлік, сондай-ақ билікті басып алу және ұстап тұру (ҚК-нің 181-бабының 1-бөлігі).
Қылмыс жасау үшін өзге де жағдайлар жасау деп дайындық әрекеттерінің жоғарыда аталған түрлерімен қамтылмайтын, бірақ кейіннен қылмыс жасауға мүмкіндік туғызатын әртүрлі әрекеттерді түсіну керек.
Мысалы, жағдайлар жасауға болжанған қылмыс орнын зерттеу (ұрлық жасалатын күзетілетін объектіге жақындау жолын немесе кіреберісті тексеру, күзетті ауыстыру жүйесін зерделеу және т.б.), қылмысты жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін тосқауылдарды жою (итті өлтіру, электр құрылғыларын істен шығару) және т.б. жатады.
Дайындық әрекеттері әртүрлі болуы мүмкін болғанымен, олардың барлығына ортақ белгілер тән, атап айтқанда, олардың барлығы қылмыс жасаудың алдында болады.
Қылмысқа дайындалу тек оны кейіннен жасау үшін жағдайлар құрудан тұратындықтан, бұл қылмыс сатысы басқа сатылармен салыстырғанда қоғамдық қауіптіліктің ең төмен дәрежесімен сипатталады. Бірқатар жағдайларда бұл дәреженің төмендігі соншалық, әрекет қылмысқа тән деңгейге жетпейді. Сондықтан қылмыстық жауаптылық тек ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшін, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін туындайды (ҚК-нің 24-бабының 2-бөлігі). Бұл тізбеге террористік қылмыстарды енгізу 2014 жылғы Қылмыстық кодекстің жаңалығы болып табылады. Террористік қылмыстардың басым бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жататынына қарамастан, заң шығарушы оларды жеке топқа бөліп көрсетті. Бұл, ең алдымен, терроризмге қарсы іс-қимыл мәселесінің аса өзекті болуына, терроризмнің қазіргі заманның негізгі қауіптерінің бірі ретінде танылуына байланысты.
Бірдей әрекеттер әртүрлі жағдайларда дайындалу немесе оқталу ретінде қарастырылуы мүмкін. Мысалы, ұрының жәбірленушінің пәтеріне кіруін ұрлық жасауға оқталу ретінде саралау керек (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 188-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы), ал қылмыскердің адам өлтіру мақсатында пәтерге кіруін адам өлтіруге дайындалу ретінде саралау қажет (ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігі).
Сонымен бірге дайындалудың объективтік жағын құрайтын әрекеттер дербес қылмыс белгілеріне де сәйкес келуі мүмкін. Мәселен, егер адам ресми құжатты қолдан жасағанымен, өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша бұл құжатты іс жүзінде пайдаланбаса, жасалған әрекет ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігі бойынша саралануға тиіс. Егер іс мән-жайлары адамның қасақаналығы ҚК-нің 190-бабының 3 немесе 4-бөліктерінде көзделген қылмыстарды жасау үшін жалған құжатты пайдалануды қамтығанын көрсетсе, жасалған әрекет ҚК-нің 24-бабының 1-бөлігіне сәйкес алаяқтық жасауға дайындалу ретінде саралануға тиіс.
Қылмыс жасауға дайындалу сатысын қарастыруды аяқтай отырып, төмендегілерге назар аударғым келеді.
XIX ғасырдағы Ресейдің қылмыстық-құқықтық әдебиетінде қылмыс жасауға дайындалу бірде ниеттің анықталуына, бірде оқталуға жатқызылды.
1958 жылғы КСРО мен одақтас республикалардың қылмыстық заңнамасының негіздерін теориялық әзірлеу кезінде де дайындалудың жазалануы жөнінде ғалымдар арасында бірізді көзқарас болған жоқ. Бұл ретте біреулер кез келген қылмысқа дайындалғаны үшін жауаптылық жүктеу қажеттігін жақтады (А.Н. Трайнин). Басқалары дайындалу институтын ҚК-нің Жалпы бөлімінен алып тастауды, оны қылмыс жасау сатысы ретіндегі дербес маңызынан айыруды және ҚК-нің Ерекше бөлімінің баптарында аса ауыр қылмыстар үшін жауаптылық көздейтін нормаларда алдын ала қылмыстық қызметтің жазаланатынын қарастыруды ұсынды (М.А. Чельцов). Үшінші топтағы ғалымдар дайындалудың аяқталмаған қылмыстың дербес сатысы ретіндегі қылмыстық-құқықтық маңызын сақтауды және оны ҚК-нің Жалпы бөлімінің нормаларында реттеуді қолдады, алайда дайындалғаны үшін жауаптылықты шектеп, заңнамалық тәртіппен дайындалғаны үшін жазаланатын қылмыстардың тізбесін белгілеу қажет деп есептеді (Н.Д. Дурманов, А.А. Пионтковский). 1958 жылғы Қылмыстық заңнама негіздерінде, кейіннен 1959 жылғы Қазақ КСР ҚК-де жоғарыда аталған ғылыми ұстанымдардың біріншісі іске асырылды. Алайда бұл ғылыми пікірталастардың тоқтағанын білдірмеді. Ғалымдар қоғамдық қауіптілігінің төмендігі мен практикалық маңызының аздығына байланысты дайындалғаны үшін жауаптылықты жою мәселесін көтеруді жалғастырды (Т.Д. Устинова, И.С. Тишкевич).
Соңғысы: қылмыстық құқық ғылымында дайындалу аяқталған және аяқталмаған болып бөлінеді. Аяқталған дайындалу кезінде субъект өзінің пікірінше, тікелей қолсұғушылық жасауға жағдай туғызатын, пайдаланылған жағдайда аяқталған қылмыс жасауға әкелуі мүмкін қажетті әрекеттерді орындайды, алайда кінәліге байланысты емес мән-жайлар бойынша оның қызметі одан әрі дамымайды. Дайындықты аяқтай отырып, адам кейіннен аяқталған қылмыс жасау үшін қажетті қызметтің бүкіл көлемін орындағанын түсінеді.
Аяқталмаған дайындалу адамның пікірі бойынша да, іс жүзінде де аяқталған қылмыс жасауға қажетті жағдайларды қамтымайтын қызметті білдіреді. Тікелей қолсұғушылық жасау үшін жағдайлар құруға бағытталған ойластырылған әрекеттерді (әрекетсіздікті) орындауды бастаған адам өз еркі мен қалауына байланысты емес сыртқы және ішкі мән-жайлардың ықпалымен дайындық қызметінің барлық көлемін толық жүзеге асырып үлгермейді немесе оны жүзеге асыра алмайды (мысалы, кінәлінің дайындық кезінде ұсталып қалуы).
Аяқталған дайындалу аяқталмаған дайындалуға қарағанда қоғамдық қауіптіліктің жоғары дәрежесімен сипатталады.
ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмысқа оқталу деп тікелей қасақаналықпен жасалған, қылмыс жасауға тікелей бағытталған әрекеттер (әрекетсіздік), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізілмесе, танылады.
Орташа ауырлықтағы, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа оқталғаны үшін, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 24-бабының 4-бөлігі). Заң шығарушы қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын оқталу түрлерінің тізбесін кеңейтіп, оған террористік қылмыстарды енгізді. Жоғарыда айтылғандай, осындай жаңалық қылмысқа дайындалу туралы ережелерге де қатысты енгізілді (ҚК-нің 24-бабының 2-бөлігі).
Оқталу кінәлінің әрекеттері қылмыс жасауға тікелей бағытталуымен сипатталады. Дайындалудан оқталудың айырмашылығы да осында: дайындалу кезінде тек қылмыс жасау үшін жағдайлар жасалады, ал әрекет әлі қылмысты тікелей жасауға бағытталмайды.
Кінәлі адам өлтіру мақсатында жәбірленушіге оқ атқанымен, мүлт кеткен немесе оқ атпақ болған кезде оған біреу кедергі келтірген жағдайды оқталу ретінде қарастыру керек. Дүкеннің есік құлпын ұрлық жасау мақсатында бұзу, адамды өлтіру мақсатында оның басынан жоғары пышақ көтеру және т.б. оқталу болып саналады. Алайда осы жағдайлардың барлығында қылмыс кінәлінің еркіне байланысты емес себептер бойынша соңына дейін жеткізілмейді (қылмыскер адам өлтіру мақсатында жәбірленушіге у бергенімен, зат жеткілікті дәрежеде улы болмаған немесе мөлшері аз болғандықтан, өлім туындамаған).
Оқталу материалдық құрамды қылмыстарды жасау кезінде, яғни аяқталған құрам үшін нақты салдардың туындауы талап етілетін жағдайларда мүмкін болады. Көптеген жағдайларда мұндай қылмыстарға оқталу әрекет арқылы жасалады, алайда әрекетсіздік арқылы да болуы мүмкін (мысалы, емшектегі баланың өлуі үшін анасы оны тамақтандырмайды; қызметтік міндетіне сәйкес электр тогын ажыратуға міндетті азамат өрт шығару мақсатында мұны істемейді).
Оқталу кейбір формальдық құрамды қылмыстар кезінде де мүмкін болады. Формальдық құрамдардағы оқталудың ерекшелігі — мұнда оқталу тек әрекет арқылы ғана мүмкін болады (мысалы, пара беру — ҚК-нің 367-бабы, зорлау — ҚК-нің 120-бабы және т.б.).
Әрекетсіздік арқылы жасалатын формальдық құрамды қылмыстарда (жұмылдыру бойынша шақырудан жалтару — ҚК-нің 388-бабы және т.б.) қылмысқа оқталу мүмкін емес. Қылмыстық қызметтің алғашқы әрекетінің өзі аяқталған қылмысты құрайтын формальдық құрамды қылмыстарға да оқталу мүмкін емес. Мысалы, қарақшылық (ҚК-нің 192-бабы) бөтен мүлікті иемдену мақсатына қол жеткізілгеніне немесе жеткізілмегеніне қарамастан, шабуыл жасалған сәттен бастап аяқталған қылмыс деп танылады.
Оқталу кезінде не қылмыстық нәтиже болмайды, не әрекеттер толық орындалмайды (мысалы, ұрлық жасауға оқталу кезінде — ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 188-баптың 1-бөлігі; адам өлтіруге оқталу кезінде — ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-баптың 1-бөлігі және т.б.). Бұл ретте кінәлі нәтижеге қол жеткізу үшін барлығын жасағанымен, қылмыстық нәтиже туындамайды немесе қылмыстық нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті барлық әрекеттер орындалмайды. Аяқталған қылмыс кезінде объективтік жақ әрдайым барлық қажетті белгілерге ие болады.
Материалдық құрамды қылмыстардағы оқталу кезінде салдардың болмауы туралы айтқанда, бұл ешқандай салдардың мүлде болмайтынын білдірмейді. Салдар туындауы мүмкін, бірақ ол қылмыскер көздеген салдар болмайды. Мысалы, кінәлі адамды өмірінен айыру мақсатында оқ атқанымен, оған тек денсаулығына зиян келтіреді. Бұл жағдайда адам өлтіруге оқталу орын алады (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-баптың 1-бөлігі), яғни адам жасағысы келген қылмысқа оқталу болып табылады.
Формальдық құрамды қылмыстарда оқталу заңда көрсетілген әрекеттердің толық орындалмауынан да көрінеді. Мәселен, ұсынылған пара қабылданбаған жағдайда пара берушінің әрекеттері пара беруге оқталу ретінде саралануға тиіс (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бап), ал делдалдың әрекеттері парақорлыққа делдал болуға оқталу ретінде саралануға тиіс (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 368-бап). Егер алдын ала келісілген пара кінәліге байланысты емес мән-жайлар бойынша алынбаса, пара алушының әрекеті пара алуға оқталу ретінде саралануға тиіс (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бап).
Қандай да бір қылмысқа оқталу кезінде жасалған әрекеттердің дәл кінәлінің қасақаналығын жүзеге асыруға бағытталғанын анықтау әрдайым маңызды. Егер адамның әрекеттері басқа мақсатта жасалса, оларды жасау қылмысқа оқталу деп есептелмейді.
Субъективтік жағынан қылмысқа оқталу тек тікелей қасақаналықпен сипатталады. Бұл оқталу кезінде әрдайым кінәлінің саналы әрі мақсатты қызметі болжанатынымен түсіндіріледі.
Анықталмаған қасақаналық кезінде (қылмыстық нәтиже қылмыскердің санасында нақты айқындалмаған кезде) кінәлі адамның әрекеттерін саралау кезінде оқталу мәселесі маңызды рөл атқарады. Мысалы, жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіруге әрекеттенген кінәлі өз санасында ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіретінін алдын ала нақты айқындамауы мүмкін.
Бұл жағдайда жауаптылық мәселесі мынадай тәртіппен шешіледі:
- Егер анықталмаған қасақаналық кезінде белгілі бір ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтірілсе, адам нақты келтірілген зиян үшін аяқталған қылмыс ретінде жауаптылыққа тартылуға тиіс. Мысалы, Р. аңшы мылтығынан келе жатқан М.-ның бағытына қарай оқ атып, қоғамдық қауіпті салдардың туындауын болжаса да, олардың нақты қандай болатынын айқындамайды және дәл елестетпейді. Нәтижесінде М.-ға орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтірілген, ол Р.-ның жауаптылығына жатқызылған;
- Егер анықталмаған қасақаналық кезінде зиян туындамаса, бірақ оны келтіруге әрекет жасалған болса, кінәлі денсаулыққа неғұрлым жеңіл зиян келтіруге оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс (қарастырылған мысалда Р. денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиянды қасақана келтіруге оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылар еді).
Баламалы қасақаналықпен жасалған оқталу үшін жауаптылықты айқындау мәселесі біршама өзгеше шешіледі. Баламалы қасақаналық кезінде кінәлі өзі болжаған бір немесе басқа қылмыстық нәтиженің туындау мүмкіндігін жоққа шығармайды әрі олардың кез келгенінің туындауын бірдей қалайды.
Егер бұл ретте болжанған салдардың ішіндегі неғұрлым жеңілі туындаса, адам неғұрлым ауыр басқа салдарға оқталғаны үшін жауаптылықтан босатылмайды, өйткені ол нәтиже туындамағанымен, субъект оның да туындауын қалаған. Мысалы, егер қандай да бір адам басқа адамды өлтіруді немесе, ең болмағанда, оны жаралауды көздеп, іс жүзінде тек жарақаттаса, онда ол адам өлтіруге оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылады (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-баптың 1-бөлігі).
Осылайша, кінәлінің әрекеттері мынадай жағдайларда оқталу деп танылуы мүмкін:
- қылмыс жасауға тікелей бағытталған болса, яғни кінәлі объектіге қолсұғушылықты тікелей жүзеге асырған немесе жүзеге асыруды бастаған болса;
- егер бұл әрекеттер кінәлінің қасақаналығы бағытталған қылмыстың объективтік жағының барлық белгілерін қамтымаса, яғни кінәлі қылмысты соңына дейін жеткізбесе;
- егер кінәлі қылмысты өз еркіне байланысты емес себептер бойынша соңына дейін жеткізбесе;
- әрекеттер қасақана сипатта болса.
Заңда оқталуды түрлерге бөлу көзделмеген. Алайда қылмыстық құқық теориясында оқталудың екі негізгі түрі ажыратылады: аяқталмаған және аяқталған.
Аяқталмаған оқталу деп адам өзінің ниетін жүзеге асыру үшін қажет деп есептеген барлық әрекеттерді әлі орындамаған оқталу танылады. Мысалы, пәтер ұрлығын жасау мақсатында ұры терезеге саты қойып, терезе жақтауынан аттап өтпек болған кезде ұсталады (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 188-баптың 3-бөлігінің 3) тармағы).
Аяқталған оқталу деп адам өзінің ниетін жүзеге асыру үшін қажет деп есептеген барлық әрекеттерді орындағанымен, қандай да бір себептермен нәтиже туындамаған оқталу танылады. Мысалы, ақша ұрлау мақсатында ұры қызметтік үй-жайға кіріп, сейфті бұзғанымен, оның ішінде ақша болмаған.
Осылайша, аяқталған және аяқталмаған оқталудың айырмашылықтары мынадай:
— аяқталған оқталу кезінде кінәлі қылмыстық нәтиженің туындауы үшін қажет деп есептеген барлық әрекеттерді орындайды, алайда өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша нәтиже туындамайды;
— аяқталмаған оқталу кезінде кінәлі қылмыстық нәтижеге қол жеткізу үшін қажет деп есептеген барлық әрекеттерді әлі орындамайды.
Оқталуды аяқталған және аяқталмаған деп бөлу теориялық жағынан да, практикалық жағынан да маңызды. Аяқталған оқталу, әдетте, аяқталмаған оқталуға қарағанда қоғамдық қауіптіліктің жоғары дәрежесін білдіреді. Бұл мән-жайды сот кінәліге жаза мөлшерін айқындау кезінде ескереді.
Оқталуды аяқталған және аяқталмаған деп бөлудің қылмыс жасаудан өз еркімен бас тарту мәселесін дұрыс шешу үшін де маңызды мәні бар: аяқталмаған оқталу кезінде өз еркімен бас тарту мүмкін, ал аяқталған оқталу кезінде мүмкін емес.
Жарамсыз құралдармен оқталу деп кінәлі қылмысты аяқтауға және қылмыстық нәтиженің туындауына объективті түрде қабілетсіз құралдарды қолданатын жағдайлар түсініледі. Алайда субъективтік тұрғыдан белгілі бір қылмыс жасау құралдарын пайдалана отырып, кінәлі өзінің әрекеттері аталған салдардың туындауына әкеледі деп есептейді. Қылмыстық құқықта субъективті айыптау қағидаты қолданылатындықтан, бұл жағдайда да кінәлі қылмысқа оқталғаны үшін жауаптылықта болады. Мұнда жауаптылық нақты қателесу ережелері бойынша туындайды, яғни саралау қасақаналықтың бағытына қарай қылмысқа оқталу ретінде жүргізіледі, өйткені кінәлі күткен салдарлар туындамайды. Жарамсыз құралдармен оқталуға ақаулы мылтықтан оқ ату, удың орнына басқа химиялық затты қате пайдалану және т.б. мысал бола алады.
Алайда қолданылған құралдардың жарамсыздығы барлығына анық болған жағдайларда (мысалы, надандық салдарынан дуалау, сиқырлау және басқа да ырымшылдық құралдарын қолдану) кінәлінің әрекеттері қоғамға қауіпті деп есептелмейтінін және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайтынын ескеру қажет.
Жарамсыз объектіге оқталу — субъектінің әрекеттері оқталу сәтінде жоқ объектіге немесе бар болғанымен, кінәлі қалаған нәтиже туындауы мүмкін болмайтын қасиеттерге ие объектіге бағытталған оқталу. Мысалы, тірі адам деп қателесіп, мәйітке оқ ату (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-баптың 1-бөлігі), бос қалтадан зат ұрлауға әрекет жасау (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 188-баптың 1-бөлігі) және т.б.
Жарамсыз объектіге оқталу да, жарамсыз құралдармен оқталу сияқты, әдетте, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Қорытындылай келе, төмендегілерді атап өткен жөн:
— аяқталмаған қылмысты саралау қылмыс тоқтатылған сатыны көрсетуге, яғни ҚК-нің 24-бабының нақты бөлігіне сілтеме жасауды қамтуға тиіс;
— тікелей қасақаналық анықталмаған жағдайда қылмысқа дайындалу немесе оқталу туралы сөз болуы мүмкін емес;
— белгілі бір қасақаналық кезінде қалаған нәтижеге қол жеткізілмесе, іс-әрекеттер қасақаналықтың бағытына қарай қылмысқа оқталу ретінде сараланады;
— анықталмаған қасақаналықпен жасалған қылмыста салдар туындаған жағдайда, жасалған әрекет қалаған салдардың ішіндегі неғұрлым жеңіл салдармен қылмысқа оқталу ретінде сараланады;
— диспозицияда баламалы түрде көрсетілген әрекеттердің ең болмағанда біреуін жасау олардың басқа біреуін ішінара орындауды қылмысқа оқталу ретінде қылмыстық-құқықтық бағалауды жоққа шығарады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Жолдаулар