Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабына түсініктеме. Экономикалық контрабанда
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды немесе өзге де заттарды, оның ішінде кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған немесе шектелген тауарларды, кедендік шекара арқылы өткізудің арнайы қағидалары белгіленген заттар мен құндылықтарды, осы Кодекстің 286-бабында көрсетілгендерді қоспағанда, ірі мөлшерде, кедендік бақылаудан тыс немесе кедендік бақылаудан жасырып не құжаттарды немесе кедендік сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе көрінеу анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларацияны бергенге дейін тауарларды шығаруға арналған өтініште немесе уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар болып табылатын, уақытша әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтерді көрсетумен, оның ішінде жарамсыз құжаттарды, жалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтері бар құжаттарды ұсынумен ұштасқан өткізу, -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол әрекет:
1) бірнеше рет;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолдана отырып;
4) аса ірі мөлшерде;
5) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалса, -
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер:
1) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның, не лауазымды адамның, не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның өз қызметтік жағдайын пайдалануымен ұштасса;
2) қылмыстық топ жасаған болса, -
мүлкі тәркіленіп, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал 1) тармақшада көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
Экономикалық контрабанданың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық, 2, 3-бөліктері – қылмыстар) осы әрекеттің салдарынан Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтірілуімен сипатталады.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 4-бабының 4) тармақшасына сәйкес экономикалық қауіпсіздік – ұлттық экономиканың орнықты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалу жай-күйі. Ал аталған Заңның 6-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіптердің бірі – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, оның ішінде стратегиялық ресурстарды ел мүдделеріне қайшы пайдалану, инновациялық даму мен инвестициялық белсенділіктің өсуіне кедергі келтіру, капитал мен тауарларды елден тыс жерлерге бақылаусыз әкету, көлеңкелі экономиканың өсуі болып табылады.
Контрабанданың объектісі ретінде Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін тану қажет. Қосымша объект ретінде басқару тәртібі, Қазақстан халқының денсаулығы және басқалар болуы мүмкін.
Контрабанда заттары деп Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шілдедегі «Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысына сәйкес материалдық дүниенің кез келген жылжымалы заттары, оның ішінде валюта, валюталық құндылықтар, электр, жылу немесе энергияның өзге де түрлері және көлік құралдары түсініледі (6-тармақ).
Оларға сондай-ақ халықтардың көркемдік, ғылыми, тарихи және археологиялық мұрасы үшін маңызы бар мәдени құндылықтар – өнер туындылары, көне заттар және көрсетілген маңызы бар өзге де заттар, зияткерлік меншік объектілері, жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлері, олардың бөліктері мен дериваттары (туындылары) жатады. Аталған, сондай-ақ айналымнан алынбаған немесе айналымы шектелмеген өзге де заттарды (мысалы, азық-түлік өнімдері, киім-кешек, аяқ киім, парфюмериялық тауарлар және т.б.) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу үшін жауаптылық ҚК-нің 234-бабында көзделген.
Контрабанда, ең алдымен, мемлекеттің экономикалық мүдделеріне зиян келтіреді, өйткені, біріншіден, әкелінетін және әкетілетін тауарларға белгіленген кедендік баждар мемлекеттік бюджетке түспейді. Екіншіден, Республикадан ел экономикасы үшін маңыздылығына байланысты әкетуге тыйым салынған тауарлар (мысалы, стратегиялық маңызы бар шикізат) әкетіледі.
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің 3-бабы 1-тармағының 45) тармақшасына сәйкес тауар – кез келген жылжымалы мүлік, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің валютасы, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр энергиясы, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің 3-бабы 1-тармағының 58) тармақшасына сәйкес халықаралық тасымалдау көлік құралдары – жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылатын, өзімен бірге жүктерді тиеуге, түсіруге, өңдеуге және қорғауға арналған арнайы жабдықтары, материалдық-техникалық жабдықтау және жарақтандыру заттары, сондай-ақ жол жүру барысында көлік құралын жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге немесе пайдалануға арналған қосалқы бөлшектері мен жабдықтары бар көлік құралдары.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы ҚК-нің 286-бабында көзделген заттар: есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары, прекурсорлар, күшті әсер ететін, улы, уытты, радиоактивті немесе жарылғыш заттар, қару-жарақ, әскери техника, жарылғыш құрылғылар, атыс қаруы мен оқ-дәрілер, жаппай қырып-жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық және басқа да түрлері, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшін пайдаланылуы мүмкін материалдар мен жабдықтар бола алмайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағына сәйкес ҚК-нің 234-бабында жауаптылық көзделген экономикалық контрабанда деп тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу түсініледі. ҚК-нің 286-бабында жауаптылық көзделген айналымнан алынған немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы деп осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізу түсініледі.
Қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын контрабанданы ҚР ӘҚБтК-де көзделген контрабандадан, сондай-ақ тауарлар мен заттарды кедендік шекара арқылы өткізумен байланысты кедендік қағидаларды бұзушылықтардан ажырататын мән-жайлар контрабанданың ірі мөлшері не арнайы қағидалар белгіленген тауарларды өткізу болып табылады.
«Кедендік шекара» және «мемлекеттік шекара» ұғымдарының анықтамалары Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінде және Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңында берілген.
Тергеу және сот іс жүргізу құжаттарында контрабанданың ірі, аса ірі мөлшерін және басқа да саралаушы белгілерін, оның ішінде белгілі бір заттарды өткізудің арнайы қағидаларын көрсету міндетті болып табылады.
Объективтік жағынан қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды немесе өзге де заттарды, оның ішінде кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған немесе шектелген тауарларды, кедендік шекара арқылы өткізудің арнайы қағидалары белгіленген заттар мен құндылықтарды, ҚК-нің 286-бабында көрсетілгендерді қоспағанда, ірі мөлшерде, кедендік бақылаудан тыс немесе кедендік бақылаудан жасырып не құжаттарды немесе кедендік сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе көрінеу анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларацияны бергенге дейін тауарларды шығаруға арналған өтініште немесе уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар болып табылатын, уақытша әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтерді көрсетумен, оның ішінде жарамсыз құжаттарды, жалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтері бар құжаттарды ұсынумен ұштасқан өткізу арқылы көрініс табады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің 3-бабы 1-тармағының 51) тармақшасына сәйкес тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу – тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу, яғни тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу немесе осы аумақтан әкету.
Бұл ереже Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағында да бекітілген, онда тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды заңсыз өткізу оларды кедендік аумаққа әкелу, сондай-ақ осы аумақтан әкету арқылы жүзеге асырылуы мүмкін екендігі көрсетілген.
Әкелу және әкету деп контрабанда заттарын кез келген тәсілмен өткізу (кез келген көлік түрімен, оның ішінде әуе көлігімен алып өту немесе жөнелту, пошта арқылы жіберу, қолмен, киім қалтасында, қол жүгі түрінде алып жүру және т.б.) түсініледі.
Мәдени құндылықтар мен ұлттық мәдени мұра объектілерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге заңсыз әкету немесе оларды Қазақстан Республикасына қайтармау, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мемлекетіне мемлекеттік шекара арқылы өткізу арқылы жүзеге асырылса, ҚК-нің 203-бабының 1-1-бөлігі бойынша сараланады.
Мәдени құндылықтар мен ұлттық мәдени мұра объектілерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге заңсыз әкету немесе оларды Қазақстан Республикасына қайтармау Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу арқылы жүзеге асырылса және адамның әрекеттерінде экономикалық контрабанда құрамы да болған жағдайда, жасалған әрекет ҚК-нің 203-бабының 1-1-бөлігі және ҚК-нің 234-бабының тиісті бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығымен сараланады.
Валюталық құндылықтарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған немесе шектелген тауарларды, заттар мен құндылықтарды, сондай-ақ оларды кедендік шекара арқылы өткізудің арнайы қағидалары белгіленген заттарды өткізу мынадай тәсілдердің бірімен жасалуы мүмкін:
- кедендік бақылаудан тыс;
- кедендік бақылаудан жасырып;
- құжаттарды немесе кедендік сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалану арқылы;
- декларацияламау арқылы;
- анық емес декларациялау арқылы;
- тауарларға арналған декларацияны бергенге дейін тауарларды шығаруға арналған өтініште немесе уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар болып табылатын, уақытша әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтерді көрсету арқылы, оның ішінде жарамсыз, жалған немесе көрінеу анық емес (жалған) мәліметтері бар құжаттарды ұсыну арқылы.
Мұндай әрекеттерді қылмыстық деп тану үшін қандай да бір зиянды салдардың туындауы талап етілмейді.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу – тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге тиіс немесе өткізуге болатын орындардан тыс жерлерде немесе осы орындарда орналасқан кеден органдарының жұмыс уақытынан тыс уақытта жүзеге асырылуы не кедендік бақылаудан жасырып өткізілуі, не тауарларды анық емес кедендік декларациялау немесе декларацияламау, не тауарлар туралы анық емес мәліметтер қамтылған құжаттарды пайдалану және (немесе) жалған не басқа тауарларға қатысты сәйкестендіру құралдарын пайдалану арқылы өткізілуі болып табылады (Кеден кодексінің 51-бабы).
Заңсыз өткізу шекарадан өту үшін заңнамада белгіленген өткізу пункттерінде және басқа да орындарда (заңды өткізу түрінде) де, осындай орындардан тыс жерлерде де (заңсыз жолмен) жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағында контрабанданың барлық тәсілдеріне сипаттама берілген.
Кедендік бақылаудан жасыру тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды жасырып қалудан, оларды тасымалдау кезінде жасырын орындарды немесе олардың анықталуын қиындататын басқа да тәсілдерді пайдаланудан не бір затты басқа заттың түріне келтіруден көрінеді.
Контрабанда заттарын кедендік бақылаудан тыс өткізу оларды кеден бекеттерінен, өткізу пункттерінен және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен кеден органдары кедендік декларациялауды жүргізу үшін белгілеген өзге де орындардан тыс жерлерде немесе оны жүргізу үшін белгіленген уақыттан тыс уақытта жөнелтуден және алып өтуден тұрады.
Кедендік және өзге де құжаттарды немесе кедендік сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалану кеден органдарына, сондай-ақ шекаралық бақылауды жүзеге асыратын адамдарға жарамсыз, заңсыз жолмен алынған, жалған, сондай-ақ жалған мәліметтер қамтылған құжаттарды ұсынуды, жалған мөрлерді, пломбаларды, мөртабандарды және кедендік сәйкестендірудің өзге де осындай құралдарын пайдалануды не басқа объектілерге қатысты түпнұсқа сәйкестендіру құралын ұсынуды білдіреді.
Декларацияламау немесе анық емес декларациялау – декларанттың кеден органына кедендік декларацияны пайдалана отырып, тауарлар туралы (атауы, құны, саны, салмағы және т.б.), таңдалған кедендік рәсім туралы және (немесе) кедендік мақсаттар үшін қажетті өзге де мәліметтер туралы анық емес ақпаратты мәлімдеуі не кедендік декларациялау кезінде тауарлар туралы көрсетілген мәліметтері бар өтінішті беру міндетін орындамауы.
Қазақстан Республикасының Кеден кодексі 3-бабы 1-тармағының 21) тармақшасына сәйкес кедендік декларациялау – декларанттың кеден органына кедендік декларацияны пайдалана отырып, тауарлар туралы, таңдалған кедендік рәсім туралы және (немесе) тауарларды шығару үшін қажетті өзге де мәліметтерді мәлімдеуі.
Экономикалық контрабанда жасау кезінде өткізу кедендік шекара арқылы жүзеге асырылады.
Кеден кодексінің 3-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы – Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік аумағы, оны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің айрықша юрисдикциясына жататын айрықша экономикалық аймақтары мен континенттік қайраңдары, жасанды аралдары, қондырғылары, құрылыстары және өзге де объектілері құрайды.
Осы бап бойынша кінәлінің әрекеттерін саралау тауарлар мен өзге де заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы ірі мөлшерде заңсыз өткізген жағдайда ғана мүмкін болады.
ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес өткізілетін тауарлардың немесе кедендік бақылаудың өзге де объектілерінің мөлшері, егер олардың құны он мың айлық есептік көрсеткіштен асса, ірі мөлшер деп танылады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын әкелу мен әкетудің мынадай тәртібі белгіленген.
Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердің аумағы болып табылатын аумақтан Қазақстан Республикасына қолма-қол шетелдік және (немесе) ұлттық валютаны, вексельдерді, чектерді (оның ішінде жол чектерін), құжаттамалық нысандағы бағалы қағаздарды әкелу немесе Қазақстан Республикасынан осындай аумаққа әкету шектеусіз және кедендік декларациялаусыз жүзеге асырылады.
Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы болып табылмайтын елдердің аумағынан Қазақстан Республикасына бір жолғы әкелу немесе Қазақстан Республикасынан осындай елдердің аумағына қолма-қол шетелдік және (немесе) ұлттық валютаны (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және (немесе) жол чектерін әкету кезінде, егер олардың жалпы сомасы АҚШ долларымен баламасында 10 мың доллардан асса, аталған құндылықтар әкелінетін немесе әкетілетін соманың толық көлеміне жолаушыларға арналған кедендік декларацияны беру арқылы жазбаша кедендік декларациялауға жатады.
Егер адам қолма-қол шетелдік және (немесе) ұлттық валютаны және (немесе) жол чектерін контрабандалық жолмен өткізген жағдайда, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті жазбаша декларациялауға жатпайтын, яғни АҚШ долларымен баламасында 10 мың доллардан аспайтын бөлігі контрабанда заты деп танылмайды және адамға тағылған айып көлеміне енгізілмейді. Бұл сома иесіне қайтарылуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес контрабанда заттарының құны қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кездегі тауарлардың кедендік құны негізге алына отырып, кеден ісі туралы заңнамада және қылмыстық-процестік заңнамада белгіленген қағидаларға сәйкес маманның (сарапшының) қорытындысы негізінде айқындалады.
Контрабанда заттарының кедендік құны туралы мәліметтер болмаған жағдайда, олардың құны мемлекеттік реттелетін бағалар негізінде айқындалады (мысалы, қолдан жасалған спирттік ішімдіктерді, басқа да жалған тауарларды контрабандалық жолмен өткізу жағдайларында). Мұндай мәліметтер болмаған кезде тауардың бағасы мен құны маманның (сарапшының) қорытындысы негізінде айқындалады. «ҚК-нің 234-бабында көзделген әрекеттерді ірі және аса ірі мөлшерде жасалған деп тану кезінде, – делінген Жоғарғы Соттың аталған қаулысының 8-1-тармағында, – кедендік шекара арқылы кедендік бақылаудан тыс немесе кедендік бақылаудан жасырып не құжаттарды немесе кедендік сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалана отырып өткізілген, сондай-ақ кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған немесе шектелген, өткізуге қатысты арнайы қағидалар белгіленген, декларацияланбаған немесе анық емес декларацияланған тауарлардың, заттар мен құндылықтардың тек сол бөлігінің құны ғана ескерілуге тиіс.
Тауарлар мен өзге де заттардың кедендік және өзге де заңнаманың талаптарын сақтай отырып өткізілген қалған бөлігі (егер мұндай тауарлар алып қойылмаса немесе оларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынбаса) шығарылуға жатады».
Қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған болып есептеледі:
заңсыз жолмен жүзеге асырылатын әкелу және әкету кезінде – шекараны тікелей кесіп өткен сәттен бастап;
заңды өткізу түрінде жүзеге асырылатын әкелу кезінде – кедендік декларация тіркелген сәттен бастап, ал арнайы қағидалар белгіленген заттарға қатысты – шекаралық бақылау рәсімі аяқталған сәттен бастап;
заңды өткізу түрінде жүзеге асырылатын әкету кезінде – кедендік декларация тіркелген сәттен бастап.
Тауарлар өткізу пункттерінде және заңнамада белгіленген басқа да орындарда, бірақ кеден органдарының жұмыс уақыты белгіленбеген уақытта өткізілген жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылық шекараны кесіп өткен сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан қылмыстық құқық бұзушылық тікелей қасақаналықпен жасалады. Адам өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін ұғынады, қоғамдық қауіпті салдардың туындау мүмкіндігін алдын ала біледі және олардың болуын қалайды. Өзінің қасақаналығы әртүрлі адамдарға, оның ішінде өзіне тиесілі тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды заңсыз өткізуге бағытталған адам бірге өткізілетін контрабанда заттарының бүкіл жиынтық көлемі үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс. Ал өзіне тиесілі тауарлардың немесе өзге де құндылықтар мен заттардың жеке бөлігінің иесі, егер оның қасақаналығы басқа адамдардың контрабанда заттарының қалған бөлігін заңсыз өткізу әрекеттерін қамтымаса, тек өзіне тиесілі мүліктің контрабандасы үшін ғана қылмыстық жауаптылықта болады. Контрабанда заттарының иелері болып табылмайтын, бірақ осындай заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы ақыға, курьер ретінде және т.б. көрінеу заңсыз өткізуге кінәлі адамдардың әрекеттері де дәл осылай саралануға тиіс.
Контрабанда жасау объективті түрде кеден органдары алатын міндетті төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарумен байланысты, бұл кінәлінің тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды заңсыз өткізу жөніндегі тікелей қасақаналығымен бір мезгілде қамтылады және, әдетте, осындай өткізудің мақсаты болып табылады. Сондықтан бұл әрекеттер салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару үшін қосымша саралауды талап етпейді. Мұндай саралау контрабанда құрамын және міндетті төлемдерді төлеуден қылмыстық жалтару құрамын құрайтын әрекеттер әртүрлі уақытта жасалған жағдайларда ғана мүмкін болады. Кедендік және өзге де құжаттарды алдап пайдаланудың элементтері болып табылатын әрекеттер (қызметтік жалғандық, төлем белгілерін қолдан жасау, құжаттарды қолдан жасау) да қосымша саралауды талап етпейді.
Контрабандамен қатар өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар, атап айтқанда валютамен, есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен, атыс қаруымен және оқ-дәрілермен және т.б. байланысты не кедендік бақылаудан өзге бақылау объектісі болып табылатын мемлекеттік шекараны бұзумен байланысты құқық бұзушылықтар жасалған жағдайларда, жасалған әрекет тиісті қылмыстық заң нормаларында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамы үшін кінәлінің тауарларды немесе өзге де заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізуге деген ниетінің қандай себептермен туындағаны маңызды емес.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі он алты жасқа толған адамдар болуы мүмкін.
ҚР ҚК-нің 234-бабының 2-бөлігінде экономикалық контрабанданы мынадай мән-жайлармен жасағаны үшін жауаптылық белгіленген: 1) бірнеше рет; 2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолдана отырып; 4) аса ірі мөлшерде; 5) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен.
Егер контрабанда екі және одан да көп рет жасалса, ол бірнеше рет жасалған деп танылады. Бұл ретте адамның бұрын жасаған қылмысы үшін сотталмағанын немесе бұрын жасалған контрабанда үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылмағанын, сондай-ақ ҚК-нің 71 және 88-баптарында белгіленген ескіру мерзімдерінің өтпегенін анықтау маңызды.
Өзінің қызмет бабын пайдаланатын адам деп қызметтік міндетіне сәйкес кедендік немесе шекаралық бақылауды жүзеге асыруға, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды тексеруге қатысты тиісті әрекеттерді орындауға және шекарадан өтуге рұқсат беруге міндетті адамды түсіну қажет. Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалған контрабанда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық заң баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
Шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға қолданылатын күш көрсету көбінесе контрабандалық тауарларды немесе өзге де заттарды кедендік шекара арқылы заңсыз өткізуге кедергі келтірмеуге мәжбүрлеу мақсатында физикалық (мысалы, денсаулыққа жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтіру) немесе психикалық (физикалық күш қолдану қаупін төндіру) ықпал ету арқылы көрініс табады. Егер күш қолдану адам өліміне немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соқса, онда жасалған әрекет ҚК-нің 234-бабының 2-бөлігі және ҚК-нің 99 немесе 106-баптарында көзделген қылмыстар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
ҚК-нің 3-бабының 3) тармақшасына сәйкес қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты аса ірі мөлшер деп өткізілген тауарлардың құны жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшер танылады.
Егер контрабандаға қатысқан адамдар оны бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан болса, контрабанда адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған деп есептеледі.
Қарастырылып отырған қылмыстың аса сараланған түрі ҚК-нің 234-бабының 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген, мынадай адамдар жасаған әрекеттер болып табылады:
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам, не оған теңестірілген адам, не лауазымды адам, не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өз қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған әрекеттер;
қылмыстық топ жасаған әрекеттер.
ҚК-нің 3-бабының 27) тармақшасына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам деп Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты танылады.
«Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам», «лауазымды адам», «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам» ұғымдары ҚР ҚК-нің 3-бабының 28), 26), 16) тармақшаларында берілген.
Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармақшасында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
ҚК-нің 234-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылыққа жатады.
ҚК-нің 234-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмысқа жатады.
ҚК-нің 234-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмысқа жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама