Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 221-бабына «Монополистік қызмет» қатысты түсініктеме

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 221-бабына «Монополистік қызмет» қатысты түсініктеме

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 221-бабына «Монополистік қызмет» қатысты түсініктеме

1. Нарық субъектілерінің монополиялық жоғары (төмен) немесе келісілген бағаларды белгілеуі және (немесе) ұстап тұруы, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінен сатып алынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қайта сатуға аумақтық белгісі, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, саны немесе бағасы бойынша шектеулер белгілеуі, тауар нарықтарын аумақтық белгісі, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) ассортименті, оларды өткізу немесе сатып алу көлемі, сатушылар немесе сатып алушылар тобы бойынша бөлісуі, сондай-ақ егер олар азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не нарық субъектісінің ірі мөлшерде табыс алуымен ұштасса, бәсекелестікті шектеуге бағытталған өзге де әрекеттер, —

бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Дәл сол әрекеттер бірнеше рет немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, —

үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырумен немесе онсыз жазаланады.

3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер:

1) қылмыстық топ жасаған;

2) күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы, сол сияқты бопсалау белгілері болмаған кезде бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру не оны жою немесе бүлдіру қатерін төндіру арқылы жасалған болса, —

алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз жазаланады.

Ескерту. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Монополистік қызметтің қоғамдық қауіптілігі кәсіпкерлік қызмет субъектілері үшін бәсекелестік күресті жүргізудің барлығына бірдей ережелерін («ойын ережелерін») бұзудан тұрады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына сәйкес монополистік қызмет заңмен реттеледі және шектеледі, ал жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

Кәсіпкерлік кодекстің 162-бабында былай делінген: «Бәсекелестік дегеніміз – нарық субъектілерінің дербес әрекеттері олардың әрқайсысының тиісті тауар нарығындағы тауар айналымының жалпы жағдайларына біржақты ықпал ету мүмкіндігін тиімді түрде шектейтін нарық субъектілерінің жарыспалылығы (1-тармақ).

Бәсекелестік жарыспалылық, адалдық, заңдылық, тұтынушылардың құқықтарын сақтау қағидаттарына негізделеді, олар ұйымдық-құқықтық нысаны мен осындай нарық субъектілерінің тіркелген жеріне қарамастан, барлық нарық субъектілеріне бірдей, тең дәрежеде және тең жағдайларда қолданылады (2-тармақ)».

Жосықсыз бәсекеге мынадай әрекеттер жатады:

тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің дараландыру құралдарын, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін құқыққа қайшы пайдалану;

басқа өндірушінің тауарын құқыққа қайшы пайдалану;

бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;

нарық субъектісінің беделін түсіру;

көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнама;

тауарды мәжбүрлі ассортиментпен өткізу (сатып алу);

бәсекелес сатушыны (өнім берушіні) бойкоттауға шақыру;

сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру;

нарық субъектісін бәсекелеспен жасалған шартты бұзуға шақыру;

сатушының (өнім берушінің) жұмыскерін сатып алу;

сатып алушының жұмыскерін сатып алу;

коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа қайшы пайдалану;

тұтынушыға тауардың өндіріс сипатына, тәсіліне және орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты дәйексіз ақпарат беру арқылы тауарды өткізу;

нарық субъектісінің өзі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларды басқа нарық субъектілері өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлармен дұрыс салыстырмауы (ҚК-нің 177-бабының 2-тармағы).

Осылайша, жосықсыз бәсекелестік дегеніміз – заңды тұлғаның және (немесе) жеке тұлғаның, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кәсіпкерлік қызметте бәсекелестікті жою немесе шектеу арқылы негізсіз артықшылықтар алуға бағытталған әрекеті (әрекетсіздігі).

Бәсекелестік күрес барысында ұйым белгілі бір тауардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нарығында монополиялық жағдайға қол жеткізгеннен кейін нарыққа өз талаптарын қоя бастайтын жағдайлар жиі кездеседі, бұл түптеп келгенде тұтынушылардың мүдделерін бұзуы және нарықтың дамуына теріс әсер етуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 167-бабына сәйкес монополистік қызмет деп жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға мүмкіндік беретін, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналымының жалпы жағдайларына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі түсініледі.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен шектелетін монополистік қызметке мыналар жатады:

нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;

нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері;

үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану.

Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі болып заңды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың белгіленген тәртібі және адал бәсекелестік табылады. Қосымша объект ретінде азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік мүдделері, меншік қатынастары және адамның денсаулығы болуы мүмкін.

Қарастырылып отырған қылмыстың объективтік жағы мынадай әрекеттерден көрінеді:

нарық субъектілерінің монополиялық жоғары (төмен) немесе келісілген бағаларды белгілеуі және (немесе) ұстап тұруы;

үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінен сатып алынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қайта сатуға аумақтық белгісі, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, саны немесе бағасы бойынша шектеулер белгілеуі;

тауар нарықтарын аумақтық белгісі, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) ассортименті, оларды өткізу немесе сатып алу көлемі, сатушылар немесе сатып алушылар тобы бойынша бөлісуі;

бәсекелестікті шектеуге бағытталған өзге де әрекеттер.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес тиісті тауар нарығына кіруді шектеуге, бәсекелестікті болдырмауға, шектеуге және жоюға әкеп соққан және (немесе) нарық субъектісінің немесе тұтынушылардың белгісіз тобының заңды құқықтарын бұзатын үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне, оның ішінде мынадай әрекеттерге тыйым салынады:

монополиялық жоғары (төмен) немесе монопсониялық төмен бағаларды белгілеу, ұстап тұру;

нарық субъектілерімен немесе тұтынушылармен жасалатын мәні бірдей келісімдерге объективті түрде негізделген себептерсіз әртүрлі бағаларды не әртүрлі шарттарды қолдану, бағаларды әртүрлі қолдану тауарды өндіруге, өткізуге және жеткізуге арналған әртүрлі шығындармен, сату көлемін, төлем шарттарын, шарттың қолданылу мерзімдерін ескеретін жеңілдіктер жүйесін кемсітусіз қолданумен негізделген жағдайларды қоспағанда;

өзіне тиесілі тауарларды қайта сатуға аумақтық белгісі, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, сондай-ақ саны мен бағасы бойынша шектеулер белгілеу;

нарық субъектісінің немесе тұтынушының келісім жасасуын өз мазмұны бойынша немесе іскерлік айналым дәстүрлеріне сәйкес осы келісімдердің нысанасына қатысы жоқ қосымша міндеттемелерді қабылдауға шарттастыру немесе мәжбүрлеу;

шарт жасасу мүмкіндігі болған кезде жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан немесе тауар өткізуден негізсіз бас тарту не осындай шарт жасасуға жауап бермеу түрінде отыз күнтізбелік күннен асатын мерзім ішінде жалтару. Бұл ретте, сатып алушы өтініш жасаған кезде өндірілетін немесе өткізілетін тауардың қажетті көлемі болмаған жағдайда, оның ішінде тиісті тауарды сату туралы шарттар жасасуға байланысты бас тарту немесе жалтару негізді деп есептеледі;

тауарларды жеткізуді бәсекелестер өндірген немесе өткізетін тауарларды сатып алу кезінде шектеулер қабылдауға шарттастыру;

тұтынушылардың, нарық субъектілерінің сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды өндіру немесе жеткізу мүмкіндігі болған кезде өндіріс және (немесе) жеткізу көлемдерін негізсіз қысқарту немесе тауарларды өндіруді және (немесе) жеткізуді тоқтату;

егер мұндай алып қоюдың нәтижесінде тауар бағасы көтерілсе, тауарды айналымнан алып қою;

контрагентке шарттың нысанасына қатысы жоқ экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негізделмеген шарт талаптарын таңу;

тауар нарығына кіруге немесе басқа нарық субъектілерінің тауар нарығынан шығуына кедергілер жасау, бір тауарға экономикалық, технологиялық немесе өзге де тұрғыдан негізделмеген әртүрлі бағаларды (тарифтерді) белгілеу, кемсітушілік жағдайлар жасау.

Үстем немесе монополиялық жағдай деп нарық субъектісінің немесе бірнеше нарық субъектілерінің тиісті тауар нарығындағы, нарық субъектісіне немесе бірнеше нарық субъектілеріне тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тауар айналымының жалпы жағдайларына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін жағдайы танылады (КК-нің 172-бабының 1-тармағы).

Нарық субъектілерінің тұтынушылардың заңды құқықтарын бұзатын және (немесе) мынадай нәтижелерге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін келісімдері бәсекелестікке қарсы деп танылады:

бағаларды (тарифтерді), жеңілдіктерді, үстеме ақыларды (қосымша төлемдерді) және (немесе) үстеме бағаларды белгілеу немесе ұстап тұру;

сауда-саттықтағы бағаларды көтеру, төмендету немесе ұстап тұру, сауда-саттықтың, аукциондар мен конкурстардың қорытындыларын бұрмалау, оның ішінде лоттар бойынша бөлу арқылы;

тауар нарығын аумақтық белгісі, тауарларды сату немесе сатып алу көлемі, өткізілетін тауарлардың ассортименті не сатушылар немесе сатып алушылар (тапсырыс берушілер) құрамы бойынша бөлісу;

тауарлар өндірісін қысқарту немесе тоқтату;

белгілі бір сатушылармен немесе сатып алушылармен (тапсырыс берушілермен) шарт жасасудан бас тарту.

Монополиялық жоғары және монополиялық төмен баға ұғымдары Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 175-бабында берілген. Атап айтқанда, тауардың монополиялық жоғары бағасы деп үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға танылады, егер:

бұл баға осы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін ең жоғары бағадан асып кетсе немесе бәсекелестік жағдайында қалыптасқан салыстырмалы тауар нарығындағы бағадан жоғары болса;

бұл баға осындай тауарды өндіруге және өткізуге қажетті шығындар мен пайданың сомасынан асып кетсе.

Монопсониялық (монополиялық) төмен баға деп монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісі тауарды сатып алатын баға танылады, егер:

бұл баға монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісіне тауарды өзіне өткізетін нарық субъектілерінің есебінен өндіріс және (немесе) өткізу шығындарын азайту арқылы қосымша табыс алуға мүмкіндік берсе;

бұл баға тауарды өткізетін нарық субъектісінің осындай тауарды өндіруге және өткізуге қажетті шығындары мен пайдасының сомасынан төмен болса (КК бабы).

Тауар нарығы деп басқа тауармен алмастырылмайтын немесе өзара алмастырылатын тауарлардың (оның ішінде шетелде өндірілген тауарлардың) айналыс саласы түсініледі, оның шегінде (оның ішінде географиялық шегінде) сатып алушы экономикалық, техникалық немесе өзге де мүмкіндікке не орындылыққа сүйене отырып тауарды сатып ала алады, ал оның шегінен тыс мұндай мүмкіндік немесе орындылық болмайды (Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 175-бабының 2-тармағы). Кәсіпкерлік кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаларына мемлекеттік реттеу енгізілген тауар нарықтары реттелетін нарықтар деп танылады.

Салыстырмалы тауар нарығы деп сатылатын тауар көлемі, тауарды сатып алу немесе сату мақсаттарына қарай айқындалатын сатып алушылардың немесе сатушылардың (өнім берушілердің) құрамы және тауар нарығына кіру шарттары бойынша салыстырмалы болып табылатын басқа тауар нарығы түсініледі (Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 175-бабының 3-тармағы).

Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінен сатып алынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қайта сатуға шектеулер белгілеу заңсыз лимит белгілеуден, тауарларды сатуға кедергілер жасаудан көрінуі мүмкін. Бұл шектеу аумақтық белгісі, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, саны немесе бағасы бойынша жүзеге асырылуға тиіс. Бұл бәсекелестікті шектеудің нысаны, әдетте, лауазымды адамдарға тән.

Тауар нарықтарын аумақтық белгісі, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) ассортименті, оларды өткізу немесе сатып алу көлемі, сатушылар мен сатып алушылар тобы бойынша бөлу бәсекелестікті шектеу немесе жою тәсілі ретінде нарықты бөлу туралы кез келген нысандағы келісімге қол жеткізуді білдіреді. Бұл бір тауар (өзара алмастырылатын тауарлар) нарығында әрекет ететін шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы шарттар, мәмілелер, келісілген әрекеттер туралы болып отыр, бұл ретте олардың белгілі бір тауар нарығындағы жиынтық үлесі қандай екендігі маңызды емес.

Бәсекелестікті шектеудің өзге де нысандары бәсекелестерді тіркеу кезінде оларға әртүрлі кедергілер жасаудан, оның ішінде құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерін пайдаланудан, бәсекелестерді нарыққа жібермеуден немесе басқа шаруашылық жүргізуші субъектілерді нарықтан ығыстырудан көрінуі мүмкін.

Бәсекелестікке жол бермеу кезінде кінәлі адам өз әрекеттерімен тауар нарығының белгілі бір қызмет ету саласында бәсекелестіктің болуын мүмкін емес етеді. Кінәлі адамның қабылдаған шаралары нәтижесінде мұнда шаруашылық жүргізуші субъектілердің жарыспалылығы жойылады.

221-бапта көзделген жауаптылық белгіленген әрекеттердің барлық нысандары бәсекелестікті шектеуге бағытталуға тиіс.

Бәсекелестікті шектеу нысандары мыналар болып табылады: экономикалық қызметтің басқа субъектілерінің нарыққа кіруіне кедергі жасау; басқа шаруашылық жүргізуші субъектілердің тауар нарығына енуіне кедергілер жасау; шаруашылық жүргізуші субъектіге залал келтіруі немесе оның іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін көрінеу жалған, нақты емес немесе бұрмаланған мәліметтерді тарату; нарық субъектілерін тауардың өндіріс сипаты, тәсілі және орны, тұтынушылық қасиеттері, өндірушілері, сапасы мен саны жөнінде жаңылыстыру; коммерциялық және қызметтік құпияны құрайтын ғылыми-техникалық ақпаратты заңсыз алу, пайдалану, жария ету.

Бәсекелестікті шектеуге және тежеуге Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы «Табиғи монополиялар туралы» Заңымен тек табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет ету саласында ғана рұқсат етіледі. Көрсетілген Заңның 4-бабының 18) тармақшасына сәйкес табиғи монополия дегеніміз – өндірістің және осы тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрін ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдайлар жасау мүмкін емес немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болып табылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығының жай-күйі.

Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар салаларына, көрсетілген Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес, осы тармақтың 14 тармақшасында көзделген реттелетін қызметтер жатады (қараңыз: «Табиғи монополиялар туралы» Заң).

Табиғи монополиялар субъектілері реттелетін қызметтері көрсетіле отырып, Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілуге жатады.

Табиғи монополиялар салаларын кеңейту Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

Құрамының құрылымы бойынша қылмыс материалдық құрамға жатады. Қылмыс азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірілген жағдайда аяқталған болып есептеледі. Нарық субъектісінің ірі мөлшерде табыс алуы белгісі бойынша қылмыс құрамы формальдық болып табылады.

ҚК-нің 3-бабының 38) тармақшасында қарастырылып отырған қылмысқа қатысты ірі мөлшердегі табыс деп сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс, ал азаматқа келтірілген залал деп айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке келтірілген залал деп айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын мөлшерде келтірілген залал түсінілетіні көрсетілген.

Қылмыстың субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады, бұл ретте тікелей де, жанама да қасақаналық болуы мүмкін. Адам монополиялық жоғары (төмен) немесе келісілген бағаларды белгілеу және (немесе) ұстап тұру, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінен сатып алынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қайта сатуға аумақтық белгісі, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, саны немесе бағасы бойынша шектеулер белгілеу, тауар нарықтарын аумақтық белгісі, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) ассортименті, оларды өткізу немесе сатып алу көлемі, сатушылар немесе сатып алушылар тобы бойынша бөлісу, сондай-ақ бәсекелестікті шектеуге бағытталған өзге де әрекеттердің бәсекелестікті шектеуге бағытталғанын сезінеді, осының нәтижесінде азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіру немесе ірі мөлшерде табыс алу мүмкіндігін не болмай қоймайтынын алдын ала біледі және мұны қалайды не оған саналы түрде жол береді.

Қылмыстың субъектісі жалпы болып табылады, яғни есі дұрыс, он алты жасқа толған кез келген жеке тұлға. Алайда қылмыстық заңның мәні бойынша ол заңды тұлғаның басшысы немесе осындай ұйымдағы жоғары буын басқарушысы да болуы мүмкін.

Қылмысты жеке кәсіпкер немесе лауазымды адам ретінде әрекет ететін жеке тұлғалардың жасауы да жоққа шығарылмайды.

Егер кінәлі адам күш қолданамын немесе мүлікке зиян келтіремін деп қорқытып, қандай да бір мүлікті немесе оған құқықты беруді (акцияларды қайта ресімдеуді немесе төмен бағамен сатуды) не мүліктік сипаттағы әрекеттерді орындауды талап етсе, ол ҚК-нің 221 және 194-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша «Қорқытып алушылық» үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

ҚК-нің 221-бабының 2-бөлігінде қылмысты бірнеше рет немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

221-баптың 3-бөлігінде аса сараланған құрам көзделген. Ол ҚК-нің 221-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыстарды мынадай жағдайларда жасағаны үшін жауаптылық белгілейді: 1) қылмыстық топ жасаған; 2) күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы, сол сияқты бопсалау белгілері болмаған кезде бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру не оны жою немесе бүлдіру қатерін төндіру арқылы (ҚК-нің 214–220-баптарына түсініктемені қараңыз).

Күш қолдану деп ұрып-соғуды, денсаулыққа жеңіл және ауырлығы орташа зиян келтіруді түсіну қажет. Егер күш қолдану нәтижесінде денсаулыққа ауыр зиян келтірілсе, жасалған әрекетті ҚК-нің 221-бабы 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралау қажет. Күш қолдану қатері деп денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіру қатерін түсіну қажет. Қатер адамды өлтіремін деп қорқытудан да көрінуі мүмкін. Бұл ретте қатер нақты болуға тиіс.

Қылмысты жасау тәсіліне қарай қылмыс субъектілері Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдері (лауазымды адамдар) де болуы мүмкін, олардың әрекеттері шаруашылық жүргізуші субъектілердің дербестігін шектеуге бағытталған немесе жекелеген шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметі үшін кемсітушілік жағдайлар жасаған және т.б. Мұндай жағдайларда ҚК-нің 221 және 365-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша жауаптылыққа тарту жоққа шығарылмайды. ҚК-нің 365-бабы – «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау».

Мүлікті жою деп затқа оның өмір сүруін тоқтататын немесе нысаналы мақсаты тұрғысынан жарамсыз ететіндей әсер етуді түсіну қажет.

Бөтеннің мүлкін бүлдіру деп затқа әсер ету нәтижесінде оның жай-күйі нашарлап, оны өз мақсаты бойынша уақытша пайдалану мүмкін болмай қалатын жағдайды түсіну қажет.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою және бүлдіру (ҚК-нің 202-бабының 1-бөлігі), сондай-ақ күш қолдану қатері (ҚК-нің 115-бабы) ҚК-нің 221-бабының 3-бөлігімен толық қамтылады және қосымша саралауды қажет етпейді.

Егер бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру ауырлататын және аса ауырлататын мән-жайлар кезінде (ҚК-нің 202-бабының 2 және 3-бөліктері) жасалса, кінәлінің әрекеті ҚК-нің 221-бабының 3-бөлігі және ҚК-нің 202-бабының 2 немесе 3-бөліктері бойынша қылмыстардың жиынтығымен саралануға тиіс.

Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінің 2) тармағында көрсетілген әрекеттерді жасау кезінде қорқытып алушылық белгілері болмауға тиіс.

Егер ҚК-нің 221-бабының диспозициясында көрсетілген әрекеттерді жасау нәтижесінде ірі залал келтірілмесе немесе олар ірі мөлшерде табыс алумен ұштаспаса, жауаптылық ӘҚБтК-нің 159-бабы бойынша туындайды.

ҚК-нің 221-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.

ҚК-нің 221-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.

ҚК-нің 221-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.

Түсіндіріліп отырған бапқа ескертуге сәйкес, 1-бөлікте көзделген әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

159-бап. Монополистік қызмет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі

159-бап. Монополистік қызмет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі      1. Нарық субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде...

Толық оқу »

159-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің монополиялық қызметі

159-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің монополиялық қызметі 1. Егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет бел...

Толық оқу »

Монополистік қызмет әкімшілік іс бойынша іс жүргізу бәсекелестікке қарсы және келісілген әрекеттердің болмауына байланысты тоқтатылды

Монополистік қызмет әкімшілік іс бойынша іс жүргізу бәсекелестікке қарсы және келісілген әрекеттердің болмауына байланысты тоқтатылдыАстана қаласының мамандандырылған ауданара...

Толық оқу »