Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабына түсініктеме. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету
1. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкін не оған құқықты тартудан табыс (мүліктік пайда) алу жөніндегі қызметті тартылған қаражатты қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, аталған активтерді қайта бөлу және бір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту арқылы ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекеттер:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) ірі мөлшерде ақша немесе өзге де мүлік тарту арқылы жасалған болса, —
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер:
1) қылмыстық топпен;
2) аса ірі мөлшерде ақша немесе өзге де мүлік тарту арқылы;
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам, лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған болса, —
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, ал 3) тармақта көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
Ескертпе. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы ұйымдастырушыны қоспағанда, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құруға немесе оған не оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық етуге жәрдемдескені туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерін бұзудан, оларға материалдық және моральдық зиян келтіруден көрінеді.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі қалыпты қаржылық (инвестициялық) қызметке қатысты қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қосымша объектісі азаматтардың немесе заңды тұлғалардың мүліктік мүдделері болып табылады. Қылмыстың заты — ақша қаражаты немесе өзге де мүлік не оған құқық.
Қылмыстың объективтік жағы:
- қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрудан;
- қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық етуден тұрады.
Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкін не оған құқықты тартудан табыс (мүліктік пайда) алу жөніндегі қызметті тартылған қаражатты қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, аталған активтерді қайта бөлу және бір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту арқылы ұйымдастыруды білдіреді.
Халықтың қалың бұқарасы үшін мұндай пирамидаға ақша салудың тартымдылығы ешқандай күш жұмсамай-ақ жоғары табыс алуға уәде берумен байланысты. Алайда мұндай табыстылықты ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ету мүмкін емес, ал пирамиданың барлық қатысушылар алдындағы міндеттемелерін өтеуі алдын ала орындалмайтын жағдайға айналады.
Осы қылмыстың объективтік жағын қаржылық (инвестициялық) пирамиданың өзіне немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету жағдайлары да құрайды. Басшылық ету оның қызметін үйлестіруден, қатысушылар арасында функционалдық міндеттерді бөлуден және т.б. көрінуі мүмкін.
Бұл ретте қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметі оны құрушылардың немесе басшыларының тартылған қаражатты қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке пайдалану ниетінің болмауымен байланысты.
Құрылымы бойынша талданып отырған қылмыс құрамы формальдық құрамға жатады. Қылмысты қаржылық (инвестициялық) пирамида құрылған сәттен бастап, сондай-ақ қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету басталған сәттен бастап аяқталған деп есептеу керек.
Субъектісі — осындай құрылымды құрған және оған басшылық еткен, он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға. Осы баптың 2-бөлігінің 3) тармағында және 3-бөлігінің 3) тармағында көзделген жағдайлар бұған кірмейді, өйткені оларда арнайы субъект қарастырылған.
Субъективтік жағынан қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету тікелей қасақаналық нысанында жасалады. Кінәлі адамның жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкін не оған құқықты тартудан табыс (мүліктік пайда) алу мақсатында тартылған қаражатты қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, аталған активтерді қайта бөлу және бір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту арқылы қаржылық (инвестициялық) пирамида құрып жатқанын, сол сияқты осындай қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық етіп отырғанын сезінеді және осындай әрекеттерді жасауды қалайды.
ҚК-нің 217-бабының 2-бөлігінде дәл сол іс-әрекеттерді: 1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; 2) бірнеше рет; 3) адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасағаны үшін жауаптылық белгіленген (ҚК-нің 216-бабының 2-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
Адамның өз қызмет бабын пайдалана отырып іс-әрекет жасауы мұндай іс-әрекеттің субъектілері мемлекеттік органдарда немесе мекемелерде, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға не оларға теңестірілген адамдарға жатпайтын мемлекеттік емес мекемелерде жұмыс істейтін тұлғалар болуы мүмкін екенін білдіреді.
ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес, ірі мөлшерде ақша немесе өзге де мүлік тарту деп сомасы бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын кіріс танылады.
ҚК-нің 217-бабының 3-бөлігінде аталған ҚК бабының 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді: 1) қылмыстық топпен; 2) аса ірі мөлшерде ақша немесе өзге де мүлік тарту арқылы; 3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам, не оған теңестірілген адам, не лауазымды адам, не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасағаны үшін жауаптылық белгіленеді. Аталған саралаушы және аса саралаушы белгілер ҚК-нің 216-бабына түсініктемеде қарастырылған.
ҚК-нің 3-бабының 3) тармағына сәйкес, аса ірі мөлшерде ақша немесе өзге де мүлік тарту деп сомасы бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын кіріс танылады.
ҚК-нің 217-бабына ескертпеде ынталандыру сипатындағы ереже қамтылған. Атап айтқанда, егер қаржылық (инвестициялық) пирамиданы ұйымдастырушыны қоспағанда, адам қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құруға немесе оған не оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық етуге жәрдемдескені туралы өз еркімен мәлімдесе, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал етсе, оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаған жағдайда, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Қылмысты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде ықпал ету деп кінәлі адамның қылмыстың барлық мән-жайларын толық анықтауға, оның барлық сыбайластарын әшкерелеуге, қылмыстың себептері мен жағдайларын анықтауға тергеуге жәрдемдесуге бағытталған бастамашыл әрекеттер жасауы түсініледі. Ол өзінің кінәсін ғана емес, басқа адамдардың да қатысуын көрсететін мойындау айғақтарын беруден, заттай және өзге де дәлелдемелерді ұсынудан немесе олардың орналасқан жерін көрсетуден, тергеу әрекеттерін ұйымдастыруға және жүргізуге көмектесуден және т.б. көрінуі мүмкін. Кінәлі адамның белсенділігін растайтын құжаттар ретінде оның түсініктемелері, өтініштері, жауап алу хаттамасы, оның қатысуымен жүргізілген өзге де тергеу әрекеттерінің хаттамалары қызмет етуі мүмкін.
ҚК-нің 217-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады.
ҚК-нің 217-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Указ Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар