Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 212-бабы. Құқыққа қайшы мақсаттарды көздейтін интернет-ресурстарды орналастыру үшін қызметтер көрсетуге түсініктеме
1. Құқыққа қайшы мақсаттарды көздейтін интернет-ресурстарды орналастыру үшін ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешендерді ұсыну жөніндегі қызметтерді көрінеу құқыққа қайшы көрсету —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
2. Осы әрекетті адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе қылмыстық топтың жасауы —
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Түсіндіріліп отырған әрекеттің қоғамдық қауіптілігі ақпараттық кеңістікте террористік немесе экстремистік сипаттағы материалдарды, порнографияны, зиянды бағдарламаларды және осыған ұқсас құқыққа қайшы материалдарды (контентті) тарататын ресурстардың жұмыс істеуі нәтижесінде қоғамға келтірілетін елеулі зиянмен байланысты.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі ақпараттық кеңістіктің құқыққа қайшы мазмұндағы материалдардан қорғалуын қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады.
Ақпараттық кеңістік ақпаратты қалыптастыруға, жасауға, түрлендіруге, өңдеуге, беруге, пайдалануға және сақтауға байланысты қызмет саласын білдіреді. Ақпараттық кеңістік жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылымға және ақпараттың өзіне әсер ететін құрал рөлін атқарады.
Объективтік жағынан қылмыс құқыққа қайшы мақсаттарды көздейтін интернет-ресурстарды орналастыру үшін ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешендерді ұсыну жөніндегі қызметтерді құқыққа қайшы көрсетуден көрінеді.
Ашық ақпараттық-коммуникациялық желі деп Интернет желісін түсіну керек.
Қызметтерді ақылы немесе ақысыз көрсету қылмысты саралау үшін маңызға ие емес.
Ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешендерді ұсыну жөніндегі қызметтерге мыналарды жатқызу керек: сайтты, жеке парақшаны, файлдарды сақтау және алмасу сервисін құру және қолдау.
Құқыққа қайшы мақсаттарды көздейтін интернет-ресурстарға экстремизмді немесе терроризмді насихаттау және ақтау, оларды өткізу кезеңінде антитеррорлық операциялардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын ақпарат, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін, порнографияны насихаттайтын материалдар, сондай-ақ зиянды бағдарламалар жатады.
Қылмыс құрамының құрылымы бойынша бұл қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешендердің меншік иесі немесе иеленушісі құқыққа қайшы мақсаттарды көздейтін интернет-ресурсты орналастыруды ниет еткен тұлғаға оларға қол жеткізу мүмкіндігін берген сәттен бастап аяқталған болып танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тек қасақана жасалуы мүмкін: кінәлі адам аппараттық-бағдарламалық кешенді (хостингті) заңға қайшы ақпаратты (контентті) тарататын интернет-ресурстарды орналастыру үшін ұсынып отырғанын сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі, олардың туындауын қалайды немесе оған немқұрайлы қарайды. Көрінеулік дегеніміз — тұлғаның аппараттық-бағдарламалық кешенді ұсынғанға дейін ресурста заңға қайшы ақпарат орналастырылатынын анық білгенін білдіреді.
Осы қылмыстың себептері мен мақсаттары әртүрлі болады және қылмысты саралауға әсер етпейді, алайда олар жаза тағайындау кезінде ескерілуге тиіс.
Қылмыстың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 212-бабының 2-бөлігі бойынша саралаушы белгілер адамдар тобының алдын ала сөз байласуы және қылмыстық топ болып табылады. «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы» және «қылмыстық топ» ұғымдарының анықтамаларын ҚР ҚК-нің 206-бабына берілген түсініктемеден қараңыз.
ҚР ҚК-нің 212-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 212-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы Қылмыстық кодексіне түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар