Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 184-бабына түсініктеме. Диверсия
1. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін әлсірету мақсатында адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге, кәсіпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қиратуға немесе бүлдіруге бағытталған жарылыс, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау, сондай-ақ дәл осындай мақсаттарда жаппай уландыру немесе эпидемиялар мен эпизоотияларды тарату, —
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, мүлкін тәркілей отырып, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Диверсияның қоғамдық қауіптілігі (латын тілінен «ауытқу, басқа жаққа бұру») қылмыстық әрекеттердің адамдарды жаппай қырып-жоюға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне елеулі қатер төндіруге бағытталуынан тұрады. Бұл мемлекеттің және қоғамның экономикалық әлсіреуіне әрі саяси тұрақсыздануына алып келуі мүмкін.
Диверсияның объектісі Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеті болып табылады. Қосымша объектілері — адамдардың өмірі мен денсаулығы, экономикалық қызмет, байланыс, көлік салалары және т.б.
«Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 4) тармақшасына сәйкес экономикалық қауіпсіздік — ұлттық экономиканың орнықты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қатерлерден қорғалу жай-күйі.
Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мемлекеттің қорғанысқа, сыртқы агрессияға тойтарыс беруге дайындық деңгейін білдіреді.
2005 жылғы 7 қаңтардағы «Қорғаныс және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 30) тармақшасында қорғаныс Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігін, аумақтық тұтастығын және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының қол сұғылмаушылығын қарулы қорғау жөніндегі саяси, әскери, экономикалық, ақпараттық, экологиялық, әлеуметтік-құқықтық және өзге де сипаттағы мемлекеттік шаралар жүйесі ретінде айқындалған.
Диверсияның нысанасы кәсіпорындар, құрылыстар, қатынас жолдары мен құралдары, байланыс құралдары, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілері болуы мүмкін (меншік нысанына қарамастан). Оларға, атап айтқанда, электр беру және байланыс желілері, мұнай және газ құбырлары, шахталар, көпірлер, бөгеттер, жылу және сумен жабдықтау жүйелері, қару-жарақ, жанармай және азық-түлік қоймалары және т.б. жатады.
Диверсияның объективтік жағы диспозицияда көзделген мынадай нысандардың бірінде көрініс табатын әрекеттер жасаумен сипатталады: 1) адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге, кәсіпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қиратуға немесе бүлдіруге бағытталған жарылыс, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау; 2) дәл осындай мақсаттарда жаппай уландыру немесе эпидемиялар мен эпизоотияларды тарату.
Адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге бағытталған жарылыс, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау түріндегі диверсия кәсіпорындар мен ұйымдардың елеулі мөлшердегі қызметкерлерін істен шығару арқылы Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін әлсірету мақсатында адамдарды өлтіруден, олардың денсаулығына әртүрлі дәрежедегі зиян келтіруден тұрады.
Денсаулыққа зиян деп ағзалардың (тіндердің) анатомиялық тұтастығының немесе олардың физиологиялық функцияларының бұзылуын (дене жарақаттарын), сондай-ақ сыртқы ортаның әртүрлі факторларының: механикалық, химиялық, биологиялық, психикалық әсер етуі нәтижесінде пайда болған ауруларды немесе патологиялық жай-күйлерді түсіну қажет.
Қылмыстық заңнама ҚК-нің 3-бабында денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежелерін айқындаған. Атап айтқанда, ҚК-нің 3-бабының 11) тармақшасына сәйкес денсаулыққа ауыр зиян — адамның өміріне қауіпті болып табылатын денсаулыққа келтірілген зиян не адамның көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзасынан айырылуына; ағзаның өз функцияларын жоғалтуына; бет-әлпетінің қалпына келмейтіндей бұзылуына; жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін тұрақты түрде едәуір жоғалтуға байланысты денсаулығының бұзылуына; кәсіптік еңбек қабілетін толық жоғалтуға; жүктіліктің үзілуіне; психикалық бұзылуға; нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа шалдығуға әкеп соққан өзге де зиян.
Денсаулыққа ауырлығы орташа зиян — адамның өміріне қауіпті болып табылмайтын, денсаулықтың ұзақ уақытқа (жиырма бір күннен астам мерзімге) бұзылуын немесе жалпы еңбек қабілетінің едәуір тұрақты жоғалуын (үштен бірінен кем мөлшерде) туғызған денсаулыққа келтірілген зиян (ҚК-нің 3-бабының 12) тармақшасы).
Денсаулыққа жеңіл зиян — денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына (жиырма бір күннен аспайтын мерзімге) немесе жалпы еңбек қабілетінің болмашы тұрақты жоғалуына (оннан бір бөлігінен кем мөлшерде) әкеп соққан денсаулыққа келтірілген зиян (ҚК-нің 3-бабының 13) тармақшасы).
Қарастырылып отырған нысандағы диверсия кәсіпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдарын, байланыс құралдарын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қиратуға немесе бүлдіруге бағытталған әрекеттер жасаумен де сипатталуы мүмкін.
Азаматтық кодекстің 119-бабының 1-тармағына сәйкес кәсіпорын объект ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүліктік кешен болып танылады. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына оның қызметіне арналған мүліктің барлық түрлері, оның ішінде ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикізат, жер учаскесіне құқықтар, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметін дараландыратын белгілерге (фирмалық атауы, тауар белгілері) құқықтар және шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар кіреді (АК-нің 119-бабының 2-тармағы).
Құрылыстар — әртүрлі шаруашылық мақсаттағы салынған объектілер (ғимараттар, көпірлер, каналдар және т.б.). Құрылыстар мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына кіруі немесе дербес объектілер болуы мүмкін, азаматтық заңнамада олар жылжымайтын мүліктің бір түрі ретінде танылады.
Қатынас жолдары деп жүктерді тасымалдауға, қабылдауға және беруге, жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған теміржол, автомобиль, су, әуе және құбыр көлігі объектілері орналасқан желілерді түсіну қажет.
Қатынас құралдары — барлық түрдегі көлік құралдары.
Байланыс құралдары (телекоммуникация құралдары) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңында электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, беруге, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдықтар, жүйелер мен бағдарламалық құралдар ретінде белгіленген.
Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілері — халықтың қалыпты тіршілік әрекетін қамтамасыз ететін кез келген кәсіпорындар, мекемелер, құрылыстар (су тазарту құрылыстары, электр беру желілері, азық-түлік қоймалары және т.б.).
Объектілерді қирату деп оларды толық жарамсыз жағдайға келтіруді түсіну қажет, бұл объектілерді қалпына келтірудің мүмкін еместігін немесе экономикалық тұрғыдан тиімсіздігін білдіреді.
Бүлдіру деп диверсиялық қызмет объектілеріне олардың шаруашылық-экономикалық маңызын едәуір төмендететін, бірақ жөндеу және қалпына келтіру арқылы жоюға болатын залал келтіруді түсіну қажет.
Диверсияның бірінші нысанын жасаудың тәсілдері заң шығарушы тікелей бөліп көрсеткен жарылыстар мен өрт қоюлармен ғана шектелмейді, сонымен қатар адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге немесе осы баптың диспозициясында көрсетілген объектілерді қиратуға не бүлдіруге бағытталған өзге де әрекеттерді қамтиды. Өзге әрекеттерге, мысалы, апаттар мен аварияларды, опырылулар мен су басуларды ұйымдастыру және т.б. жатады.
Диверсияның осы нысанындағы құрамы заңда көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Туындаған зардаптар іс-әрекетті саралауға әсер етпейді, алайда кінәнің дәрежесін белгілеу және жаза тағайындау кезінде ескеріледі.
Жаппай уландыру деп тамақты, суды, дәрілік заттарды және т.б. улы заттармен уландыру арқылы адамдарды істен шығаруды түсіну қажет. Улану — адам ағзасына улы заттардың түсуінен туындайтын ауру жағдайы. Уланудың қауіптілігі оның өлімге әкеп соғуы мүмкін екендігінде.
Диверсия осы нысан бойынша адамдар жаппай уланған сәттен бастап аяқталған қылмыс болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабы 1-тармағының 295) тармақшасына сәйкес эпидемия деп инфекциялық аурудың жаппай таралуын, яғни аурушаңдықтың әдетте тіркелетін деңгейінен едәуір асып кетуін түсіну қажет.
Эпидемияларды тарату нысанындағы диверсия адамдардың инфекциялық аурумен жаппай ауырған сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес эпизоотияларды тарату деп тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың аса қауіпті және басқа да инфекциялық ауруларының жаппай таралуы түсініледі.
Осы нысандағы диверсияның құрамы жануарлар арасында аурудың жаппай таралу сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
Объективтік жағы бойынша диверсия кейбір жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтарға, мысалы, көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге, бөтеннің мүлкін қасақана жоюға немесе бүлдіруге, көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыз күйге келтіруге ұқсас. Олардың диверсиядан айырмашылығы — басқа қоғамдық қатынастар салаларына зиян келтіруінде. Сонымен қатар, оларды жасаған кезде кінәліде осы бапта көрсетілген Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін әлсіретуге бағытталған арнайы мақсат болмайды.
Диверсияны терроризм актілерінен ажырату қажет. Олардың негізгі айырмашылықтары төмендегідей:
диверсияның нысанасы кәсіпорындар мен құрылыстардың шектеулі шеңбері болып табылады, ал терроризм кезінде кез келген заттар мен объектілер оның нысанасы болуы мүмкін;
диверсия объектілерді жоюға немесе бүлдіруге бағытталған, ал терроризм объектілерді жоюға немесе бүлдіруге де, сондай-ақ осындай әрекеттерді жасау қатерін төндіруге де бағытталған;
диверсияның мақсаты қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін әлсірету болып табылады, осыған байланысты кінәлі үшін кәсіпорындарды немесе құрылыстарды жою мен бүлдірудің өзі дербес маңызға ие. Ал терроризм актісін жасаудың мақсаты — мемлекеттік билік органының шешім қабылдауына ықпал ету, осыған байланысты белгілі бір объектілерді жою немесе бүлдіру қоғамдық үрей ахуалын қалыптастыруға бағытталады.
Диверсияның субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге, кәсіпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қиратуға немесе бүлдіруге бағытталған әрекеттерді, сондай-ақ дәл осындай мақсаттарда жаппай уландыруды немесе эпидемиялар мен эпизоотияларды таратуды жүзеге асырып отырғанын сезінеді және осы әрекеттерді жасауды қалайды.
Субъективтік жақтың міндетті элементтеріне елдің қауіпсіздігін немесе қорғаныс қабілетін әлсірету мақсаты жатады.
Диверсияның себептері іс-әрекетті саралауға әсер етпейді. Мұндай себептер пайдакүнемдік, кек алу және өзге де жеке басының мүдделері болуы мүмкін.
Диверсияның субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 184-бабында көзделген іс-әрекет аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме