Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 153-бабына түсініктеме. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандарға қатысты еңбек заңнамасын бұзу
1. Жұмыс берушінің немесе лауазымды адамның он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстарға кәмелетке толмағандарды тарту бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзуы —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекет:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
4) алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы;
5) кінәлі адамға көрінеу белгілі болған психикалық бұзылушылықтан зардап шегетін немесе дәрменсіз күйде жүрген кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Әрекеттің қоғамға қауіптілігі он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстарға оларды тартуға қатысты еңбек заңнамасында белгіленген тыйымдар мен шектеулерді бұзудан көрінеді.
Көрсетілген жұмыскерлер санатының еңбегін реттеудің ерекшеліктерінің бірі — он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбек қатынастарында құқықтары бойынша кәмелетке толған жұмыскерлерге теңестірілетіндігі, ал еңбекті қорғау, жұмыс уақыты, тынығу уақыты және еңбектің басқа да жағдайлары саласында ҚР Еңбек кодексінде белгіленген қосымша кепілдіктерді пайдаланатындығы туралы ереже болып табылады.
Қылмыстың объектісі — ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда, сондай-ақ орындау олардың денсаулығы мен адамгершілік тұрғыдан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарда он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға жол бермеу жөніндегі еңбек заңнамасында белгіленген кепілдіктер мен шектеулер бөлігінде кәмелетке толмаған жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар.
Қосымша объект ретінде балалардың денсаулығы танылады.
Объективтік жағы кәмелетке толмағандарды он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстарға тартуға қатысты еңбек заңнамасында белгіленген тыйымдарды бұзудан көрінеді.
Еңбек заңнамасымен он сегіз жасқа толмаған азаматтармен ауыр жұмыстарға, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыскердің толық материалдық жауаптылығын көздейтін лауазымдар мен жұмыстарға еңбек шартын жасасуға тыйым салынады (ҚР ЕК 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы).
Еңбек кодексінің 182-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді олар үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды тасуға және жылжытуға жібермеуге міндетті.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 944 «Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар тізімін, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің ауыр заттарды тасуы мен жылжытуының шекті нормаларын және әйелдердің еңбегін пайдалануға шектеу қойылатын жұмыстар тізімін, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруі мен жылжытуының шекті нормаларын бекіту туралы» бұйрығымен он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар тізімі, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің ауыр заттарды тасуы мен жылжытуының шекті нормалары бекітілген.
Тізімге он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын өндірістердің және жұмыстардың жалпы түрлерінің 103 түрі енгізілген. Аталған тізім түпкілікті болып табылады. Тек осы жұмыстарда ғана кәмелетке толмағандардың көрсетілген санатының еңбегін пайдалануға тыйым салынады және ол түсіндіріліп отырған баптың қолданысына жатады.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің аталған бұйрығымен он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің ауыр заттарды тасуы мен жылжытуының шекті нормалары да бекітілген, оған сәйкес он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер (адамдар) (бұдан әрі — жасөспірімдер) тек салмағы 4,1 кг-нан асатын ауыр заттарды тасудан немесе жылжытудан тұратын жұмыстарға тағайындалмайды.
Жасөспірімдердің екі жыныстағы ауыр заттарды төменде көрсетілген нормалар шегінде тасуына және жылжытуына, егер бұл жасөспірімнің тұрақты кәсіби жұмысын орындаумен тікелей байланысты болса және олардың жұмыс уақытының үштен бірінен аспайтын уақытын алса ғана жол беріледі.
16 жастан 18 жасқа дейінгі ер жынысты жасөспірімдер үшін ауыр заттарды тасудың рұқсат етілген нормалары 16,4 кг, ал әйел жынысты жасөспірімдер үшін — 8,2 кг құрайды. Рельстер бойымен қозғалатын вагонеткалардағы ауыр заттарды жылжытуға 16 жастан 18 жасқа дейінгі ер жынысты жасөспірімдер үшін 492 кг шегінде, ал әйел жынысты жасөспірімдер үшін — 328 кг шегінде рұқсат етіледі. Бұл ретте тасымалданатын және жылжытылатын жүктің массасына ыдыстың, қаптаманың және құрал-жабдықтың массасы да қосылады.
Сондай-ақ он сегіз жасқа толмаған азаматтармен жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыскердің толық материалдық жауаптылығын көздейтін лауазымдар мен жұмыстарға еңбек шартын жасасуға жол берілмейді (ҚР ЕК 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы).
Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлермен толық материалдық жауаптылық туралы еңбек шартын жасасуға қатысты заңнамалық тыйымды бұзу ҚР ҚК-нің 153-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағын құрайды.
Қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс он сегіз жасқа толмаған кәмелетке толмаған адамды еңбек заңнамасымен жұмыскерлердің көрсетілген санаты үшін тыйым салынған жұмыстарға тартқан сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан әрекет тікелей немесе жанама қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады, яғни адам кәмелетке толмағандарды он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстарға тартуға қатысты еңбек заңнамасында белгіленген тыйымдарды бұзатынын сезінеді, өзі жасаған әрекеттердің нәтижесінде теріс салдарлардың туындауы мүмкін екенін немесе сөзсіз туындайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды не теріс салдарлардың туындау мүмкіндігін алдын ала біледі, оларды қаламаса да, олардың туындауына саналы түрде жол береді немесе оларға немқұрайды қарайды.
Субъект арнайы — жұмыс беруші немесе лауазымды адам.
Жұмыс беруші — жұмыскермен еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға (ЕК 1-бабы 1-тармағының 39) тармақшасы).
Лауазымды адам — мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында билік өкілінің функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адам (ҚК 3-бабының 26) тармағы).
Субъектінің өкілеттіктері оның Еңбек кодексінде және белгілі бір лауазымды атқаратын немесе осы лауазым бойынша міндеттерді уақытша не арнайы өкілеттік бойынша орындайтын адамның құқықтары мен міндеттері регламенттелетін өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген құзыретімен айқындалады.
ҚР ҚК-нің 153-бабының 2-бөлігінде дәл сол әрекеттерді жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген: 1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 2) бірнеше рет; 3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 4) алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы; 5) кінәлі адамға көрінеу белгілі болған психикалық бұзылушылықтан зардап шегетін немесе дәрменсіз күйде жүрген кәмелетке толмаған адамға қатысты.
Кәмелетке толмағандарды он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстарға тарту бөлігінде еңбек заңнамасын бұзу, егер оған түсіндіріліп отырған қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан адамдар қатысса, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған деп танылады.
Кәмелетке толмағандарға қатысты еңбек заңнамасын бұзу, егер ол екі немесе одан да көп рет жасалса және олардың ешқайсысы үшін адам сотталмаған немесе заңнамада белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған болса, бірнеше рет жасалған деп танылады.
Екі немесе одан да көп адамға қатысты белгісі бойынша жауаптылық, егер еңбек заңнамасында белгіленген тыйымдарды бұза отырып, он сегіз жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалануға тыйым салынған жұмыстарға осындай жастағы екі немесе одан да көп кәмелетке толмаған адам тартылса, туындайды. Бұл ретте мұндай тартудың бір мезгілде жүзеге асырылғаны немесе әртүрлі уақытта жасалғаны маңызды емес, ең бастысы — он сегіз жасқа толмаған кемінде екі кәмелетке толмаған адаммен еңбек заңнамасында белгіленген тыйымдарға қайшы келетін тиісті еңбек шарттарының жасалғанын анықтау.
Әрекет алдау арқылы жасалады, егер кәмелетке толмаған адаммен бір еңбек жағдайлары мен жұмыс түрлері келісіліп, ал іс жүзінде ол басқа, өзі үшін тыйым салынған жұмыстарға тартылса.
Сенімді теріс пайдалану қылмыс субъектісі мен кәмелетке толмаған адамның арасында сенімді қарым-қатынас қалыптасқан жағдайда, соның салдарынан кәмелетке толмаған адам заң бойынша оның еңбегін мұндай жұмыстарда пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан, өзіне қатысты заңға қайшы әрекеттер жасалып жатқанын түсінбеген кезде сараланады.
Дәл сол әрекеттерді кінәлі адамға көрінеу белгілі болған психикалық бұзылушылықтан зардап шегетін кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған немесе жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланған кезде соңғысы өзінің (дене немесе психикалық) жай-күйіне байланысты өзіне қатысты жасалып жатқан әрекеттердің сипатын түсінбейді.
Денесінің дәрменсіздігі деп кәмелетке толмаған адамның қандай да бір дене кемістіктерінің салдарынан мұндай жұмыстан бас тарту мүмкіндігінен айырылған жағдайы танылады.
Психикалық дәрменсіздік кәмелетке толмаған адам өзінің кәмелетке толмағандарға қатысты еңбек заңнамасымен тыйым салынған жұмыстарды орындауға тартылып жатқанын түсінбейтін ерекше психикалық жай-күйге байланысты болады. Мұндай жағдайларға инфантилизм, есірткілік немесе алкогольдік масаң күй, ақыл-естің кемдігі, ауру немесе ес-түссіз күй жатады.
Алкогольдік масаң күй заңда дәрменсіз жағдай ретінде ресми түрде тек алкогольдік жай-күй жұмысқа қабылдаудың мән-жайлары мен шарттарын шынайы бағалау мүмкіндігінен айырған жағдайда ғана танылады. Бұл ретте кінәлі адамның кәмелетке толмаған адамды осындай күйге түсіргені немесе оның дәрменсіз күйінің туындауы кінәлінің әрекеттеріне байланысты болмағаны маңызды емес.
ҚР ҚК-нің 153-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 153-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар