Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабы. Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу туралы түсініктеме
1. Егер мұндай әрекет осы шараларды қабылдау міндеті жүктелген тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамауы салдарынан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
2. Адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген әрекеттерді адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, не электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу немесе телекоммуникация желілері арқылы берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу жолымен, не өзі немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасауы —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
4. Адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз тарату не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді жария сөз сөйлеу, көпшілікке көрсетілетін шығарма, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып тарату —
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа, яғни қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметтің шегінен тыс орналасқан қоғамдық қатынастар саласына қатысты конституциялық құқықты бұзудан, сондай-ақ дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзудан көрінеді. Адамның жеке өміріне қол сұғу, дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу жәбірленушінің кәсіби міндеттерін орындауына, оның іскерлік беделіне, отбасылық өміріне және т.б. теріс әсер етуі мүмкін.
Адам құқықтарын жеке өмірге қол сұғылмаушылық тұрғысынан қорғаудың заңнамалық негізі 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы болып табылады, оның 3-бабында әрбір адамның өмір сүруге, бостандыққа және жеке басына қол сұғылмауына құқығы бар екендігі көрсетілген.
Жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде де бекітілген. Оның 17-бабында: «Ешкім де өзінің жеке және отбасылық өміріне ерікті немесе заңсыз араласуға, тұрғын үйіне қол сұғылмаушылыққа немесе хат-хабар құпиясына ерікті немесе заңсыз қол сұғуға, не оның ар-намысы мен беделіне заңсыз қол сұғуға ұшыратылмауы тиіс» деп көрсетілген.
Жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы ПАСЕ декларациясында да «өз өмірін оған барынша аз бөгде араласумен өз қалауы бойынша жүргізу құқығы» ретінде бекітілген.
Қазақстан Республикасында жеке өмірге қол сұғылмаушылық адам мен азаматтың конституциялық құқықтарының қатарына жатады. Атап айтқанда, ҚР Конституциясының 18-бабының 1-тармағында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасылық құпиясының қорғалуына, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына құқығы бар екендігі айтылған.
Бұл құқық адамның табиғи құқықтарының қатарына жатады, азаматтығының бар-жоғына қарамастан әркімге туғаннан бастап тиесілі және жеке әрі отбасылық өмірі туралы ақпаратты басқа адамдардан құпия сақтауға мүмкіндік береді.
Талданып отырған әрекеттің объектісі жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын іске асыруды қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың заты болып адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтер, сондай-ақ оның дербес деректері танылады. Осы бап бойынша қылмысты саралау үшін адамның бұл мәліметтерді олардың сипатына қарамастан құпия сақтағысы келгені маңызды мәнге ие. Оларға қоғамдық мүдде саласынан тыс кез келген мәліметтер жатқызылуы мүмкін, мысалы, отбасындағы, туыстарымен қарым-қатынасы туралы, жұмыстан тыс уақыттағы айналысатын істері, әуестіктері, достық байланыстары, интимдік өмірінің әртүрлі қырлары, денсаулық жағдайы, шығармашылық жоспарлары туралы және басқа да мәліметтер. Оларға сондай-ақ белгілі бір немесе солардың негізінде анықталатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген мәліметтер (дербес деректер) жатады.
Объективтік жағы осы шараларды қабылдау міндеті жүктелген тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамауынан, егер бұл әрекет адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, көрінеді.
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 1-бабының 2) тармақшасына сәйкес дербес деректер — белгілі бір немесе солардың негізінде анықталатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген мәліметтер.
Дербес деректерді қорғау — «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңда белгіленген мақсаттарда жүзеге асырылатын құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қоса алғанда, шаралар кешені (көрсетілген Заңның 1-бабының 11) тармақшасы).
Дербес деректерді қорғау жөніндегі шаралар аталған Заңның 20–23-баптарында көзделген. Мәселен, Заңның 22-бабында меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі міндеттері белгіленген. Атап айтқанда, олар дербес деректерді қорғау жөнінде мынадай шараларды қабылдауға міндетті: 1) дербес деректерге рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау; 2) егер мұндай рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау мүмкін болмаған жағдайда, дербес деректерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілерін уақтылы анықтау; 3) дербес деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің қолайсыз салдарын барынша азайту; 4) электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдаланатын, сақтайтын, өңдейтін және тарататын ақпараттандыру объектілеріне мемлекеттік техникалық қызметтің электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз ету жағдайына тексеру жүргізуі үшін, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы «Ақпараттандыру туралы» Заңымен белгіленеді. Көрсетілген Заңдарда көзделген дербес деректерді қорғау шараларын сақтамау дербес деректерді қорғау жөніндегі нормаларды бұзу жағдайларында орын алады.
Меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі міндеттері дербес деректерді жинау сәтінен бастап туындайды және олар жойылған немесе иесіздендірілген сәтке дейін қолданылады.
Меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру тәртібі ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген Меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидаларымен айқындалады.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігі бойынша жауаптылық әрекетсіздік үшін көзделген. Бұл ретте мыналарды анықтау қажет: 1) кінәлі тұлға дербес деректерді қорғау жөніндегі қандай шараларды сақтамағанын; 2) тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға мүмкіндігі болған-болмағанын. ҚР ҚК-нің 147-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру болып табылады. Егер мынадай салдарлар туындаса, адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне келтірілген зиян елеулі деп танылады: адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделерінің, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуы; елеулі залал келтіру; жәбірленуші тұлғаның қиын өмірлік жағдайға тап болуы; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуы және т.б.
Осылайша, түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы материалдық құрамға жатады. Қылмыс дербес деректерін қорғау шараларын сақтамау салдарынан дербес деректері қорғалмаған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы субъект. Ол дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды қабылдау міндеті жүктелген тұлға болып табылады. Олардың қатарына заңнамалық талаптарға сәйкес дербес деректерді қорғау шараларын қабылдауға міндетті меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға жатады. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңның 1-бабына сәйкес дербес деректерді қамтитын базаның меншік иесі — Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес деректерді қамтитын базаға иелік ету, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға (9) тармақша); дербес деректерді қамтитын базаның операторы — дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға (10) тармақша); үшінші тұлға — субъект, меншік иесі және (немесе) оператор болып табылмайтын, бірақ дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау жөніндегі мән-жайлармен немесе құқықтық қатынастармен олармен (онымен) байланысты тұлға (17) тармақша).
Түсіндіріліп отырған әрекеттің 2-бөлік бойынша объективтік жағын мыналар құрайды: 1) адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау; 2) өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу, соның салдарынан адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру.
Жеке өмір туралы мәліметтерді заңсыз жинау деп жәбірленушінің жеке немесе отбасылық құпиясы туралы ақпаратты жинауға бағытталған, мұндай құқық берілмеген тұлғаның әрекеттерін түсіну қажет. Бұл мәліметтердің жеке немесе отбасылық құпия болып табылатынын оларға қатысты тұлға шешеді. Сот оның пікірімен келісуі немесе келіспеуі мүмкін. Ақпарат жинау ашық түрде — кінәлінің жәбірленушінің үйіндегі, туыстарының, достарының жанындағы құжаттармен, хаттармен, күнделіктермен танысуы арқылы; бүркемеленген түрде — кінәлінің қызметтік құжаттарды, тәртіптік есеп карточкаларын, ауру тарихтарын және т.б. зерделеуі арқылы жүргізілуі мүмкін.
Азаматтың жеке өмірі туралы мәліметтерді алу қылмыстық-процестік және жедел-іздестіру қызметі барысында жол беріледі.
Субъектінің келісімінсіз дербес деректерді жинау мен өңдеудің заңды негіздерінің тізбесі «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңның 9-бабында белгіленген. Оларға мыналар жатады: 1) құқық қорғау органдары мен соттардың қызметін, атқарушылық іс жүргізуді жүзеге асыру; 2) мемлекеттік статистикалық қызметті жүзеге асыру; 3) мемлекеттік органдардың дербес деректерді статистикалық мақсаттарда, оларды міндетті түрде иесіздендіру шартымен пайдалануы; 4) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру; 5) егер субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімін алу мүмкін болмаса, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау; 6) журналистің заңды кәсіби қызметін және (немесе) бұқаралық ақпарат құралының қызметін не ғылыми, әдеби немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыру, бұл ретте адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау шартымен; 7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес деректерді, оның ішінде сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға кандидаттардың дербес деректерін жариялау; 8) субъектінің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес деректерді ұсыну жөніндегі өз міндеттерін орындамауы; 9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ақпарат алуы; 10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайлар. Осылайша, дербес деректер туралы заңнамада белгіленген талаптарды бұза отырып жасалатын, заңсыз болып табылатын субъектінің келісімінсіз дербес деректерді жинау және өңдеу, егер осы әрекеттер нәтижесінде субъектінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілсе, түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстың объективтік жағын құрайды.
ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 1-бабына сәйкес дербес деректерді жинау деп дербес деректерді алуға бағытталған әрекеттерді түсіну қажет (5) тармақша); дербес деректерді өңдеу деп дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесіздендіруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған әрекеттерді түсіну қажет (12) тармақша).
Дербес деректерге электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген, белгілі бір субъект туралы, осы субъектіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер жатады.
Дербес деректердің құпиялылығын сақтау туралы талаптар ҚР-ның 2013 жылғы 21 мамырдағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 11-бабында белгіленген.
Аталған Заңға сәйкес, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізетін меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ үшінші тұлғалар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз не өзге де заңды негіз болған жағдайда оларды таратпау талабын сақтау арқылы олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Қолжетімділігі шектеулі дербес деректер кәсіби, қызметтік қажеттілікке, сондай-ақ еңбек қатынастарына байланысты белгілі болған тұлғалар олардың құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Дербес деректер қолжетімділік деңгейіне қарай жалпыға қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі болып бөлінеді. Жалпыға қолжетімді дербес деректер — субъектінің келісімімен қол жеткізу еркін болып табылатын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпиялылықты сақтау талаптары қолданылмайтын дербес деректер (өмірбаяндық анықтамалықтар, телефон, мекенжай кітаптары, жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар, бұқаралық ақпарат құралдары). Қолжетімділігі шектеулі дербес деректер — оларға қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектелген дербес деректер.
ҚР ҚК-нің 3-бабының 14) тармағына сәйкес елеулі зиян деп адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуын; елеулі залал келтіруді; жәбірленуші тұлғаның қиын өмірлік жағдайға тап болуын; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуын; келтірілген зиянның елеулілігін куәландыратын өзге де салдарларды түсіну қажет.
Өзге де салдарларға басқалар тарапынан сенімсіздік танытуды, отбасындағы, таныстарымен және әріптестерімен қарым-қатынастың нашарлауын, тиімді мәміленің бұзылуын, іскерлік беделге нұқсан келтіруді және т.б. жатқызуға болады. Бұл ретте келтірілген зиян материалдық та, моральдық та болуы мүмкін.
Егер объективтік жағын адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау құраса, қылмыс аталған әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі, яғни осы бөліктегі қылмыс құрамы формальды болып табылады.
Өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу кезінде қылмыс салдар туындаған сәттен бастап аяқталған деп танылады. Бұл әрекеттерді қылмыстық жазаланатын әрекет деп тану үшін осындай әрекеттер нәтижесінде дербес деректері заңсыз жиналған және (немесе) өңделген азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру түріндегі салдардың туындауы талап етіледі. Демек, құрамы бойынша бұл жерде қылмыс материалдық болып табылады.
ҚР ҚК-нің 147-бабының 3-бөлігінде заң шығарушы талданып отырған әрекеттің аса сараланған құрамын көздейді — адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру, егер бұл әрекеттерді тұлға өзінің қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, не электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу немесе ақпараттық-коммуникациялық желі арқылы берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу жолымен, не өзі немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасаса.
ҚР ҚК-нің 147-бабына қатысты өзінің қызмет бабын пайдалану деп тұлғаның өзінің қызметтік құзыреті шегінде, атқаратын лауазымына байланысты берілген құқықтары мен міндеттері аясында жасаған әрекеттерін түсіну қажет.
Егер лауазымды адам өзінің қызметтік беделін пайдалана отырып, басқа адамға жәбірленушінің жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру, сондай-ақ осы шараларды қабылдау міндеті жүктелген тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамауы салдарынан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру мақсатында ықпал етсе, онда мұндай лауазымды адамның әрекеттері оларды жасауға айдап салу ретінде саралануға тиіс (ҚР ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі, 147-бабының 1 немесе 2-бөлігі).
ҚР ҚК-нің 147-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы үшін арнаулы субъектінің белгісі міндетті болып табылмайтынын атап өткен жөн. Мысалы, адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу немесе телекоммуникация желісі арқылы берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу жолымен заңсыз жинауды арнаулы субъектінің белгілері жоқ адам да жүзеге асыра алады.
Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдар деп ақпаратты тіркейтін, түсіретін және шифрын ашатын аспаптар мен өзге де аппаратураларды түсіну қажет. Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды пайдалану ақпаратты неғұрлым толық алу мүмкіндігін арттырады, демек, әрекеттің қоғамдық қауіптілік дәрежесін жоғарылатады.
ҚР-ның 1994 жылғы 15 қыркүйектегі «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңының 1-бабының 4) тармағына сәйкес арнаулы техникалық құралдар — жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ақпаратты алу және құжаттау үшін арнайы функциялары, бағдарламалық қамтамасыз етуі мен конструкциялық ерекшеліктері бар құрылғылар, аппаратуралар, аспаптар, жабдықтар.
ҚР-ның 2015 жылғы 24 қарашадағы «Ақпараттандыру туралы» Заңының 1-бабына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстар — электрондық жеткізгіште және ақпараттандыру объектілерінде қамтылған электрондық-цифрлық нысандағы ақпарат (57) тармақша); ақпараттық жүйе — ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырушылық реттелген жиынтығы (12) тармақша).
ҚР-ның 2004 жылғы 5 шілдедегі «Байланыс туралы» Заңының 2-бабының 55) тармақшасына сәйкес телекоммуникация желісі — телекоммуникация хабарламаларын беруді қамтамасыз ететін, коммутациялық жабдықтардан (станциялардан, қосалқы станциялардан, шоғырландырғыштардан, желілік-кабельдік құрылыстардан (абоненттік, жалғастырушы желілер мен арналардан), тарату жүйелері мен абоненттік құрылғылардан тұратын телекоммуникация құралдары мен байланыс желілерінің жиынтығы.
Электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу деп ақпараттық жүйенің, ақпараттық ресурстың иесі әзірлеген белгіленген қағидаларға қайшы келетін қол жеткізуді түсіну қажет.
«Ақпараттандыру туралы» Заңның 35-бабының 4-тармағына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу меншік иесіне немесе ақпараттық жүйені иеленушіге сұрау салуды мынадай тәсілдердің бірімен жіберу арқылы жүзеге асырылады: 1) электрондық поштаны пайдалана отырып немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында сұрау салуды беру жолымен; 2) пайдаланушының жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерге тікелей жүгінуі арқылы.
Ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану деп ақпараттық жүйелер арасында немесе олардың құрамдас бөліктері арасында өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ақпараттық ресурстарды беруге арналған техникалық және аппараттық-бағдарламалық құралдар жиынтығын пайдалануды түсіну қажет.
Ақпараттық-коммуникациялық желі арқылы берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу деп ақпараттық желілерден немесе олардың құрамдас бөліктерінен не ақпараттық-коммуникациялық желіге кіретін ақпараттық ресурстардан ақпаратты құқыққа қайшы алуды түсіну қажет. Саралау үшін ұстап қалу тәсілінің маңызы жоқ.
Пайда мен артықшылықтар деп мүліктік және мүліктік емес сипаттағы пайдаларды түсіну қажет. Мысалы, басқа адамның жеке өмірі туралы мәліметтерге ие тұлға оларды белгілі бір ақыға немесе өзге де жеке мүддесі үшін береді не таратады. Өзі немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу ұғымы туралы толығырақ ҚР ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемені қараңыз.
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы формальды құрамға жатады. Қылмысты кінәлі адам ҚР ҚК-нің 147-бабының 3-бөлігінде көрсетілген тәсілдерді пайдалана отырып, адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинаған сәттен бастап аяқталған деп есептеу қажет.
4-бөлікте адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз тарату не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені үшін жауаптылық көзделген.
ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 1-бабының 15) тармақшасына сәйкес дербес деректерді тарату деп дербес деректерді, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беру немесе дербес деректерге қандай да бір өзге тәсілмен қол жеткізуді ұсыну жүзеге асырылатын әрекеттерді түсіну қажет.
Өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне келтірілген елеулі зиян ұғымы туралы ҚР ҚК-нің 3-бабының 14) тармақшасына берілген түсініктемені қараңыз.
ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 1-бабына сәйкес дербес деректерді өңдеу — дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесіздендіруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған әрекеттер (12) тармақша); дербес деректерді жинақтау — дербес деректерді қамтитын базаға енгізу арқылы дербес деректерді жүйелеу жөніндегі әрекеттер (4) тармақша); дербес деректерді жою — нәтижесінде дербес деректерді қалпына келтіру мүмкін болмайтын әрекеттер (6) тармақша); дербес деректерді пайдалану — меншік иесінің, оператордың және үшінші тұлғаның қызметін іске асыруға бағытталған дербес деректермен жасалатын әрекеттер (13) тармақша); дербес деректерді сақтау — дербес деректердің тұтастығын, құпиялылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі әрекеттер (14) тармақша); дербес деректерді иесіздендіру — нәтижесінде дербес деректердің субъектісіне тиесілігін анықтау мүмкін болмайтын әрекеттер (7) тармақша).
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы формальды құрамға жатады.
Адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын оның жеке өмірі туралы мәліметтерді тарату деп жәбірленушінің келісімінсіз оларды кемінде бір адамға, тарату тәсіліне (ауызша, жазбаша, телефон арқылы немесе өзге де байланыс арналары арқылы) қарамастан хабарлау фактісін тану қажет. Бұл ретте мәліметтер кез келген жолмен жиналуы мүмкін: көршілермен, таныстармен, жұмыстағы әріптестермен әңгімелесу барысында, көзбен шолып бақылау нәтижесінде; құжаттармен танысу арқылы және т.б.
5-бөлікте адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді жария сөз сөйлеуде, көпшілікке көрсетілетін шығармада немесе бұқаралық ақпарат құралдарында, не телекоммуникация желілерін пайдалана отырып таратқаны үшін жауаптылық көзделген, бұл әрекеттер оларды жай жинауға немесе бір не бірнеше адамға таратуға қарағанда үлкен қоғамдық қауіптілікке ие.
Жария сөз сөйлеу — белгілі бір аудитория алдында дәріспен, әңгімемен сөз сөйлеу.
Көпшілікке көрсетілетін шығарма деп аудио-, бейнежазбаны көрсетуді тану қажет. Интернетте ақпарат орналастыру, егер оған кез келген адамның қол жеткізу мүмкіндігі болса, шығарманы көпшілікке көрсету болып есептеледі.
Бұқаралық ақпарат құралдарының ұғымы ҚР-ның 1999 жылғы 23 шілдедегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 1-бабында берілген. Бұқаралық ақпарат құралы — мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, аудиовизуалды жазба және бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария таратудың өзге де нысаны, оның ішінде интернет-ресурстар (4) тармақша); мерзімді баспасөз басылымы — тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және үш айда кемінде бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшалары (11) тармақша).
Түсіндіріліп отырған баптың 5-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы формальды құрамға жатады.
Мұндай әрекеттердің қоғамдық қауіптілігінің жоғары болуы қалаусыз жеке ақпараттың бөгде адамдардың кең ауқымына мәлім болуымен байланысты, ал бұл жәбірленушінің құқықтары мен бостандықтарына анағұрлым елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Субъективтік жағы тек тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам өз әрекеттерінің қоғамдық қауіпті сипатын сезінеді, заңда көрсетілген салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді. Қылмыстық құқық бұзушылықтың себебі, әдетте, пайдакүнемдік сипатта болады, бірақ саралауға әсер етпейді.
ҚК-нің 2, 3, 4 және 5-бөліктері бойынша қылмыстың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Кейбір жағдайларда ҚК бойынша жеке өмір туралы мәліметтерді жария ету бір мезгілде басқа қылмыстың құрамын құрайды: бала асырап алу құпиясын жария ету (ҚК-нің 138-бабы), жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адамға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету (ҚК-нің 382-бабы). Мұндай жағдайларда жасалған әрекет түсіндіріліп отырған баппен бірге қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады. Керісінше, заң бойынша оны хабарлауға міндетті тұлғаның жеке және отбасылық құпияны заңсыз жария етуі болып табылмайды (мысалы, куә ретінде жауап алу кезінде).
Егер жеке өмір туралы мәліметтерді заңсыз жинау тұрғын үйде тұратын адамның еркіне қарсы оның тұрғын үйіне заңсыз кірумен ұштасса, онда жасалған әрекет ҚК-нің 149-бабымен бірге қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
ҚР ҚК-нің 147-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚР ҚК-нің 147-бабының 2, 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 147-бабының 5-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар