Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 124-бабы. Жас балаларды азғындық жолға түсіру туралы түсініктеме
- 1. Күш қолданбай, көрінеу жас балаға қатысты азғындық әрекеттер жасау —
- белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- 2. Дәл сол әрекетті жас балаға қатысты оның ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагогі не Қазақстан Республикасының заңымен оған тәрбие беру міндеттері жүктелген өзге де адам жасаған жағдайда —
- белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер бірнеше рет жасалған жағдайда —
- белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он екі жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігі жас балалардың қорғансыздығы, қызығушылығы, өздеріне қатысты жасалатын сексуалдық әрекеттердің сипатын түсінбеуі салдарынан қылмыстың құрбанына оңай айналуы мүмкін екендігінде. Бұл қылмыс олардың қалыпты дене және психикалық дамуына тікелей қол сұғады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі жас балалардың қалыпты адамгершілік дамуы, яғни он төрт жасқа толмаған адамдар болып табылады. Жәбірленушілер екі жыныстағы да адамдар — қыздар мен ұлдар болуы мүмкін.
Объективтік жағы күш қолданбай азғындық әрекеттер жасаумен сипатталады, яғни кінәлінің жыныстық құмарлығын қанағаттандыруға немесе он төрт жасқа толмаған адамның жыныстық инстинктін қоздыруға бағытталған, жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түсуді, еркек пен еркектің жыныстық қатынасын немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын жасамай жүзеге асырылатын сексуалдық сипаттағы әрекеттерді ерікті түрде жасауы. Көрсетілген әрекеттер кімге қатысты жасалғанына қарай ҚК-нің 120, 121 немесе 122-баптары бойынша саралануы мүмкін.
Азғындық әрекеттерге мыналар жатады: сексуалдық тақырыптарда әдепсіз әңгімелер жүргізу, порнографиялық фильмдерді көрсету, порнографиялық әдебиеттерді оқу, ұлдар мен қыздардың жыныс мүшелеріне қол тигізу, оларды жалаңаштау, кінәлінің өзінің жыныс мүшелерін көрсетуі, жас балалардың көзінше жыныстық қатынас жасау.
Азғындық әрекеттер дене қимылдары арқылы да, интеллектуалдық сипатта да болуы мүмкін. Дене арқылы жасалатын азғындық әрекеттер жыныстық сипаттағы манипуляциялардан, мысалы, әдепсіз жанасулардан (жыныс мүшелерін сипаудан), мастурбация жасауға көндіруден және т.б. тұрады. Интеллектуалдық сипаттағы азғындық әрекеттер сексуалдық тақырыптарда әдепсіз әңгімелер жүргізу, қарама-қарсы жыныстағы жасөспірімнің алдында жалаңаш адамның өз денесін көрсетуі және т.б. түрінде көрініс табады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Зорлау және сексуалдық сипаттағы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттеріне байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 14-1-тармағына сәйкес:
«Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түскені немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасағаны үшін, сондай-ақ жас балаларға қатысты азғындық әрекеттер жасағаны үшін (ҚК-нің 124-бабы) қылмыстық жауаптылық жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе азғындық әрекеттер күш қолданбай немесе оны қолдану қатерін төндірмей не жәбірленуші адамның дәрменсіз жағдайын пайдаланбай жасалған жағдайларда туындайды».
Құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс азғындық әрекеттер басталған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі. Жәбірленушінің жыныстық жетілуге жеткен-жетпегені, оның бұрын жыныстық өмір тәжірибесінің болған-болмағаны маңызды емес. Сондай-ақ азғындық әрекеттер жәбірленушінің келісімімен немесе онсыз жасалғанының да маңызы жоқ. Зорлық-зомбылықпен, денсаулыққа зиян келтірумен, венерологиялық ауруларды немесе АИТВ жұқтырумен (оның ішінде АИТВ жұқтыру қаупін төндірумен) ұштасқан азғындық әрекеттер ҚК-нің 124-бабының және аталған қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін баптардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі он төрт жасқа толмаған адамға қатысты азғындық әрекеттер жасап жатқанын сезінеді, қоғамдық қауіпті салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және осы салдардың туындауын қалайды. Бұл қылмыстың уәжі ретінде сексуалдық ниеттер де, өзге де уәждер (мысалы, жәбірленушінің ата-анасынан кек алу) көрініс табуы мүмкін.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъектісі он алты жасқа толған, екі жыныстағы да адамдар болуы мүмкін.
ҚК-нің 124-бабының 2-бөлігі жас балаға қатысты оның ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагогі не Қазақстан Республикасының заңымен оған тәрбие беру міндеттері жүктелген өзге де адам жасаған дәл сол әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді (ҚК-нің 120-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 124-бабының 3-бөлігі осы баптың 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер бірнеше рет жасалғаны үшін жауаптылықты белгілейді. Егер жас балаларды азғындық жолға түсіргені үшін бұрын сотталған немесе заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, жас балаларды азғындық жолға түсіру бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
ҚК-нің 124-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 124-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет аса ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар