Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабына түсініктеме. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу
1. Қорқыту, қатыгездікпен қарау немесе жәбірленушінің адамдық қадір-қасиетін жүйелі түрде қорлау арқылы адамды өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізу —
үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекет:
1) кінәлі адамға көрінеу дәрменсіз күйде не кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты;
2) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
3) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған;
4) телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы жасалған болса, —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер —
үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қоғамдық қауіптілігі. Өз-өзіне қол жұмсаудың өзі қылмыстық құқық мәселелеріне жатпайды. Алайда өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу адамның негізгі құқықтарының бірі — өмір сүру құқығын бұзатын қоғамдық қауіпті іс-әрекет болып табылады.
Қылмыстық-құқықтық тұрғыдан өзін-өзі өлтірудің анықтамасы жоқ. Бұл олқылық белгілі бір дәрежеде арнайы пәндік бағыттағы ғылым — суицидология арқылы толықтырылады. Онда қабылданған медициналық және психологиялық стандарттарға сәйкес, өзін-өзі өлтіру деп «тікелей және ең жақын мақсаты өз өмірінен айыру болып табылатын ерікті, дербес әрекет» түсініледі. Заң әдебиетінде кездесетін анықтамалар, жалпы алғанда, осы анықтаманың мазмұнын қайталайды. Бұл ретте әрбір жағдайда өзін-өзі өлтірудің міндетті белгісі ретінде оның саналы түрде жасалуы, яғни өз өмірін қиятын субъектінің жасаған әрекеттерінің мәні мен салдарын, олардың қайтымсыздығын түсінуі танылады.
Осы қылмыстың объектісі — адамның өмірі.
Қылмыстың объективтік жағы негізінен адамды өзін-өзі өлтіруге немесе оған оқталуға дейін жеткізу жөніндегі белсенді әрекеттер арқылы көрініс табады.
Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу тәсілдері заң шығарушы тарапынан заң нормасында белгіленген. Оларға мыналар жатады: а) қорқыту; б) қатыгездікпен қарау; в) адамдық қадір-қасиетін жүйелі түрде қорлау. Егер бұл ретте жәбірленушінің кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болғаны анықталса, іс-әрекет ҚК-нің 105-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Қорқыту деп жәбірленушіге психикалық әсер етуді, оның өзін-өзі өлтіруіне түрткі болған ықпалды түсіну қажет (мысалы, тұрғын үйінен, жұмысынан, материалдық көмектен, күнкөріс қаражатынан айырумен қорқыту, физикалық күш қолдану және масқаралайтын мәліметтерді тарату қаупі және т.б.).
Қорқытуды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу тәсілі деп тану үшін оның мазмұны ғана емес, қайталануы мен ұзақтығы да маңызды. Тіпті болмашы қорқыту да, егер ол психологиялық жарақат сипатына ие болса, жәбірленушіні өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуі мүмкін. Екінші жағынан, бір рет айтылған кез келген қорқыту, тіпті мазмұны жағынан елеулі болса да, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу тәсілі ретінде қарастырыла бермейді. ҚК-нің 105-бабында заң шығарушының өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу тәсілі ретінде қорқытуды көпше түрде көрсетуі де тегін емес. Осыған байланысты кінәлі тарапынан жасалған қорқытудың бір ғана жағдайы ҚК-нің 105-бабын қолдануға негіз болмайды деп пайымдауға болады. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу құрамында қорқыту кінәлі тарапынан қандай да бір нақты талаптар қоюмен ұштаспайды (мысалы, мүлікті беру, жыныстық қатынасқа түсу және т.б.). Керісінше жағдайда жасалған іс-әрекет пиғылдың бағытына сәйкес саралануға тиіс (тонау, зорлау).
Қылмыс құрамының болуы үшін қорқытудың қандай нысанда білдірілгені маңызды емес: ауызша немесе жазбаша, ашық немесе жасырын түрде. Қорқытулар нақты әрі шынайы болуға тиіс. Қылмысты саралау үшін қорқытуларды жәбірленушінің өзінің өмір сүруіне нақты қауіп төндіретін әрекеттер ретінде қабылдағанын анықтау қажет.
Қатыгездікпен қарау дегеніміз — жәбірленушіге тәндік және психикалық азап келтіретін аяусыз, дөрекі мінез-құлық. Ол жәбірленушіге тәндік немесе психикалық азап келтіруден көрінеді (ұрып-соғу, азаптау, мағынасыз жұмысқа мәжбүрлеу, тамақтан, медициналық көмектен бас тарту, қорлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру және т.б.). Бұл ретте жәбірленушіге қатыгездікпен қарау бір реттік және кездейсоқ сипатта болмағанын, керісінше кінәлі адамның мақсатты түрде жасаған, жалғасып отырған әрекеттер жүйесін құрағанын анықтау маңызды. Сондықтан қатыгездікпен қараудың бір ғана жағдайы адамды осы қылмыс үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болады деген пікірді нанымды деп тану қиын.
Адамдық қадір-қасиетті жүйелі түрде қорлау — жәбірленушіге қатысты қорлайтын қарым-қатынастың ұзақ уақыт бойы көрініс табуы. Әр адамның қадір-қасиеті әуел бастан бар. Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны атап көрсетілгені де тегін емес. Ешкім азаптауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынасқа не жазаға ұшыратылмауға тиіс. Адамдық қадір-қасиетті жүйелі түрде қорлау жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерді үш және одан да көп рет жасаудан көрінеді: тіл тигізу, келемеждеу, жала жабу, қудалау, негізсіз сын айту және т.б. Бұл ретте өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу қылмысының құрамы тек адамдық қадір-қасиетті жүйелі түрде қорлау жағдайында ғана болуы мүмкін. Тіл тигізудің бір реттік жағдайы осы қылмыстың құрамын құрамайды.
Адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің аталған тәсілдері көбінесе бір-бірімен ұштасады.
Жәбірленушінің қадір-қасиетін кемсітетін мәліметтерді әдепті түрде хабарлау немесе тарату адамдық қадір-қасиетті қорлау деп танылмайды.
Осы қылмыс құрамының міндетті белгісі — өзін-өзі өлтіру (өзін-өзі өлтіруге оқталу) фактісі мен кінәлі адамның іс-әрекеті арасындағы себепті байланыс, яғни дәл осы адамның құқыққа қайшы әрекеттері (әрекетсіздігі) жәбірленушіні өзін-өзі өлтіруге итермелеген тікелей себеп болғаны анықталуға тиіс. Егер жәбірленуші өзге себептермен өз-өзіне қол жұмсаса, онда ҚК-нің 105-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық жоққа шығарылады. Мәселен, қылмыс жасаған адамды заңды түрде бас бостандығынан айыру немесе некеге тұрудан бас тарту салдарынан жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі қарастырылып отырған қылмыстың құрамын құрамайды.
Кінәлі адамның әрекеттері жәбірленуші өз-өзіне қол жұмсаған жағдайда ғана емес, өзін-өзі өлтіруге оқталу орын алған кезде де ҚК-нің 105-бабы бойынша сараланады (өз өмірін қиюға әрекет жасау). Бұл ретте аталған әрекеттің шынайы болғанын, яғни біреуді қорқыту немесе алдына қойған мақсатына қол жеткізу үшін жасалмағанын анықтау қажет. Осылайша, қарастырылып отырған қылмыс түрінің құрамы формальдық болып табылады.
ҚК-нің қарастырылып отырған бабы бойынша жауаптылыққа тарту үшін жәбірленушінің өз өмірін қию кезінде қасақана әрекет еткенін анықтау қажет. Егер ол абайсызда өзіне өлім келтірсе, қарастырылып отырған қылмыстың құрамы болмайды.
Сондай-ақ кінәлі адамның жәбірленушіге өлім келтіруі мүмкін әрекеттерді жасамағанын анықтау қажет. Мысалы, зорлаудан құтылу үшін жәбірленуші үшінші қабаттың терезесінен секіріп, қаза тапса, кінәлі адам жәбірленушінің өз-өзіне қол жұмсауды мақсат етпей, кінәлінің қудалауынан құтылуға тырысқандығы анықталған жағдайда, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан зорлауға оқталу үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс.
Кінәлі адамның әрекеттері нәтижесінде өзін-өзі өлтіру немесе оған оқталу орын алған жағдайларда қылмыс аяқталған деп есептеледі.
Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің субъективтік жағы. Қылмыстық-құқықтық әдебиетте ҚК-нің 105-бабында көзделген қылмыстың субъективтік жағы туралы мәселе біркелкі шешілмейді. Авторлардың көпшілігі бұл қылмыс тек қасақана жасалады деген ұстанымды қолдайды. Кейбір авторлар тек жанама қасақаналықты мойындаса, басқалары өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу кезінде кінәлі адамның тікелей де, жанама да қасақаналықпен әрекет етуі мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ бұл қылмыс қасақана да, абайсызда да жасалуы мүмкін деген ұстаным бар: тікелей немесе жанама қасақаналықпен, менмендікпен немесе немқұрайлылық салдарынан. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуге қатысты тікелей қасақаналық болған жағдайда жасалған іс-әрекет адам өлтіру болып табылады және ҚК-нің 99-бабы бойынша саралануға тиіс деген пікір де бар.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты да осындай ұстанымды қолдайды. Мәселен, «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы» нормативтік қаулының 29-тармағында: «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің субъективтік жағы жоғарыда аталған әрекеттерді жасау кезіндегі қасақаналықпен сипатталады және қылмыстық нәтиже бойынша абайсыздық нысанында көрініс табады. Көрсетілген әрекеттер кінәлі адам тарапынан жәбірленушіні өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу арқылы оған өлім келтіру қасақаналығымен жасалып, ол осындай нәтиженің болуын қаласа, жасалған іс-әрекет ҚК-нің 99-бабының тиісті бөлігі бойынша қасақана адам өлтіру ретінде саралануға тиіс» делінген.
Мұндай пікір қате болып табылады, өйткені онда адам өлтіру мен өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің объективтік жағы арасындағы айырмашылық ескерілмейді. Түсіндіріліп отырған бапта көзделген қылмысты жасау кезінде адам өлтіруден айырмашылығы, кінәлі адам жәбірленушінің өліміне тікелей әкелетін әрекеттерді жасамайды. Жәбірленуші өмірімен қоштасу туралы шешімді өзі қабылдайды және оны өзінің санасы мен еркіне сүйене отырып, өзі жүзеге асырады.
Ерекшелік ретінде кінәлі адамның психикалық тұрғыдан дәрменсіз адамды оның өз өмірін қиюы үшін қасақана пайдаланған жағдайларын қарастыруға болады. Бұл ретте кінәлі адамға жәбірленушінің дәрменсіз күйде екені алдын ала белгілі болады және өлім жәбірленушіге келтіріледі. Мұндай жағдайда кінәлі адамның әрекеттерінде ҚК-нің 99-бабында көзделген қылмыс белгілерінің болуын жоққа шығаруға болмайды. Бұл ретте кінәлі адамның жәбірленушінің жас ерекшеліктері мен жеке психологиялық ерекшеліктерін, оның дәрменсіздігін айғақтайтын мән-жайларды сезінуі міндетті болып табылады. Сондықтан құқық қолданушылардың кінәлі адамдардың әрекеттерін ҚК-нің 105-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша саралау кезінде осы жайттарды ескеруі өте маңызды.
Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады деп пайымдаймыз. Заңға сәйкес, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін қылмыстық жауаптылыққа осы қылмысты тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасаған адам тартылады. Кінәлі адам заңда көрсетілген тәсілмен жәбірленушіні өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеп отырғанын сезінеді, оның өз өмірін қиюы мүмкін екенін немесе бұл салдардың болмай қоймайтынын алдын ала біледі және осы салдардың туындауын қалайды (тікелей қасақаналық) не олардың туындауына саналы түрде жол береді немесе оларға немқұрайлы қарайды (жанама қасақаналық). Негізінде, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің абайсызда жасалуы да мүмкін. Алайда ҚК-нің 19-бабының 4-бөлігіне сәйкес, бұл жағдайда жауаптылық жоққа шығарылады.
Айта кету керек, адамды өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізген кезде іс-әрекет ҚК-нің 105-бабының тиісті бөлігі бойынша, ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігіне сілтеме жасамай сараланады.
Қылмыстың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға, сондай-ақ жәбірленуші материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адам. Егер өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуді лауазымды адам жасаса, оның әрекеттері ҚК-нің 105-бабында және ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігінде (ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.
ҚК-нің 105-бабының 2-бөлігі өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің сараланған құрамдарын көздейді:
кінәлі адамға көрінеу дәрменсіз күйде не кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты;
екі немесе одан да көп адамға қатысты;
адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған;
телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы жасалған.
Кінәлі адамға көрінеу дәрменсіз күйде болған адам ұғымы ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 3) тармағына берілген түсініктемеде көрсетілген.
Материалдық тәуелділік деп жәбірленушінің кінәлі адамның асырауында болуын немесе одан елеулі материалдық көмек алуын түсіну қажет (мысалы, еңбекке қабілетсіз ата-аналардың еңбекке қабілетті балаларынан немесе еңбекке қабілетсіз жұбайының екінші жұбайынан материалдық тәуелділігі және т.б.). Өзге тәуелділіктің әртүрлі негіздері болуы мүмкін: бағынысты адамның басшыға тәуелділігі, бірге тұру фактісінен туындайтын тәуелділік және т.б. Кінәлі адам осы тәуелділік фактісін сезінеді және көбінесе өзінің шешімін осы жағдаймен негіздейді.
Екі немесе одан да көп адамды өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізу кінәлі адамның жәбірленушілерді қорқыту, қатыгездікпен қарау немесе адамдық қадір-қасиетін жүйелі түрде қорлау арқылы бірнеше адамды бір мезгілде немесе бірінен кейін бірін өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізуден тұратын әрекеттерін білдіреді. Бұл ретте барлық жәбірленушілерге қатысты қасақаналық тікелей де, жанама да болуы мүмкін.
Егер кінәлі адамның екі немесе одан да көп адамды өзін-өзі өлтіруге немесе оған оқталуға дейін жеткізуге бағытталған пиғылы болған жағдайда, қылмыстық ниеттің нәтижесінде бір адам өзін-өзі өлтіріп, екінші адам өзін-өзі өлтіруге оқталса, жасалған іс-әрекет ҚК-нің 105-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы бойынша саралануға тиіс.
Егер адамдар қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласып, содан кейін олардың әрқайсысы оны жүзеге асыруға қатысса, өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізу алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған деп танылады.
Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 15) тармағына берілген түсініктемеде көрсетілген.
ҚК-нің 105-бабының 2-бөлігі осы әрекетті телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы жасағаны үшін жауаптылықты көздейді.
Телекоммуникация желісі ақпараттық жүйелер арасында, сондай-ақ басқа телекоммуникация желілері арасында ақпарат беруді қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық құралдардың жиынтығын білдіреді. Қолжетімділік өлшемшарты бойынша телекоммуникация желілері жергілікті, ведомстволық, корпоративтік және жалпыға қолжетімді болып бөлінеді.
Өзін-өзі өлтіруге немесе оған оқталуға дейін жеткізу дербес қылмыс құрамын құрайтын әрекеттерді жасау арқылы жүзеге асырылса (азаптау, денсаулыққа ауыр немесе өзге де зиян келтіру, бас бостандығынан заңсыз айыру, зорлау, қорқытып алу және т.б.), онда іс-әрекет аталған қылмыстардың жиынтығы және ҚК-нің 105-бабы бойынша саралауды талап етеді.
ҚК-нің 105-бабының 3-бөлігі осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген, кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған әрекеттер үшін жауаптылықты белгілейді. Кәмелетке толмаған деп 18 жасқа толмаған адам танылады. Бұл ретте заң шығарушы «көрінеу» деген сөзді қолданбағанын атап өткен жөн. Бұл түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігі бойынша қылмыс құрамының болуы үшін кінәлі адамның аталған қылмысты жасау кезінде жәбірленушінің кәмелетке толмаған жасын білуі талап етілмейді дегенді білдіре ме?
Бұл мәселені ҚК-нің 120-бабына түсініктеме беру кезінде толығырақ қарастырамын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 28 желтоқсандағы «Жеке бас бостандығы мен адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылықты сақтау, азаптауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлеріне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама нормаларын қолдану туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағының 3-абзацына сәйкес, азаптау жасау нәтижесінде өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу ҚК-нің 146-бабының тиісті бөлігімен және ҚК-нің 105-бабымен қылмыстар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Жәбірленушінің өміріне қол сұғу объектісі болып табылатын қылмыстық-құқықтық нормаларды қарастыруды аяқтай келе, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының назарын мынадай мән-жайларға аударғым келеді: біріншіден, «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы» нормативтік қаулыда адам өлтіруді, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуді немесе адам өлтіруге оқталуды саралаудың белгілі бір негізгі мәселелеріне жауаптар қамтылмаған; екіншіден, Жоғарғы Соттың кейбір түсіндірмелері қылмыстық құқық ғылымының теориялық әзірлемелеріне сәйкес келмейді (мысалы, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 5-тармағының 2-абзацы және 29-тармағының 2-абзацы және т.б.); үшіншіден, әрдайым қажет болған жағдайда аралас қылмыстық құқық бұзушылықтардың аражігі ажыратылмайды, ал ажыратылған жағдайда, ол үстірт жүргізіледі; төртіншіден, жекелеген мәселелерді түсіндіру кезінде дәлелдер тиісті деңгейде келтірілмейді және т.б.; бесіншіден, Жоғарғы Сот Парламенттің Қылмыстық кодекске енгізетін өзгерістері мен толықтыруларына байланысты өз қаулыларына өзгерістер мен толықтыруларды әрдайым уақтылы енгізіп үлгермейді (көбінесе олар үстірт және жеткілікті негізделмеген болады).
ҚК-нің 105-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 105-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмысқа жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар