Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 10-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылық және қылмыстық теріс қылық ұғымдары
Қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік дәрежесі мен жазаланушылығына қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді.
Қылмыс деп кінәлі түрде жасалған, қоғамға қауіпті, осы Кодекспен жазалау қатерімен тыйым салынған, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жаза көзделген іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) танылады.
Қылмыстық теріс қылық деп кінәлі түрде жасалған, қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жаза көзделген іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) танылады.
Осы Кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген қандай да бір іс-әрекеттің белгілері формальды түрде болғанымен, маңызының болмашылығына байланысты қоғамға қауіпті болып табылмайтын әрекет немесе әрекетсіздік қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы (заңнамасы) тарихында алғаш рет қылмыстық құқық бұзушылық ұғымы бекітілді. Бұл жаңалық Қазақстанның қылмыстық құқығын ауқымды реформалаудың негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Оның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі қабылданды.
Қылмыстық құқық бұзушылық — бұрыннан қылмыстық құқыққа белгілі қылмыс пен жаңа түр — қылмыстық теріс қылықты қамтитын, қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің екі түрінен тұратын жалпы құрамдас ұғым.
Қылмыстық теріс қылық — Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығына ғана емес, посткеңестік мемлекеттердің басқа да қылмыстық құқық жүйелеріне бұрыннан таныс болмаған, қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттің түбегейлі жаңа түрі.
Шет мемлекеттердің қылмыстық заңнамасында бұл мәселелер біршама өзгеше реттеледі. Мәселен, Германияда қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер қылмыстық қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтарға бөлінеді. Қылмыстық қылмыстарға жасалғаны үшін кемінде 1 жыл және одан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ең төменгі жаза көзделген құқыққа қайшы әрекеттер жатады, ал қылмыстық теріс қылықтарға бас бостандығынан айырудың неғұрлым қысқа мерзімі немесе ақшалай айыппұл түріндегі ең төменгі жаза көзделген әрекеттер жатады.
Италияда қылмыстық құқық бұзушылықтар қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтарға бөлінеді. Қылмыстар бас бостандығынан айырумен және айыппұлмен жазаланады, ал қылмыстық теріс қылықтар жасау қамаққа алуды және залалды өтеуді қолдануға әкеп соғуы мүмкін.
Қылмыстық теріс қылықтар Испания мен Францияда да көзделген. Қылмыстық құқық бұзушылықтың түріне (қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық) байланысты қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібі, жаза түрі және қылмыстық құқық бұзушылықтарды қарау рәсімі айқындалады.
Қылмыстық теріс қылықты қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер қатарына енгізу идеясының мәні — әкімшілік-деликтік заңнаманың нормаларын (Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Ерекше бөлімін) қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін, қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің төменгі санаты ретінде қылмыстық заңнама саласына кезең-кезеңімен енгізу. Бұл идея, ең алдымен, отандық қылмыстық құқықты үйлестірумен, кеңестік модельден бас тартуға және оны континенттік (роман-германдық) құқықтық жүйенің классикалық қылмыстық құқық моделі мен заңнамасына біртіндеп сәйкестендіруге бағытталған.
Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, қылмыстық теріс қылықтарды енгізу ойластырылмаған, асығыс қабылданған шешім болды. Өйткені шетелдік заңнамадан құқықтық институттарды механикалық түрде көшіру жүзеге асырылды, бұл әдеттегідей ғылыми және криминологиялық тұрғыдан пысықтаусыз, құқықтық салдарларға болжам жасамай және Қазақстан заңнамасының ерекшеліктерін ескермей жүргізілді. Мұның нәтижесінде заңдық жауаптылықты саралаудың қалыптасқан жүйесі күрделеніп, Қылмыстық кодекстің көлемі ұлғайды; әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстық теріс қылық арасындағы шекаралар айтарлықтай бұлыңғыр болды. Осылайша, Қазақстан құқық жүйесінің екі саласының: Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің құқықтық реттеу нысандары араласып кетті. Бұл жаңалық қылмысқа қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыруға ықпал етпеді және ең қауіптісі — кінәсіз адамдардың негізсіз қылмыстық қудалау аясына тартылу санының өсуіне алып келді. Құқық жүйелілігі бұзылды. Енді заң шығарушылар құқық қолдану органдарының ұсынысы бойынша теріс қылықтарды ӘҚБтК-ге қайтаруға кірісті (ҚК-нің 108, 109-баптары 2017 жылғы 3 шілдедегі заңмен, ҚК-нің 379-бабы бірінші бөлігі 2017 жылғы 3 шілдедегі заңмен, ҚК-нің 393-бабы 2019 жылғы 21 қаңтардағы заңмен алып тасталды).
Олардың барлығы ӘҚБтК-ге қайтарылды және оларды қайтару үдерісі жалғаса береді. Болашақ заң жобаларында бұрын ӘҚБтК-ден алынған қылмыстық теріс қылық құрамдарын ӘҚБтК-ге қайтаруды кеңейту көзделген. Біреудің соңынан соқыр түрде еруге, ұлттық ерекшеліктерді ескермей, ойланбастан еліктеуге болмайтынын түсінетін уақыт жетті. Бұл алдын ала белгілі қате жолға алып келеді. Шетелдік нормативтік құқықтық актілердің, тіпті өзінің практикалық маңыздылығын дәлелдеген ережелерін де механикалық түрде қабылдау басқа мемлекетте әрдайым оң нәтиже бере бермейді.
Қылмыстық теріс қылық институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесі заң шығарушының қылмыстық құқық бұзушылықтың материалдық белгісі болып табылатын «қоғамға қауіптілік» ұғымы бойынша нақты айырмашылық шекарасын белгілемегендігінде де жатыр. ҚК-нің 10-бабының 2, 3-бөліктеріне сәйкес, қылмыс — қоғамға қауіпті іс-әрекет, ал қылмыстық теріс қылық — қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін іс-әрекет. Қайшылық (қарама-қайшылық) «қоғамға қауіптіліктің төмен дәрежесі» ұғымының «қоғамға қауіптілік» ұғымының бір түрі (жеке жағдайы) болып табылатынында және, тиісінше, оның аясында қамтылатынында.
Менің ойымша, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар қылмыстық құқық бұзушылықтың материалдық белгісі бойынша қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін іс-әрекеттер ретінде бірдей сипатталады. Осыған байланысты қылмыстық теріс қылықтар институты қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың арасынан өзіне лайықты орын тапты деп қаншалықты негізді айтуға болады?
ҚК-нің 10-бабының 3-бөлігінде көзделген анықтаманы сәтті деп тануға болмайды, өйткені оны жеткілікті дәрежеде еркін түсіндіруге болады (оның ішінде қылмыс ретінде де, қылмыстық заңнама үшін бейтарап әрекет ретінде де). Қылмыстық заңда мұндай анықтамалар болмауы тиіс екені түсінікті, ал Кодексті әзірлеушілердің «заманауи болу» жөніндегі айқын уәжі бұл жағдайда мүлдем орынсыз.
Зерттеу нәтижесінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 143 қылмыстық теріс қылық бар екені анықталды: ҚК Ерекше бөлімінің дербес баптарында 25 қылмыстық теріс қылық көзделген: 1-тарау — 2 теріс қылық (111, 115-баптар); 2-тарау — 2 теріс қылық (138, 144-баптар); 3-тарау — 2 теріс қылық (154, 159-баптар); 5-тарау — 1 теріс қылық (183-бап); 8-тарау — 5 теріс қылық (225, 227, 241, 242, 246-баптар); 10-тарау — 2 теріс қылық (289, 294-баптар); 13-тарау — 1 теріс қылық (336-бап); 15-тарау — 1 теріс қылық (363-бап); 16-тарау — 7 теріс қылық (381, 383, 391, 395, 397, 400, 406-баптар); 17-тарау — 1 теріс қылық (436-бап); 18-тарау — 1 теріс қылық (460-бап).
Қазақстан Республикасы ҚК-нің баптарының тек бірінші бөліктерінде — 56 қылмыстық теріс қылық: 1-тарау — 3 теріс қылық (117, 118, 119-баптар); 2-тарау — 1 теріс қылық (137-бап); 3-тарау — 4 теріс қылық (149, 150, 155, 159-баптар); 5-тарау — 1 теріс қылық (186-бап); 6-тарау — 1 теріс қылық (204-бап); 7-тарау — 4 теріс қылық (206, 208, 211, 213-баптар); 8-тарау — 7 теріс қылық (226, 228, 229, 230, 234, 236, 239-баптар); 10-тарау — 2 теріс қылық (276, 287-баптар); 11-тарау — 2 теріс қылық (303, 306-баптар); 12-тарау — 4 теріс қылық (317, 320, 321, 322-баптар); 13-тарау — 6 теріс қылық (325, 326, 328, 334, 342, 343-баптар); 14-тарау — 9 теріс қылық (345, 348, 349, 351, 353, 354, 356, 358, 359-баптар); 16-тарау — 3 теріс қылық (376, 382, 390-баптар); 17-тарау — 1 теріс қылық (419-бап); 18-тарау — 8 теріс қылық (438, 443, 447, 448, 449, 463, 464, 466-баптар).
Қазақстан Республикасы ҚК-нің баптарының тек екінші бөліктерінде — 5 қылмыстық теріс қылық: 2-тарау — 1 теріс қылық (140-бап); 8-тарау — 1 теріс қылық (243-бап); 13-тарау — 1 теріс қылық (331-бап); 14-тарау — 1 теріс қылық (357-бап); 17-тарау — 1 теріс қылық (407-бап).
Қазақстан Республикасы ҚК-нің баптарының тек үшінші бөліктерінде — 1 қылмыстық теріс қылық: 16-тарау — 1 теріс қылық (385-бап).
Қазақстан Республикасы ҚК-нің баптарының тек төртінші бөліктерінде — 2 қылмыстық теріс қылық: 10-тарау — 1 теріс қылық (288-бап); 17-тарау — 1 теріс қылық (414-бап).
Қазақстан Республикасы ҚК-нің баптарының бірінші және екінші бөліктерінде — 40 қылмыстық теріс қылық: 1-тарау — 4 теріс қылық (114, 131-баптар); 3-тарау — 4 теріс қылық (145, 156-баптар); 6-тарау — 12 теріс қылық (187, 195, 196, 197, 198, 199-баптар); 7-тарау — 2 теріс қылық (205-бап); 8-тарау — 4 теріс қылық (222, 247-баптар); 11-тарау — 2 теріс қылық (316-бап); 16-тарау — 8 теріс қылық (378, 389, 398, 403-баптар); 17-тарау — 2 теріс қылық (410-бап); 18-тарау — 2 теріс қылық (440-бап).
Қазақстан Республикасы ҚК-нің баптарының бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде — 12 қылмыстық теріс қылық: 3-тарау — 3 теріс қылық (152-бап); 11-тарау — 3 теріс қылық (296-бап); 13-тарау — 3 теріс қылық (340-бап); 16-тарау — 3 теріс қылық (384-бап).
Қазақстан Республикасы ҚК-нің баптарының бірінші және бесінші бөліктерінде — 2 қылмыстық теріс қылық: 18-тарау — 2 қылмыстық теріс қылық (437-бап).
ҚК-нің 4 және 9-тарауларында қылмыстық теріс қылықтар жоқ.
Қылмыстық заңнаманың жаңа моделіне көшу кезеңінде құқық қолдану барысында қателіктерге жол бермеу, осы құқықтық санаттарды дұрыс әрі біркелкі түсіну мақсатында, ең алдымен, қылмыстық теріс қылық пен қылмыстың сипатты және айрықша белгілерін барынша дәл анықтау маңызды.
Кез келген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет екі қылмыстық құқық бұзушылық түрінің тек біреуінің белгілеріне (дәлірек айтқанда, белгілерінің толық жиынтығына) ғана ие болуы мүмкін екенін, яғни не қылмыс, не қылмыстық теріс қылық ретінде саралануы мүмкін екенін ескеру маңызды. Қылмыстық құқық бұзушылықтың әрбір түрінің (қылмыс пен қылмыстық теріс қылықтың) нақты айрықша белгілері бар, осыған байланысты бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекет бір мезгілде қылмыстың да, қылмыстық теріс қылықтың да белгілеріне сәйкес келетін аралас саралау деп аталатын жағдайлар жоққа шығарылады.
Қылмыс пен қылмыстық теріс қылық ұғымдары мен белгілерін егжей-тегжейлі қарастыруға кіріспес бұрын, қылмыстық құқық бұзушылықтың бастапқы негізін құрайтын іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) ұғымын ашып алу қажет.
Қылмыстық құқық бұзушылық (қылмыс та, қылмыстық теріс қылық та) тек іс-әрекет нысанында, яғни белсенді әрекет (әрекеттер) немесе енжар әрекетсіздік арқылы ғана жасалуы мүмкін. Сыртқы көрініс таппаған, іс-әрекетке айналмаған ойлар да, ниеттер де қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмайды. Юстинианның Дигестілерінде рим құқығының «ешкім ойы үшін жазаланбайды» (cogitations poenam nemo patilur) деген қағидасы болған. Бұл қағида Қазақстан құқығының да негізінде жатыр. Оған сәйкес, қылмыстық жауаптылықтың негізі ретінде тек нақты іс-әрекетте көрініс тапқан қылмыстық жазаланатын мінез-құлық қана танылады, ал адамның қоғамға жат қасиеттері, ой-пікірлері мен сенімдері негіз бола алмайды. Сонымен бірге кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтар сөйлеу (сөз) нысанында, яғни қоғамдық қауіпті сипаттағы белгілі бір ойларды немесе тұжырымдарды ауызша не жазбаша түрде білдіру арқылы жасалады. Мысалы, ҚК-нің 115-бабына сәйкес, өлтіремін немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіремін, сондай-ақ адамға қатысты өзге де ауыр күш қолданамын не мүлікті өртеу, жарылыс жасау немесе өзге де жалпыға қауіпті тәсілмен жоямын деп қорқыту, егер бұл қорқытуды іске асырудан қауіптенуге жеткілікті негіздер болса, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет құрамын құрайды. Алайда мұндай мінез-құлық қылмыстық заңмен тыйым салынған зиянды — денсаулыққа, адамның мүліктік құқықтарына зиян келтіруге бағытталған. Сондықтан өз ойларын сыртқа білдіру, мысалы, танысына адамды өмірінен айыру ниеті туралы айту және өмірге қауіп төндіру — мінез-құлықтың әртүрлі түрлері болып табылады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, адамның кез келген іс-әрекеті белгілі бір себепке негізделеді (яғни оны туындататын белгілі бір себеп болады), сондай-ақ саналы-еріктік сипатқа ие. Мұндай жағдайда адамның ерік бостандығы, яғни әлеуметтік жағымды және қоғамға жат (қоғамға қауіпті) мінез-құлықтың бірін таңдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Санадан тыс жасалған әрекеттер (рефлекторлық әрекеттер, сандырақ күйінде жасалған әрекеттер) және адамның еркіне бағынбайтын әрекеттер (еңсерілмейтін күштің әсерінен жасалған және т.б.) деп аталатын әрекеттер қылмыстық жазаланатын іс-әрекетті құрамайды.
Қылмыстық жазаланатын іс-әрекетті жасаудың бір нысаны ретіндегі әрекетсіздік адамның белгілі бір жағдайда жасай алатын және жасауға міндетті (кәсіби, қызметтік борышына және заңмен бекітілген өзге де міндеттеріне байланысты) белгілі бір әрекеттерді жасамауы кезіндегі енжар мінез-құлқымен сипатталады.
Әрекетсіздік қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде адамның мүлдем енжар болып, ешқандай әрекет жасамайтынын білдірмейтінін атап өткен жөн. Ол белсенді болуы мүмкін, алайда белгілі бір жағдайларға байланысты (мысалы, заңның талабы бойынша) жасауға міндетті әрі жасай алатын дәл сол әрекеттерді орындамауы мүмкін. Қажетті әрекеттерді орындаудың объективті мүмкіндігі болмаған жағдайда қылмыстық әрекетсіздік орын алмайды. Мәселен, дәрігердің су тасқыны салдарынан науқасқа уақытында келе алмауына байланысты оған көмек көрсетпеуі қылмыстық әрекетсіздік құрамын құрмайды, өйткені бұл жағдайда дәрігерлік міндеттің орындалмауы субъектінің еркіне емес, еңсерілмейтін күшке байланысты болған.
Әрекетсіздік ұғымы кейбір мемлекеттердің қылмыстық заңнамасында бекітілген. Мысалы, Германия Федеративтік Республикасының ҚК-нің 11-бабы адамды тек салдардың туындауына жол бермеуге заң жүзінде міндетті болған және егер әрекетсіздік қылмыс құрамына әрекет жасау арқылы сәйкес келсе ғана жазалануға жататын тұлға деп таниды.
Қылмыс пен қылмыстық теріс қылық ұғымдары мен белгілерін толығырақ қарастырайық.
ҚК-нің 10-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қылмыс деп кінәлі түрде жасалған, қоғамға қауіпті, қылмыстық заңмен айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы сияқты жекелеген жаза түрлерін қолдану қатерімен тыйым салынған іс-әрекет танылады.
Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 шілдедегі «Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен ҚК-нің 10-бабының 2-бөлігі қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазамен толықтырылды. Осылайша, қылмыс жасағаны үшін алғаш рет жазаның осы түрі белгіленді. Ал ҚК-нің 43-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұл жаза түрі онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін екі жүз сағаттан бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге белгіленген.
Кез келген құқықтық ұғымның заңдық табиғатын дұрыс түсіну және ұғыну үшін, ең алдымен, оның белгілерін анықтап, талдау қажет. Қылмыс пен қылмыстық теріс қылық сияқты мағынасы жақын әрі мазмұны біртекті ұғымдардың айырмашылықтарын нақты анықтау қажеттілігіне байланысты белгілерді түсіну ерекше маңызды. Құқықтық табиғаты жағынан өзара жақын осы ұғымдардың айырмашылықтарын дәлірек белгілеу үшін қылмыс пен қылмыстық теріс қылық белгілерін жеке-жеке талдаған орынды.
Бұрын қолданыста болған Қылмыстық кодекспен салыстырғанда, қылмыс ұғымы өзінің алғашқы үш белгісін сақтап қалды:
- кінәлілік (іс-әрекеттің қасақана немесе абайсызда жасалуы);
- қоғамға қауіптілік (қылмыстың материалдық белгісі деп аталатын, оның қоғамдық қатынастарға, олардың субъектілеріне теріс ықпалының ең жоғары дәрежесін білдіретін және қылмысты барлық басқа құқық бұзушылықтар мен деликтілерден ажырататын белгі);
- құқыққа қайшылық (нақты қылмыстық заң нормасында көзделген тыйым салу).
Кінәлілік. Қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмыс деп тек кінәлі түрде жасалған жағдайда ғана танылуы мүмкін. ҚК-нің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес: «Адам қылмыстық жауаптылыққа тек өзі жасаған қоғамға қауіпті әрекеті (әрекетсіздігі) және оның нәтижесінде туындаған қоғамға қауіпті зардаптар үшін ғана тартылады». Қылмыстық-құқықтық түсініктегі кінә (кінәлілік) адамның өзі жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетіне (әрекетіне немесе әрекетсіздігіне) және оның қоғамға қауіпті зардаптарына психикалық қатынасын білдіреді. Кінә заңда көзделген нысандардың бірінде: қасақаналық (тікелей және жанама) немесе абайсыздық (менмендік немесе немқұрайлылық түрінде — ҚК-нің 19–22-баптары) нысанында көрініс табады. Қандай қауіпті зардаптар келтірсе де, егер іс-әрекет кінәсіз жасалса, ол қылмыс ретінде қарастырылмайды (ҚК-нің 23-бабы). Кінәсіз зиян келтіру кездейсоқ жағдай немесе казус деп есептеледі. «Кінә» және «кінәлілік» ұғымдары синоним болып табылатын қылмыстық-құқықтық құбылыс қасақаналық пен абайсыздықтың тектік ұғымы болып табылады.
Қылмыстық-процестік заңнамада қолданылатын «кінәлілік» термині адамның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болуын білдіреді. Кінәліліктің осындай түсінігіне кінәсіздік презумпциясы қағидаты негізделген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында: «Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі» деп бекітілген. Бұл жағдайда кінә қылмыс жасағанын, адамның әрекеттерінде оның кінәсінің ғана емес, жалпы қылмыс құрамының бар екенін анықтау ретінде түсіндіріледі.
Қоғамға қауіптілік — қылмыстың материалдық белгісі, осы заңдық ұғымның әлеуметтік мәнін білдіреді. Қоғамға қауіптілік — объективті санат, ол заң шығарушының еркіне тәуелді емес. Қоғамға қауіптілік Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру немесе зиян келтіру қаупін туғызу арқылы көрініс табады. Қылмыстық кодекс дәл сол немесе өзге іс-әрекеттің неліктен қылмыстық жазаланатын санатқа жатқызылғанын түсіндіреді. Бұл — қылмыстың объективті қасиеті. Қоғамға қауіптілік қылмыстық теріс қылыққа да тән, алайда оның белгілі бір ерекшеліктері бар. Оларға кейінірек тоқталамыз.
Қоғамға қауіптілік қылмыстың материалдық белгісі ретінде сапалық және сандық сипаттамаларға ие.
Заң әдебиетінде қоғамға қауіптіліктің сапалық сипаттамасы қоғамға қауіптіліктің сипаты деп аталады. Ол қылмыстың белгілі бір түрлерінің әлеуметтік зияндылығының типтік сипаттамасын білдіреді (қарақшылық, бұзақылық, терроризм және т.б.). Қоғамға қауіптіліктің сипаты қол сұғылатын мүдделер мен қоғамдық қатынастардың маңыздылығына, келтірілген зиянның сипатына, ал кейде қол сұғу тәсіліне байланысты айқындалады. Мысалы, адамның денсаулығына қол сұғу бір типтік сипаттамаға, меншік қатынастарына қол сұғу екінші сипаттамаға, сот төрелігінің мүдделеріне қол сұғу үшінші сипаттамаға және т.б. ие. Сонымен бірге қоғамға қауіптіліктің сипаты бір объектіге қол сұғудың әртүрлі тәсілдеріне де тән (мысалы, бөтен мүлікті ұрлау, тонау және қарақшылық жолымен иемдену, сондай-ақ оны қасақана жою).
Қоғамға қауіптіліктің сандық көрсеткіші заң әдебиетінде оның дәрежесі деп аталады.
Қылмыстық іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік дәрежесі — жекелеген қылмыстың да, қылмыстар тобының да қоғамға қауіптілік өлшемі. Оны анықтау қылмыстық құқықтың бірқатар негізгі мәселелерін шешуде маңызды мәнге ие. Қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыстарды жіктеудің негізінде жатыр. Қоғамға қауіптілік дәрежесі бойынша бір топқа жататын қылмыстардың өзара айырмашылығы айқындалады. Бұдан бөлек, қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыс құрамдарын қарапайым, сараланған, аса сараланған және жеңілдететін мән-жайлары бар құрамдарға бөлудің негізінде жатыр. Іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілік дәрежесін заң шығарушы қылмыстық-құқықтық санкцияларды құрастыру кезінде ескереді. Соңғылары әрдайым осы түрдегі қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесін көрсетеді.
Қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты сот анықтаған қол сұғу объектісіне, кінә нысанына және Қылмыстық кодекстің қылмыстық іс-әрекетті тиісті санатқа жатқызуына байланысты болады. Осылайша, жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау кезінде қылмыстардың ауырлығын айқындау тәртібін реттейтін ҚК-нің 11-бабының талаптарын да, сондай-ақ нақты қылмыстық іс-әрекет жасалған барлық мән-жайлардың жиынтығын да (кінә нысанын, уәжін, тәсілін, қылмыс жасау жағдайлары мен сатысын, туындаған зардаптардың ауырлығын, сотталушылардың әрқайсысының қылмыс жасауға қатысу дәрежесі мен сипатын және т.б.) негізге алу қажет.
Демек, қоғамға қауіптілік дәрежесі келтірілген зардаптардың ауырлығымен, егер ол өзінің мәні бойынша іс-әрекеттің әлеуметтік сипаттамасын өзгертетін болса, оны жасау тәсілімен (мысалы, басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіру — ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 6) тармағы), кінә нысанымен (егер қылмыс қасақана да, абайсызда да жасалуы мүмкін болса), уәждер мен мақсаттардың мазмұнымен және т.б. айқындалады.
Қоғамға қауіптілік заң шығарушының іс-әрекетті қылмыстандыру немесе қылмыссыздандыру мәселесін шешу кезінде ескеріледі. Белгілі бір іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық олар объективті түрде қоғамға қауіпті болған жағдайда ғана белгіленеді. Алайда заң шығарушының қылмыстық заңда тыйым салуының өзі заңда көрсетілген іс-әрекет белгілеріне сәйкес келетін нақты әрекет немесе әрекетсіздік әрдайым қылмыстық болып табылады дегенді білдірмейтінін ескеру қажет. Кінәлі адамға тағылған нақты іс-әрекеттің қоғамға қауіпті екенін анықтау маңызды.
Қылмыстың келесі белгісі — қылмыстық құқыққа қайшылық. Бұл белгінің маңызы оның қоғамға қауіптіліктің заңдық нысандағы көрінісі болып табылуымен айқындалады. Қылмыстық құқық теориясында қылмыстық құқыққа қайшылық қылмыстар мен қылмыс болып табылмайтын қоғамға зиянды әрекеттерді ажыратуға мүмкіндік беретін формальды өлшем ретінде қарастырылады. Қаншалықты қауіпті болса да, қылмыстық заңда көзделмеген іс-әрекет қылмыс деп таныла алмайды. Қылмыстық құқыққа қайшылық — іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінен бөлек қарастыруға болмайтын қылмыстың формальды белгісі.
Іс-әрекеттің қылмыстық құқыққа қайшылығы — заң шығару деңгейінде осы іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің субъективті түрде көрініс табуы. Бұл, бір жағынан, қалыптасқан қоғамдық қатынастар жүйесі үшін қоғамға қауіптілігіне байланысты қоғамға объективті түрде төзімсіз болып табылатын іс-әрекеттің қылмыстандырылатынын, яғни қылмыстық заң нормасымен жазалау қатері арқылы тікелей тыйым салынатынын білдіреді. Екінші жағынан, қоғамдық қатынастар сипатының өзгеруіне немесе басқа да себептерге байланысты қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекет белгілі бір кезеңде қоғам үшін өзінің қауіптілігін соншалықты жоғалтуы мүмкін, нәтижесінде бұл құбылыспен қылмыстық құқық құралдары арқылы күресу қажеттілігі жойылады. Мұндай жағдайда іс-әрекет қылмыссыздандырылады, яғни Қылмыстық кодекстен алып тасталады.
Қылмыстық құқыққа қайшылық қылмыстық заңда іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігі мен кінәлілігін заңдық тұрғыдан білдіреді. Ол қылмыстың бағалау-нормативтік белгісі ретінде осы белгілерден туындайды. Тек қоғамға қауіпті және кінәлі түрде жасалған іс-әрекет қана қылмыстық құқыққа қайшы деп танылады.
Алайда қылмыстық құқық ғылымында материалдық және формальды белгілердің мұндай арақатынасы күмән тудырған: «Осы белгілердің өзара байланысын түсіндірудің қалыптасқан тәсілінен, яғни анықтаманың негізіне материалдық белгі (қоғамға қауіптілік) алынып, ал формальды белгі (қылмыстық жауаптылық) одан туындайтын деп жарияланатын тәсілден шынымен бас тарту қажет. Құқықтық мемлекетте бірінші кезекте құқыққа қайшылық белгісі тұруы тиіс». Менің ойымша, мұндай ұстанымды қабылдау екіталай. Объективті құбылыс пен оның заң шығарушы тарапынан субъективті бағалануының өзара әрекеттесу диалектикасы өзгермейді: бастапқысы — объективті құбылыс; субъективті баға одан туындайды, алайда олар өзара тығыз байланыста болады. Алдымен нақты құбылыс, содан кейін оның заңнамалық бағасы пайда болады. Қылмыстық құқыққа қайшылық туралы оң шешім қабылданған кезде объективті түрде қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмысқа айналады.
Қылмыс қасиеттерінің табиғаты мен қылмыстандыру тетігіндегі бастапқылық пен туынды болуды олардың қылмыс мазмұны үшін маңыздылығымен теңестіруге болмайды. Қоғамға қауіптілік, кінәлілік және қылмыстық құқыққа қайшылық — қылмыстың тең мәнді қасиеттері. Олардың біреуінің болмауы қылмыстық іс-әрекеттің бар екенін жоққа шығарады. Қылмыс анықтамасында алдымен кінәлілік пен қоғамға қауіптілік, содан кейін қылмыстық құқыққа қайшылық көрсетілуі бұл тең мәнділікті ешбір бұрмаламайды.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, қылмыстық құқыққа қайшылық пен қоғамға қауіптілік белгілерінің өзара тығыз байланысты және өзара шарттас екенін айтуға болады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 2014 жылғы редакциясында қылмыстың төртінші белгісі — жазаланушылық елеулі өзгерістерге ұшырады. Қылмыстық құқық теориясында жазаланушылық деп кез келген қылмыс жасағаны үшін жаза тағайындау түрінде жауаптылықтың міндетті түрде туындауы түсініледі. Қылмыстың осы белгісі арқылы қылмыстық құқық қағидаттарының бірі — қылмыстық жауаптылықтың бұлтартпастығы жүзеге асырылады.
Өзгерістердің мәні қылмыстық жазаланушылық шеңберінің тарылуында, яғни қылмыс жасаған адамға тағайындалуы мүмкін жекелеген жаза түрлерінің бөлініп көрсетілуінде. Олар мынадай негізгі жаза түрлері: айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру және өлім жазасы.
Бұл ретте келтірілген тізімнен тек қылмыстар үшін ғана тағайындалатын айрықша жаза түрлерінің үшеу екенін атап өткен жөн: бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру және өлім жазасы. Айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту және түзеу жұмыстары қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін де тағайындалуы мүмкін.
Қылмыстың белгісі ретіндегі жазаланушылық қылмыс ұғымының өзінен туындайды. Егер іс-әрекет жазаланбайтын болса, оны қылмыс ретінде қарастыруға болмайды. Бұл ереже ҚК-нің 40-бабының 2-бөлігінде бекітілген, онда қылмыс жасаған адамдарға қолданылатын негізгі жаза түрлері белгіленген. Осыған байланысты ҚК-нің Ерекше бөлімінде санкция көзделмеген бірде-бір бап жоқ.
Жазаланушылық жаза нақты тағайындалады дегенді емес, жаза қолдану қатерін білдіреді. Заң шығарушы құқық қолдану органдары мен сотқа қылмыстық заңда көзделген жазаны қоғамға қауіпті іс-әрекет жасағаны үшін міндетті түрде және барлық жағдайда қолдануға қатысты қатаң шектеулер қоймайды. Қылмыстық заң адамды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату мүмкіндігін қарастырады. Мысалы, шын өкінуіне, қажетті қорғаныс шегінен асып кетуіне, процестік келісімнің барлық талаптарын орындауына, сондай-ақ мән-жайдың өзгеруіне байланысты (ҚК-нің 65, 66, 67 және 70-баптары). Ал ҚК-нің 68-бабына сәйкес, өлімге әкеп соқпаған, қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес не орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер жәбірленушімен, арыз берушімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Алайда бұл қылмыстың міндетті белгісі ретіндегі жазаланушылық туралы тұжырымды өзгертпейді: жаза қылмыссыз мүмкін емес, осыған байланысты ол адамның нақты жасаған қылмыстық құқық бұзушылығының ғана салдары болуы мүмкін.
Қылмыстық құқық ғылымында іс-әрекеттің жазаланушылығы қылмыстың белгісі емес, оның салдары деген пікір айтылады.
Сонымен қатар қылмыстың дербес белгісі ретінде моральға қайшылықты, яғни қылмыстың моральдық нормаларға қайшы келуін қарастыру туралы пікір де бар. Кез келген қылмыстық құқық бұзушылық моральдық қағидаттарға қайшы келеді. Біздің заң шығарушы моральға қайшылықты қылмыстық құқық бұзушылықтың дербес белгісі ретінде бөліп көрсетпейді. Моральға қайшылық тек қылмыстық құқық бұзушылықтарға ғана емес, басқа да құқық бұзушылықтарға тән. Менің ойымша, моральға қайшылық белгісі қылмыстық іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігі ұғымымен қамтылады.
Қылмыстық теріс қылық ұғымы түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінде берілген. Қылмыстық теріс қылық деп кінәлі түрде жасалған, қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жаза көзделген іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) танылады.
Бұл анықтамадан көрініп тұрғандай, қылмыстық теріс қылық ұғымы қылмыс ұғымынан белгілі бір дәрежеде ерекшеленеді. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылықтың белгілеріне мыналар жатады:
- кінәлілік;
- қоғамға қауіптіліктің төмен дәрежесі;
- құқыққа қайшылық;
- болмашы зиян келтіру немесе оның келу қаупін туғызу;
- айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамаққа алу түріндегі жазаланушылық.
Қылмыстың белгілерімен тек екеуі ғана толық сәйкес келеді — кінәлілік пен құқыққа қайшылық.
Қылмыстық теріс қылықтағы қоғамға қауіптілік белгісінің өзіндік ерекшелігі бар — ол төмен дәрежеде көрініс табады. Жоғарыда көрсетілгендей, қоғамға қауіптілік белгісі қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттің материалдық жағын сипаттап, оның теріс әлеуметтік мәнінің дәрежесін білдіреді. Осылайша, қоғамға қауіптіліктің төмен дәрежесіне сілтеме жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың осы тобының салыстырмалы түрде аз әлеуметтік зиянды ықпалын көрсетеді және сол арқылы оларды басқа қылмыстық құқық бұзушылықтардан — қылмыстардан ажыратады. Бұл ретте қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тек онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін ғана тағайындалады.
Қылмыстық теріс қылықтың «жазаланушылық» белгісі де қылмысқа қатысты сияқты, қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалатын жазалардың шектеулі тізбесін көздейді. Бұл — жазаның бес негізгі түрі: айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу.
Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 21 қаңтардағы «Меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен ҚК-нің 10-бабының 3-бөлігі «шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу» деген жаза түрімен толықтырылды. Осы Заңмен ҚК-нің 40-бабының 1-бөлігі де «5) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу» деген тармақпен толықтырылды.
Бұл ретте тек қылмыстық теріс қылықтар үшін ғана тағайындалатын айрықша жаза түрі біреу ғана — қамаққа алу.
Сонымен бірге шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін жаза ретінде көзделгенімен, қылмыс жасағаны үшін де тағайындалуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Мәселен, ҚК-нің 51-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қылмыс жасағаны үшін шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қосымша жаза түрі ретінде тағайындалуы мүмкін, ал қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін негізгі де, қосымша да жаза түрі ретінде тағайындалуы мүмкін.
Жоғарыда айтылғандай, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту да қылмыс жасағаны үшін тағайындалатын жазалар қатарына жатады.
Егер қылмыс ұғымы төрт белгімен (кінәлілік, қоғамға қауіптілік, құқыққа қайшылық және жазаланушылық) сипатталса, қылмыстық теріс қылық ұғымына бесінші белгі тән. Көрсетілген төрт белгіге жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке болмашы зиян келтіру не зиян келтіру қатерін туғызу деген бесінші белгі қосылады. Бұл белгі қылмыстық теріс қылық нәтижесінде туындайтын қоғамға қауіпті зардаптардың болмашы екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, бұл белгі қылмыстық теріс қылықтың қарастырылған белгісімен — қоғамға қауіптіліктің болмашы дәрежесімен ортақ негізге ие. Қоғамға қауіпті зардаптардың сипаты мен ауырлық дәрежесі немесе олардың ықтимал қаупі арқылы қоғамға қауіптілік белгісі көрініс табады.
Бұл белгіде екі негіздің болуы — нақты келтірілген зиян, сондай-ақ оны келтіру қаупі — қылмыстық теріс қылық құрамдарының объективтік жағының құрылымы бойынша материалдық та, формальды да болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Сонымен бірге қарастырылып отырған белгіні түсіндіру кезінде қылмыстық теріс қылық жасау нәтижесінде туындайтын зиян келтіру қаупінің сипаты мен дәрежесіне қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Мәселен, заң шығарушы қылмыстық теріс қылықтан нақты келтірілген зиянның болмашы екенін анық көрсетсе, зиян келтіру қаупіне қатысты мұндай нақтылау жоқ.
Қылмыстық теріс қылық құрамы тек болмашы зиян келтіру қаупін ғана қамти ма, әлде қылмыстық-құқықтық қорғау объектілеріне келтірілуі мүмкін кез келген зиянның қаупін қамти ма деген сұрақ туындайды. ҚК-нің Ерекше бөліміндегі баптарды талдау бұл жағдайда болмашы зиян келтіру қаупі меңзелетінін тұжырымдауға мүмкіндік береді. Өзге зиянның (неғұрлым елеулі, айтарлықтай зиянның) қаупі қылмыс құрамымен қамтылады. Мәселен, ҚК-нің 285-бабының бірінші бөлігі «Радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» объективтік жағының құрылымында адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу қаупін туғызуды көздейді. Бұл іс-әрекет қылмыс деп танылады, өйткені баптың санкциясында бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Тиісінше, логикалық алып тастау әдісін қолдану арқылы қылмыстық теріс қылық ұғымына тән белгі дәл қоғамға қауіпті болмашы зардаптардың туындау қаупі деген қорытынды жасалады.
Қылмыстың төрт белгісінің де, қылмыстық теріс қылықтың бес белгісінің де формальды-заңдық тұрғыдан әрқайсысы тең мәнді болып табылады. Мәселен, олардың ең болмағанда біреуінің болмауы тиісінше қылмыстың немесе қылмыстық теріс қылықтың тұтастай алғанда жоқ екенін көрсетеді.
Қылмыс пен қылмыстық теріс қылық белгілерін жүргізілген талдау негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау мәселелерінде тәжірибеде негізгі рөлді «жазаланушылық» белгісі атқаратыны туралы қорытынды жасау қажет. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі баптардың санкцияларында көзделген жаза түрлерінің негізінде ғана сол немесе өзге іс-әрекеттің қылмыстарға не қылмыстық теріс қылықтарға жататыны анықталады. Осылайша, жазаланушылық қылмыс пен қылмыстық теріс қылықты ажырататын, айқындаушы белгіге айналады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысының 51-тармағында былай делінген: «ҚК-нің 10-бабының төртінші бөлігінде, 19-бабының төртінші бөлігінде, 23-бабында, 26, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38-баптарының бірінші бөліктерінде, ҚК-нің 253-бабының ескертпесінде (2-тармақ), 366, 367-баптарының ескертпелерінде (1-тармақ), 375, 376, 378, 421, 432, 434-баптарының ескертпелерінде көрсетілген әрекеттер, сондай-ақ ҚК-нің 16-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген немесе ҚК-нің 15-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адамдар жасаған әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Қылмыстық жауаптылықты жоққа шығаратын көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде, ҚПК-нің 391-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сот іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты ақтау үкімін шығарады».
ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігінде болмашы мәнділік деп аталатын іс-әрекет ұғымы көзделген. Сот-тергеу тәжірибесінде қылмыстық құқық бұзушылықты қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілерін формальды түрде қамтитын, алайда болмашы мәнділігіне байланысты қоғамға қауіпті болып табылмайтын іс-әрекеттен ажырату мәселелері жиі туындайды. Осы нормаға сәйкес, Ерекше бөлімде көзделген қандай да бір іс-әрекеттің белгілерін формальды түрде қамтығанымен, маңызының болмашылығына байланысты қоғамға қауіпті болып табылмайтын әрекет немесе әрекетсіздік қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
Осы анықтамадан мынадай қорытындылар жасауға болады. Біріншіден, іс-әрекетті қылмыс деп тану үшін оның ҚК-нің Ерекше бөлімінің қандай да бір нормасында сипатталған қылмыстық құқық бұзушылықпен формальды түрде ұқсас болуы жеткіліксіз. Мұндай ұқсастық болғанның өзінде де іс-әрекет болмашы деп танылуы мүмкін (мысалы, бір қорап темекіні ашық түрде ұрлау), сондықтан ол қоғамға қауіпті болып табылмайды. Белгілі бір іс-әрекетті болмашы деп тану мәселесі соттың, прокурордың, тергеушінің, анықтау органының құзыретіне жатады. Егер іс-әрекет болмашы деп танылса, онда қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталмауға тиіс, ал басталғаны іс-әрекетте қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылуға жатады. Екіншіден, болмашы деп танылған және осыған байланысты қылмыстық болып табылмайтын іс-әрекет өзге де заңдық жауаптылыққа: әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртіптік және т.б. жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін. Демек, заңның мұндай іс-әрекеттерде қоғамға қауіптіліктің жоқтығы туралы нұсқауын қоғамға қауіптіліктің мүлдем жоқтығы (мысалы, қажетті қорғану, аса қажеттілік жағдайларындағыдай) ретінде емес, болмашы деп танылған іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілігі қылмыстарға тән деңгейге жетпейтінін білдіретін мағынада түсіну қажет.
Мәселен, он төрт жастағы үш жасөспірім алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғаны үшін сотталған (ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы). Олар саяжай учаскесіне келіп, жалпы құны 650 теңге болатын бір шелек қызанақты ұрлаған. Іс бойынша кәмелетке толмағандардың қызанақты аз мөлшерде ұрлағаны анықталды, өйткені қылмыс жасалған кездегі ең төменгі жалақы мөлшері 719 теңгені құраған. Жәбірленуші сотта қызанақтың өзіне қайтарылғанын мойындап, келтірілген залалды болмашы деп санайтынын және жасөспірімдерді қылмыстық жауаптылыққа тартпауды сұраған. Бұл жағдайда ұрлық жасағандардың әрекеттері болмашы мәнділігіне байланысты қоғамға қауіпті болып табылмайды.
Болмашы мәнді іс-әрекет бір мезгілде екі шарт болған кезде ғана қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
Біріншісі: ол қылмыстық заңда көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне формальды түрде сәйкес келуге тиіс. Басқаша айтқанда, онда сыртқы тұрғыдан қылмыстық құқыққа қайшылық болуы қажет.
Екіншісі: онда қоғамға қауіптілік болмауы тиіс. Болмашы мәнді іс-әрекеттерде белгілі бір зиянның болуы мүмкін. Алайда ол қылмыстық заңның қолданылу саласына жетпейді және азаматтық-құқықтық, әкімшілік, тәртіптік немесе моральдық бағалаумен шектелуге болады.
Іс-әрекетті болмашы деп тану үшін мыналарды ескеру қажет:
- болмашы мәнді тек қасақана жасалған іс-әрекет болуы мүмкін, бұл ретте адам болмашы зиян келтіруді қалаған болуы керек. Егер адамның қасақаналығы ұрлық жасауға бағытталған болса, бірақ жоспарланған мүлік болмағандықтан, ұры болмашы затпен шектелсе, бұл болмашы мәнді ұрлық емес, ұрлық жасауға оқталу болып табылады (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 188-бабы);
- бірқатар қылмыстарда заң міндетті белгі ретінде емес, саралаушы белгі ретінде елеулі (ҚК-нің 202-бабы), ірі (ҚК-нің 216-бабы) залал келтіруді таниды. Мұндай залалдың болмауы қылмыстық құқыққа қайшылық белгісін жоққа шығарады, яғни іс-әрекеттің ҚК-де көзделген қылмыс белгілеріне формальды түрде де сәйкес келуін жоққа шығарады. Бұл жағдайда қылмыстық іс-әрекет болмашы мәнділігіне байланысты емес, қылмыс құрамының міндетті белгісі — елеулі немесе ірі залал келтірудің болмауына байланысты тергелмейді;
- баламалы қасақаналықпен жасалған қылмыс кезінде, яғни адам зиян келтірудің ықтимал нұсқаларының кез келгенінің туындауын алдын ала болжап, соны қалаған жағдайда, іс-әрекеттің болмашы мәнділігі болмайды. Мұндай жағдайда жауаптылық ең үлкен зиян үшін (немесе оған оқталу үшін) туындайды. Бұл кінәлі адамның кез келген зиян келтіруді қалағанымен түсіндіріледі;
- анықталмаған (нақтыланбаған) қасақаналықпен қылмыс жасау кезінде де іс-әрекетті болмашы мәнді деп қарастыруға болмайды, яғни адам зиян келтірудің ықтимал нұсқаларының кез келгенінің туындауына жол берген жағдайда. Жауаптылық нақты келтірілген зиян үшін туындайды. Алайда мұндағы негіздер басқа. Қылмыстық істі іс-әрекеттің болмашы мәнділігіне байланысты тоқтату орын алмайды.
Мысалы, қалта ұрлығын жасау кезінде адам нақтыланбаған қасақаналықпен әрекет етеді. Ол жәбірленушінің жанында әртүрлі мөлшердегі ақшаның болуы мүмкін екенін болжайды. Сондықтан болмашы соманы иемденуді болмашы мәнді іс-әрекет ретінде қарастыруға болмайды;
- абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың болмашы мәнді болуы екіталай, өйткені олар ірі залал немесе өзге де елеулі зиян келтірілген жағдайда ғана қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер шеңберіне енгізіледі. Мәселен, бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру ірі залал келтірген жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады.
Егер іс-әрекет қоғамға қауіптіліктің елеулі дәрежесін қамтымаса, онда оны қылмыс ретінде қарастыруға болмайды. Қылмыс деп танылатын іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілік дәрежесі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған кездегіден жоғары болады.
Осылайша, нақты іс-әрекетті болмашы деп тануға негіз ретінде қылмыстық заңда белгіленген белгілерді тек формальды түрде қамтитын, алайда іс жүзінде қылмыстық құқық бұзушылықтың заңдық құрамында сипатталған қылмыстық-құқыққа қайшы мінез-құлық жүйесіндегі осы белгілердің мәніне және заң шығарушы көздеген осы іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігіне сәйкес келмейтін мән-жайлардың болуы негізге алынуға тиіс.
Сөзімді аяқтай келе, заң шығарушының назарын мынадай мәселеге аударғым келеді: қылмыстық теріс қылық ұғымын шамадан тыс егжей-тегжейлі нақтылау аяқталған қылмыстық теріс қылық құрамын оған оқталудан ажырату мәселелерін туындатады. Мұның шешімі қылмыстық теріс қылық ұғымынан (ҚК-нің 10-бабының 3-бөлігі) «жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қатерін туғызған» деген нұсқауды алып тастаудан көрінеді.
Соңғы мәселе: қылмыстық жауаптылық негіздерін заңнамалық тұрғыдан реттейтін норманы (ҚК-нің 4-бабы) ҚК-нің 10-бабынан кейін орналастырған орынды деп есептеймін, өйткені қылмыстық жауаптылықтың негізі тек қылмыс құрамы ғана емес, қылмыстың өзі де болып табылады. Сондықтан жауаптылық негіздерінің бірі ретіндегі құрам туралы заң шығарушының ұстанымын баяндағаннан кейін қылмыстық құқық бұзушылықтың параметрлерін баяндауға көшу қисынды әрі негізді болып табылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар