74-бап. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
1. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдiсiнде жарғылық қор өзгертiлуi мүмкiн. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серiктестердiң сенiм серiктестiгi мүлкiндегi үлесiн белгiлейдi.
2. Жарғылық капиталдың мөлшерiн сенiм серiктестiгiнiң толық серiктестерi белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Коммандиттік серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Коммандиттік серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
3. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Несие берушiлер бұл ретте тиiстi мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгiленген тәртiптi бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен сенiм серiктестiгiн таратуға негiз болады.
Ескерту. 74-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы