70-бап. Қатысушылардың толық серiктестiктiң борыштары бойынша жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
1. Егер толық серiктестiк таратылған жағдайда оның барлық борыштарын өтеу үшiн нақтылы мүлкi жетпейтiн болса, серiктестiк үшiн жетiспейтiн бөлiгi жөнiнен оған қатысушылар ортақ жауапкершiлiктi өздерiнiң заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алынатын барлық мүлкiмен өз мойнына алады.
Толық серiктестiктiң қатысушысы серiктестiктiң борышы бойынша егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оған өзі кiргеннен кейiн немесе кiргенге дейiн пайда болғанына қарамастан жауап бередi.
2. Серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiнен астам бөлiгiндегi толық серiктестiктiң борыштарын өтеген қатысушы өзiнiң алдында серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiнiң мөлшерiне тең үлестiк жауапкершiлiктi мойнына алатын өзге де қатысушыларға тиiстi бөлiгiнде керi талап қоюға құқылы.
3. Толық серiктестiктен өз қалауымен шыққан немесе серiктестiктен соттың шешiмi бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке кiруден бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiктен өздерi шыққан кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша серiктестiктiң өздерi серiктестiктен шыққан жыл iшiндегi серiктестiк қызметi туралы есеп бекiтiлген күннен бастап екi жыл бойы жауап бередi.
4. Өз үлесiн бiр қатысушыға немесе үшiншi жаққа беру арқылы, серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiнен несие берушi (несие берушiлер) ақы өндiрiп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
5. Толық серiктестiк тоқтатылғаннан кейiн қатысушылар серiктестiк тоқтатылған күннен бастап екi жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапты болады.
6. Толық серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жауаптылығының осы бапта көзделген тәртiбiн өзгертетiн қатысушылардың келiсiмдерi маңызсыз болып табылады.
Ескерту. 70-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы