7-бап. Дербес деректерді жинау, өңдеу шарттары және жалпыға бірдей қолжетімді көздерден алынған дербес деректерді жинаудың, өңдеудің ерекшеліктері Дербес деректер және оларды қорғау туралы Заңы
1. Осы баптың 5-тармағында және осы Заңның 9-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді жинауды, өңдеуді меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) субъектінің дербес деректерін жинау, өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Дербес деректерді жалпыға бірдей қолжетімді көздерде таратуға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған кезде жол беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағының талаптары орналастыру міндеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ақпарат жарияланған жағдайларда ақпарат иеленушілерге қолданылмайды.
5. Ақпарат көзіне сілтеме болған жағдайда, осы баптың 3 және 4-тармақтарының негізінде жарияланған дербес деректерді үшінші тұлғалардың қайта жинауына, өңдеуіне және таратуына жол беріледі.
6. Осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді трансшекаралық беру түрінде дербес деректерді өңдеу, дербес деректерді жалпыға бірдей қолжетімді көздерде тарату, сондай-ақ оларды үшінші тұлғаларға беру субъектінің келісімі болған жағдайда жүзеге асырылады.
7. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарда дербес деректерді жинау, өңдеу ерекшеліктері осы Заңның ережелері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
8. Дербес деректерді өңдеу нақты, алдын ала айқындалған және заңды мақсаттарға жетумен шектелуге тиіс. Дербес деректерді жинау мақсаттарымен үйлеспейтіндей етіп дербес деректерді өңдеуге жол берілмейді.
9. Мазмұны мен көлемі дербес деректерді өңдеу мақсаттарына қатысты артық болып табылатын дербес деректер өңделуге жатпайды.
10. Мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдалана отырып, субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз жеткізгіштегі көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады.
Жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз жеткізгіштегі көшірмелерін жинаудың, өңдеудің осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген айрықша жағдайлары цифрлық құжаттар сервисі арқылы қалыптастырылатын жеке басты куәландыратын құжаттарды пайдалануға және ұсынуға қолданылмайды.
Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2021 № 96-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 11.12.2023 № 44-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы № 94-V Заңы.
Осы Заң дербес деректер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ дербес деректердi жинаумен, өңдеумен және қорғаумен байланысты қызметтiң мақсатын, қағидаттарын және құқықтық негiздерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы