51-бап. Хабарламалар бойынша бақылау және рұқсаттық бақылау Рұқсаттар және хабарламалар туралы Заңы
1. Берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігі тұрғысынан жүргізілетін рұқсаттық бақылау , егер осы баптың 1-1-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады.
Егер берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүзеге асырылатын рұқсат беру бақылауын жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, онда мұндай бақылау Қазақстан Республикасының осындай заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
1-1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізілетін рұқсаттық бақылау "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады.
2. Рұқсаттық бақылау осы баптың 2-1 – 2-4-тармақтарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қаржы саласындағы қызмет және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет саласында рұқсаттық бақылау "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2-1. Біліктілік және рұқсат беру талаптарын бекіту туралы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде өтініш берушіге бару қажеттілігі болған жағдайда бару нәтижелері бойынша өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды жасалады.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыда мыналар көрсетіледі:
1) қорытындының жасалған күні, уақыты және орны;
2) рұқсат беру органының атауы;
3) рұқсаттық бақылауды жүзеге асырған адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) өтініш берушінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
5) мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың рұқсаттық бақылауды жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары және сарапшылары туралы мәліметтер;
6) рұқсаттық бақылаудың нәтижелері туралы, оның ішінде біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына анықталған сәйкессіздіктер туралы мәліметтер;
7) өтініш берушінің, өтініш беруші өкілінің, сондай-ақ рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде қатысқан адамдардың қорытындымен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
8) рұқсаттық бақылауды жүзеге асырған лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыға өнім үлгілерін (сынамаларын) іріктеу, қоршаған орта объектілерін зерттеп-қарау туралы актілер, жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және рұқсаттық бақылаудың нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері болған кезде қоса беріледі.
Рұқсаттық бақылаудың нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда өтініш беруші не оның өкілдері ескертулерді және (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде жазуға құқылы.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыға қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі жасалады.
Рұқсат беру органы өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыға бақылау субъектісінің ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын он бес жұмыс күні ішінде қарауға және уәжді жауап беруге тиіс.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыны қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған рұқсаттық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар және өтініш берушінің басшысы не өтініш берушінің уәкілетті өкілі қол қояды.
Өтініш беруші не оның уәкілетті өкілі бас тарту себебі туралы жазбаша түсіндірме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды екі данада жасалады.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындының бірінші данасы рұқсат беру органында қалады, екінші данасы қағаз жеткізгіште қол қойғызып немесе электрондық нысанда өтініш берушіге (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті тұлғасына, жеке тұлғаға) беріледі.
Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде түпнұсқа бухгалтерлік және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.
Өтініш беруші біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкес келген жағдайда өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды ресімделеді.
2-2. Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде рұқсат беру органының лауазымды адамдары:
1) біліктілік және рұқсат беру талаптарын бекіту туралы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленбеген талаптардың орындалуын тексеруге;
2) егер құжаттар, ақпарат, өнім үлгілері (сынамалары), қоршаған орта объектілері мен өндірістік орта объектілерін зерттеп-қарау сынамалары рұқсаттық бақылау объектілері болып табылмаса немесе оның нысанасына жатпаса, оларды беруді талап етуге;
3) өнім үлгілеріне, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамаларына зерттеу, сынау, өлшеу жүргізу үшін көрсетілген үлгілердің, сынамалардың белгіленген нысан бойынша және (немесе) ұлттық стандарттарда, үлгілерді, сынамаларды іріктеп алу қағидаларында және олардың зерттеу, сынау, өлшеу әдістерінде, техникалық регламенттерде немесе олар күшіне енетін күнге дейін қолданыста болатын өзге де нормативтік техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидаларында және әдістерінде белгіленген нормадан асатын санда іріктеп алынуы туралы хаттамаларды ресімдемей, оларды іріктеп алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, рұқсаттық бақылау нәтижесінде алынған және коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етуге және (немесе) таратуға;
5) рұқсаттық бақылау нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтініштермен жүгінуге құқылы емес.
2-3. Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде рұқсат беру органдары лауазымды адамдарының:
1) өтініш берушінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып, өтініш берушінің рұқсаттық бақылау нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті алуға;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) рұқсаттық бақылау нысанасына жататын техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото- және бейнеаппаратураның жазбаларын пайдалануға;
5) мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.
Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде рұқсат беру органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өтініш берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезеңінде өтініш берушілердің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамауға;
3) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде өтініш берушінің қатысуына кедергі жасамауға, рұқсаттық бақылау нысанасына жататын мәселелер бойынша түсіндірмелер беруге;
4) өтініш берушіге рұқсаттық бақылау нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
5) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2-4. Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде өтініш берушілер не олардың уәкілетті өкілдері:
1) егер мәліметтер рұқсаттық бақылау нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
2) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға;
3) рұқсаттық бақылаудың жүзеге асырылу процесін, сондай-ақ рұқсат беру органы лауазымды адамының рұқсаттық бақылау шеңберінде жүргізіп жатқан жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі жасамай, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге;
4) өз мүдделері мен құқықтарын білдіру мақсатында рұқсаттық бақылауға қатысуға үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
Рұқсаттық бақылаудың жүзеге асырылуы кезінде өтініш берушілер не олардың уәкілетті өкілдері:
1) рұқсат беру органдары лауазымды адамдарының өтініш берушінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, рұқсат беру органдарының лауазымды адамдарына өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ рұқсаттық бақылаудың міндеттері мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті беруге;
3) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыны алған кезде оны алғаны туралы екінші данасына белгі жасауға;
4) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру үшін объектіге келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
5) алдағы рұқсаттық бақылау туралы хабарламаны алған жағдайда тағайындалған мерзімдер мен уақытта бақылау және қадағалау объектісі тұрған жерде болуға міндетті.
3. Алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Хабарламаны алғаннан кейін мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде қызметті жүзеге асыру үшін белгіленген талаптарды сақтауын дербес тексереді.
Ескерту. 51-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2024 № 86-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V ҚРЗ.
Осы Заң жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және осы Заңда көзделген басқа да тұлғалардың жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді жүзеге асыруына рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізуге және іске асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы