Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / 256-бап. Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бабына түсініктеме

256-бап. Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бабына түсініктеме

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

256-бап. Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бабына түсініктеме

1. Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты осындай мазмұндағы материалдарды дайындау, тарату мақсатында сақтау немесе тарату —

мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Дәл сол әрекеттерді:

1) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бірлестіктің көшбасшысы жасаған;

2) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып;

3) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жасаған жағдайда —

мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

Қоғамдық қауіптілігі аталған қылмыстың терроризмді насихаттау және терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру нәтижесінде қоғамдағы ахуалдың тұрақсыздануында көрінеді, бұл қоғамдық алаңдаушылықтың әлеуметтік-психологиялық ахуалының қалыптасуымен, террористік актілерді жасауға қолайлы жағдай туғызумен, қоғамда зорлық-зомбылық пен агрессивтіліктің өршуімен ұштасады.

Қылмыстың объектісі — қоғамдық қауіпсіздік.

Қылмыстың нысанасы — террористік материалдар, яғни терроризм актісін жасау тәсілдері мен құралдары туралы ақпаратты, сондай-ақ террористік қызметті жүзеге асыру белгілерін және (немесе) оған шақыруларды қамтитын не осындай қызметті жүзеге асыру қажеттілігін негіздейтін немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар: плакаттар, газеттер, брошюралар, кітаптар, сөз сөйлеулердің аудио- және бейнежазбалары, террористік қызметпен айналысуға шақырулар қамтылған әртүрлі заттар.

Объективтік жағы терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды дайындау, тарату мақсатында сақтау немесе тарату түріндегі әрекеттермен сипатталады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-тармағына сәйкес конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, Республика тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, сословиелік және рулық артықшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 5) тармақшасына сәйкес терроризм — халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау немесе жасаймын деп қорқыту арқылы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету практикасы мен зорлық-зомбылық идеологиясы.

Аталған Заңның 1-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес терроризм актісін жасауға шақыру — жеке тұлғаның санасына, еркіне және мінез-құлқына әсер ету арқылы оны терроризм актісін жасауға итермелеу мақсатында жария түрде білдірілген немесе таратылатын ақпараттық материалда көрсетілген үндеу.

Аталған Заңның 1-бабының 14-1) тармақшасында террористік материалдар терроризм актісін жасау тәсілдері мен құралдары туралы ақпаратты, сондай-ақ террористік қызметті жүзеге асыру белгілерін және (немесе) оған шақыруларды қамтитын не осындай қызметті жүзеге асыру қажеттілігін негіздейтін немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар ретінде айқындалған.

Терроризм идеяларын насихаттау, террористік материалдарды тарату, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану да террористік қызметке жатады (Заңның 1-бабының 18) тармақшасы (7-абзац)).

Насихаттау — бұқаралық ақпарат құралдарында және жекелеген адамдардың жария сөз сөйлеулерінде кез келген нысанда көзқарастарды, идеяларды, ілімдерді, білімдерді терең түсіндіру және тарату, бұқаралық көпшілікке идеялық ықпал ету.

Терроризмді насихаттау адамдардың санасы мен еркіне оларда террористік актіні жүзеге асыруға деген ұмтылысты ояту мақсатында белсенді ықпал етуді білдіреді. Насихаттау нысаны кез келген болуы мүмкін: ауызша, жазбаша, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану, Интернетте орналастыру, әдеби шығармалар жасау және т.б.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағының 3-абзацында терроризмді насихаттау деп адамның (адамдардың) санасы мен еркіне әсер ету арқылы онда (оларда) террористік қызметті жүзеге асыруға деген ұмтылысты ояту мақсатында зорлық-зомбылық идеологиясы мен терроризм практикасын қамтитын материалдар мен ақпаратты кез келген тәсілмен тарату не осындай қызметті жүзеге асыру қажеттілігін негіздейтін немесе ақтайтын ақпаратты тарату түсінілетіні айтылған.

Шақырулар — террор қажеттілігіне тыңдаушылардың жеткілікті үлкен тобының көзін жеткізу мақсатында оларға бағытталған ауызша немесе жазбаша үндеулер. Шақырулар міндетті түрде жария сипатта, яғни бірнеше адамның қатысуымен және соларға арналып жасалуға тиіс. Насихаттаудан айырмашылығы, мұнда ықпал ету тікелей сипатта болады. Сонымен қатар жария шақырулар нақты бір мақсатқа, атап айтқанда терроризм актісін жасауға бағытталуы тиіс.

Шақырулардың жариялылығы олардың үшінші тұлғалардың тікелей қатысуымен жасалуынан немесе жазбаша нысанда болған жағдайда олармен кейіннен басқа адамдардың танысуына есептелуінен көрінеді (мысалы, тиісті мазмұндағы плакаттарды немесе ұрандарды жапсыру). Көбінесе шақырулар тыңдаушылардың жеткілікті үлкен тобына: адамдар тобына, жиналысқа, халыққа, өңірдің немесе елдің тұрғындарына бағытталады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 18-тармағына сәйкес, ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігіндегі терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру деп кез келген нысанда (ауызша, жазбаша) білдірілген үндеулерді түсіну керек.

Шақырулар жария сипатта болуы тиіс. Терроризм актісін жасауға жария түрде шақырулар, басқа азаматтарды осы актіні жүзеге асыруға итермелеуге қол жеткізілгеніне немесе жеткізілмегеніне қарамастан, кем дегенде бір үндеудің жария түрде айтылған немесе таратылған сәтінен бастап аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.

Терроризм актісін жасауға шақырулардың жариялылығы туралы мәселені соттар істің орны, тәсілі, жағдайы және басқа да мән-жайларын ескере отырып шешуі тиіс. Мысалы, қоғамдық орындарда адамдар тобына үндеу жасау, жиналыстарда, митингілерде, демонстрацияларда сөз сөйлеу, үнпарақтар тарату, тиісті мазмұндағы плакаттарды ілу, электрондық хабарламаларды жаппай тарату.

Егер терроризм актісін жасауға жария түрде шақырулар бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін (мерзімді баспа басылымын, теле-, радиоарнаны, интернет-ресурстарды және басқа да құралдарды) пайдалану арқылы жасалса, онда жасалған әрекет ҚК-нің 256-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс.

Ұялы байланыс абоненттеріне электрондық немесе ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып хабарламаларды жаппай тарату арқылы терроризм актісін жасауға жария түрде шақырулар жасалған кезде қылмыс көрсетілген үндеулерді жалпыға ортақ пайдаланылатын желілерде (мысалы, сайттарда, форумдарда немесе блогтарда) орналастырған немесе басқа адамдарға хабарламалар жіберген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.

Дайындау деп терроризмді насихаттайтын немесе терроризм актісін жасауға шақыратын материалдарды кез келген тәсілмен жасауды түсіну керек: кітап, мақала, сценарий жазу, кино немесе бейнефильм түсіру және сол сияқты әрекеттер, сондай-ақ дайын материалды көбейту. «Дайындау» термині материалды жасау процесін де, оның нәтижесін, яғни терроризмді насихаттайтын немесе терроризм актісін жасауға шақыратын дайын материалды алуды да білдіреді.

Сақтау деп терроризмді насихаттайтын немесе терроризм актісін жасауға шақыратын материалдардың адамның иелігінде (өзімен бірге, үй-жайда, жасырын жерде және басқа орындарда) болуына байланысты кез келген қасақана әрекеттерді түсіну керек. Сақтау ұзақтығы қылмысты саралауға әсер етпейді.

Материалдарды тарату деп терроризмді насихаттайтын немесе терроризм актісін жасауға шақыратын материалдарды үшінші тұлғаларға олардың террористік қызметті жүзеге асыруға итермелеу мақсатында беруге бағытталған әрекеттерді тану қажет. Террористік материалдарға терроризмнің мәнін түсіндіретін және жалпы сипаттағы мәліметтерді қамтитын, терроризмді насихаттау және (немесе) терроризм актісін жасауға шақыру белгілері жоқ ақпарат жатпайды.

Қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Терроризмді насихаттау зорлық-зомбылық идеологиясы мен терроризм практикасын тарату жөніндегі әрекеттер жасалған және ақпаратты кем дегенде бір бөгде адамның қабылдағаны немесе онымен өз бетінше танысқаны анықталған сәттен бастап, кінәлі адамның терроризм актісін жасауға арандатуға қол жеткізгеніне немесе жеткізбегеніне қарамастан, аяқталған қылмыс деп танылады. Терроризмді насихаттағаны үшін адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту кезінде тарату тәсілінің маңызы жоқ. Насихаттау ауызша сөз сөйлеу немесе жазбаша не баспа материалдарын тарату, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Терроризм актісін жасауға жария түрде шақырулар белгісіз адамдар тобына жария үндеу жасалған сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеледі; дайындау — терроризм идеологиясын насихаттайтын материалдар жасалған сәттен бастап; сақтау — тыйым салынған материалдар үй-жайларда, күзетілетін аумақтарда, жасырын орындарда және олардың сақталуын қамтамасыз ететін кез келген жерлерде болған сәттен бастап; тарату — көрсетілген материалдар үшінші тұлғаға берілген сәттен бастап аяқталған болып саналады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам қандай да бір жолмен адамдардың кең тобы арасында терроризм актісін ақтайтын және оған итермелейтін идеяларды таратып жатқанын, терроризм актісін жасауға жария түрде шақырып жатқанын сезінеді, қоғамдық қауіпті салдардың туындауын алдын ала біледі және соны қалайды. Қылмыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Материалдарды дайындау мен сақтаудың міндетті белгісі — арнайы мақсат, яғни көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсаты.

Субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.

ҚК-нің 256-бабының 2-бөлігінде саралаушы белгілер ретінде дәл сол әрекеттерді мынадай жағдайларда жасау көзделген:

адамның өзінің қызмет бабын пайдалануы;

қоғамдық бірлестік көшбасшысының жасауы;

бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану;

адамдар тобының немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалану.

Қызмет — белгілі бір жария функцияны тұрақты кәсіби қызмет ретінде орындау. Қызмет бабын (қызметтік өкілеттіктерді) кез келген жария қызметте жүрген адам пайдалана алады. Оны лауазымды адамдар ғана емес, меншік нысанына қарамастан ұйымдарда, кәсіпорындарда және мекемелерде тиісті лауазымды атқаратын басқа да адамдар пайдалана алады. Сондықтан қызметтік міндеттерін пайдаланумен байланысты қызмет бабын пайдалану, ең алдымен, өз қызметтік жағдайын теріс пайдалануды, заңда немесе өзге де нормативтік құқықтық актіде айқындалған қызметтік өкілеттіктерінен артықшылықтар мен пайда алуды не қызмет түріне (мемлекеттік немесе мемлекеттік емес) қарамастан қызметтік байланыстары мен қызмет беделін пайдалануды білдіреді.

Қоғамдық бірлестіктің көшбасшысы — қоғамдық бірлестіктің басшысы, сондай-ақ өзінің ықпалы мен беделінің арқасында осы қоғамдық бірлестіктің қызметіне жеке-дара басқарушылық ықпал ете алатын қоғамдық бірлестіктің өзге де қатысушысы (ҚК-нің 3-бабының 21) тармақшасы). Лауазымды адамның немесе қоғамдық бірлестік көшбасшысының терроризмді насихаттауға немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруға бағытталған әрекеттерді жасауы, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды таратуы олардың осы мақсатта өздерінің қызметтік немесе қоғамдық жағдайын пайдалануын көздейді.

255-бап. Терроризм актісі

Терроризм актісі, яғни қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған, адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау, сондай-ақ дәл сол мақсаттарда көрсетілген әрекеттерді жасау қатерін төндіру —

мүлкі тәркіленіп, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Дәл сол әрекеттер:

бірнеше рет;

қаруды не қару ретінде пайдаланылатын заттарды, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолдана отырып жасалған болса —

мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер, егер олар:

жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолданумен немесе қолдану қатерімен және жаппай уландыру, эпидемия немесе эпизоотия тарату, сондай-ақ адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттер жасау немесе осындай әрекеттерді жасау қатерімен ұштасса;

абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса —

мүлкі тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он екі жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу, сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату мақсатында не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу, сондай-ақ халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, кепілге алынған адамды, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу —

мүлкі тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Терроризм актісін дайындауға қатысқан адам, егер ол мемлекеттік органдарды уақтылы ескертуімен немесе өзге де тәсілмен терроризм актісінің алдын алуға ықпал етсе және оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Терроризм — халықаралық сипатқа ие қазіргі заманның аса қауіпті қылмыстарының бірі. Орталық Азия өңіріне географиялық жағынан жақын орналасқан Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі тұрақсыздықты қоса алғанда, сыртқы саяси жағдайдың өзгеруімен байланысты өзінің геосаяси жағдайына байланысты Қазақстан халықаралық терроризм проблемасына, өз аумағында терроризм актілерінің жасалуына тап болды. Елдің батысы мен оңтүстігінде орын алған қайғылы оқиғалар, діни экстремизм мен терроризмнің жақтаушылары санының арту динамикасы бұл мәселенің өзектілігін көрсетті.

«Терроризм» ұғымының мазмұнын ашуға алғашқы талпыныс 1930 жылы Брюссельде өткен Қылмыстық заңнаманы біріздендіру жөніндегі III халықаралық конференцияда жасалды. Қазіргі уақытта терроризмнің белгілі бір айрықша белгілері халықаралық құжаттарда жеткілікті дәрежеде толық сипатталған және заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Аталған нормативтік құқықтық актілер терроризм мен экстремизмнің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жасаудың құқықтық негіздерін белгілейді, негізгі ұғымдар аппаратын және мемлекеттік органдардың осы бағыттағы құзыретін, сондай-ақ осы салада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің негізгі қағидаттарын айқындайды.

Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы барлық негізгі халықаралық әмбебап актілерге қатысушы болып табылады. Бұл негізгі құқықтық актілердің тізімінен көрінеді: Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 23 қазандағы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы, 2002 жылғы 18 сәуірдегі «Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын ратификациялау туралы» Заңы, 2002 жылғы 4 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы» Заңы, 2002 жылғы 2 қазандағы «Қазақстан Республикасының Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы» Заңы, 2008 жылғы 14 мамырдағы «Ядролық терроризм актілеріне қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» Заңы, 2011 жылғы 10 қаңтардағы «Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» Заңы.

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы терроризмді халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау немесе жасаймын деп қорқыту арқылы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету практикасы мен зорлық-зомбылық идеологиясы ретінде айқындайды.

Террористік актіні жасау әрбір нақты мемлекеттің ішінде ғана емес, жалпы халықаралық қоғамдастық тарапынан да теріс бағаланады. Террористік актілер кез келген тәсілмен жасалуы мүмкін, бірақ олар әрдайым мемлекеттік билікті әлсіретуге және халық арасында сенімсіздік пен қорқыныш сезімін тудыруға бағытталады.

Терроризм актісінің қоғамдық қауіптілігі оның қылмыстық қол сұғушылықтың аса қауіпті нысандарының бірі болуында. Оның негізінде айналадағы адамдардың бойында қорқыныш пен үрей туғызуға, азаматтардың қоғамдық пайдалы қызметін, билік және басқару органдарының қалыпты жұмыс істеуін тоқтатуға және осылайша өзінің қоғамға қарсы мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылу жатыр.

Терроризмнің және террористік сипаттағы өзге де қылмыстардың қоғамдық қауіптілік сипаты олардың қол сұғатын объектілерінің маңыздылығына байланысты.

Терроризм актісінің объектісі — қоғамдық қауіпсіздік.

«Қауіпсіздік» ұғымы қауіптің болмауын немесе біреуге, бір нәрсеге қауіп төнбейтін жағдайды білдіреді, сондай-ақ «қауіптен қорғалған, қауіптен оқшауланған, біреуге немесе бір нәрсеге қауіп төндірмейтін; зиянсыз» деген мағынада қолданылады.

Ұлттық қауіпсіздікті қоғам өмірінің жекелеген (негізгі) салаларында туындайтын ішкі және сыртқы қатерлерден өмірлік маңызы бар ұлттық-мемлекеттік мүдделердің қорғалу жай-күйі ретінде қарастыру қажет. Осы тәсілге сәйкес Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңында ұлттық қауіпсіздіктің мынадай түрлері бөлінеді: қоғамдық, әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық және экологиялық.

Ұлттық қауіпсіздіктің бір түрі ретіндегі қоғамдық қауіпсіздік — азаматтардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқатының, қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нақты және ықтимал қатерлерден қорғалу жай-күйі, мұндай жағдайда қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығы қамтамасыз етіледі («Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 1) тармақшасы).

Қоғамдық қауіпсіздік дегеніміз — әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызмет етуімен байланысты ішкі әлеуметтік тетіктер арқылы қоғамның тұрақты жай-күйі мен дамуы сақталатын, жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін іске асыру үшін жағдайлар қамтамасыз етілетін және сонымен бірге олардың құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан, сондай-ақ әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан туындайтын қатерлерден қорғалуы қамтамасыз етілетін қоғамның жай-күйі (оның қасиеттері жүйесі, қабілеті).

Қосымша объектілер ретінде азаматтардың өмірі мен денсаулығы, меншік, басқарудың қалыптасқан тәртібі, мемлекеттік билік органының, халықаралық ұйымның қызметі және т.б. болуы мүмкін. Сондықтан терроризмді көп объектілі қылмыстар қатарына жатқызу қажет.

Терроризм актісінің объективтік жағы күрделі сипатқа ие және адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау, сондай-ақ осындай әрекеттерді жасаймын деп қорқыту түрінде көрініс табады.

«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы терроризм актісін, егер осы әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалса, адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау немесе осындай әрекеттерді жасау қатерін төндіру, сондай-ақ дәл осындай мақсаттарда адам өміріне қол сұғу, сол сияқты мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне оның мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату мақсатында не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қол сұғу ретінде айқындайды.

Жарылыс деп қандай да бір объектіні істен шығаруды немесе жарылғыш заттың тротилдік не өзге де зарядын қолдану арқылы адамдарды жоюды, басқаша айтқанда, жарылыс толқынының қиратушы энергиясын пайдалануды түсіну керек. Жарылыс нәтижесінде қысымы өте жоғары, қатты қызған газ пайда болады, ол кеңейген кезде айналадағы заттарға механикалық әсер етеді (қысым түсіреді, зақымдайды). Өзінің табиғаты бойынша физикалық, ядролық (атомдық), электромагниттік, механикалық және химиялық жарылыстар ажыратылады. Көбінесе жарылыс жарылғыш заттардың химиялық энергиясын босату есебінен жүзеге асырылады.

Өрт қою деп кінәлінің оттың зақымдаушы күшін пайдалана отырып, құқыққа қайшы әрекеттер жасауы түсініледі. Өрт қою — материалдық құндылықтардың жойылуымен қатар жүретін және адамдардың қаза табу қаупін тудыратын бақылаусыз жану процесі, яғни өртті қасақана туындату.

Терроризм актісі кезіндегі өзге де әрекеттер деп ғимараттар мен құрылыстарды қиратуды, апаттар мен көлік апаттарын ұйымдастыруды, билік және басқару органдарының жұмысын бұзуды, эпидемиялар мен эпизоотияларды тудыруға қабілетті ауру тудыратын бактерияларды таратуды, жергілікті жерді, суды, ауаны, азық-түлікті және т.б. өзге де бактериологиялық немесе химиялық жолмен залалдауды түсіну керек.

Баламалы түрде көрсетілген міндетті шарт қауіптің туындауы болып табылады:

  • адамдардың қаза табуы;
  • елеулі мүліктік залал келтіру;
  • өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауы.

Адамдардың қаза табу қаупі кем дегенде бір адамның өміріне қауіп төнгенін білдіреді.

Терроризм актісі кезінде мүліктік залалдың елеулілігін жойылған немесе бүлінген мүліктің құны мен маңыздылығына қарай айқындау қажет. Терроризм актісі нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен бекітілген «Терроризм актісі нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларында» айқындалған.

Діни және діни ғұрыптық құндылықтарға, сондай-ақ символдық маңызы бар объектілерге залал келтіру қаупінің сипатын бағалау күрделірек, өйткені бұл үшін сот сараптамаларын, оның ішінде кешенді сараптамаларды жүргізу қажет. Өзге де қоғамдық қауіпті салдар деп адамдардың қаза табуы мен елеулі мүліктік залал келтіру белгілеріне жатпайтын барлық қалған зиянды түсіну керек. Оларға азаматтардың денсаулығына әртүрлі дәрежедегі зиян келтіру, мемлекеттік билік және басқару органдарының қызметін бұзу, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметін тоқтату, көлік қозғалысын бұзу және т.б. жатқызылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағында былай делінген:

«Жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын және халықты үрейлендіретін сипатта болғаны анықталған жағдайларда ғана ҚК-нің 255-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Бұл ретте адамның қаза табу, елеулі мүліктік залал келтіру не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындау қаупі нақты болуы тиіс. Бұл әрбір нақты жағдайда істің орны, уақыты, қару-жарақтары, құралдары, қылмыс жасау тәсілі және істің басқа да мән-жайлары (жарылыс болған жердің маңында болған адамдардың саны, пайдаланылған жарылғыш құрылғының қуаты мен зақымдаушы қабілеті туралы деректер және сол сияқты) ескеріле отырып айқындалады.

ҚК-нің 255-бабында көрсетілген адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын өзге де әрекеттер деп жарылыс немесе өрт қою салдарымен салыстыруға болатын қасақана әрекеттерді (апаттар мен көлік апаттарын ұйымдастыру, бөгеттерді бұзу, су құбыры жүйесін, электр беру желілерін және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да объектілерді зақымдау, эпидемия немесе эпизоотия тудыруға қабілетті ауру тудыратын микробтарды тарату, жергілікті жерді радиоактивті, химиялық, биологиялық (бактериологиялық) және өзге де жолмен залалдау, елді мекендерге қарулы шабуыл жасау, тұрғын үйлерге, мектептерге, ауруханаларға, әкімшілік ғимараттарға, әскери қызметшілердің немесе құқық қорғау, арнаулы немесе өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерінің орналасқан жерлеріне оқ ату; ғимараттарды, вокзалдарды, порттарды, мәдени немесе діни құрылыстарды басып алу және (немесе) қирату) түсіну керек.

Мүліктік залалдың елеулі болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар жойылған немесе бүлінген мүліктің, материалдық құндылықтардың құны мен маңыздылығын, сондай-ақ бүлінген мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) қажетті нақты шығындарды негізге алуға тиіс. Терроризм актісі нәтижесінде елеулі мүліктік залал келтіру ҚК-нің 255-бабының бірінші бөлігі бойынша (ҚК-нің 255-бабында көзделген өзге де саралаушы белгілер болмаған кезде) сараланады және ҚК-нің 202 және 203-баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

ҚК-нің 255-бабының бірінші бөлігіне қатысты өзге де қоғамдық қауіпті салдарға, атап айтқанда, бірнеше адамға денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру, кәсіпорынның (кәсіпорындардың) және (немесе) мекеменің (мекемелердің) жұмысын ұзақ уақытқа бұзу, мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін ұйымдастыруды бұзу, экологиялық жағдайдың елеулі нашарлауы (мысалы, судың, атмосфераның ластануы, жердің тозуы және олардың салдарын жою үшін елеулі материалдық шығындар мен ұзақ уақытты қажет ететін қоршаған ортаның өзге де жағымсыз өзгерістері) жатуы мүмкін.

Кәсіпорын немесе мекеме жұмысының ұзақ уақытқа бұзылған-бұзылмағаны туралы мәселені шешу кезінде соттар істің нақты мән-жайларын, жұмыс тоқтатылған уақыттың ұзақтығын, олардың қызметінің ерекшелігін, келтірілген залалдың мөлшерін және басқа да мән-жайларды ескеруі тиіс».

Қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Терроризм актісі кінәлі адам ҚК-нің 255-бабының 1-бөлігінің диспозициясында көзделген әрекеттерді орындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Салдардың туындауы міндетті емес, адамдардың қаза табуының, елеулі мүліктік зиян келтірудің немесе өзге де қоғамдық қауіпті салдардың нақты қаупін тудыру жеткілікті.

Терроризм актісі үшін қылмыстық жауаптылық жоғарыда аталған әрекеттерді жасаймын деп қорқытқаны үшін де көзделген. Қорқыту психикалық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде мынадай негізгі белгілермен сипатталады:

  • құқықпен қорғалатын объектіге зиян келтіруге бағытталған әрекетті жасауға сырттай білдірілген шешімділік;
  • нақтылық, яғни қорқытуды жүзеге асыру мүмкіндігі болған кезде оның орындалуы мүмкін екендігіне сенім туғызу қабілеті. Объективті себептер бойынша жәбірленуші қабылдамаған және объективті түрде жүзеге асырылуы мүмкін емес қорқыту нақты деп танылмайды;
  • шынайылық, яғни оның объективті түрде болуы, нақты қауіп туралы ақпаратпен байланысты болуы, сырттай көрініс табуы және қарқындылық дәрежесі;
  • айқындылық — қорқытуда нақты айқындалған әрекет көрсетілуі тиіс.

Терроризм актісін жасау қатері ашық немесе жасырын болуы мүмкін, ол қоғамға да, мемлекеттік билік органдарына да бағытталуы мүмкін. Оны тарату нысанының қылмысты саралау үшін маңызы жоқ: ауызша, жазбаша, ақпарат құралдарының көмегімен және т.б.

Егер қорқыту шынайы болмаса және қандай да бір талаптармен қатар жүрсе де, ниетті білдіруден басқа ешқандай әрекетпен расталмаса, мұндай қорқыту терроризм актісі ретінде бағаланбайды. Бұл жағдайда кінәлінің әрекеттері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау ретінде (ҚК-нің 273-бабы) саралануға тиіс, өйткені олар терроризм актілерін жасаудан туындайтын салдарға әкеп соға алмайды.

Жоғарыда аталған нормативтік қаулының 9-тармағында терроризм актісін жасау қатері деп кінәлінің арнайы мақсаттарда жарылыс, өрт қою немесе адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын өзге де әрекеттер жасауға айқын білдірілген ниетін куәландыратын шешімді мәлімдемемен сүйемелденетін әрекеттер түсінілетіні көрсетілген.

Қатердің шынайылығын бағалау өлшемі — осы қатердің жүзеге асырылуынан қауіптенуге жеткілікті негіздердің болуы.

Адамның немесе бірнеше адамның қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын, халықты үрейлендіретін жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау қатері формальды құрамға жатады және көрсетілген әрекеттерді жасау қатері адресатқа жеткізілген сәттен бастап, ол қатерді шынайы деп қабылдаған жағдайда, аяқталған қылмыс болып есептеледі.

Қатер мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдарға, мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткерлерге бағытталуы, ашық немесе жасырын болуы мүмкін.

Қатер әртүрлі тәсілдермен, мысалы, ауызша мәлімдеме, жазбаша өтініш, телефон арқылы хабарлау, техникалық құралдарды, ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы білдірілуі мүмкін.

Соттар терроризм актісін жасау қатерінің терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудан (ҚК-нің 273-бабы) ерекшеленетінін ескеруі тиіс. Терроризм актісі туралы жалған хабарлау дегеніміз — құқық қорғау органдары мен шұғыл әрекет ету қызметтерінің байланыс арналары арқылы нақты жоқ терроризм актісінің қатері туралы ақпараттың түсуі. Яғни жалған хабарлау кезінде терроризм актісінің қатері болмайды, ал терроризм актісін жасау қатері кезінде кінәлі арнайы мақсатты көздейді.

Егер адам терроризм актісін жасау мақсатында жарылыс жасауға, өрт қоюға немесе адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын өзге де әрекеттер жасауға әрекеттеніп, бірақ өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша бұл әрекеттерді жасай алмаса, жасалған әрекет терроризм актісіне оқталу ретінде саралануға тиіс.

Субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі қасақана кінәмен сипатталады. Адам адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын жарылыс жасап, өрт қойып немесе өзге де әрекеттер жасап жатқанын не осындай әрекеттермен қорқытып жатқанын сезінеді және осындай әрекеттерді жасауды қалайды.

Терроризм актісінің субъективтік жағының негізгі белгісі — оны жасаудың арнайы мақсаты, яғни қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсаты.

Қоғамдық қауіпсіздікті бұзу нақты бір елді мекенде, ауданда, өңірде және жалпы қоғамда азаматтар өздерінің тыныш өмір сүруімен байланыстыратын қалыптасқан әлеуметтік ахуалды бұзудан; психологиялық тепе-теңдік пен тұрақтылықты өзгертуден көрінуі мүмкін.

Халықты үрейлендіру — әлеуметтік тұрақсыздықты, қоғамдық алаңдаушылық ахуалын қалыптастыру, мұндай жағдайда негізгі психологиялық басымдық қорқынышқа, азаматтардың өз өмірі мен денсаулығының, сондай-ақ жақындарының қауіпсіздігіне, өз құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына сенімсіздік білдіруіне, құқық қорғау органдарының тиімді жұмысына сенбеуіне айналады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету — тиісті субъектілерді террористерге қажетті әрекеттерді жасауға немесе оларды қабылдаудан бас тартуға, азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін билік органдарының заңсыз шешімдер қабылдауына итермелеу.

Соғысқа арандату (лат. provocatio — шақыру) — әскери қақтығыс туындату мақсатында агрессиялық әрекеттерге итермелеу.

Халықаралық қатынастарды шиеленістіру — әлемдік аренада экономикалық, саяси, идеологиялық, құқықтық, дипломатиялық және өзге де байланыстар мен қатынастар саласында әрекет ететін мемлекеттер мен мемлекеттер жүйелері, негізгі әлеуметтік, экономикалық, саяси күштер, ұйымдар мен қоғамдық қозғалыстар арасындағы жанжалды жағдай.

Терроризм актісінің объективтік жағы диверсиямен (ҚК-нің 184-бабы) көп жағдайда ұқсас, олардың айырмашылығы қылмыстардың мақсаттарында. Екі қылмыс та тікелей қасақаналықпен жасалады, алайда диверсия кезінде кінәлінің қасақаналығы адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге, кәсіпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қиратуға немесе бүлдіруге бағытталады.

Терроризм актілері туралы істерді қарау кезінде субъектінің қылмыстың субъективтік жағының құрамдас бөлігі болып табылатын арнайы мақсатының бар-жоғын әрдайым анықтау қажет. Бұл ретте кінәлінің аталған арнайы мақсаттардың кем дегенде біреуінің болуы әрекетті терроризм актісі деп тану үшін жеткілікті.

Егер аталған мақсаттардың ешқайсысы анықталмаса, кінәлі адамдар Қылмыстық кодекстің басқа тиісті баптары бойынша жауаптылыққа тартылады.

Терроризм субъектісі — он төрт жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.

ҚК-нің 255-бабының 2-бөлігінде терроризм актісін сараланған түрде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген:

  • бірнеше рет;
  • қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолдана отырып жасау.

Бірнеше рет жасау деп адамның екі немесе одан да көп терроризм актісін жасауын түсіну керек. Бұл ретте алдыңғы терроризм актісін жасағаны үшін адам заңда белгіленген тәртіппен сотталмаған немесе қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған және терроризм үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген болуы қажет.

Бір жағдайда аяқталған терроризм актісі, ал екінші жағдайда терроризм актісіне оқталу жасалған кезде не бір қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезінде кінәлі орындаушы, ал басқаларын жасау кезінде ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші болған жағдайда, кінәлінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» нормативтік қаулысының 14-тармағының 2-абзацына сәйкес саралануға тиіс: мұндай жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші ретінде қатысқан адамның әрекеттерін саралау кезінде ҚК-нің 28-бабын және жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін Ерекше бөлімнің тиісті бабын қолдану қажет, ал оның орындаушы болған қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезіндегі әрекеті ҚК-нің тиісті бабы бойынша дербес саралануға тиіс.

Қаруды қолдану деп терроризм кезінде ҚК-нің 255-бабының 3-бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қаруды қоспағанда, кез келген қаруды тікелей мақсаты бойынша пайдалануды түсіну керек. Терроризм актісін жасағаннан кейін ұсталып қалмау мақсатында қаруды қолдану саралаушы белгіні құрамайды.

Қару деп Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңына сәйкес нысананы жоюға, сондай-ақ сигнал беруге конструкциялық жағынан арналған және сараптамалық қорытындымен қару деп танылған құрылғылар мен заттарды түсіну керек. Заң қарудың мынадай түрлерін жатқызады: атыс қаруы, суық қару, газ қаруы, электр қаруы, пневматикалық қару.

Қару ретінде пайдаланылатын заттар деп адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру немесе халықты үрейлендіру үшін пайдаланылатын кез келген заттар танылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Ұрлық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 21-тармағының 3-абзацында былай делінген: «Қару ретінде пайдаланылатын заттар деп өмірге немесе денсаулыққа қауіпті зиян келтіруі мүмкін заттар (тұрмыстық пышақтар, ұстара, балта, бұрауыш, бейімделген заттар: шоқпарлар және т.б.) танылады».

Қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану деп жәбірленушіге өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру мақсатында оларды нақты пайдалануды (оқ ату, шаншып-кесетін заттармен соққы жасау және т.б.), яғни қарудың немесе заттың тірі нысананы зақымдау қабілетін пайдалануды түсіну керек (Жоғарғы Сот нормативтік қаулысының 21-тармағының 4-абзацы).

Жарылғыш заттар деп оттегінің (ауаның) қатысуынсыз жарылысқа әкелетін жылдам, өздігінен таралатын химиялық өзгеріске қабілетті химиялық қосылыстарды немесе заттардың механикалық қоспаларын түсіну керек (мысалы, тротил, нитроглицерин, пироксилин, аммонит, пластит, эластит, оқ-дәрі, қатты зымыран отыны және жарылғыш реакцияларға қабілетті басқа да химиялық заттар мен олардың қоспалары, оларды сатып алу мен сақтау үшін арнайы рұқсат талап етіледі).

Жарылғыш құрылғылар деп жарылғыш зат пен жарылыс жасауға конструкциялық жағынан арналған құралды функционалдық тұрғыдан біріктіретін өнеркәсіптік немесе қолдан жасалған бұйымдарды, заттарды (механизмдерді) түсіну керек (тұтатқыш, детонатор, жарғыш және т.б.).

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағының 4-абзацына сәйкес жарылғыш заттар — жарылғыш реакцияларға қабілетті химиялық заттар мен олардың қоспалары. Жарылғыш заттарға оқ-дәрі, тротил, нитроглицерин, пироксилин, аммонал және жарылғыш реакцияларға қабілетті басқа да химиялық заттар мен олардың қоспалары жатады. Жарылғыш құрылғылар деп жарылыс жасауға конструкциялық жағынан арналған заттар танылады. Бұл ретте қару, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғылар зауытта өндірілген де, қолдан жасалған да болуы мүмкін.

Егер терроризм актісін жасау барысында заңсыз сатып алынған, сақталған немесе дайындалған атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғылар пайдаланылса, онда адамның әрекеттері ҚК-нің 255, 287, 288-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

Бұл ретте қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды иелену жеткіліксіз; аталған заттар қолданылуы және оларды қолдану азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі қажет.

ҚК-нің 255-бабының 3-бөлігі терроризм актісін жасағаны үшін, егер ол:

1) жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолданумен немесе қолдану қатерімен және жаппай уландыру, эпидемия немесе эпизоотия тарату, сондай-ақ адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттер жасау немесе осындай әрекеттерді жасау қатерімен ұштасса;

2) абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса,

қылмыстық жауаптылық белгілейді.

ҚК-нің 255-бабының 3-бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі терроризм актісін жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолдану немесе қолдану қатерімен, сондай-ақ жаппай уландыру, эпидемиялар мен эпизоотияларды тарату, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттер жасау немесе осындай әрекеттерді жасау қатерімен ұштастыра отырып жасаудың адамдардың жаппай қырылуына, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің жойылуына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің залалдануына немесе жойылуына, сондай-ақ қоғам мен қоршаған табиғи орта үшін өзге де зиянды салдарға әкеп соғу қаупін тудыратындығында.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі «Экспорттық бақылау туралы» Заңының 1-бабының 2) тармақшасына сәйкес жаппай қырып-жою қаруы — химиялық, бактериологиялық (биологиялық), радиологиялық, ядролық және токсиндік қару.

Жаппай қырып-жою қаруының түрлерін айқындау кезінде Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 24 маусымдағы № 398 Заңымен ратификацияланған Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияның (Париж қаласы, 1993 жылғы 13 қаңтар) 2-бабының 1-тармағын ескеру қажет.

Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңының 1-бабының 24) тармақшасына сәйкес радиоактивті заттар — радионуклидтерден тұратын кез келген агрегаттық күйдегі табиғи немесе техногендік материалдар. Ал 2008 жылғы 14 мамырдағы № 33-4 Заңымен ратификацияланған Ядролық терроризм актілеріне қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияның (Нью-Йорк, 2005 жылғы 14 қыркүйек) 1-бабының 1-тармағына сәйкес «радиоактивті материал» ұғымы өздігінен ыдырайтын нуклидтері бар (альфа-сәулелену, бета-сәулелену, нейтрондық сәулелену және гамма-сәулелену сияқты иондаушы сәулеленудің бір немесе бірнеше түрінің бөлінуімен қатар жүретін процесс) және өзінің радиологиялық қасиеттері немесе бөліну қасиеттері салдарынан өлімге, ауыр жарақатқа не мүлікке немесе қоршаған ортаға елеулі залал келтіруі мүмкін ядролық материалды және басқа да радиоактивті заттарды білдіреді.

Егер терроризм актісін жасау кезінде заңсыз сатып алынған немесе сақталған радиоактивті заттар пайдаланылса, онда адамның әрекеттері ҚК-нің 255 және 283-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

Жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолдану деп оларды белгісіз адамдар тобына жаппай қырып-жою үшін тікелей пайдалануды түсіну керек.

Жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолдану қатері деп азаматтарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың өкілдерін оларды тікелей мақсаты бойынша дереу пайдаланумен қорқытуды түсіну керек.

Жаппай уландыру деп көп мөлшердегі адамдар организмдеріндегі зат алмасудың қалыпты процесінің бұзылуын түсіну керек. Адам ағзасын сапасыз ауызсуды, тамақты тұтыну арқылы, сондай-ақ әртүрлі газдарды қолдану арқылы уландыруға болады.

«Эпидемия» және «эпизоотия» ұғымдары Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 1-бабының 45) тармақшасында тиісінше айқындалған.

Эпидемияны тарату деп адамдардың көп мөлшерін әртүрлі аурулармен жұқтыруды түсіну керек. Ауру адамдардың үлкен аумақта және қысқа уақыт ішінде жаппай сырқаттануы нәтижесінде эпидемиялық сипатқа ие болады.

Эпизоотия — тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың аса қауіпті және басқа да жұқпалы ауруларының жаппай таралуы.

Өзге де әрекеттер деп адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді түсіну керек. Бұл ретте жаппай сипаттағы белгі міндетті болып табылады.

Адамның өліміне әкеп соғу деп терроризм актісін жасау нәтижесінде адамның биологиялық өлімінің басталуын түсіну керек.

Терроризм кезінде өзге де ауыр зардаптарға бірнеше адамға денсаулыққа ауыр зиян келтіру немесе көптеген адамдарға орташа ауырлықтағы зиян келтіру, сондай-ақ ірі материалдық залал келтіру жатады.

Егер терроризм актісі адамның (не екі немесе одан да көп адамның) абайсызда өліміне әкеп соқса, онда мұндай әрекеттер ҚК-нің 255-бабының 3-бөлігінің 2) тармақшасымен қамтылады және ҚК-нің 99, 104-баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

Адамға (не екі немесе одан да көп адамға) қасақана өлім келтіру ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі бойынша саралануға тиіс.

ҚК-нің 255-бабының 3-бөлігінің 2) тармақшасында көзделген қылмыстың субъективтік жағы осы норманың басқа бөліктері мен тармақтарынан ерекшеленеді, өйткені ол кінәнің екі нысанымен сипатталады. Әрекетке (терроризм актісіне) қатысты кінә қасақаналықпен сипатталады, ал туындаған салдарға (өлімге немесе өзге де ауыр зардаптарға) қатысты кінә өзіне сенімділік немесе немқұрайлылық түріндегі абайсыздықпен сипатталады. Алайда жалпы алғанда, ҚК-нің 22-бабына сәйкес мұндай қылмыс қасақана жасалған деп танылады.

ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінің объективтік жағын қоғамдық қауіпсіздікті бұзу; халықты үрейлендіру; Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету; соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу, сондай-ақ дәл сол мақсаттарда, сонымен қатар оның мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату мақсатында не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу, не халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, кепілге алынған адамды, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу құрайды.

Қарастырылып отырған нормада жауаптылық мынадай әрекеттер үшін көзделген:

  • қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу;
  • қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында, сондай-ақ оның мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату мақсатында не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу;
  • халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, кепілге алынған адамды, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу.

ҚК-нің 255-бабының 1, 2 және 3-бөліктерінен айырмашылығы, онда адамдардың қаза табу қаупін, елеулі мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті салдардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау үшін жауаптылық көзделген болса, ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде нақты (онда көрсетілген) адамдардың өміріне қол сұғу үшін жауаптылық көзделген.

Қарастырылып отырған баптың 4-бөлігі онда саралаушы белгілер ретінде көрсетілген барлық әрекеттерді қамтиды, сондықтан ҚК-нің 261-бабы («Адамды кепілге алу»), 270-бабы («Әуе немесе су кемесін не теміржол жылжымалы құрамын айдап әкету, сол сияқты басып алу»), 200-бабы («Ұрлау мақсатынсыз автомобильді немесе өзге де көлік құралын заңсыз иеленіп алу») бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

Адамды немесе оның жақындарын осы адамның қызметтік қызметін жүзеге асыруына не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты өлтіруден (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасы) бұл қылмыс объектісі мен мақсаты бойынша ерекшеленеді; Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қол сұғудан (178-бап) — объектісі мен жәбірленушінің атқаратын лауазымы бойынша; құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының өміріне қол сұғудан (ҚК-нің 380-1-бабы) — объектісі мен жәбірленушінің атқаратын лауазымы бойынша; сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұғудан (ҚК-нің 408-бабы) — объектісі мен жәбірленушінің атқаратын лауазымы бойынша ерекшеленеді.

Бұл қылмыстың адам өлтіруден айырмашылығы — адам өлтірудің объектісі адамның өмірі болса, ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстың объектісі қоғамдық қауіпсіздік болып табылады, ал адамның өмірі бұл жағдайда қосымша объект ретінде көрінеді. Адам өлтіру — басқа адамға құқыққа қайшы қасақана өлім келтіру, ал өмірге қол сұғу — басқа адамға құқыққа қайшы қасақана өлім келтіруді ғана емес, адам өлтіруге оқталуды да білдіреді. Адам өлтіру биологиялық өлім басталған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі, ал өмірге қол сұғу салдардың туындағанына немесе туындамағанына қарамастан, адам өлтіруге оқталу сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.

Қарастырылып отырған қылмыс ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі мен 178, 380-1, 408-баптарының арасында бәсекелестік туғызады. Бұл нормаға қатысты мұндай жағдайда ҚК-нің 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес арнайы норма, яғни ҚК-нің 178, 380-1 немесе 408-баптары қолданылады.

Өмірге қол сұғу деп қасақана құқыққа қайшы түрде өлім келтіруді (адам өлтіруді) немесе адам өлтіруге оқталуды, яғни өлім келтіруге тікелей бағытталған қасақана әрекеттерді түсіну керек.

ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс туындаған салдарға қарамастан, өмірге қол сұғу сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.

Мемлекеттік қайраткер — мемлекет басшысы, мемлекеттік атқарушы және заң шығарушы билік органдарының басшылары, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың басшы қызметкерлері және басқа да жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілер. Демек, мемлекеттік қайраткерлерге Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, министрлер мен олардың орынбасарлары және т.б. жатады.

Қоғамдық қайраткерлерге қоғамдық бірлестіктердің, партиялардың басшыларын немесе көрнекті мүшелерін жатқызу қажет. Мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу тәсілдері мен құралдары әртүрлі болуы мүмкін және қылмысты саралауға әсер етпейді.

Шешуші мәнге атқаратын лауазымы емес, жәбірленушінің саяси беделі ие болады. Мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу үшін жауаптылық жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін жүзеге асыруына себеп болған әрекеттердің қашан жасалғанына қарамастан туындайды. Қол сұғудың жәбірленуші мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметті жүзеге асырып жатқан кезде жасалуы міндетті емес.

ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі бойынша әрекетті саралау кезінде жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметті жүзеге асыруымен байланысты қандай заңды әрекеттері кінәліні оны өлтіруге итермелегенін анықтау қажет, өйткені мұндай саралаудың міндетті шарты — кінәлінің осы адамға дәл осы мән-жайларға байланысты өміріне қол сұғып отырғанын түсінуі.

Шабуыл жасау — жәбірленушіге күш қолдану немесе оны дереу қолданудың нақты қатерін туғызу арқылы қылмыстық нәтижеге тікелей бағытталған әрекет.

Халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдардың санаттары:

  • шет мемлекеттің аумағында жүрген мемлекет басшылары, мемлекеттердің ресми өкілдері мен лауазымды адамдары;
  • дипломатиялық өкілдіктердің персоналы;
  • халықаралық ұйымдардың персоналы;
  • консулдық персонал;
  • көрсетілген адамдармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері.

Ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасау деп кінәлінің осындай орындарға заңсыз кіруін және одан кейін қандай да бір әрекеттер жасауды түсіну керек. Шабуыл жасау оларға кіруді, оларды қоршауға алуды, атқылауды және т.б. көздейді, бұл ретте шабуылдың мұндай түрі физикалық немесе психикалық күш қолданусыз жүзеге асырылуы мүмкін.

Басып алу деп ғимаратты, құрылысты, қатынас және байланыс құралдарын заңсыз иеленіп алуды түсіну керек.

Кепілге алынған адамды басып алу — адамды кейіннен оның жүріп-тұру бостандығын шектей отырып иеленіп алу.

Әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті айдап әкету деп кемені немесе құрамды тұрақта тұрған кезінде заңсыз иеленіп алуды түсіну керек.

Әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті басып алу деп кемені немесе құрамды маршрут бойынша қозғалыс кезінде заңсыз иеленіп алуды түсіну керек.

ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен және арнайы мақсатпен немесе арнайы себеппен сипатталады.

ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі бойынша әрекетті саралау үшін қарастырылып отырған қылмысты жасаудың мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру, сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу кезінде оның мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсаты қылмыстық-құқықтық маңызға ие.

Мемлекеттік қызметті тоқтату дегеніміз — мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі қызметтің аяқталуы.

Саясат — қоғам мен мемлекеттің істеріне әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың, қозғалыстардың, жекелеген тұлғалардың қатысуымен байланысты қызметтің ерекше түрі.

Саяси қызмет бірнеше саланы қамтиды: мемлекеттік басқару, саяси партиялар мен қозғалыстардың қоғамдық процестердің барысына ықпал етуі, саяси шешімдер қабылдау, саяси қатысу.

Терроризм актісіне тән арнайы мақсаттарды көздемейтін, жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де жалпыға қауіпті тәсілдер арқылы адамның өміріне қол сұғу терроризм ретінде емес, көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған белгілі бір адамды өлтіру ретінде, яғни ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасы бойынша саралануға тиіс.

Бұл жағдайда, егер адам мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің не құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының не сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне жарылыс жасау, өрт қою немесе осындай сипаттағы өзге де әрекеттер жасау арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына ықпал ету мақсатында қол сұқса, жасалған әрекет ҚК-нің 255-бабы бойынша саралануға тиіс.

Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының, сондай-ақ сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне терроризмге тән арнайы мақсат болмаған жағдайда, көрсетілген тәсілмен қол сұғылса, кінәлінің әрекеттері ҚК-нің 380-1, 408-баптары бойынша саралануға тиіс.

Терроризм актісі үшін қылмыстық-құқықтық маңызы бар міндетті белгі оның жасалу себебі де болып табылады. Бұл қылмыс жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметі үшін кек алу себебімен жасалуы мүмкін, бұл ретте қылмыстық әрекеттердің мақсаты дәл осы қызметті тоқтату болуға тиіс.

Жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметі үшін кек алу себебі кінәлінің осы қызметке наразылығын мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткерді физикалық тұрғыдан жою арқылы білдіруге ұмтылуынан тұрады.

ҚК-нің 255-бабына ескертпеде терроризм кезінде қылмыстық жауаптылықтан босатудың негізі айқындалған. Мұндай негіз терроризм актісі туралы мемлекеттік органдарды уақтылы ескерту немесе терроризм актісінің алдын алуға өзге де тәсілмен көмек көрсету болып табылады. Бұл ретте кінәлінің әрекеттерінде өзге қылмыстың құрамы болмауға тиіс.

Ескертудің уақтылылығы дайындалып жатқан террористік акт туралы хабардың алдын ала берілуімен және билік органдарының терроризм актісі басталғанға дейін алдын алу шараларын қабылдауының нақты мүмкіндігінің болуымен айқындалады.

Ескертудің нысаны мен тәсілінің құқықтық маңызы жоқ. Ол жазбаша немесе ауызша, телефон арқылы, үшінші тұлғаларды пайдалану арқылы және т.б. жасалуы мүмкін. Бірақ бұл ретте кінәлі адам хабардың адресатқа жеткізілетініне сенімді болуға тиіс.

Терроризмнің алдын алудың өзге де тәсілі адамның жарылыс жасаудың, өрт қоюдың алдын алу жөніндегі дербес әрекеттерінен, басқа азаматтарды зиянды салдарды оқшаулауға тартудан, сыбайластарын террористік ниеттерін жүзеге асырудан бас тартуға көндіруден, тұрғындарды терроризм актісінің дайындалып жатқаны туралы оның жасалатын орнын көрсете отырып ескертуден және т.б. көрінуі мүмкін.

Егер адам бірнеше терроризм актісін дайындауға немесе жасауға қатысса, ол қылмыстық жауаптылықтан тек алдын алған терроризм актілері үшін ғана босатылады.

ҚК-нің 255-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.

ҚК-нің 255-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер аса ауыр қылмыстарға жатады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.*

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік қызмет Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар

233-1-бапқа түсініктеме. Терроризмді насихаттау немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру

233-1-бапқа түсініктеме. Терроризмді насихаттау немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру 1. Терроризмді насихатта...

Толық оқу »

256-бап. Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

256-бап. Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1. Терроризмдi насихаттау немесе террориз...

Толық оқу »