25-бап. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шарттары Өнеркәсіптік саясат туралы Заңы
1. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары осы Заңға сәйкес айқындалады.
Қазақстан Республикасының заңдарында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру мен өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерін қолдаудың өзге де шаралары көзделуі мүмкін.
2. Қызметін Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінде жүзеге асыратын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік ынталандыру "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
3. Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті және инновациялық қызметті қолдау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі.
4. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган, өзге де мемлекеттік органдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын әзірлеу, қарау және келісу кезінде мынадай өлшемшарттарды көздейді:
1) инновациялылық – жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған өнімдерді (тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді), технологияларды немесе процестерді одан әрі енгізуді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ескере отырып, оларды жасау арқылы қызметтің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталу;
2) бәсекеге қабілеттілік – шығарылатын өнімнің, көрсетілетін жұмыстардың және (немесе) ұсынылатын қызметтердің төмен өзіндік құнынан, жоғары сапасынан, өсіп келе жатқан сұранысынан және өзге де қасиеттерінен көрініс табатын ұқсас өнеркәсіптік-инновациялық жобалармен салыстырғандағы бәсекелік артықшылықтар;
3) ауқымдылық – Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік дамуы үшін өнеркәсіптік-инновациялық жобаны іске асыру маңыздылығы;
4) экспортқа бағдарлану – шығарылатын өнімнің, көрсетілетін жұмыстардың және (немесе) ұсынылатын қызметтердің кемінде бір шет елге орнықты экспортында әлеуеттің болуы;
5) еңбек өнімділігі – өндіріс көлемі мен өндіріске жұмсалған еңбек ресурстарының, жұмыс уақытының арақатынасы.
5. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне мынадай шарттармен ұсынылады:
өңдеу өнеркәсібі кәсіпорнының басым тауарлар тізбесіне кіретін тауарлар өндіруге бағдарлануы;
өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын алушының қарсы міндеттемелерді қабылдауы;
өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісінің және өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын алу үшін ұсынылған құжаттардың өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келуі.
қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінде қазақстандық тауар өндірушінің болуы.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келмеу өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
7. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектілерінің өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну мәселелері бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимылы өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органның жалпы үйлестіруі кезінде жүзеге асырылады.
8. Өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілеріне өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "бір терезе" қағидаты бойынша кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шеңберінде жүзеге асырылады.
Осы Заң өнеркәсіптік саясаттың негіз қалаушы қағидаттарын белгілейді әрі өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы