Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / 2-бап. Анықтамалар Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі

2-бап. Анықтамалар Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

2-бап. Анықтамалар Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі  

      1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады: 

      1) "авария" - кедендік бақылаудағы көлік құралдарымен және (немесе) өзге тауарлармен болған, тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи өзгерістерді, сондай-ақ еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан болатын өзгерістерді қоспағанда, салдары бойынша зиянды техникалық, технологиялық немесе өзге сипаттағы, меншік иесінің және (немесе) осындай өзгерістер болған кезде иелігінде тауарлар болған тұлғаның қасақана әрекеттерінен туындамаған, олардың кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерде көзделмеген сандық және (немесе) сапалық өзгеруіне әкеп соқтырған оқиға; 

      2) "ақша құралдары" - жол чектері, вексельдер, чектер (банктік чектер), сондай-ақ эмитенттің (борышкердің) ақшалай қаражат төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын және осындай төлем жүзеге асырылатын тұлға көрсетілмеген құжаттамалық нысандағы бағалы қағаздар; 

      3) "алдын ала ақпарат" - Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу болжанатын тауарлар, осындай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары, тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келу уақыты және жері, Одақтың кедендік аумағына келген жолаушылар туралы электронды түрдегі мәліметтер; 

      4) "әкімшілік құқық бұзушылықтар" - мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кеден органдары әкімшілік процесті жүргізетін (іс жүргізуді жүзеге асыратын) әкімшілік құқық бұзушылықтар; 

      5) "бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждар, салықтар" - оны құрайтын кедендік баждарға, салықтарға бөлмей, жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты есептелген кедендік баждар, салықтар сомасы; 

      6) "декларант" - тауарларды декларациялайтын не оның атынан тауарлар декларацияланатын тұлға; 

      7) "жасанды аралдар" - оларды құруға арналған жобалау құжаттамасына сәйкес орналасқан жері бойынша бекітілген, судың барынша көтерілуі кезінде шайылатын, үйілген, қада және өзге де судың бетіне шығып тұратын, жүзбейтін тірек негізі бар, мүше мемлекеттердің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік геологиялық зерделеу, геологиялық зерделеу, минералды ресурстарды барлау және өндіру, су биологиялық ресурстарының теңіз ресурстары зерттеулерін жүргізу және балық аулауды жүзеге асыру, теңізде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсаттарында мүше мемлекеттердің үшінші тараппен жасалған халықаралық шарттарына және мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда пайдаланылатын объектілер; 

      8) "жеке пайдалануға арналған көлік құралдары" - Еуразиялық экономикалық комиссия айқындайтын, жекелеген авто- және мото көлік құралдарын және авто- және мото көлік құралдарына тіркемелерді, қосалқы бөлшектері және әдеттегі керек-жарақтары мен жабдықтарын, осы көлік құралдарын Одақтың кедендік шекарасы арқылы адамдарды сыйақыға тасымалдау үшін емес, тауарларды сыйақыға немесе тегін өнеркәсіптік немесе коммерциялық тасымалдау үшін емес, жеке мақсаттарда өткізетін жеке тұлғаға иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығында тиесілі, олардың конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары, салқындату және өзге де техникалық сұйықтары бар су кемесін немесе әуе кемесін, оның ішінде заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге тіркелген көлік құралдарының жекелеген түрлерін қамтитын, жеке пайдалануға арналған тауарлар санаты; 

      9) "жеке пайдалануға арналған тауарлар" - Одақтың кедендік шекарасы арқылы бірге жөнелтілетін немесе бірге жөнелтілмейтін багажда, халықаралық пошта жөнелтімдерінде не өзге де тәсілмен жіберу арқылы өткізілетін жеке тұлғалардың жеке, отбасылық, үй ішілік және өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес мұқтаждықтарына арналған тауарлар; 

      10) "жиынтық кедендік төлем түрінде алынатын кедендік баждар, салықтар" - осы Кодекстің 53-бабына сәйкес қолданылатын кедендік баждар, салықтар мөлшерлемелері бойынша жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты есептелген кедендік баждар, салықтар сомасы; 

      11) "жөнелтуші кеден органы" - тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасайтын кеден органы; 

      12) "кедендік баж" - тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты кеден органы алатын міндетті төлем; 

      13) "кедендік бақылау" - кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілердің және мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасының сақталуын тексеруге және (немесе) қамтамасыз етуге бағытталған, кеден органдары жасайтын іс-қимылдар жиынтығы; 

      14) "кедендік декларация" - тауарлар туралы мәліметтерді және тауарларды шығару үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтитын кедендік құжат; 

      15) "кедендік декларациялау" - кедендік декларацияны пайдалана отырып кеден органына тауарлар туралы, таңдалған кедендік рәсім туралы мәліметтерді және (немесе) тауарларды шығару үшін қажетті өзге де мәліметтерді мәлімдеу; 

      16) "кедендік құжаттар" - кедендік декларация және тек қана кедендік операциялар жасау және кедендік бақылау жүргізу үшін, сондай-ақ кедендік операциялар жасау және кедендік бақылау жүргізу барысында және нәтижелері бойынша жасалатын өзге де құжаттар; 

      17) "кедендік операциялар" - кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерге және (немесе) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес тұлғалар және кеден органдары жасайтын іс-қимылдар; 

      18) "кедендік рәсім" - тауарларды Одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тысқары жерлерде кедендік реттеу мақсаттары үшін пайдалану шарттары мен тәртібін айқындайтын нормалар жиынтығы; 

      19) "кедендік-тарифтік реттеу шаралары" - Одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкетілетін) тауарларға қатысты Одақ туралы шартқа сәйкес қолданылатын және кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерін, тарифтік квоталарды, тарифтік преференцияларды, тарифтік жеңілдіктерді қолдануды қамтитын шаралар; 

      20) "кеден органдары" - мүше мемлекеттердің кеден органдары; 

      21) "кеден органдарының ақпараттық ресурстары" - кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде қамтылатын құжатталған ақпараттың реттелген жиынтығы (деректер базалары, басқа да ақпарат қорлары); 

      22) "кеден өкілі" - декларанттың немесе өзге мүдделі тұлғаның атынан және тапсырмасы бойынша кедендік операциялар жасайтын, кеден өкілдері тізіліміне енгізілген заңды тұлға; 

      23) "керек-жарақтар": 

      қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды қоспағанда, су кемелерін, әуе кемелерін және пойыздарды тұратын жерлерінде және жүру жолында қалыпты пайдалануды қамтамасыз ету және техникалық қызмет көрсету үшін қажетті; 

      су, әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаж мүшелерінің немесе пойыз жолаушылары мен пойыз бригадалары жұмыскерлерінің тұтынуы және (немесе) пайдалануы үшін, сондай-ақ осындай адамдарға таратуға немесе сатуға арналған тауарлар; 

      24) "коммерциялық құжаттар" - сыртқы сауда және өзге қызметті жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты мәмілелердің жасалуын растау үшін пайдаланылатын құжаттар (шот-фактуралар (инвойстар), өзіндік ерекшеліктер, тиеу (орау) парақтары және өзге де құжаттар); 

      25) "көлік құралдары" - су кемесін, әуе кемесін, автомобиль көлігі құралын, тіркемені, жартылай тіркемені, теміржол көлігі құралын (теміржол жылжымалы құрамы, теміржол жылжымалы құрамының бірлігі), олар үшін көзделген техникалық паспорттары немесе техникалық формулярлары, қосалқы бөлшектері, керек-жарақтары мен жабдықтары, егер көрсетілген көлік құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олардың конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары, салқындату және өзге де техникалық сұйықтықтары бар контейнерді қамтитын тауарлар санаты; 

      26) "көлік (тасымалдау) құжаттары" - тауарларды тасымалдау шартының бар екенін растайтын және оларды мұндай тасымалдау кезіндегі ілеспе құжаттар (коносамент, жүкқұжат, көлік экспедициясы шартының жасалғанын растайтын құжат және өзге де құжаттар); 

      27) "қолма-қол ақшалай қаражат" - айналымнан алып тасталғандарды не алып тасталатындарды, бірақ айналымда болатын ақша белгілеріне айырбастауға жататындарды қоса алғанда, мүше мемлекеттерде немесе Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде (мемлекеттер тобында) айналымда болатын және заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар және қазынашылық билеттері, бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, монеталар түріндегі ақша белгілері; 

      28) "құрылысжайлар, қондырғылар" - оларды құруға арналған жобалау құжаттамасына сәйкес орналасқан жері бойынша бекітілген, мүше мемлекеттердің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік геологиялық зерделеу, геологиялық зерделеу, минералдық ресурстарды барлау және өндіру, су биологиялық ресурстарының теңіз ресурстық зерттеулерін жүргізу және балық аулауды жүзеге асыру, теңізде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында мүше мемлекеттердің үшінші тараппен жасасқан халықаралық шарттарына және мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда пайдаланылатын ұңғымаларды, стационарлық теңіз платформаларын, стационарлық бұрғылау қондырғыларын, басқа да жүзетін және стационарлық объектілерді қоса алғанда, су асты құрылысжайлары, жүзетін бұрғылау қондырғылары, теңіздегі жүзетін платформалар; 

      29) "қылмыстар" - мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес іс жүргізілуі кеден органдарының қарауына жатқызылған қылмыстар немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар; 

      30) "межелі кеден органы" - қызмет атқаратын өңірде жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орны тұрған не кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтайтын кеден органы; 

      31) "мүдделі тұлға" - тауарларға қатысты мүдделері кеден органдарының немесе олардың лауазымды тұлғаларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қарай қозғалатын тұлға; 

      32) "мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттары" - мүше мемлекеттердің бірінің үшінші тараппен халықаралық шарты немесе бірнеше не барлық мүше мемлекет қатысушылары болып табылатын үшінші тараппен халықаралық шарт; 

      33) "мүше мемлекеттің тұлғасы" - мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын ұйым, сондай-ақ мүше мемлекетте тұрақты тұратын жері бар жеке тұлға, оның ішінде мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкер; 

      331) "электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік баж" - жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарларын Одақтың кедендік аумағына әкелуге байланысты кеден органдары алатын міндетті төлем; 

      34) "Одақ тауарлары": 

      Одақтың кедендік аумағында тұрған, толығымен Одақтың кедендік аумағында өндірілген (шығарылған, алынған, өсірілген) тауарлар; 

      Одақтың кедендік аумағында тұрған, осы Кодекске сәйкес не ол күшіне енгенге дейін Одақ тауарлары мәртебесін алған не Одақ тауарлары деп танылған тауарлар; 

      Одақтың кедендік аумағында тұрған, осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген тауарлардан бір немесе бірнеше мүше мемлекеттерде өндірілген (дайындалған) тауарлар; 

      осы Кодекске сәйкес Одақтың кедендік аумағынан әкетілген және Одақ тауарлары мәртебесін сақтаған тауарлар; 

      35) "Одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу" - Одақтың кедендік шекарасын кесіп өтуге байланысты әрекеттерді жасау және соның нәтижесінде тауарларды халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жіберуді, құбыржол көлігін және электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, кеден органдары осындай тауарларды шығарғанға дейін, тауарлар Одақтың кедендік аумағына кез келген тәсілмен келген әрекеттерді жасау; 

      36) "Одақтың кедендік аумағынан тауарларды әкету" - Одақтың кедендік аумағынан кез-келген тәсілмен тауарларды әкетуге бағытталған әрекеттерді жасау, оның ішінде Одақтың кедендік шекарасын кесіп өтуді қоса алғанда, халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жіберу, құбыржол көлігін және электр берілісі желілерін пайдалану; 

      37) "Одақтың кеден шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу" - осы Кодекстің 10-бабына сәйкес тауарлар Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуге тиіс немесе жүзеге асырылуы мүмкін жерлерден тыс немесе осы жерлерде орналасқан кеден органдарының жұмыс уақытынан тыс не кедендік бақылаудан жасырын не тауарларды дұрыс декларацияламау немесе декларацияламау не тауарлар туралы дұрыс емес мәліметтер қамтылған құжаттарды пайдалана отырып және (немесе) қолдан жасалған не басқа тауарларға жататын идентификаттау құралдарын пайдалана отырып, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу; 

      38) "Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу" - тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелу немесе тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкету; 

      39) "салықтар" - тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелуге байланысты алынатын қосылған құн салығы, акциздер (акциздік салық немесе акциздік алым); 

      40) "су кемелері" - теңіз кемелері, аралас жүзу (өзен-теңіз) кемелері, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын ішкі су (жүзу) көлігі кемелері; 

      41) "пошта байланысының тағайындалған операторы" - Дүниежүзілік пошта одағына мүше ел ресми тағайындайтын және мүше мемлекеттердің заңнамасына және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта байланысы қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін тұлға; 

      42) "тасымалдаушы" - тауарларды және (немесе) жолаушыларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы тасымалдауды (тасымалды) және (немесе) Одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын тұлға. Тауарларды құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізу кезінде құбыржол көлігін немесе электр беру желілерін пайдалану үшін және (немесе) тауарларды құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізу үшін және (немесе) осы тауарларды бақылау және есепке алу үшін жауапты тұлға тасымалдаушы болып табылады; 

      43) "тауар" - кез келген жылжымалы мүлік, оның ішінде мүше мемлекеттердің валютасы, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр энергиясы, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар; 

      44) "тауарларды шығару" - әрекеттер жасағаннан кейін, мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдерге орналастыруға жатпайтын, жекелеген тауар санатына қатысты белгіленген тәртіппен және шарттарда мүдделі тұлғалар тауарларды пайдалануға құқылы болатын кеден органының әрекеті; 

      45) "тұлға" - жеке тұлға, заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға болып табылмайтын ұйым; 

      46) "тыйым салулар мен шектеулер" - Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылатын, тарифтік емес реттеу, оның ішінде Одақ туралы шартқа сәйкес біржақты тәртіппен енгізілетін тарифтік емес реттеу шаралары, техникалық реттеу шаралары, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, экспорттық бақылау шаралары, оның ішінде әскери мақсаттағы өнімдерге қатысты шаралар және Одақ туралы шартқа және (немесе) мүше мемлекетердің заңнамасына сәйкес белгіленген радиациялық талаптар; 

      47) "халықаралық пошта жөнелтілімдері" - Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта алмасу объектілері болып табылатын, Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттар ілестіре берілетін, халықаралық пошта алмасу орындарынан (мекемелерінен) Одақтың кедендік аумағының шегінен тысқары жіберілетін не Одақтың кедендік аумағына халықаралық пошта алмасу орындарына (мекемелеріне) келіп түсетін не Одақтың кедендік аумағы арқылы транзитпен жүретін посылкалар және жазбаша хат-хабар жөнелтілімдері; 

      471) "электрондық сауда тауарлары" - жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарлары және жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарлары; 

      472) "жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарлары" - тараптардың бірі жеке тұлға болып табылатын мәміле шеңберінде "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінің ресурстары пайдаланыла отырып, жеке тұлғаларға электрондық сауда алаңдарында өткізуге арналған Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлар; 

      473) "жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарлары" - мүше мемлекеттің аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын (уақытша болатын) жеке тұлға мен шетелдік тұлға арасындағы мәміле не Одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын (уақытша болатын) жеке тұлға мен мүше мемлекеттің арасындағы мәміле шеңберінде "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінің ресурстары пайдаланыла отырып, электрондық сауда алаңдарында жеке тұлғалар сатып алған, Одақтың кедендік шекарасы арқылы осындай тауарларды алушы болып табылатын жеке тұлғалардың атына халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы өткізілетін немесе тасымалдаушы өткізетін тауарлар. Көрсетілген мәмілелерге жеке тұлғалар арасындағы мәмілелер жатпайды; 

      48) "халықаралық тасымалдың көлік құралдары" - жүктерді тиеуге, түсіруге, өңдеуге және қорғауға арналған арнайы жабдығы, материалдық-техникалық жабдықтау және жасақтау заттары, сондай-ақ жүру жолында көлік құралдарын жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге немесе пайдалануға арналған қосалқы бөлшектері мен жабдықтары бар жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары; 

      49) "шетелдік тауарлар" - Одақтың тауары болып табылмайтын, оның ішінде осы Кодекске сәйкес Одақтың тауарлары мәртебесінен айырылған тауарлар, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес шетелдік тауарлар мәртебесін алған (шетелдік тауарлар болып танылған) тауарлар; 

      50) "шетелдік тұлға" - мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылмайтын тұлға; 

      51) "ішкі нарықты қорғау шаралары" — үшінші елдерде шығарылатын және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты енгізілетін арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шаралары және Одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген, ішкі нарықты қорғаудың өзге де шаралары; 

      52) "экспресс-жүк" - халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін тауарды қоспағанда, осы тауарды барынша мүмкін болатын және (немесе) тіркелген уақыт аралығы ішінде дара жүкқұжатқа сәйкес алушыға дейін жеткізу мақсатында тасымалдауларды ұйымдастыру мен қадағалаудың электрондық ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, көліктің кез келген түрімен жедел тасымалдау шеңберінде тасымалданатын тауар; 

      2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін: 

      1) "еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақ" (бұдан әрі - ЕЭА), "логистикалық ЕЭА", "порттық ЕЭА" және "ЕЭА резиденті (қатысушысы, субъекті)" ұғымдары Одақ шеңберінде халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда пайдаланылады; 

      2) "дипломатиялық өкілдік басшысы", "дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық персонал мүшелері", "дипломатиялық өкілдіктің әкімшілік-техникалық персонал мүшелері", "дипломатиялық өкілдіктің қызмет көрсетуші персоналының мүшелері", "консулдық мекеме басшысы", "консулдық мекемелердің консулдық лауазымды адамдары", "консулдық мекемелердің консулдық қызметшілері", "консулдық мекемелердің қызмет көрсетуші персоналының жұмыскерлері", "отбасы мүшелері", "дипломатиялық өкілдік қызметкерлері", "консулдық мекеме жұмыскерлері" ұғымдары 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында айқындалған мағыналарда пайдаланылады. 

      3. Осы Кодексте: 

      1) ЕЭА аумағы деп аумағында ЕЭА құрылған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданылатын ЕЭА бүкіл аумағы немесе ЕЭА бір бөлігі түсініледі; 

      2) Одақтың кедендік аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер деп мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан, Одақ мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері және басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан тек мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері түсініледі; 

      3) өзге де ұйымдар немесе олардың өкілдіктері деп мүше мемлекеттің аумағында осы мүше мемлекеттің халықаралық шарттарына сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын және Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастыратын тізбеге енгізілген ұйымдар немесе олардың өкілдіктері түсініледі. 

      4. Комиссия мүше мемлекеттер табыс ететін ақпарат негізінде мүше мемлекеттің аумағында осы мүше мемлекеттің халықаралық шарттарына сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің тізбесін қалыптастырады және оны Одақтың "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі (бұдан әрі - Интернет желісі) ресми сайтында орналастыруды қамтамасыз етеді. 

      5. Осы Кодексте пайдаланылатын өзге де ұғымдар осы Кодекстің тиісті баптарында, сондай-ақ Одақ туралы шартта айқындалған мағыналарда қолданылады. 

      6. Азаматтық заңнамадағы және осы Кодексте пайдаланылатын заңнаманың басқа салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, мүше мемлекеттің әрқайсысында мүше мемлекет заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.  

 

 

2017 жылғы 11 сəуірде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі.  

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 115-VI ҚРЗ-ен Ратификацияланған. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті  

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

 Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы