17-бап. Бағалаушылар палатасының құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы Заңы
1. Бағалаушылар палатасы:
1) мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, заңды тұлғалардың бағалаушылар палатасының, оның мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын не осындай бұзу қатерін төндіретін актілеріне, шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз атынан дау айтуға;
2) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында бағалаушылар палатасына жүктелген функцияларды өзінің орындауы үшін қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан сұратуға және осы органдардан алуға;
3) халықаралық бағалаушылар ұйымдарына кіруге;
4) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен және өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бағалаушылар палатасының қағидалары мен стандарттарын бекітуге;
5) кіру жарналарын, жыл сайынғы мүшелік жарналарды жинауға және бағалаушылар палаталарының мүлкін Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден қалыптастыруға;
6) осы Заңның 18-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайларда, бағалаушылар палатасының мүшесі етіп қабылдаудан бас тартуға;
7) Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық кеңестің жазбаша рұқсаты бойынша халықаралық бағалау стандарттарының аудармасын жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды өзінің интернет-ресурсына орналастыруға;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Бағалаушылар палатасы:
1) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органды қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауға;
3) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және бағалаушылар палатасының жарғысына сәйкес мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ халықаралық бағалаушылар ұйымдарында өз мүшелерінің мүдделерін білдіруге;
4) бағалаушылар мен сарапшылардың біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өткені туралы сертификаттар беру қағидаларын әзірлеуге және бекітуге;
5) жеке және заңды тұлғалардың бағалаушылар палатасы мүшелерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берген жүгінімдерін қарауға;
6) бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастырылатын бағалаушылар палатасы мүшелерінің, сарапшылық кеңес мүшелерінің тізілімдерін жүргізуге;
7) бағалаушылардың, сарапшылардың тәртіптік теріс қылықтары туралы материалдарды қарауға және кінәлі адамдарға тәртіптік жазалар қолдануға;
8) осы Заңның талаптарына сәйкес өз мүшелерін бақылауды жүзеге асыруға;
9) бағалаушылар палатасына мүшелікті осы Заңда көзделген негіздер бойынша тоқтата тұруға және тоқтатуға;
10) бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдеп кодексін қабылдауға;
11) өз қызметі және өз мүшелерінің қызметі туралы ақпаратты бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастыра отырып, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сы күнінен кешіктірмей, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға беруге;
11-1) ипотека шартын жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті бағалау туралы есептердің көшірмесі бар ақпаратты тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-ынан кешіктірмей бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға беруге;
11-2) өз мүшелерінің "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлігінің қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) куәлігінен айыру және (немесе) куәлігінің қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерді шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға ұсынуға;
12) жыл сайынғы есепті палатаның интернет-ресурсына орналастыру жолымен бағалаушылар палатасының мүшелеріне ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;
13) "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді беруге;
14) бағалаушылардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау курстарын жүргізуге міндетті.
Қазақстан Республикасының заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында бағалаушылар палатасының өзге де міндеттері белгіленуі мүмкін.
3. Бағалаушылар палатасы бағалаушылар палатасының және оның мүшелерінің мүдделері қақтығысының туындауына алып келетін немесе осындай қақтығыстың туындауы қатерін төндіретін қызметті жүзеге асыруға және әрекеттерді жасауға құқылы емес.
Мүдделер қақтығысын болғызбау немесе реттеу жөніндегі шараларды бағалаушылар палатасы белгілейді.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Заң Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ бағалау қызметін реттеудің құқықтық негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы