Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / 165-бапқа түсініктеме. Жақындауға тыйым салу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі

165-бапқа түсініктеме. Жақындауға тыйым салу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

165-бапқа түсініктеме. Жақындауға тыйым салу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі

1. Жақындауға тыйым салу күдіктінің, айыпталушының, сотталушының жәбірленушіні және іс бойынша қатысатын өзге де адамдарды қорғау мақсатында оларды іздестіруіне, аңдуына, оларға баруына, телефон арқылы сөйлесуіне және өзге де тәсілдермен қарым-қатынас жасауына шектеу қоюдан тұрады.

Жақындауға тыйым салуды тергеу судьясы санкциялайды не оны сот қолданады.

2. Отбасы мүшелері мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қолданумен немесе оны қолдану қатерімен байланысты нақты қауіп болған не күдікті, айыпталушы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жәбірленушінің немесе қорғауға жататын өзге адамның жазбаша өтініші бойынша жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы сот алдында өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны сотқа жібереді.

Қаулыға жақындауға тыйым салуды қолдану қажеттілігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.

Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.

3. Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4. Жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы өтінішхат сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының, жәбірленушінің немесе қорғауға жататын өзге адамның қатысуымен қарайды.

5. Процеске қатысушылардың көрсетілгендері сот отырысының орны мен уақыты туралы сот оларды уақтылы хабардар еткен жағдайда келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.

6. Өтінішхатты және ұсынылған іс материалдарын қарап, тергеу судьясы жақындауға тыйым салуды санкциялау немесе санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Жақындауға тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.

6. Жақындауға тыйым салу туралы қаулыда осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолданудың негіздері мен жақындауға тыйым салу түрлері, сондай-ақ оның сақталуын бақылау жүктелетін орган көрсетілуге тиіс. Жақындауға тыйым салу туралы қаулының көшірмесі прокурорға, күдіктіге, айыпталушыға, қорғаушыға, қорғалатын адамға және бақылауды жүзеге асыратын органға табыс етіледі.

7. Жақындауға тыйым салуды бұзған жағдайда күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы, сондай-ақ бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.

8. Жақындауға тыйым салудың күші осы шараға қажеттілік жойылған кезде қылмыстық қудалау органының прокурордың келісімімен шығарған уәжді қаулысымен не қылмыстық істі сотта қарау барысында соттың қаулысымен жойылады.

Ескерту. 165-бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 11 шілдедегі № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) өзгерістер енгізілді; бапқа қазақ тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді, Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI Заңына сәйкес (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Жақындауға тыйым салу өзінің құқықтық табиғаты мен белгіленетін шектеулеріне қарай процестік мәжбүрлеудің өзге шараларының қатарына жатады (адам мен азаматтың жеке бас бостандығына елеулі түрде әсер етеді) және сонымен бірге қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарасы ретінде қарастырылады (ҚПК-нің 97-бабы 1-бөлігінің 5) тармағы).

Жақындауға тыйым салуды, бір жағынан, қорғауға жататын қылмыстық процеске қатысушыға қатысты зорлық-зомбылық қолданудың орын алып отырған нақты қаупінің алдын алатын қауіпсіздік шарасы ретінде, ал екінші жағынан, күдіктінің, айыпталушының зорлық-зомбылықты қолдануы немесе оны қолдану қатерін қылмыстық құқық бұзушылық жасау нысанында іске асыруына байланысты таңдалатын нәтиже ретінде қарастыру қажет (ҚПК-нің 165-бабының 2-бөлігі).

Процестік мәжбүрлеу шарасы бола отырып, жақындауға тыйым салу үйқамақ, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылмаған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты қолданылады (ҚПК-нің 165-бабының 1-бөлігі).

3. Қауіпсіздік шарасын таңдау кезінде күдіктілер, айыпталушылар, сотталушылар жақындай алмайтын адамдар тобы ҚПК-нің 95–97-баптарында белгіленген. Бұлар – қылмыстық процеске қандай да бір мәртебеде қатысатын және іс материалдары бойынша осындай қорғауды қажет ететін барлық адамдар. Сондықтан осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолдануды тек нақты қауіптің туындауы немесе күдіктінің, айыпталушының отбасы мүшелері мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қолданумен не оны қолдану қатерімен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайларымен ғана шектеуге болмайды (ҚПК-нің 165-бабының 2-бөлігі).

Жақындауға тыйым салуды санкциялауды заң сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тергеу судьясының немесе сот сатыларында соттың құзыретіне жатқызады (ҚПК-нің 165-бабының 1-бөлігі).

Жақындауға тыйым салуды қолдану құрылымы мыналарды қамтиды:

а) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының жәбірленушінің немесе қорғауға жататын қылмыстық процеске қатысушы өзге адамның жазбаша өтінішін алуы;

б) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тергеу судьясының алдында жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхат қозғау жөнінде қаулы шығаруы;

в) қаулыны, өтінішті, қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелерін зерделеу және шешім қабылдау үшін тергеу судьясына жіберу;

г) қаулының көшірмесін бір мезгілде прокурорға жіберу;

д) тергеу судьясының сот отырысын өткізуі;

е) тергеу судьясының қаулы шығаруы;

ж) қаулының көшірмесін прокурорға, күдіктіге, айыпталушыға, қорғаушыға, қорғалатын адамға және мәжбүрлеу шарасының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жүктелген органға табыс ету (ҚПК-нің 165-бабының 2–6-бөліктері).

Соңғы жағдайда жақындауға тыйым салудың орындалуын бақылау қылмыстық қудалау органдарына, жазаларды орындайтын мекемелер мен органдарға, сондай-ақ сот орындаушысына жүктеледі.

Сот отырысының құрылымы негізінен мыналарды қамтиды:

а) тергеу судьясының сот отырысын тағайындауы;

б) қылмыстық процесс тараптарының қатысуынсыз сот отырысын өткізу;

в) кеңесу бөлмесінде жақындауға тыйым салуды санкциялау немесе санкциялаудан бас тарту туралы қаулы қабылдау.

Жақындауға тыйым салуды қолданудың өзге де процестік салдарларының ішінде мыналарды бөліп көрсету қажет:

а) оның нұсқамаларын бұзған жағдайда ҚПК-нің 160-бабында көзделген тәртіппен күдіктіге, айыпталушыға ақшалай өндіріп алу қолдану мүмкіндігі;

б) оның нұсқамаларын бұзған жағдайда ақшалай өндіріп алумен қатар, бұзушылықтардың сипатына қарай күдіктіге, айыпталушыға бұлтартпау шарасын қосымша қолдану;

в) оны қолданудың күшін қылмыстық қудалау органының уәжді қаулы шығару және тергеу судьясының келісімін алу арқылы немесе істі мәні бойынша қарайтын соттың қаулысымен жою.

Жалпы алғанда, жақындауға тыйым салудың мәні іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін күдіктінің, айыпталушының қорғалатын адамдармен кез келген нысанда қарым-қатынас жасауын, байланысқа түсуін болдырмауды көздейді. Бұл шектеулер тергеу судьясының немесе соттың қаулысында нақты көрсетілуге және оны қабылдап, табыс еткеннен кейін тергеу судьясы немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге, айыпталушыға және қорғалатын адамдарға түсінікті түрде түсіндіруге тиіс.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме, авторы – Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар

165-бап. Жақындауға тыйым салу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

165-бап. Жақындауға тыйым салу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi 1. Жақындауға тыйым салу жәбірленушіні және іске қатысатын өзге адамдарды қорғау...

Толық оқу »

13-1-бап. Жақындауға тыйым салу Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Заңы

13-1-бап. Жақындауға тыйым салу Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Заңы      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Рес...

Толық оқу »