16-бап. Энергия аудиті Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы Заңы
1. Алып тасталды – ҚР 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2. Энергия аудиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде, өтініш білдірген тұлғаның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. Энергия аудитінің немесе экспресс-энергия аудитінің нәтижелері бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қорытынды жасалады.
Нысаналы энергия аудитінің нәтижелері бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша техникалық есеп жасалады.
3-1. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері жүргізілген энергия аудитінің немесе экспресс-энергия аудитінің қорытындылары бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және бекітеді. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қорытынды алынған күннен бастап алты ай ішінде әзірленеді және бекітіледі.
4. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, жылына бір мың бес жүз және одан да көп тонна шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері әрбір бес жыл сайын бір реттен сиретпей міндетті энергия аудитінен өтеді.
4-1. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, жылына бір мың бес жүз және одан да көп тонна шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі алдыңғы қорытынды болған;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау есебінен соңғы бес жыл ішінде кемінде бес пайыз көлемінде энергия үнемдеу әлеуетіне қол жеткізген және (немесе) олардың өнім бірлігіне шаққандағы үлестік энергия тұтынуды бес жыл ішінде кемінде бес пайыз көлемінде төмендеткен;
3) энергия менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификаты болған кезде, міндетті энергия аудитінің орнына экспресс-энергия аудитін жүргізуге құқылы.
5. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап төрт жыл ішінде, ал ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы өнімін өндіруді, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратындар алты жыл ішінде энергия аудитін жүргізу нәтижелері бойынша қорытынды алуға міндетті.
5-1. Алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
6. Энергия-аудиторлық ұйымдардың немесе дара кәсіпкерлер болып табылатын энергия аудиторларының:
өтініш білдірген, қатысушысы, кредиторы энергия-аудиторлық ұйымдар және олардың жұмыскерлері немесе дара кәсіпкерлер болып табылатын энергия аудиторлары болып табылатын тұлғаға;
осы ұйымдардың энергия аудитін жүзеге асыратын жұмыскерлері (энергия аудиторлары) өтініш білдірген тұлғамен еңбек қатынастарында тұратын немесе өтініш білдірген тұлғаның лауазымды адамдарының, сондай-ақ өтініш білдірген тұлға акцияларының (немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызын иеленетін акционердің (қатысушының) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары болып табылғанда;
энергия-аудиторлық ұйымның дауыс беретін акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) өтініш білдірген тұлғаға тікелей немесе жанама түрде тиесілі болған жағдайларда энергия аудитін жүргізуіне тыйым салынады. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілігін білдіреді;
осы ұйымдардың энергия аудитін жүзеге асыратын жұмыскерлерінің (энергия аудиторларының) өтініш білдірген тұлғада жеке мүліктік мүдделері бар болғанда;
энергия аудитін жүргізу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, егер энергия-аудиторлық ұйымның және олардың жұмыскерлерінің, дара кәсіпкерлер болып табылатын энергия аудиторларының өтініш білдірген тұлға алдында немесе өтініш білдірген тұлғаның олардың алдында ақшалай міндеттемелері бар болса, энергия аудитін жүргізуіне тыйым салынады.
7. Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері мынадай:
1) жылына бір мың бес жүз тоннадан аз шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынған;
2) балансында энергетикалық ресурстарды тұтыну объектісі (объектілері) болмаған;
3) энергетикалық ресурстарды көлік құралдарын пайдалану мақсатында ғана тұтынған;
4) егер тарихи-мәдени мұра объектісі немесе ғибадат үйі, құрылысы және құрылысжайы болып табылған жағдайларда, міндетті энергия аудитін жүргізбейді.
Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 14.01.2015 № 279-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 407-V (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 541-IV Заңы.
Осы Заң энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және жеке және заңды тұлғалар қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы