15-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты құқықтары Құқық қорғау қызметі туралы Заңы
1. Қызметкерлердің:
1) лауазымдық міндеттерін атқару үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
2) өздерінің құқықтары мен лауазымдық міндеттерін айқындайтын ережемен, өзге де құжаттармен және жоғарылатуға ұсыну шарттарымен танысуға;
3) лауазымдық міндеттерін атқарумен байланысты мемлекеттік органдарға, ұйымдарға олардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, белгіленген тәртіппен кіріп-шығуға;
4) егер мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалану лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты болса, белгіленген тәртіппен осындай мәліметтерге қол жеткізуге;
5) лауазымдық міндеттерін атқаруға және кәсіби дамуына құқық қорғау органының қажетті жағдайлар жасауына;
6) қызмет әрекеті нәтижелерін, мемлекеттік қызмет өтілі мен біліктілік деңгейі ескеріле отырып, қызметте өсуіне;
7) өзінің кәсіптік қызмет әрекеті туралы пікірлермен және басқа құжаттармен олар жеке ісіне енгізілгенге дейін, жеке ісінің материалдарымен танысуына, сондай-ақ өзінің жазбаша түсініктемелерін және басқа құжаттар мен материалдарды жеке іске қосуына;
8) Осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген тәртіппен, кәсіптік қайта даярлыққа, біліктілігін арттыруына және тағылымдамадан өтуіне;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмірінің, денсаулығының және мүлкінің, өз отбасы мүшелері өмірінің, денсаулығының және мүлкінің мемлекеттік қорғалуына;
10) өзінің дербес деректерінің қорғалуына;
11) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды адамдарға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгінуге;
12) медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсетілуіне;
13) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға;
14) тұрғын үймен қамтамасыз етілуге және әлеуметтік қамсыздандырылуға;
15) құқық қорғау қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып, қызметте тиісінше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлар жасалуына;
16) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
17) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыруға;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тиісті уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;
19) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге құқығы бар.
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлерді, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, қызметкерлерге атыс қаруы мен өзге де қаруды және арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы берiледi. Олар дене күшін, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға да құқылы. Атыс қаруы мен өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі осы Заңда айқындалады.
3. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметін реттейтін заңдарымен көзделген өзге де құқықтар беріледі.
4. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүрудің тәртібін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 № 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы