13-бап. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар Кредиттік рейтингтік қызмет туралы Қазақстан Республикасының Заңы
1. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкерлері:
1) басқару органының басшысы мен мүшелері;
2) атқарушы органның басшысы мен мүшелері;
3) бас бухгалтер;
4) ішкі бақылау қызметінің басшысы.
2. Мынадай адам:
1) жоғары экономикалық, заңгерлік, математикалық немесе техникалық білімі жоқ;
2) мынадай:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарында;
және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау саласында;
және (немесе) қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласында;
және (немесе) аудиторлық қызмет және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметі саласында;
және (немесе) кредиттік рейтингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласында;
және (немесе) қаржы ұйымдарының қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылымды әзірлеу саласында;
және (немесе) осы тармақшада санамаланған салаларда қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаларда осы бапта белгіленген еңбек өтілі жоқ;
3) мінсіз іскерлік беделі жоқ;
4) басшы қызметкер лауазымына тағайындауға немесе сайлауға келісімі кері қайтарып алынған және (немесе) осы және (немесе) өзге қаржы ұйымында, банк, сақтандыру холдингінде, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің осы және (немесе) өзге филиалында, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалында, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерінің филиалында қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілген адам қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкері лауазымын атқара алмайды (оған тағайындала алмайды немесе сайлана алмайды).
Көрсетілген талап басшы қызметкер лауазымына тағайындауға немесе сайлауға келісімді кері қайтарып алу туралы уәкілетті орган шешім қабылдағаннан кейін қатарынан соңғы он екі ай бойы қолданылады;
5) басшы лауазымға келісу туралы өтінішхат берілген күнге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған не сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған адам қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкері лауазымын атқара алмайды (оған тағайындала алмайды немесе сайлана алмайды).
Қазақстандық рейтингтік агенттік басшы қызметкерлерді тағайындау немесе сайлау кезінде оларды осы баптың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, оның ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылатын ақпаратты ескеріп өз бетінше тексереді.
3. Осы баптың 2-тармағы 3) тармақшасының мақсаттары үшін мінсіз іскерлік беделі болмауының өлшемшарттары:
1) алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы, қаржы ұйымының, банк немесе сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
2) кандидаттың қаржы ұйымының, банк конгломератының, сақтандыру тобының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған міндеттемелерді не уәкілетті органның талаптарын орындамаған қаржы ұйымының ірі қатысушысы (тікелей немесе жанама түрде) болып саналғаны (болып саналатыны) туралы мәліметтердің болуы;
3) кандидаттың қаржы ұйымының басшы қызметкері немесе актуарийі бола отырып, қаржы ұйымына немесе актуарийге қатысты уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларының талаптарын бірнеше рет (екі және одан көп рет) орындамағаны туралы мәліметтердің болуы;
4) кандидаттың Қазақстан Республикасының төлемге қабілетсіз деп танылған бейрезидент қаржы ұйымында акционер (қатысушы), лауазымды адам, басқару функцияларын орындайтын адам болғаны туралы мәліметтердің болуы;
5) адамның "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12 және 12-1-баптарына сәйкес жасалатын, террористік қызметке қатысы бар адамдардың тізімінде, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде және (немесе) жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде болуы;
6) кандидаттың әрекеттері (әрекетсіздігі) уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып саналатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының банкті (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын) төлемге қабілетсіз банктердің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының) санатына жатқызу немесе қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы оларды таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген шешім қабылдауына не қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуіне не Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасы бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот шешімінің заңды күшіне енуіне негіз болған, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылуына алып келген, қаржы ұйымының, банк немесе сақтандыру холдингінің басшы қызметкері болғаны туралы мәліметтердің болуы;
7) кандидаттың уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шарасы негізінде қаржы ұйымының басшы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілгені туралы мәліметтердің болуы;
8) кандидаттың сот шешімімен көрінеу жалған деп танылған аудиторлық қорытындыға қол қою фактісінің болуы;
9) кандидаттың актуарий бола отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру резервтерін қалыптастыру жөніндегі талаптарды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтамауының өзі анықтаған фактілері және оның қаржылық орнықтылығы мен төлем қабілеттілігінің нашарлауына алып келуі мүмкін тәуекелдері туралы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесіне жүйелі түрде (екі және одан көп рет) хабарламағаны туралы мәліметтердің болуы;
10) кандидаттың сақтандыру құпиясын немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді, тәуелсіз актуарий ретінде актуарлық есеп айырысулар жүргізу және (немесе) қызметті жүзеге асыру барысында алынған мәліметтерді заңсыз жария еткені немесе үшінші тұлғаларға бергені туралы мәліметтердің болуы;
11) шет мемлекеттің қадағалау органынан не қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеуді және онымен байланысты қызметті "Астана" халықаралық қаржы орталығында жүзеге асыратын заңды тұлғадан кандидаттың мінсіз іскерлік беделінің болмауы туралы алынған ақпараттың болуы;
12) кандидаттың біліктілік талаптарына және (немесе) уәкілетті органның шешіміне ықпал ететін, іскерлік беделге қойылатын талаптарға өзінің сай келетіні туралы көрінеу анық емес мәліметтер беру фактісінің болуы;
13) кандидатпен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9), 12), 13), 14), 15), 16), 17), 18), 19), 20), 21) және 25) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу фактісінің болуы;
14) кандидаттың "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілетін борышкерлердің бірыңғай тізілімінде болуы (берешек тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір мың айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда).
4. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талапқа сай келу үшін мына лауазымдарға кандидаттар үшін:
1) басқару органының басшысы үшін – кемінде бес жыл;
2) атқарушы органның басшысы үшін – кемінде бес жыл, оның ішінде басшы лауазымында кемінде екі жыл;
3) басқару органының мүшесі үшін – кемінде екі жыл;
4) атқарушы органның мүшесі үшін – кемінде үш жыл, оның ішінде басшы лауазымында кемінде екі жыл;
5) бас бухгалтер үшін – кемінде үш жыл;
6) ішкі бақылау қызметінің басшысы үшін кемінде үш жыл еңбек өтілі болуы қажет.
Кредиттік рейтингтік агенттіктің атқарушы органының тек қана қауіпсіздік мәселелеріне, әкімшілік-шаруашылық мәселелеріне, цифрлық технологиялар мәселелеріне жетекшілік ететін мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген еңбек өтілінің болуы талап етілмейді.
Осы тармақта айқындалған еңбек өтіліне қаржы ұйымының бөлімшелеріндегі оның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, әкімшілік-шаруашылық қызметті жүзеге асырумен, цифрлық технологияларды дамытумен (цифрлық технологияларды дамыту бөлімшесінің басшысын қоспағанда) байланысты жұмыс, сондай-ақ өзара сақтандыру қоғамындағы жұмыс кірмейді.
5. Қазақстандық рейтингтік агенттік уәкілетті органды:
1) осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында аталған адамдарды лауазымға тағайындау немесе сайлау туралы, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олар тағайындалған немесе сайланған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде;
2) осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында аталған адамдарды лауазымнан босату немесе өкілеттіктерін тоқтату туралы, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
Хабарламада кандидаттың біліктілік талаптарына және осы Заңмен тиісті лауазымға кандидатқа қойылатын мінсіз іскерлік бедел талаптарына сай келетінін растайтын мәліметтер қамтылуға тиіс.
6. Қазақстандық рейтингтік агенттік осы баптың 1-тармағында аталған адамдар осы баптың талаптарына сай келмеген жағдайда, уәкілетті органның талап етуі бойынша оларды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетеді.
Кредиттік рейтингтік қызмет туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 23 шілдедегі № 351-VIII ҚРЗ
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау