12-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі құзыреті Мемлекеттік мүлік туралы Заңы
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді шығарады;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті басқарады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
2-1) акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және ол құрған мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептер тәртібін айқындайды;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті иеліктен шығаруды жүзеге асырады, пайдалануға береді;
4) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және оларды тарату, иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;
4-1) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ведомстволарын қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының атынан, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң өзiне жүктелген функцияларын жүзеге асыруға ықпал ететiн және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бiр бөлiгi болып табылатын акционерлiк қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшысы болады, мемлекеттiң акционерлiк қоғамды және жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға акционер (қатысушы) ретiнде қатысу құқығын жүзеге асырады, сондай-ақ осы акционерлiк қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің акциясына (қатысу үлесіне) ие болу не иелiктен шығару туралы шешiм қабылдайды;
6) Қазақстан Республикасының атынан өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығының субъект құқығын жүзеге асырады;
7) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы) дербес айқындайды, олардың жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
8) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (өндірген өнімін сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, оның ішінде пайдалануға беруге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
8-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі оған сенімгерлік басқаруға берген мемлекеттік мүлікті шартта көзделген тәртіппен және талаптарда сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады;
9) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың қызметі бойынша есептерді қарайды және бекітеді, сондай-ақ олардың қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуді жүзеге асыруға құқылы;
10) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындар өндіретін және сататын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағасын келіседі немесе белгілейді;
11) мемлекеттік мүлік тізіліміне мемлекеттік мүлік объектілері туралы мәліметтерді береді;
11-1) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісін бөлу тәртібін айқындайды;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 481-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV Заңы.
Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін басқарудың құқықтық негіздерін, мемлекеттік мүлікке құқықтарға ие болудың және оларды тоқтатудың құқықтық негіздерін айқындайды және мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесінің құқықтарын және өзге де құқықтарды иеленушінің тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы