⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 12-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреті Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексі

12-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреті Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексі

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

12-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреті Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексі

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары:

      1) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындайды;

      2) денсаулық сақтау мен медициналық білім берудің жергілікті бюджеттерін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітеді;

      3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін немесе жеңілдікті жол жүруді ұсыну туралы шешім қабылдайды;

      4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмек көрсетудің жүріп-тұру сипатындағы жағдайда көлікпен қамтамасыз ету немесе медициналық көмек көрсету үшін ауылдық жерге шығу кезінде көліктік шығыстарды өтеу бойынша шаралар қабылдайды;

      5) Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және (немесе) жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы шешім қабылдайды;

      6) денсаулық сақтау ұйымдарын, оның ішінде қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсететін ұйымдарды дамыту мен олардың жұмыс істеуіне бағытталған іс-шараларды бекітеді;

      7) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі халық санына шаққандағы есеппен мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды;

      8) донорларға қосымша көтермелеуді ұсыну туралы шешім қабылдайды;

      9) халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын өңірді медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етудің уәкілетті орган бекіткен ең төмен нормативінен артық қосымша кадрмен және материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы шешім қабылдайды;

      10) өңірді медицина қызметкерлерімен кадрлық қамтамасыз етуді жоспарлауды жүзеге асырады және медициналық білім беру ұйымдарында медицина қызметкерлерін даярлауға тапсырысты орналастырады;

      11) медициналық білім беру ұйымдарынан келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың, сондай-ақ олардың жұмыспен өтеуі мен оларды ұстап қалу мониторингін жүзеге асырады;

      12) саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдеседі;

      13) жергілікті бюджеттердің құрамында йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізуге арналған шығыстарды бекітеді;

      14) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының йод тапшылығы ауруларының профилактикасы бойынша жұмыстың жай-күйі туралы ақпаратын тыңдайды;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      3) уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарындағы адамдарды күтіп-бағуға бақылауды жүзеге асырады;

      4) коммуналдық заңды тұлғалар болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін қамтамасыз етеді;

      5) саламатты өмір салтын ынталандыру жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастырады;

      6) денсаулық сақтау ресурстарын тиімді жоспарлау мен пайдалануды қамтамасыз етеді;

      6-1) медициналық оңалту көрсетуді ұйымдастыру стандартына, медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес оңалту қызметтерін көрсету мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада, сондай-ақ аудан орталықтарында, оның ішінде осы елді мекендердің денсаулық сақтау субъектілерінің қолданыстағы инфрақұрылым объектілерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық оңалту орталықтарын (бөлімшелерін) құрады;

      7) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдайды;

      8) халықтың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      9) қан мен оның компоненттерінің ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      10) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге шығатын Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары айқындайтын тізбе бойынша ел ішінде жол жүру ақысын төлейді;

      11) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарын құрады;

      12) уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      13) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуіне бақылауды ұйымдастырады;

      14) жас мамандарды әлеуметтік қолдау және ұстап қалу шараларын қоса алғанда, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын кадрмен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;

      15) денсаулық сақтау ұйымдарының желісін салу және дамыту, оларды қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде дәріханалардың мемлекеттік желісін дамыту және дәріхана қоймаларын құру бойынша шаралар қабылдайды;

      16) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін үйлестіреді;

      17) төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде тегін медициналық көмек көрсетуді, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді;

      18) денсаулық сақтау саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      19) денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi;

      20) денсаулықты нығайтуға, аурулардың профилактикасына, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;

      21) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді қоса алғанда, халыққа медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың профилактикасын және емделуін ұйымдастырады;

      21-1) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың профилактикасын және оларды емдеуді ұйымдастырады;

      21-2) дәріхана жоқ ауылдық елді мекендерде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      21-3) әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырады;

      22) мүмкіндігі шектеулі балаларды ата-анасының немесе өзге заңды өкілдерінің келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға жіберуді қамтамасыз етеді;

      23) өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      24) алып тасталды – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      25) туберкулезбен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтарын мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы сот шешімінің орындалуына жәрдемдеседі;

      26) профилактикалық дезинсекция мен дератизацияның (инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) тиімділігін бағалай отырып, оларды ұйымдастырады және жүргізеді;

      27) фармацевтикалық білімі бар маман болмаған жағдайда, ауылдық елді мекендерде амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек, мамандандырылған медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункттері және жылжымалы дәріхана пункттері арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізуді жүзеге асыру үшін медициналық білімі бар мамандарды оқытуды жүргізеді;

      28) ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      29) уәкілетті органмен келісу бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарын әзірлейді және бекітеді;

      30) әскери қызметтің мүддесінде Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық комиссияларды құрады және олардың қызметін қамтамасыз етеді;

      31) мектепке дейінгі ұйымдарды, білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарын йодталған ас тұзымен және басқа да йод қосындыларымен байытылған тағамдық өнімдермен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      32) үкіметтік емес ұйымдар үшін, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылуын мониторингтеу және нәтижелерін бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

      33) паллиативтік медициналық көмекті қоспағанда, паллиативтік көмек беру жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырады;

      34) "Кәсібі бойынша үздік" аталымын береді;

      35) интерндер мен резидент-дәрігерлерге тұратын және медициналық көмек көрсететін орындарды беруді (егер денсаулық сақтау ұйымы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы бар басқа елді мекенде орналасқан жағдайда) қоса алғанда, интерндер мен резидент-дәрігерлерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің денсаулық сақтау ұйымдарына орналастыру үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді;

      36) медициналық қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жаратуды ұйымдастырады;

      37) денсаулық сақтау ұйымдарының желісін дамытуды және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын орындауды жүзеге асырады;

      38) денсаулық сақтау жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы іс-шаралардың және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесі шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

      39) денсаулық сақтау саласында өңірлік электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің, ақпараттық-коммуникациялық желілердің құрылуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      40) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының  

Президенті  

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

      Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы