11-1-бап. Сақтандыру шарты және сақтандыру шартына билік ету Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы Заңы
1. Сақтандыру шарты осы Заңның талаптарына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес және үлгілік сақтандыру шарты негізінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын пайда алушының пайдасына қатысушы-сақтандыру ұйымы мен сақтанушы арасында жазбаша нысанда жасалады.
2. Сақтандыру шарты кемінде үш жыл мерзімге жасалады.
3. Сақтандыру шартында мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) сақтандыру шартының нысанасы;
2) сақтанушы туралы мәліметтер;
3) сақтандыру шарты бойынша пайда алушы туралы мәліметтер;
4) сақтандыру жағдайын көрсету;
5) сақтандыру сомасының мөлшері;
6) сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) мөлшері, оны (оларды) төлеу тәртібі мен мерзімдері;
7) төлем талаптары және сатып алу сомасының мөлшері;
8) сақтандыру шартының қолданылу мерзімі;
9) сақтандырып қорғаудың қолданылу мерзімі;
10) мемлекет сыйлықақысының осы Заңда белгіленген мөлшері;
10-1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бастапқы білім беру капиталының (бар болса) мөлшері және оны қайтару шарттары;
11) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
12) сақтанушының, пайда алушының (заңды өкілдің) сақтандыру құпиясын операторға ашып көрсетуге жазбаша келісімі;
13) тараптардың жауапкершілігі;
14) сақтандыру шартының талаптарына өзгерістер енгізу жағдайлары мен тәртібі;
15) сақтандыру шартын бұзу талаптары;
16) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ережелер.
4. Сақтандыру шарттары осы Заңның 14-1-бабына сәйкес мемлекет сыйлықақысы есепке жазылатын сақтандыру шарттарын есепке алу үшін білім беру жинақтау сақтандыруы шарттарының бірыңғай тізілімінде тіркелуге жатады.
5. Оператор білім беру жинақтау сақтандыруы шарттарының бірыңғай тізіліміне мәліметтерді енгізу және тіркеу нөмірін беру арқылы қатысушы-сақтандыру ұйымы ұсынған сақтандыру шарттарын тіркеуді жүзеге асырады. Сақтандыру шарты операторда тіркелген пайда алушының пайдасына жасалған сақтандыру шарты немесе ол бойынша салымшы мен пайда алушы сол бір тұлға болып табылатын, операторда тіркелген салым шарты болған кезде тіркелуге жатпайды.
6. Сақтандыру сомасы тараптардың келісімі бойынша сақтандыру шартында айқындалады.
7. Сақтандыру шартының валютасы теңге болып табылады.
8. Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы бір рет немесе сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру жарналары түрінде бөліп төленеді не "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін пайда алушының нысаналы жинақ төлемдері есебінен төленеді.
9. Мыналар сақтандыру жағдайлары болып табылады:
1) сақтандырылушының сақтандыру шартында белгіленген күнге дейін өмір сүруі;
2) сақтандырылушыға сақтандырып қорғаудың қолданылуы кезеңінде бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуі;
3) сақтандыру шартында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырып қорғаудың қолданылуы кезеңінде сақтандырылушының қайтыс болуы.
10. Пайда алушының шетелдік білім беру ұйымына оқуға түсу жағдайын қоспағанда, пайда алушы қатысушы білім беру ұйымына шарттық негізде оқуға түскен кезде сақтандыру төлемі қатысушы білім беру ұйымына жүзеге асырылады.
11. Пайда алушы шетелдік білім беру ұйымына шарттық негізде оқуға түскен кезде қатысушы-сақтандыру ұйымдары сақтанушының немесе пайда алушының не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілінің өтініші бойынша сақтандыру төлемін пайда алушыны шетелдік білім беру ұйымына қабылдау туралы растайтын құжаттар ұсынылған кезде инвестициялық кірісті, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы мен бастапқы білім беру капиталын (бар болса) ескере отырып, үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір рет (бүкіл оқу мерзімі үшін) жүзеге асырады.
Пайда алушы шетелдік білім беру ұйымына оқуға түскен кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қатысушы-сақтандыру ұйымы пайда алушының банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасау құқығын шектей отырып, шетелдік білім беру ұйымына білім беру қызметтеріне ақы төлеу мақсатында ғана осы адамның атына "эскроу-шот" режиміндегі банктік шот ашады және сақтандыру төлемінің сомасын осы шотқа аударады.
Қатысушы-сақтандыру ұйымы "эскроу-шот" режиміндегі банктік шотқа сақтандыру төлемін аударған кезден бастап мемлекет сыйлықақысын есепке жазу тоқтатылады.
Пайда алушы шетелдік білім беру ұйымына грантқа қабылданған жағдайда сақтанушы немесе пайда алушы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында танылған шетелдік білім беру ұйымының білім туралы құжатының ұсынылуы шартымен инвестициялық кіріс, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы мен бастапқы білім беру капиталы (бар болса) ескерілген сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін алуға, сондай-ақ осы баптың 13-тармағы бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларына және екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкес сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдеріне билік етуге құқылы.
12. Пайда алушы қатысушы білім беру ұйымына шарттық негізде оқуға түскен кезде сақтандыру төлемі сақтанушының немесе пайда алушының не оның заңды өкілінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда қатысушы білім беру ұйымына кезең сайын төлемдермен (әрбір академиялық кезеңге немесе оқу жылына) немесе бір рет толық көлемде (оқудың бүкіл мерзіміне) ақша аудару арқылы жүзеге асырылады.
13. Бастапқы білім беру капиталы жоқ пайда алушыға білім гранты тағайындалған немесе пайда алушының білім туралы тиісті құжатпен расталатын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болған жағдайда, сақтанушы, сақтанушы қайтыс болған жағдайда – пайда алушы не оның заңды өкілі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда:
1) инвестициялық кірісті және есепке жазылған мемлекет сыйлықақысын ескере отырып, сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін алуға;
2) басқа да техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу мақсатында сақтандыру шартының қолданылу мерзімін ұзартуға және (немесе) сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жұмсауға;
3) инвестициялық кірісті және мемлекет сыйлықақысын ескере отырып, сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның пайдасы үшін сақтандыру шартына немесе білім беру жинақтау салымына ақы төлеуге аударуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестициялық кіріс пен есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы ескерілген сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға аударуға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерінің сомасын (олар болған кезде) пайда алушы:
1) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған салымшының нысаналы жинақтау шотына аудару кезіндегі валюталар бағамы бойынша АҚШ долларында одан әрі аудару үшін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызу үшін банктік шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған өзінің банктік шотына аударуға;
2) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызу үшін банктік шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған өзінің банктік шотына ұлттық валютамен аударуға құқылы.
13-1. Бастапқы білім беру капиталы бар пайда алушыға білім беру гранты берілген немесе оның білім туралы тиісті құжатпен расталатын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болған жағдайда пайда алушы, сақтанушы, сақтанушы қайтыс болған жағдайда – пайда алушы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі білім туралы құжаттың ұсынылуы шартымен инвестициялық кіріс, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы мен бастапқы білім беру капиталы ескерілген сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін алуға, сондай-ақ осы баптың 13-тармағы бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларына және екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкес сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдеріне билік етуге құқылы.
14. Сақтандыру төлемінің мөлшері оқудың бүкіл кезеңіндегі білім беру қызметтеріне ақы төлеу сомасынан асып кеткен жағдайда, асып кеткен сома мөлшеріндегі сақтандыру төлемі сақтандыру шартының қолданылу мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда сақтанушыға, пайда алушыға не оның заңды өкіліне төленуге жатады.
15. Пайда алушы қайтыс болған, сот оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп таныған не қайтыс болды деп жариялаған немесе пайда алушы денсаулық жағдайының салдарынан оқуын жалғастыруға қабілетсіз болған жағдайда, сақтанушы, сақтанушы қайтыс болған жағдайда – оның мұрагерлері:
1) сақтандыру шартында көрсетілген пайда алушыны Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын басқа адаммен ауыстыруға;
2) инвестициялық кіріс, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы және бастапқы білім беру капиталы (бар болса) ескерілген сақтандыру шарты бойынша сатып алу сомасын алуға құқылы.
16. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде сақтанушы сақтандыру шарты бойынша инвестициялық кіріс, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы және бастапқы білім беру капиталы (бар болса) ескерілген сатып алу сомасын бір қатысушы-сақтандыру ұйымынан басқа қатысушы-сақтандыру ұйымына не қатысушы-сақтандыру ұйымынан қатысушы банкке, бірақ сақтандыру шарты жасалған күннен бастап екі жыл өткеннен кейін аударуды жүзеге асыруға құқылы.
17. Сақтандыру төлемдерінің есептемесі мен оларды жүзеге асыру тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 14 қаңтардағы № 67-V Заңы.
Осы Заң Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi жұмыс iстейтін саладағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ оны мемлекеттік ынталандыру шарттарын, нысандарын және мазмұнын реттейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы