10-бап. Қоршаған ортаға антропогендік әсер ету туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Қоршаған ортаға антропогендік әсер ету деп адам қызметінің қоршаған ортаға:
1) антропогендік объектілерден босап шығатын ластағыш заттардың атмосфералық ауаға, суға, жерге немесе оның беткі қабатының астына түсуі деп түсінілетін эмиссиялар;
2) қоршаған орта құрамдастарының табиғи температуралық, энергетикалық, толқындық, радиациялық және басқа да физикалық қасиеттерінің өзгеруін туғызатын шудың, дірілдің, электромагнит өрістерінің, иондаушы сәулеленудің, температуралық және басқа да физикалық факторлардың әсер етуі деп түсінілетін объектілердің қоршаған ортаға физикалық әсері;
3) қалдықтарды көму, оларды жер бетінде заңсыз орналастыру немесе олардың су объектілеріне түсуі;
4) антропогендік объектілерден босап шығатын парниктік газдардың атмосфералық ауаға түсуі;
5) объектілерді (ғимараттарды, құрылысжайларды, құрылыстарды, коммуникацияларды) салу және пайдалану, сондай-ақ өз ресурсын игеріп біткен объектілерді кейіннен кәдеге жарату (сүріп тастау);
6) табиғи ортаның табиғи ресурстары мен пайдалы қасиеттерін, оның ішінде оларды уақытша немесе қайтарымсыз алып қою арқылы пайдалану;
7) жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі объектілерін табиғи ортаға жерсіндіру, оның ішінде қоршаған ортаға әдейі жіберу және генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта өткізу (орналастыру);
8) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды өткізу түріндегі тікелей немесе жанама ықпалы түсініледі.
2. Нәтижесінде адамның денсаулығына және (немесе) өміріне, мүлікке зиян келтірілуі мүмкін және (немесе) қоршаған ортаның ластануына, экологиялық залал келтірілуіне және (немесе) табиғи орта сапасының, оның ішінде:
1) табиғи орта құрамдастарының сарқылуы немесе тозуы;
2) табиғи және табиғи-антропогендік объектілер мен олардың кешендерін жою немесе олардың орнықты жұмыс істеуін бұзу;
3) биоәртүрліліктің жоғалуы немесе азаюы;
4) табиғи ортаны, оның ресурстары мен қасиеттерін рекреациялық және заңда рұқсат етілген өзге де мақсаттарда пайдалануға кедергілер туындауы;
5) табиғи ортаның эстетикалық құндылығының төмендеуі нысанындағы өзге де жағымсыз өзгерістеріне алып келетін немесе алып келуі мүмкін қоршаған ортаға антропогендік әсер етудің кез келген нысандары зиянды деп танылады.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы