1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Атом энергиясын пайдалану туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) алып қою деңгейі – ядролық материалдардың, радиоактивті заттар мен электрофизикалық қондырғылардың, радиоактивті қалдықтардың сипаттамаларын айқындайтын, уәкілетті орган белгілеген физикалық шама мәндері;
1-1) арнайы қарыз алу құқықтары – Халықаралық валюта қоры айқындаған және ол операциялар мен мәмілелер үшін пайдаланатын есептік бірлік;
1-2) атом электр станциясы (бұдан әрі – АЭС) – ядролық және энергетикалық қондырғыларды пайдалана отырып, тапсырыс берілген режимдерде және қолдану шарттарында электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған негізгі және көмекші жабдықтар кешені;
2) атом энергиясы – ядролық реакциялардан және радиоактивті ыдырау кезінде босатылатын энергия, сондай-ақ генерацияланатын иондандырушы сәулелер энергиясы;
3) атом энергиясы пайдаланылатын объектілер – иондандырушы сәулелену көздері, радиоактивті қалдықтар және пайдаланылып болған ядролық отын, ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін объектілер, сақтау және көму пункттері, көліктік қаптама комплектілері және ядролық материалдар;
4) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалану – атом энергиясын пайдалану саласында жеке немесе заңды тұлға жүзеге асыратын әкімшілік, шаруашылық және инженерлік-техникалық қызмет;
5) атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді салу, реконструкциялау, дайындау, алу, беру, жеткізу, иелену, пайдалану, пайдаға асыру, пайдалануға беру және пайдаланудан шығару, қайта өңдеу, монтаждау, жөндеу, техникалық қызмет көрсету, зарядтау, қайта зарядтау, бөлшектеу, кәдеге жарату, консервациялау, тасымалдау, импорттау, экспорттау, активсіздендіру, кейіннен кәдеге жарату, сақтау, көму кезінде олармен қолмен жасалатын және (немесе) автоматтандырылған операциялардың, әрекеттердің жиынтығы;
6) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің өмірлік циклі – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді орналастыру, жобалау, шығару, құрылысы немесе салу, пайдалануға беру, пайдалану, реконструкциялау, күрделі жөндеу, пайдаланудан шығару, тасымалдау, айналымы, сақтау, көму және кәдеге жарату;
6-1) атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымы – атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігіне тәуелсіз сараптама мен бағалау жүргізуді қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау жөніндегі қызметті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын ұйым;
6-2) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау органы (бұдан әрі – бақылау және қадағалау органы) – өз құзыреті шеңберінде атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы;
7) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау – атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
8) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
8-1) АЭС ұлттық операторы – уәкілетті орган айқындайтын, Қазақстан Республикасында АЭС жобалауды, салуды, пайдалануды және пайдаланудан шығаруды жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;
9) иондандырушы сәулелену көздері – радиоактивті заттар, құрамында радиоактивті заттар бар аппараттар немесе құрылғылар, сондай-ақ иондандырушы сәуле шығаратын немесе шығаруға қабілетті электрофизикалық аппараттар немесе құрылғылар;
10) иондандырушы сәулелену көздерінің тізілімі – иондандырушы сәулелену көздерін экспорттау мен импорттау кезінде орнын ауыстыру туралы мәліметтерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы мәліметтердің ұдайы жаңартылып тұратын жиынтығын білдіретін, иондандырушы сәулелену көздерінің дерекқоры;
11) кейіннен кәдеге жарату – күрделі құрылыстардың (үйлердің, ғимараттардың, кешендердің) пайдаға асырылуы (пайдаланылуы, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейін, регенерацияланатын элементтерді (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бір мезгілде қалпына келтіріп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ регенерацияға жатпайтын элементтер мен қалдықтарды қайта өңдей отырып, оларды бөлшектеу және бұзу жөніндегі жұмыстар кешені;
11-1) көліктік қаптама комплекті – тасу кезінде радиоактивті құрамды толық орналастыру мен ұстап тұру үшін қажетті элементтердің жиынтығы;
12) көму – пайдаланылып болған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көму пунктіне оларды алып қою ниетінсіз орналастыру;
13) көму пункті – пайдаланылып болған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған ядролық немесе радиациялық қондырғы;
14) көму пунктін жабу – көму пунктін қауіпсіз жағдайға келтіріп, көмгеннен кейін барлық операцияларды аяқтау;
15) қондырғыны пайдалануға беру – ядролық немесе радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының компоненттері мен жүйелерін оның құрылысы аяқталғаннан және қажетті сынақтар жүргізілгеннен кейін жұмыс жағдайына келтіру жөніндегі құжатпен ресімделетін қызмет;
16) қондырғыны пайдаланудан шығару – ядролық немесе радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыны пайдалануды тоқтату және қондырғы мен оны орналастыру алаңының қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін түпкілікті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, оны мемлекеттік бақылаудан алып тастау жөніндегі құжатпен ресімделетін қызмет;
17) пайдаланушы ұйым – атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
18) пайдаланылып болған ядролық отын – ядролық реакторда сәулеленген және одан біржола алып тасталған ядролық отын;
19) персонал – иондандырушы сәулелену көздерімен тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін немесе еңбек жағдайларына байланысты олардың әсер ету аясында болатын жеке тұлғалар;
20) радиациялық қатер – сәуле алу нәтижесінде, оның салдарының ауырлығын ескере отырып, адамның өміріне немесе денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіру ықтималдығы;
21) радиациялық қауіпсіздік – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормаларға сәйкес персоналға, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсерді шектейтін іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, атом энергиясы пайдаланылатын объектінің қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі;
22) радиациялық қауіптілік санаты – атом энергиясы пайдаланылатын объектімен жұмыс істеген кезде немесе ықтимал авария жағдайларында халық және (немесе) қоршаған орта үшін оның радиациялық қауіптілік дәрежесі бойынша атом энергиясы пайдаланылатын объектінің сипаттамасы;
23) радиациялық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, ядролық материалдармен және (немесе) радиоактивті заттармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, ядролық болып табылмайтын арнайы қондырғы;
24) радиоактивті заттар – құрамында радионуклидтер бар, кез келген агрегаттық жағдайдағы, шығу тегі табиғи немесе техногендік кез келген материалдар;
25) радиоактивті қалдықтар – құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген алып қою деңгейінен жоғары радионуклидтер бар, жер қойнауынан алынған және үйінділер мен қалдық қоймаларына жинап қойылатын, одан әрі пайдаланылуы көзделмейтін материалдар мен заттар, бұйымдар мен жабдықтар, сондай-ақ тау жыныстары, кендер мен қалдықтар;
26) радионуклидті көз – құрамында радиоактивті заттар бар, оны пайдалы қолдану үшін арнайы жасалған немесе қандай да бір қызмет түрінің жанама өнімі болып табылатын иондандырушы сәулелену көзі;
27) сақтау – ядролық отынды, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радионуклидті көздерді, пайдаланылып болған ядролық отынды, радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттеріне олармен одан әрі жұмыс істеу үшін оларды алу мүмкіндігі көзделетін уақытша орналастыру;
28) сақтау пункті – ядролық отынды, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радионуклидті көздерді, пайдаланылып болған ядролық отынды, радиоактивті қалдықтарды сақтауға арналған ядролық немесе радиациялық қондырғы;
28-1) тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимі – бақылау және қадағалау органының уәкілетті лауазымды адамдарының атом энергиясы пайдаланылатын объектінің өмірлік циклінің барлық кезеңінде тікелей радиациялық қауіптілігі 1-санаттағы қондырғыларда тұрақты болу және қауіпсіздік жай-күйін бақылау жөніндегі іс-шараларды өткізу арқылы бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруын көздейтін режим;
29) алып тасталды – ҚР 07.07.2026 № 336-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
30) физикалық қорғау – атом энергиясы пайдаланылатын объектіге рұқсатсыз қол жеткізуіне жол бермеу жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесі;
31) электрофизикалық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылыстар мен жабдықтарды қоса алғанда, иондандырушы сәулелерді генерациялайтын немесе генерациялауға қабілетті арнайы, ядролық немесе радиациялық болып табылмайтын қондырғы;
32) ядролық қауiпсiздiк – ядролық авариялардың мүмкiн болмайтындығы белгiлi бiр ықтималдықпен қамтамасыз етілетін, атом энергиясы пайдаланылатын объектiнiң қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі;
33) ядролық қондырғы – табиғи уранды немесе торийді өндіруге және (немесе) қайта өңдеуге арналған қондырғыларды қоспағанда, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, санамаланған қызмет түрлерінің біреуі немесе бірнешеуі: ядролық материалды шығару, қайта өңдеу, пайдалану, тасымалдау, сақтау, көму жүзеге асырылатын қондырғы;
33-1) ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы – бір алаң шегінде орналастырылған ядролық қондырғылардың басқа операторларының дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамын тікелей және (немесе) жанама түрде иеленетін ядролық қондырғы операторы;
33-2) ядролық қондырғы операторы – Қазақстан Республикасының бір немесе бірнеше ядролық қондырғыны пайдаланатын заңды тұлғасы;
34) ядролық материалдар – бөлiнетiн (ыдырайтын) радионуклидтерден тұратын немесе оларды шығаруға қабілетті материалдар;
34-1) ядролық мұра объектілері – ядролық жарылыстарды бейбіт мақсатта жүргізуді қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызмет, сондай-ақ 1992 жылғы 1 қаңтарға дейін осындай объектілерде жүзеге асырылған және тоқтатылған және радиациялық қауіпсіздік пен оңалтуды қамтамасыз етуді талап ететін уран өндіру және оны қайта өңдеу жөніндегі қызмет нәтижесінде пайда болған радиоактивті қалдықтар және (немесе) радиоактивті ластанған материалдар бар тарихи қалыптасқан объектілер, құрылыстар, аумақтар учаскелері;
34-2) ядролық нұқсан – ядролық қондырғымен немесе ядролық қондырғыдан келіп түсетін, онда шығарылған немесе ядролық қондырғыға бағытталған ядролық материалмен жұмыс істеу нәтижесінде иондандырушы сәулеленудің әсері салдарынан келтірілген, адамның өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың залалдарын, сондай-ақ алдын алу шараларына арналған шығындарды қоса алғандағы нұқсан;
34-3) ядролық оқыс оқиға – ядролық нұқсан келтіретін немесе ядролық нұқсан келтіру қаупін туғызатын оқиға не оқиғалар сериясы;
35) ядролық физикалық қауіпсіздік – атом энергиясы пайдаланылатын объектілерге және (немесе) пайдаланушы ұйымға қатысты ұрлау, диверсия, рұқсатсыз қол жеткізу, заңсыз беру, жұмыс істеу фактілеріне немесе басқа да құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеуге, анықтауға және (немесе) ден қоюға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесінің жай-күйі.
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 442-V ҚРЗ.
Осы Заң адамдардың өмiрi мен денсаулығын, олардың мүлкін, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудiң құқықтық негiзi мен қағидаттарын айқындайды және ядролық қаруды таратпау режимiн, атом энергиясын пайдалану кезiнде ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау