8-бап. Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы Заңы
1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды тексеруді арнаулы мемлекеттік органдардың кадр және өзге де бөлімшелері жүзеге асырады.
Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау іс-шараларын ұйымдастыруды, өткізу тәртібін және әдістемесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
2. Қажетті құжаттардың тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, сондай-ақ тексеру жүргізу мерзімдерін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
3. Қызметке кандидат білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі, дене бітімі дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген талаптарға сай болуға тиіс.
4. Кандидатты медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
5. Кәсіби-психологиялық іріктеу бойынша іс-шараларды психологиялық-әлеуметтік қамтамасыз ету мамандары жүргізеді. Бұл ретте кандидаттың жеке, тұлғалық, кәсіби сипаттамаларының арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігі айқындалады.
6. Кандидаттың келісімшарт бойынша қызметке тұру үшін белгіленген талаптарға сай келетін құжаттарын құрылымдық, аумақтық және өзге де бөлімшелер бағалау үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.
Қажет болған жағдайда, кандидат кәсіби жарамдылығын тексеру үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға шақырылуы мүмкін.
7. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылдау, әдетте, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
8. Конкурсқа қатысу үшін келген азаматтың кандидатурасын құрылуы мен жұмыс тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын конкурстық комиссия қарастырады.
Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
9. Конкурстық комиссияның оң қорытындысы келіп түскен кезде уәкілетті басшы кандидатпен келісімшарт жасасады, қажетті материалдарды ресімдейді және оларды жеке құрам бойынша бұйрық шығару үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.
10. Тиісті арнаулы мемлекеттік орган конкурс нәтижелері туралы құжаттарды алғаннан кейін іріктеліп алынған кандидаттарға қатысты оларды лауазымға тағайындау туралы жеке құрам бойынша екі ай ішінде бұйрық шығарады.
11. Арнаулы мемлекеттік органдарға офицерлік құрамдағы адамдарды қызметке қабылдау арнаулы мемлекеттік органдар басшыларының бұйрықтарымен ресімделеді.
12. Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды тұлғалар осы Заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
13. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кіретін адамдар қызметкердің қызметте болуына байланысты заңда белгіленген шектеулерді және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды, олар жазбаша нысанда тіркеледі.
14. Курсанттарды, тыңдаушыларды қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің лауазымына тағайындалған немесе кадрына қабылданған әскери қызметшілер белгіленген тәртіппен әскери есептен алынады және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебіне қойылады, олардың тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының (бұдан әрі – арнаулы мемлекеттік органдар) мәртебесін айқындайды, арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы