578-бап. Бірлескен тергеу, жедел-тергеу топтарын құру және олардың қызметі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Бірнеше мемлекеттің аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың мән-жайларына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін немесе осы мемлекеттердің мүдделері бұзылған болса, бірлескен тергеу, жедел-тергеу топтары құрылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының және шет мемлекеттердің құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша бірлескен тергеу, жедел-тергеу топтарын құру туралы мәселені қарап, шешеді.
3. Бірлескен тергеу, жедел-тергеу тобының мүшелері тікелей өзара іс-қимыл жасасады, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, процестік әрекеттерді жүргізудің негізгі бағыттарын келіседі, алынған ақпаратпен алмасады. Олардың қызметін үйлестіруді бірлескен тергеу, жедел-тергеу тобын құрудың бастамашысы немесе оның мүшелерінің біреуі жүзеге асырады.
4. Тергеу (іздестіру) және өзге де процестік әрекеттерді аумағында іс жүргізіліп отырған нақ сол мемлекеттің бірлескен тергеу, жедел-тергеу тобының мүшелері орындайды.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы