14-бап. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы Заңына
1. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу осы шартқа есептік нөмір беруді және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы – резиденттің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік нөмірді пайдалана отырып, ол бойынша мәліметтерді және есептерді кейіннен ұсынуын көздейді.
Есептік тіркеу талаптары қатысушылары резиденттер (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылады.
2. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы болып табылатын резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруі үшін оның тараптарының кез келгені осындай валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін өтініш жасайды.
Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді резидент орындар алдында мүлік бейрезиденттен резиденттің пайдасына берілсе (ақша түссе), онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасау мүлік резиденттің билік етуіне берілгенге (ақша түскенге) дейін және (немесе) түскен ақша резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына есепке жатқызылғанға дейін жүзеге асырылады.
Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде есептік тіркеуге арналған өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келсе, онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беру тараптар енгізілген өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен бірге капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін (егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін бейрезидент міндеттемені орындауды бастаса, мүлік резиденттің билік етуіне берілгенге (ақша түскенге) дейін) жүзеге асырылады.
Есептік тіркеуге жататын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар бойынша уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу есептік нөмір болған кезде ғана жүзеге асырылады.
3. Резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:
1) резиденттің сәйкестендіру нөмірі көрсетілген өтінішті, жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, өтінішті;
2) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерге қатысты оған өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың көшірмелерін ұсынады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсетілген құжаттардың түпнұсқаларын, сондай-ақ капитал қозғалысы операциясын жүзеге асыруға қатысы бар және (немесе) ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді танысу үшін сұратуға құқылы.
Шет тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен ұсынылады.
Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмірді беру резидент осы тармақта көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
4. Есептік тіркеу талаптары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қатысушылары болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылмайды.
5. Резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлерді алу тәртібі және олардың міндеттемелердің туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттарды ұсыну мерзімдері, есептердің нысандарын және уәкілетті банктер мен осындай шарттарға қатысушылар болып табылатын резиденттердің оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар бойынша ақша қозғалысы мен міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеу тәртібі, талаптар мен өлшемшарттар, соның ішінде ол болған кезде осындай шарттар есептік тіркеуге жататын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт сомасының шекті мәні және есептік тіркеу рәсімдеріне жатпайтын жағдайлар Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында айқындалады.
6. Осы баптың талаптары "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға қолданылмайды.
Осы Заң валюталық операцияларды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы